Осындай қамқорлық бола ма екен?
Октябрьдің 6 күні сағат 9 да басқармаға басында сырған қалпағы, үстінде ескілеу тоны бар, шалбары мен етігі жамаулы 7-8 жаста бір бала кіріп келді де, бір қағазды ұсына қойды. Жазылған сөзі: «Мен Баянауыл болысының II ауылындағы бір жетім бала едім. Атым —Досым, Жабық баласы. Әкелген кісімнен айрылып қалдым, өзінің кім екенін де білмеуші ем. Жасым 8-де. Барар жерім жоқ, мені бір жерге оқуға балалар үйіне алдырсаңыз екен»—дейді (менің атыма арнап). Енді бір қағазын көрсем губернелік оқу бөліміне жазған арыз екен. Онда да сондай өтініш.
Бұл жазудың екеуін де жазған бір кісі көрінеді. Кім жазып бердіге баланың жауабы — «білмеймін». Баланы әкелген кісі, өтініштерін жазған кісі не оймен жасырынып жүргенін өзі біледі. Неғылғанда осы жастағы баланы әке-шешесі болса сүйтіп қаңғыртып жібермес еді деген оймен баланың жайын басқарушымызға айтқан соң, ол оқу бөлімінің бастығына, орын болса алуын сұрап, қағаз жазып кісі қосып жіберіп еді. Ертеңіне тағы да сол уақытта, тағы да қолында қос уыс қағазы бар таныс балам сап ете түсті. Жаңадан маған өтініш жазады. Басқа қағаздары да губисполком, губком сияқты мекемеге жазған арыздар (бұларды да жазған кешегі қол). Кім жазып бергенін бала айтатын емес. «Біреу жазып берді, атын білмеймін» дейді де...
Амал жоқ, атымды атаған ақысына оқу бөліміне бір апарып құтылайын деп ертіп бардым. Барсам бөлім бастығы: бұл баланы әкелушіні таптық (Дайырбай Әрін баласы деген мұғалім екен), беталды бір баланы алып кеп босқа қаңғыртқаны үшін сотқа берейік деп отырмыз деп күлді
Рас, бала әкелуші сотқа да берілер, жазасын да уақытында тартар. Оған дейін анау баланың халі не болмақ? Біреуді бақты қылам деп сорлы қылу деген осы да. Баланы алып келуші жолдас осы хәлдің боларын әуелде бір қадар ойлады ма екен?
Шынында бұл жұмыс — «әлін білмес әлектің», әуренің ісі. Елге барғанда өзін әлдеқандай ұстап жүреді де, қалаға келерінде «бала орналастыратын», «жетім жетілдіретін» жігіт болып, арбалап бала тасиды. Қалаға келген соң өз афойы тапшылық қылса, көрінгенге жалынады, ол жолда талай өтірікке де кіреді. Аяғында абыройы да жетпейтін, өтірігі де өтпейтін халге айналса, Әрін ұлы құсап бүркеніп жатып ақыл үйретеді (мына қағазды пәленге, мынаны түгенге апар, сөз сұраса — білмеймін деп жылай бер деген сияқты).
Бұл түрлі «қамқорлық» кеңес қызметкеріне лайың емес. Қандай жетім қайткенде орналасады, оған жеткілікті орын бар ма? — соларды білген кісі мұндай іске кіріспейді.
Сәті түсіп орын табылса, құба-құп. Табылмай көшеде қалғандай болса, бұрынғы күнін өзіне көп қылуға себепкер болған атаққұмар жігітке бала қанша алғыс айтар екен? Ол жерін де бір ойлау керек-ау!