Әзидолла Есқалиев
Домбырашы. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры.
1934 жылы 1 қаңтарда Құрманғазы ауданы (бұрынғы Теңіз) Дыңғызыл ауылындағы Құрманғазы кеңшарында дүниеге келген. Әзидолланың әкесі Есқали мен ағасы Әліпті халық «Өнердің шежіресі» деп атаған. Әзидолланың алғашқы өнерге үйреткен ұстазы Дина болатын.
Ол 1953 жылдың шілде айында Алматы консерваториясының халық аспаптар факультетіне түсіп (емтиханды профессор, академик Ахмет Жұбановтың өзі қабылдаған), Қали Жантілеуов, Р.Омаров, М.Әубәкіровтің класы бойынша 1958 жылы бітіріп шығады. 1955-1960 жылдар аралығында Қазақ филармониясының, 1960 жылдан «Қазақконцерттің» домбырашы-солисі болып жұмыс істеген. 1962 жылдан бері Құрманғазы атындағы консерваторияда ұстаз, 1998 жылдан бастап профессор.
Ә.Есқалиев студенттік шақта-ақ өзіндік туа біткен дарыны арқасында 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орындаушылар конкурсының лауреаты атанып, бірнеше айдан соң VI Бүкілодақтық жастар фестивалінде алтын медальға ие болды.
Оның дарынды домбырашылығы Құрманғазы атындағы оркестрде айқара ашылды. Үздік өнері, орындаушылық дархан шеберлігі қалың қауымның көңілінен шықты. Есімі қазақтың байтақ даласына танымал домбырашыға айналды. Бұл жылдарда ол өзінің қарқынды, сәнді өнерімен тек қана байтақ Қазақстан жұртшылығын сусындатып, тамсандырып қана қоймай, Германия, Франция, Чехославкия, ҚШ, лжир, Қытай, Моңғолия тағы да басқа көптеген шет мемлекеттердің сахна төрінде қазақтың күй өнерінің құдыретін жая түсті.
Оның репертуарында халық сазгерлерінің (Құрманғазы, Мәмен, Сейтек, Дина) және Моцарт, Брамс, Рахманинов, Чайковскийдің күрделі классикалық шығармалары арқылы көрермен көңілінен шығып, оның жоғары орындаушылық шеберлігі де одан әрі дами түсті. Ә.Есқалиев өзінің «Жастар», «Шаттық», «Фестиваль маршы» сияқты төл туындысын да сахнаға шығарып, сазгерлігін де танытты. Ә. Есқалиев көптеген өнер ұжымдары мен солистер орындайтын күйлердің авторы.
Ә. Есқалиевтің орындауындағы музыкалық шығармалар радио мен теледидардан тұрақты беріліп тұрады. 17 күйтабағы шығарылған, олар Қазақстанның алтын қорына енген. Ә Есқалиев талантты педагог, қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрін жетік біледі. Оның ғылыми педагогикалық қызметі домбыралық орындау шеберлігі мәселелерін, домбырада күй орындаудың жүйеленген қағидаларын қамтиды. Ол көптеген шәкірттер тәрбиеледі, өнер жолына жолдама берді. Қ.Ахмедияр, А.Жайымов, А.Үлкенбаева, Қ.Қожабаев, У.Ғұбайдуллин сынды шәкірттері әлемге белгілі өнер тарландары.
Өмірдің күйін шерткен күйшінің елеулі табысы, халқына көрсеткен өнері ескеріліп, 1990 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі деген құрметті атақ берілді. 1993 жылы ҚР еңбек сіңірген әртісі атанды. «Озық еңбегі үшін», «Аса үздік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Аса үздік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдармен марапатталды. Атырау және Исатай аудандарының құрметті азаматы атанды.
2008 жылы Республика Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасы жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.