Жаңалықтар

Топонимикалық төңкеріс

    Өткен екі-үш жылдың ішінде баспасөз беттерінде жиі орын алған мекен, жер-су атауларына қатысты мақалалар бүгінде сирексіп кеткен сияқты. Әрине, ол заңды құбылыс, өйткені нарық та өз тегеурінін көрсетіп отыр. Оның үстіне көптеген топонимикалық өзгерістер (Алма-Ата, Целиноград, Шевченко, Гурьев сияқты қалалардың қазақылануы) халықты демеп, «шүкір» деп отыруына мүмкіндік бергені және бар. Дегенмен бұл − тек бастама ғана, ал атқарылар істер ұшан-теңіз.   Ең басты қиындықтарға жеке адамдар мен топтардың түсінбеушілігі, қарсылығы, сондай-ақ қарапайым тарихи-өркениеттік, жағырапиялық, заңдық сауатсыздықтар жатады. Бұл жөнінде тек өзге ұлттардың өкілдерін де, өзіміздің қазақты да кінәлауға болады. Бірақ бұл «ауру» ортақ − ол ұзақ жылдар бойы санаға сіңген «кеңестік» психология. Ал осы психологияның жойылуы бір-екі жылдық емес, бірер ұрпақ өмірінің еншісінде. Республикамыздағы орыс халқы өкілдерінің талайы «ұлы кеңестік − ұлы орыстық» психологиядан айығып, әлі жаңа тарихи ақиқатқа көндіге қойған жоқ.   Сырттай қарағанда тікелей қатысы жоқ, елді мекеннің орысша атының қазақша ауыстырылуы оларға өзінің жеке хақысына нұқсан келтіргендей болатыны да заңдылық. «Индустриальный», «Овцевод», «Рентабельный» деген атаулардың қазақ түгілі орысқа да ұнамасы хақ, сонда да наразылық білдіруді көпшілік өзінің «міндеті» санайтын сияқты.   Аталған «ауру» − қазаққа да тән. Орыстандырылған атауға қарсы бола отырып, оны орынсыз атпен, тарихпен, өмірмен санаспай ауыстыруға бейім. Әр жердің өз аты бар, ал әулетесіммен (фамилиямен) жерді, мекенді атауды біз соңғы 60-70 жылда үйрендік. Жер аты − халықтың өмірі мен тарихы, арман-мұраты мен еңбегінің туындысы. Сонымен қатар бұл − табиғи-мәдени жертараптың (ландшафттың) сыртқы келбетін, образын қалыптастыратын басты компонент екендігін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік жағдайда топонимикаға деген тарихи ғана емес, өркениеттік, саяси сұраным күшейеді. XI—XIII ғасырларда неміс қол астына түскен батыс славян жерлері 1945 жылы Польшаға қайтарылған кезде үлкен қаладан кішкене өзеншікке дейін поляк атаулары қалпына келтірілді. Бұрын Данциг, Штетанг, Кольберг, Бреслау, Кюстрин болған атаулар Гданськ, Шецин, Колобженг, Броцлав, Кюсшинге айналды емес пе? Дәл осындай жаппай өзгерту Балтық елдерінде, Чехияда да өтті. Ал ішінара өзгертулер дүниежүзінің барлық елдерінде де болды және болып жатыр. Мұның бәрі еріккен «ұлтшылдардың» ермегі емес, тарихи қажеттіліктен туған нәрсе. Осыларды үлгі ете отырып, Қазақстанда да «топонимикалық революция» жасау қажет. Өйткені осы мәселе жөнінде біздей «артта қалған» бірде-бір ел жоқ Еуро-Азия құрлығында. Бұл үшін ең алдымен осы революцияның заңдылық-конституциялық жағын реттеу керек. Бүгінгі күн тәжірибесінде жиі қолданылатын мекен не әкімшілік территорияның атын өзгертуді сол мекен мен территория тұрғындарының дауысқа салу еркіне беру өзін-өзі ақтамайтындығы белгілі болды. Референдум, дауысқа салу − қаншама демократиялық қоғамның атрибуты болғанымен, осы мәселеде ол тәжірибені заңды түрде тоқтатып, басқа формаларды іздестіретін уақыт жетті.    Республиканың басқа тұрғындары бұл дауысқа салуда түсінбестіктен қарсылық көрсетсе, қазақ жағы көп мәселеде білімсіздік, асығыстық танытып отыр. Төле би, Райымбек, одан бұрын Уәлиханов, Жамбыл, Байғанин, Ералиев аудандарының пайда болуы үлкен жетіскендік емес, қайта бүгінгі күннің «қызығымен» жүріп, біраз ретте өткен 2-3 мың жылдық тарихымызды Отан картасынан өшіру деген сөз. Бұны аталған тарихи тұлғаларды кемсіту емес, өз тарихымызға өзіміз қиянат жасамау дегеннен шыққан ой деп білу керек.   Біздің әлі күнге дейін ескермей отырғанымыз — топонимикалық қалпына келтірулердің ғылыми, тарихи, саяси, өркениеттік жағынан басқа заңдық-хақылық (құқықтық) жағын реттеу мәселесі. Құқықтық мемлекет құрамыз деп ұрандатып жүргенімізбен, осыны сезіне де, түсіне де қойған жоқпыз. Яғни құқықтық жағын реттеп, заңның әрбір тармағы мен бабына сүйеніп әрекеттенбейінше ештеңе жүзеге аспайды. Өйткені қазағы аз аймақтарда атаудың қазақшалануына басқалар қарсы болса, қазіргі «демократиялық» заң солардың жағында болмақ. Қазақстандағы қалалар мен кенттердің, ауылдардың көбі XVI-XX ғасырларда салынған. Оны салған − орыстар, ең алғаш рет ат берген де, құжаттап тарихқа сақтаған да орыстар. «Демократиялық» заңға сүйенсек, Павлодар, Усть-Каменогорск, Семипалатинск, Петропавловск сияқты мекендер қазақылануы қиындау, өйткені осы қалалардың алғашқы үйі салынғандағы аты осылар. Ал сол өңірдегі бір мекенді қазақша атаумен ауыстыру үшін қаншама айқай-шу, дабыра, жүйке тоздыру қажет екендігін есептеп көріңіз. Сондықтан да жеке елді мекен мен территорияның атын қазақшалап әлектенбей-ақ, бірден қысқа уақыт ішінде және талапқа сай ауыстыруға мүмкіндік беретін заңды, конституциялық негіз керек. Ал осы негізге бастау боларлық нәрсе − қазақтардың, оның ата-бабалары − Дала көшпелілерінің адамзат тарихында кешегі, бүгінгі, ертеңгі орны.   Қазақтың тастан қала салмағаны немесе күні бүгінге дейін сақтай алмағаны − оның кінәсі не кемшілігі емес. «Топонимикалық төңкеріс» ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдар, сондай-ақ байланыс, картография мекемелерімен бірлесіп, үйлестіріле жүзеге асырылса, оның «зардабы» аз болады. Ал ол қалай жүргізіледі, не істеледі, осы мәселелер ендігі жерде көпшіліктің даусына не жергілікті кеңестің қарауына түспестен бұрын сан алуан мамандардың сарабы мен талқысына түсіп, негізделіп барып істелінуі керек.   Ең бастысы − бос даңғазаға салынбай, өз құқымызды заң тілімен орындау.   «Ана тілі» газеті. 1993 жыл, 20 мамыр   
08.12.2012 07:02 3346

 

 
Өткен екі-үш жылдың ішінде баспасөз беттерінде жиі орын алған мекен, жер-су атауларына қатысты мақалалар бүгінде сирексіп кеткен сияқты. Әрине, ол заңды құбылыс, өйткені нарық та өз тегеурінін көрсетіп отыр. Оның үстіне көптеген топонимикалық өзгерістер (Алма-Ата, Целиноград, Шевченко, Гурьев сияқты қалалардың қазақылануы) халықты демеп, «шүкір» деп отыруына мүмкіндік бергені және бар. Дегенмен бұл − тек бастама ғана, ал атқарылар істер ұшан-теңіз.
 
Ең басты қиындықтарға жеке адамдар мен топтардың түсінбеушілігі, қарсылығы, сондай-ақ қарапайым тарихи-өркениеттік, жағырапиялық, заңдық сауатсыздықтар жатады. Бұл жөнінде тек өзге ұлттардың өкілдерін де, өзіміздің қазақты да кінәлауға болады. Бірақ бұл «ауру» ортақ − ол ұзақ жылдар бойы санаға сіңген «кеңестік» психология. Ал осы психологияның жойылуы бір-екі жылдық емес, бірер ұрпақ өмірінің еншісінде. Республикамыздағы орыс халқы өкілдерінің талайы «ұлы кеңестік − ұлы орыстық» психологиядан айығып, әлі жаңа тарихи ақиқатқа көндіге қойған жоқ.
 
Сырттай қарағанда тікелей қатысы жоқ, елді мекеннің орысша атының қазақша ауыстырылуы оларға өзінің жеке хақысына нұқсан келтіргендей болатыны да заңдылық. «Индустриальный», «Овцевод», «Рентабельный» деген атаулардың қазақ түгілі орысқа да ұнамасы хақ, сонда да наразылық білдіруді көпшілік өзінің «міндеті» санайтын сияқты.
 
Аталған «ауру» − қазаққа да тән. Орыстандырылған атауға қарсы бола отырып, оны орынсыз атпен, тарихпен, өмірмен санаспай ауыстыруға бейім. Әр жердің өз аты бар, ал әулетесіммен (фамилиямен) жерді, мекенді атауды біз соңғы 60-70 жылда үйрендік.
Жер аты − халықтың өмірі мен тарихы, арман-мұраты мен еңбегінің туындысы. Сонымен қатар бұл − табиғи-мәдени жертараптың (ландшафттың) сыртқы келбетін, образын қалыптастыратын басты компонент екендігін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік жағдайда топонимикаға деген тарихи ғана емес, өркениеттік, саяси сұраным күшейеді. XI—XIII ғасырларда неміс қол астына түскен батыс славян жерлері 1945 жылы Польшаға қайтарылған кезде үлкен қаладан кішкене өзеншікке дейін поляк атаулары қалпына келтірілді. Бұрын Данциг, Штетанг, Кольберг, Бреслау, Кюстрин болған атаулар Гданськ, Шецин, Колобженг, Броцлав, Кюсшинге айналды емес пе? Дәл осындай жаппай өзгерту Балтық елдерінде, Чехияда да өтті. Ал ішінара өзгертулер дүниежүзінің барлық елдерінде де болды және болып жатыр. Мұның бәрі еріккен «ұлтшылдардың» ермегі емес, тарихи қажеттіліктен туған нәрсе. Осыларды үлгі ете отырып, Қазақстанда да «топонимикалық революция» жасау қажет. Өйткені осы мәселе жөнінде біздей «артта қалған» бірде-бір ел жоқ Еуро-Азия құрлығында. Бұл үшін ең алдымен осы революцияның заңдылық-конституциялық жағын реттеу керек. Бүгінгі күн тәжірибесінде жиі қолданылатын мекен не әкімшілік территорияның атын өзгертуді сол мекен мен территория тұрғындарының дауысқа салу еркіне беру өзін-өзі ақтамайтындығы белгілі болды. Референдум, дауысқа салу − қаншама демократиялық қоғамның атрибуты болғанымен, осы мәселеде ол тәжірибені заңды түрде тоқтатып, басқа формаларды іздестіретін уақыт жетті. 
 
Республиканың басқа тұрғындары бұл дауысқа салуда түсінбестіктен қарсылық көрсетсе, қазақ жағы көп мәселеде білімсіздік, асығыстық танытып отыр. Төле би, Райымбек, одан бұрын Уәлиханов, Жамбыл, Байғанин, Ералиев аудандарының пайда болуы үлкен жетіскендік емес, қайта бүгінгі күннің «қызығымен» жүріп, біраз ретте өткен 2-3 мың жылдық тарихымызды Отан картасынан өшіру деген сөз. Бұны аталған тарихи тұлғаларды кемсіту емес, өз тарихымызға өзіміз қиянат жасамау дегеннен шыққан ой деп білу керек.
 
Біздің әлі күнге дейін ескермей отырғанымыз — топонимикалық қалпына келтірулердің ғылыми, тарихи, саяси, өркениеттік жағынан басқа заңдық-хақылық (құқықтық) жағын реттеу мәселесі. Құқықтық мемлекет құрамыз деп ұрандатып жүргенімізбен, осыны сезіне де, түсіне де қойған жоқпыз. Яғни құқықтық жағын реттеп, заңның әрбір тармағы мен бабына сүйеніп әрекеттенбейінше ештеңе жүзеге аспайды. Өйткені қазағы аз аймақтарда атаудың қазақшалануына басқалар қарсы болса, қазіргі «демократиялық» заң солардың жағында болмақ. Қазақстандағы қалалар мен кенттердің, ауылдардың көбі XVI-XX ғасырларда салынған. Оны салған − орыстар, ең алғаш рет ат берген де, құжаттап тарихқа сақтаған да орыстар. «Демократиялық» заңға сүйенсек, Павлодар, Усть-Каменогорск, Семипалатинск, Петропавловск сияқты мекендер қазақылануы қиындау, өйткені осы қалалардың алғашқы үйі салынғандағы аты осылар. Ал сол өңірдегі бір мекенді қазақша атаумен ауыстыру үшін қаншама айқай-шу, дабыра, жүйке тоздыру қажет екендігін есептеп көріңіз. Сондықтан да жеке елді мекен мен территорияның атын қазақшалап әлектенбей-ақ, бірден қысқа уақыт ішінде және талапқа сай ауыстыруға мүмкіндік беретін заңды, конституциялық негіз керек.
Ал осы негізге бастау боларлық нәрсе − қазақтардың, оның ата-бабалары − Дала көшпелілерінің адамзат тарихында кешегі, бүгінгі, ертеңгі орны.
 
Қазақтың тастан қала салмағаны немесе күні бүгінге дейін сақтай алмағаны − оның кінәсі не кемшілігі емес.
«Топонимикалық төңкеріс» ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдар, сондай-ақ байланыс, картография мекемелерімен бірлесіп, үйлестіріле жүзеге асырылса, оның «зардабы» аз болады. Ал ол қалай жүргізіледі, не істеледі, осы мәселелер ендігі жерде көпшіліктің даусына не жергілікті кеңестің қарауына түспестен бұрын сан алуан мамандардың сарабы мен талқысына түсіп, негізделіп барып істелінуі керек.
 
Ең бастысы − бос даңғазаға салынбай, өз құқымызды заң тілімен орындау.
 
«Ана тілі» газеті. 1993 жыл, 20 мамыр 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға