Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов
Ақын, жазушы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы.
1935 жылы 28 қарашада Гурьев (Атырау) облысы Тенгіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының Қошалақ ауылындағы Ашақ қонысында дүниеге келген.
Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі.
1956-1959 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінде оқып, КСРО Жазушылар одағының Жоғары әдебиет курсын тәмамдаған. 1959-74 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1974-78 жылдары ҚазКСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1978-83 жылдары «Мектеп» (қазіргі «Рауан») баспасында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы тырнақалды тұңғыш жинағы «Балауса» 1961 жылы жарық көрді. 1965 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды» поэмалар жинағы, 1966 жылы «Жарық пен жылу», 1967 жылы «Күй кітабы», 1968 жылы «Мезгіл әуендері», 1970 жылы «Ұлым, саған айтам», 1977 жылы «Жеті бояу», 1980 жылы «Шуақ», 1981 жылы «Ашық аспан», 1985 жылы «Менің топырағым», 1988 жылы «Ұрпағым, саған айтам» атты поэзиялық жинақтары шықты. Шығармаларында негізінен Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыл өмірі, ел тіршілігі, жастар өмірі суреттеледі. 1973 жылы «Ақ шағылдар», 1975 жылы «Кішкентай», 1977 жылы өнер адамдары жайлы жазылған «Даңқ пен дақпырт» романдары жарық көрді.
Оның шығармалары алыс және таяу шетел халықтары тілдеріне аударылып, басылған. Ақын А.Вознесенскийдің, Е. Евтушенконың, Н. Хикмет пен Ә. Файзи шығармаларын аударған.
Жұмекен Нәжімеденов өзінің 48 жасқа толуына алты күн қалғанда, 1983 жылдың 22 қарашасында дүниеден озды. Ақын өлімінен кейін жарық көрген он жинағына тірі кезінде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, повестері мен романдары, мақалалары мен аудармалары және тоғыз күй енді.
Жұмекен Нәжімеденов Қазақстанның қазіргі әнұран мәтінінің авторы. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша Жұмекен әнді осыдан 50 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі қобызшы Гүлсара Бірманованың үйінде жазған. Ән Жамал Омарованың орындауында көпшілікке кеңінен танымал болған.
2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық "Ақорда" резиденциясының шаңырағы астында, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.
Шығармалары:
Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында Жұмекеннің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрді: «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мен туған күн» (1972), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саган айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) «Темірқазық» (1981), «Менің топырағым» (1985) кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997), «Мен – тамырмын» дастандары (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жұмекен» (2002), «Жаңғырық» (2003). 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.