Соңғы үш-төрт жылда
Қазақ жазушыларының жағдайы
СССР-дің барлық республикаларындағыдай Қазақстанда совет жазушыларының ұйымы бар. Ол ұйымға: поэзияда, прозада, драматургияда, сында жазушылық таланты айқындалған барлық азамат мүше бола алады.
Қазақстан совет жазушылар ұйымы жұмысын көңілдегідей алып бару үшін оған партия мен үкімет жеткілікті материалдық көмек көрсетеді. Мәселен, Қазақстан үкіметі Қазақстан жазушылар ұйымының ұйымдастыру ісіне төмендегідей қаражат беріп келеді. 1935 жылы 150 мың сом, 1936 жылы 166 мың сом, 1937 жылы 300 мың сом. Бұл жазушылар ұйымының аппаратын ұйымдастыру жұмысына ғана жұмсайтын ақша.
Жазушылардың тұрмысына, мәдени тілегіне көмектесетін жазушылар ұйымының қасында «әдебиет қоры» деген ұйым бар. Бұл ұйымның міндеті жазушыларды демалыс үйлеріне, курорттарға жіберу, ауырып қалғанын емдетуге өлген, туғандарына жәрдем беру, кітапханалар ашу, лекциялар оқыту, мұқтаж жазушыға қаражат беру, уақытша мұқтаждарға несие қаражат, балаларын бақшаға орналастыру, оқығандарына стипендия беру, демалыс үйлерін салу, тағы сондайлар.
«Әдебиет қоры» ұйымына қаражат Москвадан беріледі. Бұл ұйым Москвадан 1935 жылы 35,391 сом алды. 1936 жылы 107,730алды, 1937 жылы 360 мың сом алды. 1937 жылға берілген 360 мың сомның екі жүз мыңына биылғы жылы Алматы қаласының жанында демалыс үйі бөлініп жатыр. Ол үй осы жылдың жазында бітеді.
Қазақстан совет жазушылары ұйымының қарамағында бір газет—«Қазақ әдебиеті», екі журнал — «Әдебиет майданы», «Литературный Казахстан» шығады. Солардан мәселен, «Әдебиет майданы» мемлекет қаржысынан 1935 жылы 88 мың сом, 1936 жылы 95 мың сом, 1937 жылы 90 мың сом алды. «Литературный Казахстан» 1935 жылы 28 мың сом, 1936 жылы 29 мың сом, 1937 жылы 90 мың сом алды. Жазушылар ұйымына 1937 жылы мемлекеттік қаражаттай берген көмегінің бәрін қосқанда 910 мың сом болады.
Бұл айтылғандардан басқа Қазақстан жазушылар ұйымының қасында көркем әдебиет баспасы бар. Мұндай ерекше көркем әдебиет баспасы ұлт республикаларының көбінде жоқ. Қазақстан көркем әдебиет баспасы 1934 жылдан бастап ұйымдасты.
Қазақтың совет жазушылары бойындағы жазушылық қасиетін жарыққа шығаруға да, жазғандарын газет, журналға бастыруға, кітап қып шығаруға жағдай толық. Қазақстанның ешбір жазушысы, ақыны, «жазғаным басылмайды»,— деп айта алмайды. Егер басылмаса, жаман шығарма жазғандығы, ондай адамдар басқаға емес, өзінің талантына, қаламына өкпелеу керек.
Бұл арада айтуға қажет мәселенің бірі — Өлкелік партия комитетінің жаңа басшылығының мәдениеттің басқа бұтақтарымен қатар, көркем әдебиет жұмысына да ерекше көңіл бөлуі.
Ұйымдастыру мәселесіндегі кемшіліктер
Партия мен үкіметтің совет әдебиетін, оның кадрларын есіруге жасаған жағдайларын пайдалану жөнінде әлі көптеген кемшіліктеріміз бар.
Жазушылар ұйымының өз ішіндегі кемшіліктер: ең алдымен аты қазақстандық болғанымен ұйым әлі Қазақстанның кең көлемінің әр жерінде тұратын жазушыларды түгел ұйымға тарта алған жоқ. Ұйым мүшелерінің көпшілігі Алматыда ғана туратын жазушылар. Облыстарда, аудандарда, өндірістерде тұратын жазушылардың көбі ұйымға мүше де емес. Ұйыммен байланысы аз. Олардың көбін Қазақстан жазушылар ұйымы білмейді де. 1934-1935 жылдары әрбір облыстық, қалаларда әдебиет жұмысын басқаруға, жазушыларды ұйымдастыруға Қазақстан жазушылар ұйымынан бір-бір өкіл жіберілген еді. Бұл өкілдердің істерін ешкім тексермегеннен кейін, байланыс жоққа жақын болғаннан кейін облыстық өкілдердің көбі жартымды іс бітірмей, екі жылға жақын тегін еңбекақы алынып қана келді. Бұл өкілдердің қателігін көрсетумен қатар жұмыстарын жөндеуге нұсқау берудің орнына Қазақстан жазушылар ұйымының басшылары Тоғжанов пен Қуанышев 1935 жылдың аяғында «өкілдік жойылсын» деп бұйрық шығарды. Содан бері облыстарда өкілдер жоқ.
Жазушылардың есептерін тыңдау, сол арқылы әдебиет пен оқушыларды байланыстырып, әдебиеттің де, жазушылардың да өсуіне көмектесу. Бұл жұмыс бізде ақсап жатыр. Өткен қыс Семейде, Шымкентте, Алматыда өткізген бірнеше әдебиет кештері болмаса (оның көпшілігі Пушкинге арналған) бұл істі де ұйым салақ ұстап келеді. Соңғы бірер айдың ішінде Алматыда әдебиет кештері жиілене бастады. Бірақ әлі де жеткіліксіз.
Әдебиеттің ұйымдастыру мәселесін, шығармалық жұмыстарын да күнбе-күн қозғап келіп, кемшіліктерін ашып, жақсы жақтарын жарқыратын көзге көрсетіп отыратын ұйымның органы газет пен журналдар. Газет, журналдар бұл міндетін өтей алмай жүр.
«Қазақ әдебиеті» газетінде әлі күнге саясаттық және әдебиеттік айқын бет жоқ. Газет мезгілімен әдебиеттің күнделікті саяси және әдеби міндеттерін көтере білмейді, әдебиет кемшілігін кезінде аша білмейді, жақсы, жаман шығармаларға, ұйымның жақсы, жаман істеріне кезінде дабыл көтере алмайды. Әдебиетке кадр даярлау, жас жазушыларды өсіру, сын мәселесін партиялық принципке көтеру дегенге салақ қарайды. Аты бар жазушылардың кемшілігіне ымырашылдық жасайды. Газетке көбінесе сапасыз шығармалары басылады. Басатын шығармасын (сын болсын, көркем шығарма болсын) газетті басқарушылар талғай алмайды. Кейде оқымай да жібере салады. Сондай саяси бейғамдық салдарынан кейде қателер кетіп қалады. Өткен қыста газеттің көбірек жазғаны Пушкиннің мерекесімен байланысты мәселелер. Соңғы екі-үш айдын ішінде газет біраз жақсара бастады. Бірақ онымен негізгі міндеттерін өтеп болған жоқ. Сын мәселесін газет әлі де тиісті сатыға шығара алмай отыр.
«Әдебиет майданы» журналының хал-жайы бұдан да төмен деуге болады. Журналға лайықты материалдар табу, түскен материалдарды жақсылап қарау, журналдың барлық сандарын белгілі жоспармен шығару, жазушыларды журналға тарта білу, әдебиеттің кезекті міндеттерін кезінде қозғай білу, журналдың техникасын жақсылау— міне, осы сықылды міндеттерін «Әдебиет майданы» әлі ұғып болған жоқ.
«Литературный Казахстан» журналының халі «Әдебиет майданынан» да жаман. Қаражаты, аппараты бола тура, редакция 1935 жылы 12 номердің орнына 4-ақ номер шығарды. 1936 жылы 12 номерден 3-ақ номер шығарды. Журналдың негізгі міндеті қазақ совет әдебиетінің үлгілерін орыс тіліне аудару, одақтық оқушыға таныстыру қазақ әдебиетінің өсуіне көмектесу, аударушыларды ұйымдастыру. Қазақстандағы орыс жазушыларының өсуіне жетекші болу, Қазақстанмен байланысты одақтық жазушыларды журналға тарту еді. Бұл міндеттерінің көбін журнал орындаған жоқ.
Жазушылар ұйымының қасындағы баспасөздердің ішінде өзінің міндетін қанағаттанарлық түрде орындаған Қазақстан көркем әдебиет баспасы, батыс, орыс, шығыс әдебиеттерінің біраз үлгілі шығармаларын, әсіресе, Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аудару жөнінде, Қазақстанда совет жазушыларының шығармаларын, қазақтың революциядан бұрынғы әдебиет мұраларын басу жөнінде көркем әдебиет баспасы елеулі еңбек сіңірді. Көркем әдебиет баспасы колға алғаннан кейін басылатын кітаптарды көркемдеу оңдалып, мәдениетті, көркем кітаптар шықты. Жақсы жақтарымен қатар, көркем әдебиет баспасында көп кемшіліктер, қателіктер де бар. Ең алдымен көркем әдебиет баспасы шығаратын кітаптарының саяси жағын, көркемдік жағың жете қарамаушылық бар. Осындай саяси салақтықтың арқасында көркем әдебиет баспасы алашорда жазушыларының шығармасын басуға шарт жасап, олардың кейбіреуі баспаға берілген жерінен тоқтатылады. Ілияс Жансүгіровтың басқаруымен қырғыз бен қазақтың арасына араздық туғызатын «Сүйімбай мен Қатаған айтысы» деген кітап шықты. Кітаптардың корректорлық қатесі де көп.
Көркем әдебиет баспасындағы елеулі бір кемшілік кітаптарды қарайтын белгілі редактор жоқ. Баспасөздің директоры Рахымжан Жаманқұлов әрі шаруа жұмысын, әрі баспа жұмысын, әрі редакторлық жұмысын үлгіре алмайды. Барлық кітапты қараң шыға алмайды: Көркем әдебиет баспасының кітаптарына көбіне редактор боп қол қоятын: Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қалмақан, Әбділда тағы басқалар. Бұлардың ішінен штаттық редактор саналып еңбекақы алатын Ілияс пен Әбділда. Өзгелері көлденең редакторлар. Бірақ, Әбділдадан басқа штаттық редакторлар да, штаттық емес редакторлар да кітапқа кейде қарамастан қол қоя салады. Үстірт қарап, елеулі қателер жібереді. Жаманқұлов баспадағы бұл кемшілігін көре тұра жауапты редакторлар тауып алуға салақ қарайды.
Ендігі бір сөз — қазақ көркем әдебиетінің жанрлары соңғы үш-төрт жылда қалай өркендеуі туралы.
Поэзия
Поэзия қазақ, әдебиетінің ей ескі жанры және революциядан бұрын өзге жанрдан басым болған жанры. Октябрь революциясынан туған қазақтың совет әдебиеті революцияның бастапқы жылдарында қазақ, әдебиетінің бұрынғы дәстүрінен шыға алмай, поэзия жағы басым болды. Сәкеннің «Жолдастар», «Жас қазақ марсельезасы» сықылды саяси өлеңдерінен басталған қазақтың совет поэзиясы Қазақстан совет жазушылар съезіне дейін үлкен олжа тапты. Қазақ совет ақындары «Советстан», «Көкшетау», «Дала», «Гималай», «Маржан», «Сағындық» сықылды поэмалар, советтенген қазақ, ауылының тұрмысын көрсететін, тап жауларын түйрейтін бірнеше саяси көркем өлеңдер берді.
Съезге дейінгі қазақ, совет поэзиясында индустрияның ірі табыстары туралы Сәкен шығармаларында болмаса, өзге ақындарда бұл тақырып өте аз болатын еді. Сәкен шығармаларында поезд бен аэроплан көп орын алып, Қазақстанда жүргізілген ірі завод, фабрикалар әлсіз көрінуші еді.
Съездің алды-артында ақындарымыз өндіріс тақырыбына көп көңіл белді. Көмір өндірісіне арнап Өтебай Тұрманжанов «Қара алтынды», Қалмақан Әбдіқадыров «Шахтерды», Ғалым Малдыбаев «Мағауияны», мұнай өндірісіне арнап Тайыр Жароков «Нефтстанды», мыс өндірісіне арнап Әбділда Тәжібаев «Олқылықты» жазды. Тағы сондай жазылғандар бар.
Ауыл шаруашылығын социалистік жолмен өркендетуге арнаған бірнеше өлеңдер, поэмалар бар. Мәселен, Сәкеннің «Социалстаны», Ілиястың «Мін де шабы», Өтебайдың «Қара алтыны», Асқардың «Күзеттесі», тағы басқалар.
Бұл поэмалардың жақсы жақтары халық шаруашылығындағы социалистік реконструкцияны халыққа ұғындыруға үгітші болып, партия мен үкімет ұрандарын іске асыруға көмек көрсетті. Сонымен қатар шын мағынасындағы көркем әдебиеттік жағын алсақ, бұлардың бәріне арнаулы бір кемшілік: дәуіріміздің шын кейіпкері болуға правосы бар, өндірістегі, ауыл шаруашылығындағы, мәдениеттегі үлгілі адамдарымыздың, дәуірімізге қастық істейтін, я дәуірдің қарқынына ере алмайтын адамдардың бейнелері жоқ. Социалистік құрылысқа дос адамдарын араласып, бірге өсіп, біте қайнап жүріп ой қиялы, іші-сырты, әлеуметтік тұрмысы, жеке тұрмысы жеке көрінбейді, кейіпкер етіп алған адамдардың көбі схема болып шығады. Ал құрылыстың өз процесіне келгенде ақындарымыз трактордың дүрілдеген даусын естиді де заводтың бұрқылдаған түтінін көреді де, сол заводта істеліп, қалай істеліп жатқанын, сол трактор жерді қалай жыртып және не мақсатпен жыртып жатқанын жаза алмайды. Бұған бас себеп ақындарымыздың суреттеген объектісін жақсылап зерттемеуі, құрылыстың адамын да, техникасын да, құрылыс материалдарын да ішіне араласып бірге өсіп, біте қайнап жүріп, ұғынып алып жазбауы, естумен, газет хабарымен жазуы, не шала көріп, шала жазуы.
Пулеметте» Өтебай бір партизанның азамат соғысына көрсеткен қайратын, қан майдан