Қаймағымыз бұзылған жоқ
08.12.2012 06:43
2920
Тұрғылықты мекен-жайды, аудан-қалаларды ірі ұлттық мәдени орталыққа айналдыру үшін, ең алдымен, халықтың басым көпшілігі сол ұлттан болу керек. Екіншіден, мәдени орталықтар-театрлар, клуб, дискотекалар, спорт кешендері, сондай-ақ білім ордалары (балабақшадан жоғары оқу орнына дейін) саны жағынан басым ұлт жағына бағышталғаны жөн. Ал, үшіншіден, күшті рухани біріктіретін бірлік пен әдет-ғұрыпты насихаттаған абзал.
Біздің Маңғыстау қиыр оңтүстік-батыста орналасқан, яғни сонау Өскемен-Павлодар өңірлерімен салыстырғанда географиялық тұрғыдан қарсы жатыр. Бұл қарсы полюстікке үлкен өмірлік мән беруге болатын секілді. Маңғыстау қазақшылығымен ерекше. Оның ұзақ тарихы бар, күнделік өмірден көріп те жүрміз. Қазақстан «қазақ факторын» күшейтуге мүмкіндік жасай алатын аймақтан үміткердің бірі − осы Маңғыстау.
Маңғыстау қазақтары деп отырғанымыз, ең алдымен, адайлар. Адай − қазақтың көп руларының бірі. Оның қазақ елі тарихында өзіндік орны бар. Бүгінде оның саны жарты миллионға жуықтайды делінеді.
Соңғы екі жүз жыл ішінде географиялық және саяси жағынан оқшаулану, яғни әкімшілік жағынан басқа өлкеге бағындырылуы, россиялық «полоса отчуждения» мәртебесіне ие болуы, ұзақ уақыт республика өңірінде «алыс өлке» атануы және экономикалық жағынан кезінде Түрікменстан, Бесқаламен қанаттас қоныстануы Маңғыстау қазақтарының өмірінде өзіндік із қалдырды. Сонымен бірге жергілікті халықтың ұзақ уақыт жаугершілік өмірді бастан кешуі де психологияның қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Әрине, айтыла берсе мұның келіссіз жақтары жетерлік, соған қарамастан, батылдық, принциптілік те қажет қасиет. Оған соңғы кезде өтіп жатқан оқиғалар дәлел − облыс, облыс орталығының аты да қайтадан қазақыланды.
Жалпы топонимикалық отарлау да, былай отарлау да Маңғыстау түбегін «айналып өтті» деуге әбден болады. Оған атам заманнан қалыптасқан жер-су атаулары, елді мекенде жүйесі және халқының үзіліссіз өмір сүріп келе жатқан ұрпақтың өмірі куә. Ал тарихи сабақтастық, аталмыш психология адайларды әрқашан намысшыл, өр кеуде етіп қалыптастырды. Кедей гасконьдық француздар қандай болса (әрине, XVIII ғасыр), ХІХ-ХХ ғасырлардағы адайларды сондай деуге болады. Жалпы, әрбір халықтың ерекше не этнографиялық, не тарихи, не географиялық топтары болады.
Мысалы, француздарда бретонь мен гасконь, ағылшындарда шотландтар, Польшада кашубтар, украиндарда гуцулдар, орыстарда казактар, ал қазақтарда этнографиялық (этнографиялық емес) топ − адайлар. Қазір басқа өңірдің қазақтарының бір ауылдың атын қайтарып алу (табалағаным емес) мұң болып отырғаны белгілі. Ал түбек тұрғындары қазақ түгіл, адай атауын қоям десе де мүмкіндік бар. Яғни бір жерге Бекет Атаның (бұрынғы саясат кезінде бұл барып тұрған ұлтшылдықтың өзі болар еді) немесе Адай атына аудан атауын өзгертуге болар еді. Жақында облыстық Кеңес аткомының осындай бір шешімі де болады.
Сөз соңында айтарым, біз шүкірміз, әлі де қаймағымыз бұзыла қоймаған іргелі елміз. Осындай аумалы-төкпелі заманда біз баяғы бірлігімізді сақтайық.
«Маңғыстау» газеті, 1991 жыл, 12 желтоқсан
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ленинград берілмейтін берік қамал
Келесі жаңалық
«Қазақфильм» жабыла ма? Министр жауап берді