Жаңалықтар

Әбілда Аймақ

Әбілда Аймақ 1954 жылы 13-сәуірде туылған. Туған жері - қазіргі Ордабасы ауданы, Темірлан кентінің жанындағы «Ынталы» деген ауыл.  Үш жасында анасы қайтыс болады. Әбілданы екінші анасының атына жазып, 3 класс оқып жүргенде метрике алыпты. Негізінде ол 1953 жылы 15 қарашада туылған. Кейінгі алған метрике бойынша 1954 жылы 13 сәуірде туылған болып келе жатыр. Шын аты - Абдолла. Ә. Аймақ сол кездегі «Коммунизм» сегізжылдық мектебін бітірген соң,  Қажымұқан атындағы кеңшарда түрлі қара жұмыстарда болды. Алдымен мақталықта су суғарған ол кейін дала қосында соқа тіркеуші, тракторшы болды, далада қой бақты.  Сөйтіп жүріп Темірландағы сырттан оқытатын орта мектепті тауысты.
11.12.2012 10:45 5251

Әбілда Аймақ 1954 жылы 13-сәуірде туылған. Туған жері - қазіргі Ордабасы ауданы, Темірлан кентінің жанындағы «Ынталы» деген ауыл.  Үш жасында анасы қайтыс болады. Әбілданы екінші анасының атына жазып, 3 класс оқып жүргенде метрике алыпты. Негізінде ол 1953 жылы 15 қарашада туылған. Кейінгі алған метрике бойынша 1954 жылы 13 сәуірде туылған болып келе жатыр. Шын аты - Абдолла.

         Ә. Аймақ сол кездегі «Коммунизм» сегізжылдық мектебін бітірген соң,  Қажымұқан атындағы кеңшарда түрлі қара жұмыстарда болды. Алдымен мақталықта су суғарған ол кейін дала қосында соқа тіркеуші, тракторшы болды, далада қой бақты.  Сөйтіп жүріп Темірландағы сырттан оқытатын орта мектепті тауысты.

         1970 жылы Шымкенттегі музыкалық училищеге оқуға түсті. Училищеде екі жыл оқып, тұрмыстың таршылығынан оқуын тастап кетеді.  1972-1980 жылдары бұрынғы Бөген аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, әнші болып қызмет атқарған.

         1980 жылдан 1990 жылға дейін Шымкент қаласындағы «Шыркентқұрылыс» тресіне қарасты «Монолиттіқұрылыс» басқармасында  бетоншы, тас қалаушы болып жұмыс істеді.

         1984 жылы алғашқы бір баспа табақ өлеңі Алматыдан «Қарлығаш» деген атпен жарыққа шыққан. Жалпы шығармашылық жұмысы 1972 жылдан басталатын Әбілданың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып елге танылып қалған еді.

         1986 жылы Шымкенттегі педагогикалық институттың (қазіргі ХҚТУ Шымкент институты)  филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1991 жылы қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.  Әбілда сегізжылдық мектептен кейінгі оқудың бәрін сырттай бітірген.

         1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы, жазушы Мархабат Байғұт Әбілданы өзінің қасына қызметке шақырады. Осы бөлімшеге әдеби кеңесші болып қызметке келген Әбілда Аймақ бүгінге дейін Жазушылар одағында қызметте.

         1993 жылдан осы бөлімшенің төрағасы, 1996 жылдан филиал болып қайта құрылған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры.

         Әбілда Аймақтың «Қарлығаш», «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік – І», «Алтын бесік – ІІ», «Түркістан», «Жақсығұл мерген», «Билік биігінде», «Ақжол», «Домалақ ана кесенесі», “Парасат биігі» сондай-ақ 2003 жылы екі томдық таңдамалылар жинағы жарыққа шыққан. 2009 жылы «Жазушы» баспасынан «Назқоңыр» атты өлеңдер жинағы шықты. 2011 жылы ОҚО Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында Ә. Аймақтың «Шәмшінің сағынышы» атты драмасы табысты өтті.

         1993 жылы Республика ақындары қатысқан, поэзия жанры бойынша Алматыда өткен жабық конкурста бас жүлдені иеленді. 1995 жылы облыс ақындары арасында өткен Мүшәйрада бас жүлде алды. 2003 жылы Францияда өткен Бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. 2004 жылы Түркияда өткен Түркі халықтары ақындарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 

         Әбілда Аймақ қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. 2004-жылы өткен Президент сайлауында аянбай еңбек етті. Композитор Бағдат Алтаев екеуі бірігіп жазған «Ел бірлігі» әні Президент сайлауының оңтүстіктегі гимініне айналды десек артық емес. Алаңдарда, басқа да тиісті орындарда жиналған 10 мыңға жуық халық алдында осы ән орындалып, көпшіліктің ықыласына ие болды. Осылайша ақын Президент сайлауына өзінің үлесін қосты. Сайлау алдында алаңдарда жиналған халықтың жан тебіренісі түсірілген фильм сақтаулы.   2007-жылы Парламент сайлауына да белсене араласқан Әбілда Аймақ «Нұр Отан» ХДП-сы үшін бір ай Сарыағаш ауданында қызмет жасады.  Бұған «Нұр Отан» ХДП  Сарыағаш аудандық филиалы берген мақтау хаты дәлел.

         Әбілда Аймақ Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен наградталған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. ТМД елдері бойынша интернационалист жауынгерлер комитетінің арнайы медалімен марапатталған.

         Әбілда Аймақтың шығармашылығына қазақ ақындары С. Мәуленов, Т. Молдағалиев, Қ. Жұмағалиев, Ф, Оңғарсынова, С. Иманасов, А. Нысаналылар, Жазушылар Әбіш Кекілбай, Қ. Тұрсынқұлов, Мархабат Байғұт, З. Қыстаубаевтар жоғары баға берген.  Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Ақындық сүйегіне біткен арқалы ақын» деп атады. Сондай-ақ, филология ғылымының докторы Мақсат Әліпханов Әбілданың шығармашылығын талдап, ғылыми мақалалар жазды. ХҚТУ-нің студенттері Әбілда шығаршылығынан Мақсат Әліпхановтың жетекшілігімен дипломдық жұмыстарын қорғады.

                   Қазір Шымкент қаласында тұрады.  Сегіз перзенті бар.

Дереккөзі: ОҚО әкімдігі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға