Жаңалықтар

Қазақ тарихын қалай оқытып жатыр?

Тәуелсіздіктің 22-ші жылына аяқ бастық, бірақ ұлттық мемлекет құру ісінде әлі сол баяғы кеңестік идеология төңірегінен айналсоқтап ұзап шыға алмай-ақ қойдық. Оның бірі көрінісі – оқу-білім беру саласы. Болашақ буынның бойында отаншылдық сезім, мемлекетшілдік сана, ұлттық рух, патриотизм мен елсүйер, жерсүйер қасиет қалыптастыруда үлкен рөл атқарады деген тарих оқулықтарымыз әлі күнге дейін кеңестік құндылықтарды, жалаң интернационализмді насихаттаудан бір танбай келеді. Біз бұл жерде отандық тарихшылардың еңбегін жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ. Керсінше, олар бодандық саясаттың салдарынан аяусыз бұрмаланған тарихи шындықтарды қайта қалпына келтіруге, жұрттың санасына беріш болып қатқан, балталасаң бұза алмайтын қате ұғымдар мен тұжырымдардың, қасаң қағидалардың көбесін сөгуге, кеңестік идеологияға уланған елдің санасын отарсыздандыруда, өзіміздің төл құндылықтарымызға мойын бұрғызуға өлшеусіз еңбек сіңіріп жатыр. Осы уақыт ішінде ақиқаттың көзін ашқан, қалың қазақтың игілігіне жараған қаншама шығармалар жазып, кітаптар шығарып тастады. Солардың арқасында мектептер мен оқу орындарында тарихты жаңаша оқыту, жаңаша көзқарас қалыптастыру бұлқынысы байқалады. Бірақ, мұның бәрі аз, жеткіліксіз екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені жүйе жоқ. Осынау ұлы далада салтанат құрған сонау сақтар заманынан бастап күні кешегі Алтын Ордаға, одан кейінгі қазақ хандығына дейінгі қуатты империялар жалғастығын, дәстүр сабақтастығын, ұрпақтар мирастығын түсіндіріп беретін бірізді ғылым жоқ. Бірізді тарих бар, бірізді ғылым жоқ. Әр ғалым, әр тарихшы өз алдына бір-бір тау, өз алдарына бір-бір шоғыр төбе. Біздің ғалымдарымыздың ұлттық көзқараста жазған еңбектері тұтас қазақстандықтар тұрмақ, қаны мен сөлі шыққан «нағыз» қазақтардың өзінің құлағына толық жетпей жатыр. Әр ғалымның өзінің айтқаны өзіне ақиқат. Ал, оқушы бала қай кітаптың жазғаны дұрыс, қай кітаптың жазғаны бұрыс екенін білмей шатасады. Ашығы сол, бізде әлі ХХ ғасыр басындағы Столыпин реформасынан кейін қарашекпендердің қаптауынан бастап 60-жылдардағы тың жырту науқанына дейінгі аралықтағы түрлі ұлттардың Қазақстанға лег-легімен үздіксіз ағылуын қазақ халқының Құдай берген ең бір керемет игілігіндей көреді. Алдымен патшалық Ресейдің, кейін кеңестік Ресейдің құрамында болған 250 жылдық тарихта қазақ орыс отарына қарсы 700-ге тарта көтеріліске шыққан деген деректі тарихшылардан басқа нақты ешкім білмейді. Жалпақ жұртшылыққа осы көтерілістердің тек 15-20-сы ғана мәлім. Қалғаны қайда? Тарих оқулықтарында бұл мәселе де ескерілмей қалған. Жер бетіндегі ешбір халық көріп-сезінбеген 20-30 жылдардағы аштықты әлі күнге дейін халықтық нәубет деп ашып атауға аузымыз дауаламай отыр. Барша әлемге үрей тудырған КСРО-ны құлатуға себепші болған қазақ жастарының Желтоқсан-86 көтерілісінің ақиқаты 25 жыл өтсе де толық ашылмай жатыр. Айта берсең уайым көп, мен солардың тек бір-екеуін ғана атай кеттім. Ештен кеш жақсы деген. Қазір түрлі ақпарат көздерінен естуімізше, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің ұжымы «Қазақстан тарихы» оқулығын жаңаша жазу жолында еңбектеніп жатқан көрінеді. Онда, біз жоғарыда айтып өткен, халқымыздың көне дәуірден осы Тәуелсіздікке жеткен күндерге дейінгі тарихи шындық айтылмақ. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бір шоғыр ғалымы «Қазақстан тарихының» 20 томдығын жазу үстінде. Қазақ тарихының жоғалтқанын түгендеймін деп жанталасып жүрген фундаментальді білімі бар, атақ-даңқы зор, бір-бір институттың құлағын ұстап отырған мүйізі қарағайдай аға-апаларымыздан басқа, 20 жылда осы тақырыпқа қалам сілтеген әуесқой тарихшылар да көбейді. Оларға еш айып жоқ. Орыстың өтірік тарихын біліп тұрып үндемей қалу күнә. Үлкен ағаларымыз он ойланып, жүз толғанша, жүріп-тұруға жеңіл әуесқойлар жазған дүниенің өзі қазір қазақ тарихының бір қабырғасын қалап тастауға шақ қалды. Бірақ, бізді ойлантатын басқа мәселе. Осы көп тарихшыдан қазаққа келер пайда қандай, зиян қандай? Олар орыстың өтірігін одан әрі қоздатып, онсыз да шым-шытырық тарихымызды одан сайын басқатырғышқа айналдырып жібермей ме? Елдің ақылын одан сайын шатастырып тастамай ма? Олар қай дереккөзді пайдаланады? Айналып келіп тағы да сол Ресейдің мұрағаттарында жатқан былықты қопсыта ма? Ондай қауіп бар. Өйткені, қалай қашсаңыз да, қазаққа қатысты тарихи құжаттың орасан зор мұрасы Ресей мұрағаттарында жатыр. Зерттеушілеріміз төл тарихымызды жазғанда парсы, араб, қытай, грек мұрағаттарындағы түпнұсқалықтарға қаншалықты сүйенеді, ол тілдерді өздері тікелей игерген бе? Егер, аталған тілдерден орысшаға аударылған көшірмелерге сүйенсе, онда бәрібір « орыс шындықтарынан» алысқа ұзамасымыз тағы анық. Осы жерде Ресей тарихының керемет білгірі, атағы әлемге мәшһүр Астольф де Кюстиннің Карамзиннің француз тіліне аударылған «Ресей мемлекетінің тарихы» («Истории государства Российского») кітабын оқығандағы айтқан пікірін келтіре кеткен жөн (сөзбе-сөз): «Мына жалған-тарихшының кітабын сырттан мақтап жүрген орыстар егер оның жазбасының сырын анық білсе, олар оны бірден жек көріп кетер еді. Сосын патшадан Карамзин бастаған барлық орыс тарихшыларының кітаптарын оқуға тиым салуын жата жалынып сұраушы еді...»,– дейді. Өзін кәсіби тарихшы санаған адам үшін мұнан асқан қорлық баға жоқ. Жалғыз Астольф де Кюстин ғана емес, көптеген атақты ғалымдар орыс тарихының атасы – Карамзиннен бастап Ресейдің тұтас тарихтану ғылымын сынға алған. Олардың ішінде орыстың «ұлы тарихын» алғаш ұйқастырушы В. Татищев, С. Соловьев, В. Ключевский, Б. Рыбаков, аты аталмаған басқа да «цензураның тарихшылары» жыртылып айырылады. ...Сосын, біз ежелгі және орта ғасыр тарихымыз өзімізде қағаз бетіне түспеген елміз. Оның дерегі арабтарда, қытайда, парсыда, т.б, қазақтың өз қолында құжат жоқ. Бірақ, өзге елдерден бұрын Орхон-Енисей ескерткіштеріне түскен руно жазумыз болған. Сонда осы жазудан қалай айырылып қалдық, оның өзгелер өз игілігіне қалай жаратып кетті, осы мәселе де ұғынықты тілмен жазылуы тиіс. Кейінгі тарихымыз түгелдей орыстың қолымен жазылды. Оның оңбағанын жоғарыда айттым. Сонда кезінде жер әлемге әмірін жүргізген, үлкен өркениеттерге бұрын қол жеткізген бабаларымыздың XVII- XVIII ғасырлардан бастап құлдырауға түсуінің, кейін біреудің отарына айналуының себебі неде? Түркі, араб, латын, кириллица жазуларына ауысуымыз халқымыздың дүниетанымына, өмір салтына, мәдениетіне, өнері мен біліміне, жалпы болмысына қалай әсер етті. Тарихшыларымыздан ел күткен сауалдардың да бір парасы осындай. Сөз соңы. Қазақтың жаңа тарихын жазатын ғалымдарымыздың керемет кемеңгер, ерен еңбекқор болғаны аз, ол ең бірінші халқының адал перзенті, ұлт жанашыры бола білуі шарт. Сондай адамдарға ғана ресми ұлт тарихын жазуға сеніп тапсыруға болады. Дәулетқали Асауов BAQ.kz
11.01.2013 10:25 3372

Тәуелсіздіктің 22-ші жылына аяқ бастық, бірақ ұлттық мемлекет құру ісінде әлі сол баяғы кеңестік идеология төңірегінен айналсоқтап ұзап шыға алмай-ақ қойдық. Оның бірі көрінісі – оқу-білім беру саласы. Болашақ буынның бойында отаншылдық сезім, мемлекетшілдік сана, ұлттық рух, патриотизм мен елсүйер, жерсүйер қасиет қалыптастыруда үлкен рөл атқарады деген тарих оқулықтарымыз әлі күнге дейін кеңестік құндылықтарды, жалаң интернационализмді насихаттаудан бір танбай келеді.

