Көркем аударманың көркі
КӨРКЕМ АУДАРМАНЫҢ КӨРКІ
Ұлы орыс халқының классикалық және советтік әдебиетін, туысқан ұлттардың, халық демократиясы елдерінің және дүние жүзілік әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аудару — идеологиялық және мәдени зор маңызы бар іс. Бұл әдебиетіміздің шеберлік жағынан жетіле түсуіне көмегін тигізіп қана қоймайды, сонымен бірге халқымыздың рухани мәдениетін ерекше байытады.
Аударма ісінің белгілі бір сатыға көтерілуінің нәтижесінде, қазақ оқушылары Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тургенев, Толстой, Горький, Маяковский, Шолохов, Фадеев т. б. орыстың классикалық және советтік әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқитын болды.
Туысқан советтік республикалар әдебиетінен қазақ тіліне Айбектің «Науаиы», Айнидің «Бұхарасы», Сыдықбековтың «Біздің заманның адамдары» сияқты шығармалары аударылды. Қазір Башировтың «Намысы», Лебрехтын «Коордийдегі нұры», Кербабаевтың «Шешуші адымы», Ибрагимовтың «Келешек күні» т. б. шығармалар аударылып жатыр.
Дүние жүзі әдебиетінің көрнекті шығармалары да қазақ тіліне аударылуда.
Қазақтың көркем әдебиет баспасы қазір орыс классиктерінің шығармаларын, мемлекеттік сыйлық алған шығармаларды түгел дерлік қазақ тілінде шығару мақсатын қойып отыр.
Әдебиетіміздің аударма саласында елеулі жұмыстар істеліп, белгілі бір кезеңнен өтіп, енді алда айрықша зор міндеттер тұрғанда, өткен жолымызды шолып, іс тәжірибемізді қорытып, болашақтағы міндетіміздің негізгі бағытын белгілеп, көркем аударма өнеріндегі басты мәселелерді шешіп алу кезек күттірмейтін мәселе болуға тиіс. Қазақ тіліне жүздеген кітаптар аударылды. Бұл үлкен іс ірі-ірі кемшілігіне қарамастан, үлгілі тәжірибесіз емес. Осы жолдағы тәжірибені белгілі жүйеге салу, көп кідіртпей қолға алынатын басты міндет болуға керек.
1
Проза аудармасының жалпы жағдайын сөз еткенде бұл саладағы табыстарымызға тоқталмай кетуге болмайды. Ғ. Мүсрепов еркін аударған Горький әңгімелері ұлы жазушыны қазақ оқушыларына танытуда елеулі қызмет атқарды. Мүсрепов Горький текстін қатал сақтамағанымен де ұлы жазушының шығармаларының жанын, жалынды пафосын суытпай жеткізді. Горький әңгімелерінің революциялық жігерін, ерекше үнді, сарынды әуенін қазақ оқушыларының құлағына, сол қалпында ә