«Қазақстан-2050» – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жаһандық қауіп-қатерге жауабы
Елдестіретін елшілер алдындағы келелі сөзді Мемлекет басшысы былтырғы жылдың маңызды жетістіктерінен бастаған болатын. Шындығында, былтырғы жыл Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты, оның ішінде сыртқы саясат тарихындағы аса жемісті қадамдарымен ерекшеленді. Былтыр еліміздің өңірдегі һәм әлемдегі ұстанымы беки түсті. Жаһандық бәсекеге қабілетті елдер арасында 51-орынға көтерілдік. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша ең үздік елдердің қатарына кірді. Өткен жылдың өзінде-ақ елімізге 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, БҰҰ конференциясының индексі бойынша сауданы дамытуда Қазақстан 23-орынға шықса, бизнесті жүргізу рейтингінде 29-орындамыз. Аса қысқа мерзімде мұншалықты көрсеткішке жету – Қазақстаннан басқа елде болмаған жайт. Дәлелі айқын – әлемнің ең қарқынды экономикасы бойынша алғашқы үштікте Қытай мен Катар және Қазақстан тұр. «Еліміздің халықаралық ұйымдардағы позициясы да айтарлықтай артты. 2012 жылы Қазақстан БҰҰ жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшелігіне сайланды. Бұл – еліміздегі адам құқы мен бостандығын сақтаудағы ілгерілеушіліктің де айқын дәлелі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Қазақстан ядролық қауіпсіздікке арналған Сеул саммитінде таратпау жөніндегі жаһандық қозғалысының лидері ретінде мойындалды. АҚШ пен Ресей секілді екі ядролық держава басшыларымен бірге Қазақстан Президентінің үшжақты келіссөзге қатысуының өзі еліміздің антиядролық қозғалыстағы осынау орнын нақты көрсетсе керек. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық энергетиканы бақылауда ұстауға қатысты қазақстандық бастаманың одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірді. Жылды қорытындылай келе, Елбасы аса маңызды жетістік саналатын ЭКСПО-2017 мәселесіне де миссия басшыларының назарын аударды. Президент Қазақстан халқы атынан Астанаға қолдау білдірген ел басшыларына алғыс жолдап, шетелдердің іскерлік топтарын осынау ауқымды шараға ынтымақтасуға шақырды.
Еуиялық экономикалразық одақ құрдымға кеткен Кеңес Одағын қалпына келтіру емес...
Сөз арасында Мемлекет басшысы Кедендік одақ һәм Бірегей экономикалық кеңістік қызметіне тоқтала келе, Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесіне де назар аударды. Президент өз сөзінде ортақ мақсатқа жылжудың жалғасатынын ерекше атап өтті. «Бұған қоса тағы да мынаны атап өткім келеді: менің, яғни Қазақстанның бастамасымен жүзеге асып жатқан еуразиялық интеграция ешқашан да қандай да бір саяси одаққа реинкарнацияланбайды. Оның ішінде құрдымға кеткен кешегі Кеңес Одағына қарай өзгермейді. Мұндайда үдеріске қатысушылардың ойы бір жерден шығып отыр», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық интеграцияның шынайы мәніне тағы бір тоқталып өтті. Президент пайымынша, Еуразиялық интеграция – бұл үшінші әлемдік индустриялық революцияға Қазақстанның қатқан жауабы. Сондықтан Қазақстан жаңа технологияларды бірлесіп игеруге мүдделі. Ал бұл ретте Қазақстан да, Ресей мен Беларусь та өзіндік ұлттық мүддесі айқын, өз билігі дербес тәуелсіз мемлекет болып қала береді. «Еуразиялық интеграцияның шынайы мақсатына қатысты кез келген күмән негізсіз. Мұны кешегі «қырғи-қабақ соғыстың» елесімен жүрген жекелеген саясаткерлердің, БАҚ пен сарапшылардың рефлексі деп білемін. Интеграция – бұл жаһанның барлық өңірлеріндегі жалпыға бірдей үдеріс. Ешбір мемлекет, ол қанша қуатты болса да оқшауланып өмір сүре алмайтыны белгілі», – деп түйіндеді өз ойын Елбасы.
Дипломатиялық миссия басшылары алдындағы сөзінде Мемлекет басшысы негізгі мәселені «Қазақстан-2050» стратегиясына арнады. Елдік межелер мен мәуелі міндеттер айқындалған тарихи құжаттың маңыздылығына тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы, «бүгінгі Қазақстанның бұрынғы Қазақстаннан әлдеқайда басқа екенін» баса айтты. Әлем алдында қалыптасып, жаңғырған мемлекеттің бүгінге дейінгі жолы да шетелдіктердің назарында болғанында дау жоқ. Сондықтан да Президент «Қазақстан-2050» стратегиясындағы негізгі басымдықтарға, оның ішінде елдің ішкі даму мен сыртқы жаһандық геосаясат мәселелеріне де тоқталды. «Мен Қазақстанның жүзжылдықтың ортасына таман барынша озық отыз елдің арасына кірігуін тапсырдым. Бұл – стратегияның басты нысаны. Ал оған жету үшін біз ең жақсы дамыған әлем мемлекеттері тәжірибесін де ескеретін боламыз. Жалпы, «Қазақстан-2050» стратегиясы ХХІ ғасырдағы жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы біздің еліміздің ұстанған жауабы болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сосын Мемлекет басшысы болашақ стратегиясындағы маңызды жеті басымдыққа маңыз берді.
Ғасыр ортасына таман Қазақстан өндірістік активін толығымен жаңартады
Елбасының айтуынша, жаңа бағыттағы Қазақстанның экономикалық бағдары жалпы қамтылған прагматизмге негізделеді. Бұл – табыстылық қағидаттары, инвестиция тарту, бәсекеге қабілеттілік. Ал ішкі, сыртқы экономикалық қызметке келсек, мемлекет бірыңғай корпорация ретінде басқарылып, экономикалық жаңғырту жұмыстары мен индустриялық-инновация жалғасады. Бұл ретте Елбасы аталған бағдарламаның кеңейетінін, сол арқылы жақын 10-15 жылдықта Қазақстанда инновациялық кәсіпорындар үлесі бүгінгіден 2,5 есеге арта түсетінін мәлімдеді. «Біздің экономикамыздың болашағы «жасыл экономиканы» дамытумен ұштасып, балама қуат көздеріне, транзиттік әлеуетке және елдің ауқымды аграрлық кешеніне негізделеді. Қазақстанда жаңа буынның алты-сегіз инновациялық кластерін дамыту мүмкіндігі бар. Бұлар – материалтану салалары, туризм, тамақтық биотехнологиялар, балама энергетика, мұнай мен газды өндіру және өңдеу технологиялары, өмір туралы ғылым, перспективалы компьютер технологиялары, дизайн, логистика мен машина құрылысы», – деді Елбасы Н. Назарбаев.
Жекешелендірудің жаңа бағдарламасы қабылданады
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы уақытта жекешелендірудің жаңа бағдарламасы әзірленіп, қабылданатындығын жеткізді. Бұған орай, стратегиялық емес профильдегі барлық кәсіпорындар жекеменшікке беріледі. Ал 15 жылдан кейін шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі кемінде екі есеге артады. Сондай-ақ Н. Назарбаев инвестициялық климатты жақсарта түсу жұмыстары да атқарылатынын атап өтті. «Біз шетелдік инвестиция үшін ең тартымды шараларды қабылдайтын боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамның новаторлық рухын дамытуға ниеттіміз
Сөз арасында Елбасы 2050-ге дейінгі стратегия тұрғысынан әлеуметтік жаңғыру саясатына да ерекше мән беріп өтті. Ал Қазақстанның әлеуметтік саясатына келсек, бұл барынша айқын: жаңа әлеуметтік саясаттың өзегі бір жағынан – өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтындарға мемлекеттің әлеуметтік кепілдігі, екінші жағынан – өзінің жеке жағдайын жақсартуға әрбір қазақстандықтың жауапкершілігі болмақ. Бұл жайында былтыр Президент өзінің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеясында да тоқталған еді. «Менің пайымымша, көптеген қоғамда адал әрі таза еңбекті бағаламау, жоғалту салдары жаһандық проблемаға ұласуда. Адамзат «өмір сүріп» отырған кредиттік қаражаттар мөлшері өндірілген өнімнен 40 пайызға дейін артып кетіп отыр. Яғни ақша ақшадан жасалып, халық кредитпен ғана өмір сүруге көшіп алды. Сондықтан да өндірістік қуатты арттыру және еңбек әрбір адамның, мемлекеттің ахуалын жақсарту бастамасы болмақ. Нарықтық қатынаста тек жеңіл пайданың, таусылмайтын несие мен қарыздың мүмкіндігін ойламау керек. Сол үшін әлеуметтік жаңғырту міндеттерін шеше отырып, біз алдыңғы дәуірден қалған әлеуметтік инфантилизм мен масылдық инерциясын біртіндеп еңсеруге тиіспіз. Біз қоғамның новаторлық рухын дамытуға ниеттіміз», – деді Н. Назарбаев.
Халықаралық даму агенттігі құрылмақ
Ал, жалпы, сыртқы саясаттағы алдағы жылдар үшін айқындалған ұстанымға келсек, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның сыртқы саясаты өңірлік, жаһандық қауіпсіздікті жан-жақты нығайтуға бағытталған болып қала беретінін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан өзінің көршілерімен – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия және ТМД елдерімен әріптестікті одан әрі дамытуды ұстанады. «Орталық Азиядағы көршілеріміз әрқашан біздің сыртқы интеграциялық және экономикалық саясатымыздың тірегі болып қала береді. Біз АҚШ пен ЕО, Азия мемлекеттерімен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыта түсеміз. Африка және Латын Америкасының басты мемлекеттерімен кең ауқымды өзара тиімді қарым-қатынастар орнатудың жақсы перспективалары ашыла түседі», – деді Елбасы. Бұдан бөлек, Президент Қазақстан үшін түркі тілдес мемлекеттермен, ислам мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамыту маңызды бағыт екендігін айтты. Осы бағытта түркі тілдес мемлекеттермен қарым-қатынас қазірдің өзінде қалыптасқан халықаралық бірлестіктер аясында жалғасатын болады. Бұлар Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Астанада құрылған Түркі академиясы болып табылады. «Біз Алматы қаласында көптарапты дипломатияның Өңірлік орталығын қалыптастыруға кірістік. Онда ұйымдар мен бағдарламалардың, қорлар мен БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің өңірлік және субөңірлік мәртебесіндегі 16 өкілдігі қызмет етеді. Қазіргі таңда Халықаралық даму агенттігін құру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл агенттік біздің көршілеріміз бен басқа да мемлекеттерге техникалық көмектер көрсетпек. Сондықтан да біз осындай орталықты Астанада немесе Алматы қаласында ұйымдастыруға әзірміз», – деді Н. Назарбаев. Түйіндей айтсақ, Қазақстан Еуразия жүрегінің тыныштықта, қалыпты соғуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады.
Латын әліпбиіне көшуден ешқандай геосаяси артықшылық көрудің қажеті жоқ
«Қазақстан-2050» стратегиясындағы маңызды бағыт – патриоттық тәрбие. Президент пайымынша, ондай тәрбие болмай, ұлттық ілгерілеу де мүмкін емес. «Біз тілдердің үштұғырлылығын дамытуды жалғастыратын боламыз. Мен 2015 жылға қарай қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін қолға ала, жүзеге асыра отырып, қазақ тілін одан әрі жаңғырту тапсырмасын жүктедім. Бұл қадам мемлекеттік тілді дамытудың қажеттілігінен туындаған болатын әрі қазақ әліпбиіне бұл өте қолайлы. Кең ауқымда қолдануға, ақпараттық-технологияны пайдалануға ыңғайлы. Тағы да қайталаймын, мұндай қадамнан қандай да бір геосаяси артықшылық құбылысын көрудің қажеті жоқ. Біз көпвекторлы дамуға, барлық мемлекеттермен гуманитарлық-мәдени байланыстарға ұмтыламыз», – деп атап өтті Н. Назарбаев.
G-global – ХХІ ғасырдың геосаяси математикасы
Елшілер алдындағы сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразия кіндігінде дәстүрге айналған халықаралық басқосуларға шетелдіктердің атсалысуын да үндеді. Осындай ауқымды халықаралық шараның бірі – ағымдағы жылы да жоспарланған Астана экономикалық форумы. Әлгі форумға шақырмас бұрын Мемлекет басшысы ондай алаңда туып, кейіннен бүкіләлемдік қолдауға айналған идеяның жарқын көрінісі туралы біраз сөз қозғады. G-global – бұл, біріншіден, біз әлемге ұсынып отырған жаһандық диалогтың жаңа форматы. G-8 немесе G-20 ғана емес, тегіс, тұтастай қамтитын формат. Міне, ХХІ ғасырдың геосаяси математикасы – осы. Мұнда үлкен, кіші, орташа мемлекет деп бөлуге болмайды. Мұнда біз Жер шарының ортақ міндеттерін шешетін боламыз және әр мемлекеттің өз дауысы болуы шарт. Мұнда әлемдік экономика мен саясаттың барлық проблемалары жаһандық қауымдастықпен жалпы қамтылатын диалог болады. Екіншіден, G-global – бұл көпполярлық жағдайындағы әлемдік құрылыстың бес қағидаты. Ал бұлар – саясаттағы революциядан бас тарту және эволюция, теңдік пен консенсустағы әділдік, жаһандық толеранттылық пен сенім, жаһандық транспаренттілік, сындарлы көпполярлылық. Дәл осылардың негізінде ізденіп, ХХІ ғасырда көптеген проблемалардың шешімін табуға болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы Астанада бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция шақыру туралы ұсыныс жайын да әңгімеледі. Тоқтала кететін жайт, ондай конференцияда БҰҰ-ның жаһандық дағдарысқа қарсы бағдарламасын әзірлеу туралы айтылған еді. «Менің білуімше, БҰҰ сессиясында бұл бастама қолдау тапты. Ал осынау идеяның өзектілігіне ғаламның бүгінгі дамуы да дәлел бола алады. Шындығында, жаһандық даму тағдыры біз секілді жас мемлекетке парықсыз емес. Дағдарыс жаһандық. Оны барша жұрт мойындайды. Ал соған қарсы жаһандық шешім қабылдауға ешкім барған емес. Қабылданған шаралардың өзі «қараңғыда жоғалған центті іздеу үшін 100 долларлық купюраны жағумен» бірдей ғана», – деді Елбасы. Президенттің пайымынша, баламалы, тиімді қаржылық архитектураға көшпей тұрып, жаһандық дағдарыстан шығу да еш мүмкін емес. Ал осындай архитектураның өзі жаһандық дамудан әлдеқайда артта қалып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы дәл осы туралы БҰҰ аясында, халықаралық қаржы ұйымдары шеңберінде әңгіме болуы керек деп санайды. «Мен сол үшін шетелдік әріптестерімізді кезекті рет ағымдағы жылы өтетін Астана экономикалық форумына шақырамын. Жалпы G-global – бұл баршамызға ортақ әлемнің даму жолы мен ізденісіне Қазақстанның қосқан үлесі», – деді Н. Назарбаев.
ХХІ ғасырда әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді түзетуге кіріспегені игі
Дәстүрлі жүздесудің түйінін Елбасы дипломаттарға арнады. Әзілкештердің «Саясаткер – бұл, ең алдымен, келесі жұмаға дейін аман қалу амалы» дейтіні бар. Ал дипломатия – бұл келешек жүзжылдықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Мен дипмиссия өкілдерінен әділ әлемдік тәртіп орнату бағытында соғыссыз, өзара қырғи-қабақсыз күш-жігерді біріктіру жөніндегі менің үндеуімді өз ел басшыларыңызға жеткізуді сұраймын. Мен ХХІ ғасырдың халықтар арасындағы өзара қарым-қатынасы тек қана дипломаттарға тиетін дәуір болатынына сенемін. Әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді ешқашан түзетуге кіріспейді деп сенемін», – деді Н.Назарбаев.
Қанат ҚАЗЫ, Астана
BAQ.kz