Біз бұл жерде отандық тарихшылардың еңбегін жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ. Керсінше, олар бодандық саясаттың салдарынан аяусыз бұрмаланған тарихи шындықтарды қайта қалпына келтіруге, жұрттың санасына беріш болып қатқан, балталасаң бұза алмайтын қате ұғымдар мен тұжырымдардың, қасаң қағидалардың көбесін сөгуге, кеңестік идеологияға уланған елдің санасын отарсыздандыруда, өзіміздің төл құндылықтарымызға мойын бұрғызуға өлшеусіз еңбек сіңіріп жатыр. Осы уақыт ішінде ақиқаттың көзін ашқан, қалың қазақтың игілігіне жараған қаншама шығармалар жазып, кітаптар шығарып тастады. Солардың арқасында мектептер мен оқу орындарында тарихты жаңаша оқыту, жаңаша көзқарас қалыптастыру бұлқынысы байқалады. Бірақ, мұның бәрі аз, жеткіліксіз екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені жүйе жоқ. Осынау ұлы далада салтанат құрған сонау сақтар заманынан бастап күні кешегі Алтын Ордаға, одан кейінгі қазақ хандығына дейінгі қуатты империялар жалғастығын, дәстүр сабақтастығын, ұрпақтар мирастығын түсіндіріп беретін бірізді ғылым жоқ. Бірізді тарих бар, бірізді ғылым жоқ.
Әр ғалым, әр тарихшы өз алдына бір-бір тау, өз алдарына бір-бір шоғыр төбе. Біздің ғалымдарымыздың ұлттық көзқараста жазған еңбектері тұтас қазақстандықтар тұрмақ, қаны мен сөлі шыққан «нағыз» қазақтардың өзінің құлағына толық жетпей жатыр. Әр ғалымның өзінің айтқаны өзіне ақиқат. Ал, оқушы бала қай кітаптың жазғаны дұрыс, қай кітаптың жазғаны бұрыс екенін білмей шатасады. Ашығы сол, бізде әлі ХХ ғасыр басындағы Столыпин реформасынан кейін қарашекпендердің қаптауынан бастап 60-жылдардағы тың жырту науқанына дейінгі аралықтағы түрлі ұлттардың Қазақстанға лег-легімен үздіксіз ағылуын қазақ халқының Құдай берген ең бір керемет игілігіндей көреді. Алдымен патшалық Ресейдің, кейін кеңестік Ресейдің құрамында болған 250 жылдық тарихта қазақ орыс отарына қарсы 700-ге тарта көтеріліске шыққан деген деректі тарихшылардан басқа нақты ешкім білмейді. Жалпақ жұртшылыққа осы көтерілістердің тек 15-20-сы ғана мәлім. Қалғаны қайда? Тарих оқулықтарында бұл мәселе де ескерілмей қалған. Жер бетіндегі ешбір халық көріп-сезінбеген 20-30 жылдардағы аштықты әлі күнге дейін халықтық нәубет деп ашып атауға аузымыз дауаламай отыр. Барша әлемге үрей тудырған КСРО-ны құлатуға себепші болған қазақ жастарының Желтоқсан-86 көтерілісінің ақиқаты 25 жыл өтсе де толық ашылмай жатыр. Айта берсең уайым көп, мен солардың тек бір-екеуін ғана атай кеттім.
Ештен кеш жақсы деген. Қазір түрлі ақпарат көздерінен естуімізше, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің ұжымы «Қазақстан тарихы» оқулығын жаңаша жазу жолында еңбектеніп жатқан көрінеді. Онда, біз жоғарыда айтып өткен, халқымыздың көне дәуірден осы Тәуелсіздікке жеткен күндерге дейінгі тарихи шындық айтылмақ. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бір шоғыр ғалымы «Қазақстан тарихының» 20 томдығын жазу үстінде. Қазақ тарихының жоғалтқанын түгендеймін деп жанталасып жүрген фундаментальді білімі бар, атақ-даңқы зор, бір-бір институттың құлағын ұстап отырған мүйізі қарағайдай аға-апаларымыздан басқа, 20 жылда осы тақырыпқа қалам сілтеген әуесқой тарихшылар да көбейді. Оларға еш айып жоқ. Орыстың өтірік тарихын біліп тұрып үндемей қалу күнә. Үлкен ағаларымыз он ойланып, жүз толғанша, жүріп-тұруға жеңіл әуесқойлар жазған дүниенің өзі қазір қазақ тарихының бір қабырғасын қалап тастауға шақ қалды.
Бірақ, бізді ойлантатын басқа мәселе. Осы көп тарихшыдан қазаққа келер пайда қандай, зиян қандай? Олар орыстың өтірігін одан әрі қоздатып, онсыз да шым-шытырық тарихымызды одан сайын басқатырғышқа айналдырып жібермей ме? Елдің ақылын одан сайын шатастырып тастамай ма? Олар қай дереккөзді пайдаланады? Айналып келіп тағы да сол Ресейдің мұрағаттарында жатқан былықты қопсыта ма? Ондай қауіп бар. Өйткені, қалай қашсаңыз да, қазаққа қатысты тарихи құжаттың орасан зор мұрасы Ресей мұрағаттарында жатыр. Зерттеушілеріміз төл тарихымызды жазғанда парсы, араб, қытай, грек мұрағаттарындағы түпнұсқалықтарға қаншалықты сүйенеді, ол тілдерді өздері тікелей игерген бе? Егер, аталған тілдерден орысшаға аударылған көшірмелерге сүйенсе, онда бәрібір « орыс шындықтарынан» алысқа ұзамасымыз тағы анық.
Осы жерде Ресей тарихының керемет білгірі, атағы әлемге мәшһүр Астольф де Кюстиннің Карамзиннің француз тіліне аударылған «Ресей мемлекетінің тарихы» («Истории государства Российского») кітабын оқығандағы айтқан пікірін келтіре кеткен жөн (сөзбе-сөз): «Мына жалған-тарихшының кітабын сырттан мақтап жүрген орыстар егер оның жазбасының сырын анық білсе, олар оны бірден жек көріп кетер еді. Сосын патшадан Карамзин бастаған барлық орыс тарихшыларының кітаптарын оқуға тиым салуын жата жалынып сұраушы еді...»,– дейді. Өзін кәсіби тарихшы санаған адам үшін мұнан асқан қорлық баға жоқ. Жалғыз Астольф де Кюстин ғана емес, көптеген атақты ғалымдар орыс тарихының атасы – Карамзиннен бастап Ресейдің тұтас тарихтану ғылымын сынға алған. Олардың ішінде орыстың «ұлы тарихын» алғаш ұйқастырушы В. Татищев, С. Соловьев, В. Ключевский, Б. Рыбаков, аты аталмаған басқа да «цензураның тарихшылары» жыртылып айырылады.
...Сосын, біз ежелгі және орта ғасыр тарихымыз өзімізде қағаз бетіне түспеген елміз. Оның дерегі арабтарда, қытайда, парсыда, т.б, қазақтың өз қолында құжат жоқ. Бірақ, өзге елдерден бұрын Орхон-Енисей ескерткіштеріне түскен руно жазумыз болған. Сонда осы жазудан қалай айырылып қалдық, оның өзгелер өз игілігіне қалай жаратып кетті, осы мәселе де ұғынықты тілмен жазылуы тиіс. Кейінгі тарихымыз түгелдей орыстың қолымен жазылды. Оның оңбағанын жоғарыда айттым. Сонда кезінде жер әлемге әмірін жүргізген, үлкен өркениеттерге бұрын қол жеткізген бабаларымыздың XVII- XVIII ғасырлардан бастап құлдырауға түсуінің, кейін біреудің отарына айналуының себебі неде? Түркі, араб, латын, кириллица жазуларына ауысуымыз халқымыздың дүниетанымына, өмір салтына, мәдениетіне, өнері мен біліміне, жалпы болмысына қалай әсер етті. Тарихшыларымыздан ел күткен сауалдардың да бір парасы осындай.
Сөз соңы. Қазақтың жаңа тарихын жазатын ғалымдарымыздың керемет кемеңгер, ерен еңбекқор болғаны аз, ол ең бірінші халқының адал перзенті, ұлт жанашыры бола білуі шарт. Сондай адамдарға ғана ресми ұлт тарихын жазуға сеніп тапсыруға болады.

Дәулетқали Асауов

BAQ.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға