Әлемнің ең биік арқанды саябағы Алматыда ашылды
Арқанды саябақ Шымбұлаққа кіре бергенде оң жағынан көрініп, менмұндалап тұрады. Кәдімгі ағаш бөренелерден тұрғызылған саябақ екен. Үш деңгейге бөлінген арқанды саябақтың ең күрделісінің биіктігі – алты метр. Оның өзі он кезеңге бөлінген. Әр үш метр сайын биікте сені әртүрлі сынақтар күтіп тұрады. Біреуінде бір-бірінен алшақ орналасқан бөренелермен жүруің қажет болса, біреуінде ілулі тұрған арқандармен жүруің керек. Аяғың тайып кетуі де мүмкін. Сондықтан әр қадамыңа мұқият болуың керек. Ал ең соңында аспалы арқанмен саябақтың бір басынан екінші жағына құлдилай жөнелесің. Теледидардан шетелдік экстрималды шоуларды көріп жүрміз ғой, биікте бөренеден бөренеге секіріп құлап жатады. Бірақ әлгі шоуларың мына саябақтың жанында түк болмай қалған сияқты. Оны жоба жетекшісі Мақсұт Жұмаев та растап отыр.
Бір қарағанда, оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда төбеге шыққанда аяғың қалтырап, әзер жүріп қаласың. Жақында отставкадағы бір офицер келіп, арқанды саябақты тамашалап кетті. Кезінде өзі де бізбен бірге біраз шыңды бағындырған мұзбалақ. Бірақ оның өзі де осы сынақтан әзер өтті. Соңында: «Бұл нағыз мықтылар шыңдалатын жер екен. Тіпті арнайы әскери дайындықтан өтіп жатқан сарбаздарды жаттықтыруға болады», – деп пікірін білдіріп кетті. Жақында осы мақсатта жұмыс жасайтын боламыз. Бір жағынан, сарбаздардың жаттығу алаңына да айналмақ. Сондай-ақ бұқаралық спорттың игілігі үшін де қызмет етеді. Сондықтан, бір жағынан, отбасылық демалыс мекеніне айналдырмақ ойымыз да бар. Мәселен, Шымбұлаққа келген жұртты көріп жүрміз, тегіс алаңқайды табады да, төсеніштерін төсеп, тамақтарын ішіп отырады. Себебі Шымбұлақта жазда болмаса, қыста басқа айналысатын еш нәрсе жоқ. Біздің мақсатымыз – спортшылар мұнда оқу-жаттығу жиындарын өткізгенде өздерін сынатып қана қоймай, қалың бұқараның игілігіне де қызмет атқару. Мұндай демалыс орындары көбейсе, бұқаралық спорт та алға жылжитын еді, – деді Мақсұт Жұмаев.
Айта кетейік, әлемнің ең биік 14 шыңын бағындырғаннан кейін жаңа бастамаларды қолға алған мұзбалақ Мақсұт Жұмаев Қазақстанда тұңғыш рет Алльпинклуб бірлестігін құрған болатын. Осы мақсатта болашақ мұзбалақтарды ғана дайындап қоймай, отандық туризмді де дамытуға кіріскен. Шымбұлақта ашылған еліміздегі алғашқы арқанды саябақ – Жұмаевтың көп жобаларының бірі ғана. Негізі, мұндай арқанды саябақтар Азиядан гөрі Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Дегенмен теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте орналасқан Шымбұлақтағы арқанды саябақ әлемнің ең биік таулы арқанды саябағы ретінде Гиннесстің рекордтар кітабынан үміткер. Тіпті Жұмаев бастаған топ рекордтар тізіміне енуге өтініш білдіріп те қойыпты. Ал жақын күннен бастап мұзбалақ Мақсұт мұнда Алматының жас альпинистеріне оқу-жаттығу жиындарын өткізуді де қолға алмақ. Әлбетте, нағыз мұзбалақ үшін бұл саябақта сынақтан өту түкке де тұрмайды, бірақ бой қыздырып, бабында болуына көмегін тигізері сөзсіз.
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