Үш тілде жарық көрген қазақ жазушысының кітабы тағы жеті тілге аударылмақ
2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында жазушы-кинодраматург Дидар Амантайдың «Қарқаралы басында» атты проза кітабының француз, түрік және моңғол тілдеріне аударылған нұсқалары басылып шықты, деп жазады «Айқын» газеті.
Алғысөзін біртуар ақын, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазған «Гүлдер мен кітаптар» романы Парижде жарық көрген. Жалпы, бұл кітаптың оқырман қолына тиюіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады. Қазақ тілінен французша сөйлеткен Айтқали Бақытов.
Кітаптың түрікше нұсқасында «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесінен құрастырылған. Аудармашысы – белгілі шоқайтанушы қаламгер Әбдіуақап Қара.
Моңғол тілінде «Гүлдер мен кітаптар» романымен қатар бірнеше әңгімелер топтастырылыпты. Тәржімалағандар – Жазгүл Жұмабай және Нәпіл Базылхан.
Жалпы, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері Дидар Амантайдың «Қарқаралы басында» атты кітабы – бес томдық шығармалар жинағының алғашқы қарлығашы. Автор алдағы жылдары шығармаларын бір-бір томнан шығарып тұруды өзіне мақсат тұтып отыр.
Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойғанын сүйіншілей кетуіміз керек.
Қазіргі сәтте елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы жазушы шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Алғашқы үш әңгімесі Қытайдың («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби жорналына шығып та үлгерді.
2010 жылы сіздердің назарларыңызға ұсынылған «Қарқаралы басында» атты кітаптың, сонымен қатар қазіргі таңда орыс, испан, неміс, араб, ағылшын, парсы және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатқанын айта кеткен жөн.
BNews.kz