Әдетте, ақын-жазушылар мен әншілердің шығармашылық есеп беру кешіне қонақ болуға үйреніп қалғанымыз рас. Ал бұл жолы Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында көрермендер үшін ерекше құбылыс – белгілі режиссер Болат Ұзақовтың «Режиссер әлемі» атты шығармашылық кеші тарту етілді.
Ердің жасы 50 жасқа толып, сонау 80-ші жылдардың басынан өнер жолын әртістіктен бастап, құнды-құнды қойылымдардың режиссері ретінде шығармашылығының бір шыңын қорытындылаған Болат Ұзақов BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті.
-Болат аға, бүгін шығармашылығыңыздың бір шыңына шыға отырып, «осы жолда нендей еңбек етті» деген көрермендердің сауалына жауап беру үшін шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Енді алдағы уақытқа не жоспарлап отырсыз?
-Шығармашылықтағы адам бір жеткен жетістігімен, бір орнында тоқтап қалмауы керек. 50 жас деген 70 жас, 90 жас емес, сондықтан, әрине, алдағы уақытта да көп еңбек ету керек деп ойлаймын. Ал жоспарларыма тоқталсам, ойымда жүргенімен, іс жүзінде жүзеге асуы әлі екіталай дүниелерді уәде еткендей болып, айту да ыңғайсыз шығар. Сондықтан, бәрі уақыт еншісінде. Жалпы, Абылай хан туралы бір спектакль қойғым келеді. Ойымда түртіп жүрген жоспарларымның бірі – Астана қаласы туралы тарихи қойылым ұсыну. Ал дәл қазір Шерхан ағаның «Текебұрқақ» атты шығармасының желісімен «Бір кем дүние» атты спектакль дайындап жатырмын.
-Балаларға арналған қойылымдар жайлы ойланып көрдіңіз бе?
-Әрине, бала біздің болашағымыз. Сондықтан, оларға арналған шығармалар көп болуы керек. Олар сол оқыған, көрген дүниелерінен нәр алып, бой түзейді. Менің репертуарымдағы қойылымдардың көбі туған жер туралы, патриоттық және әлеуметтік мәселелерге арналған. Оны жас та, кәрі де көре алады. Балаларға арналған спектакльге сұраныс бар, оны да алдағы уақытта зерделеуге болады.
-Туған жер дедіңіз. Өзіңіздің туып өскен Асы жайлауы туралы қойылым қойғыңыз келеді ме?
-Өзімнің туған жерім жайлы қойылым қойсам, ол бәрінен де жақсы дүние болып шығуы керек. Меніңше, дәл менің туған мекенім емес, сол Асы жайлауын негізге ала отырып қазақтың мына кең даласы туралы, қазақ елінің тамаша табиғаты туралы қойылым сахналануы тиіс.
-Шығармашылық кешіңіздің барысында әріптестеріңіз сізді, сіздің жұмысыңызды сахналып шықты. Түнгі сағат бір болғанына қарамастан, түскі бірдің уақыты сияқты қызу жұмыс істеп жатқаныңызды көрсетті. Бұл қаншалықты рас?
-Біз керек болса түнгі бір емес, сағат түнгі екі-үшке дейін де жұмыс істей береміз. Бұл керемет жұмыскер екенімізді көрсету үшін емес. Әртүрлі жағдай болады. Мысалы, спектакльдің сахналануына аз ғана уақыт қалғанда оның кем тұстары табылып жатса, күні түні дайындық үстінде боламыз. Не болмаса, бүгін түнде ойыңды босатпай тұрған шығармашылық шабыт ертең тіпті сізді маңайламай кетуі мүмкін. Сондықтан, шабытты дер кезінде ұстап қалуға тырысамыз.
-Болат аға, енді бір 30-40 жылдан соң сіздің өміріңіз, сіздің қызметіңіз театр сахнасында кәдімгі спектакль болып шыққанын қалар ма едіңіз? Қаласаңыз, ол қойылым қандай болып шығуы мүмкін деп ойлайсыз?
-Кім білсін...дәл қазір маған арнап спектакль қоюға әлі ерте екенін білемін. Ал болашақта...болашақта мен туралы емес, режессура туралы бір спектакль өмірге келгені жақсы болар еді.
-Бір сұхбатыңызда кино түсіру ойымда бар деген едіңіз...
-Ол әлі ойымда жүр. Болашақтың ісі.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Біздің анықтама:
Болат Қасымжанұлы Ұзақов
1962 жылы 25 қарашада Алматы облысы,Шелек ауданы, Масақ ауылында туған. 1969-79 жылдары осы ауылдық орта мектебін бітірген. 1980-84 жылдары Алматы Мемлекеттік театр-көркем сурет институтынын актер бөлімін халық әртісі Асқар Тоқпанов және халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованың класынан бітіріп, кино және театр актері мамандығын алып шықты. 1984-86 жылдары Бурятия автономиялық республикасында әскер қатарында болды. 1984 -1997 жыдар аралығында Талдықорған облыстық қазақ драма театрында актер болып қызмет атқарды. 1992 жылдан бастап актерлікпен қатар режиссерлік қызметін қоса атқарды. Сонымен қатар, орыс және қазақ мектептерінде драма үйірмелерін басқарды. 1993 жылдан бастап үлкен сахнада спектаклдер қоя бастады. 1995 жылы «Күйші» поэмасының сахналық жүйесін қойып И.Жансүгіров атындағы Республикалық «Матай» қорының бас жүлдесін жеңіп алды. Осы жылы Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттік театр және кино институтының «драма режиссері» бөліміне қабылданып, 1997 жылы өте жақсы бағаға бітірді. 1996 жылы Жыл режиссері атағын иеленді. 1997 жылы Ақмола қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрына ҚР халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың жеткешілігіне режиссер мамандығы бойынша қызмет атқарды. 1999 жылы Каир қаласында өткен дүниежүзілік театр фестиваліне М.Әуезовтің «Қанды азу» спектаклімен қатысты. Өзінің жазған және сахнаға қойған шығармалары: «Үміт», «Жандауа» қойылымы, Ф.Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлер», М.Әуезовтың «Қанды азу» , «Еңлік- Кебек», «Қара Қыпшақ Қобыланды», А.Сейдімбековтің «Қош бол ардағым», С.Тұрғынбековтің «Мұқағали», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры», Т.Әбдіковтың «Біз үшеу едік», У.Лейстің «Айға ұшқан Буратино» М.Ахмановтың «Алдардың айласы», М.Ақынжановтың «Алтын сақа», және т.б. 2001 жылы ҚР «Құрмет» грамотасымен марапаталды.
Кенжекей Тоқтамұрат
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға