Жаңалықтар

Жүректер жалғастығы

  ЖҮРЕКТЕР ЖАЛҒАСТЫҒЫ   Социалистік Венгрия — таптық мүддесі, қоғамдық даму сапары бір шынайы досымыз. Кешегі Ұлы Отан соғысында Совет Армиясы фашизмнен азат еткен мадьяр халқы совет елін зор құрмет тұтады. Қазақстанда бүгін басталайын деп отырған Венгрия мәдениетінің онкүндігі совет халқы мен венгер халқының достық іргесін бекіте түсетіні айқын.   Достық — адам мен адамның, ел мен елдің арасындағы абзал қатынасты бейнелейтін ерекше қасиет. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген қазақтың тамаша мақалы бар. Екі халықтың еңбеккерлерінің, мәдени, қоғам қайраткерлерінің бір-бірімен кездесіп, танысып сырласулары біздің игі достығымызды нұрландыра түседі. Менің сондай бір жағдайға куә болғаным да бар.   Үстіміздегі 1969 жылдың апрель айында Венгрияда біздің қазақ мәдениетінің онкүндігі өтті. Жолымыз түсіп сол кезде ақын Қ. Ыдырысов екеуміз Будапештке келе қалып едік. Біз келерден бірер күн бұрын біздің әнші-күйші өнерпаздарымыз Венгрияның астанасынан ел аралауға жүріп кетіпті. Европалық мемлекеттің астанасы — үлкен шаһар өзінің күнделікті қызу өмірімен жүріп жатыр екен. Бірақ сонда да біздің онкүндіктің лебі айқын есіп тұрғандай. Біз оны ең алдымен аэропорттың басынан сездік. Бізді қарсы алған венгер жазушыларының сәлем-сауқаттан кейінгі әңгімелері белгілі Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптары оркестрі мен қазақ әншілерінің үлкен концерті жайында болды. Олардың таңданып, сүйсініп айтыстарына қарағанда қазақ өнері астана қауымын біраз таңырқатса керек.   Қалаға кіргеннен кейін де көшелерде қазақ мәдениетінің онкүндігінің жарнамалары жарқырап көзге түсе береді. Енді бір сәтте қазақтың тұрмыс-салттық өнері көрмесінің алдында үймелеп тұрған халықты көрдік. Шаһарға мекен тепкеннен кейін киоскелердегі әшекейлі журналдардан, газеттерден Қазақстанның көріністерін, қазақ актрисаларының суреттерін, қазақ мәдениетіне байланысты мақалаларды жиі ұшырататын болдық.   Қай жерде болмайық — еңбекшілер арасына, жастар қауымына, Жазушылар одағына барсақ та әңгіме Қазақстан жайлы. Жалпы мадьяр халқының біздің республикамызға деген ықыласы анық көрініп тұр. Кеме жасау заводының жастары бізді шын пейілімен қарсы алды. Завод басшылары заводтың жағдайымен, жұмыстағы жетістіктерімен таныстырғаннан кейін, жастар бізді өз клубына апарып қазақ әдебиетінің жағдайын сұрады. Артынан байқасақ біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жайынан өздері де бейхабар емес екен. Жұмысшы қыздар Мэрия Гапер, Надина Варта, социалистік бригаданың бригадирі Янош Гооштар бірінен соң бірі суырылып шығып мадьяр тілінде Абай мен Жамбылдың, Сұлтанмахмұт пен Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиев пен Қалижан Бекхожиннің өлеңдерін оқи бастады. Шынын айтқанда бұл шет ел адамдарымен ресми кездесуден гөрі бұрыннан таныс ескі достардың бас қосуына ұқсап кетті. Жастар бізді ұзақ уақытқа дейін жібермей, барша өнерлерін көрсетіп, сый-сияпатын жасады.   Осындай ықыласты Венгрия жұмысшы табының қара шаңырағы Чепел металлургия комбинатынан да көрдік. Онда біздің көркем өнер қайраткерлерінің концерті жұмысшы қауымды ерекше сүйсіндірді. Қазақ күйлеріне соншама құмарта қол шапалақтаған жұртты мен Алматыда да көп көрдім деп айта алмас едім. Ал, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ришад Абдуллин сияқты әншілерді бес-алты қайтара шақырып сахнадан жібермей қойды.   Концерт арасында ебін тапқан журналистер Роза Бағланованы ұстап алып:   — Сіздің әншілік жолыңыз, атақ-даңқыңыз бұдан жиырма жыл бұрын осы Будапешттен, дүние жүзілік жастар фестивалынан басталып еді. Қазір қандай сезімде тұрсыз? Жиырма жылдан кейін Будапешттен алған әсеріңіз қалай? — деп сұрақты жаудырып жатыр.   Мадьяр халқының астанасы қазақтың қарапайым қызының өнер аспанына самғар тұғыры болыпты. Бұл да бір есте қаларлық нәрсе.   Қазақтың талай боздақтары мадьяр жерін фашистерден азат ету сапарында жанын құрбан етті. Белгілі ақынымыз Хамит Ерғалиев мадьяр жерінде төрт қабырғасын қалдырды, Әбу Сәрсенбаев соғысып жүріп «Балатон жырларын» тебірене толғады.   Венгрияның мәдени қайраткерлерінің де Қазақстанға, оның мәдениетіне деген ықыласының бір күндік немесе бір маусымдық емес екеніне көзіміз жетті. Қазақстанды біраз аралаған журналист Шандор Бояр халық арасында қызғылықты әңгімелер айтып жүрді. Оныкі жайдақ баяндау емес, біздің республиканың тамаша көріністерін, өнер иелерін, қазақтың ұлттық киімдері мен мүлік-жабдықтарын түсіріп алған бояулы диапозитивін экраннан көрсете отырып, жұртты тамсандырып, неше түрлі қызғылықты әңгімелер айтады. Ақын-ғалым Д. Радо қазақ ақындарының көп өлеңдерін мадьяр тіліне аударған. Ол зайыбы актриса Радо ханум екеуі заводтарды, жұмысшы клубтарын аралап, жұртшылықты қазақ поэзиясы мен прозаның үлгілерімен таныстырып жүрді. Осы адамдармен бірге жүргенде олардың бізге ықыласының бір онкүндікпен шектелмейтініне көзіміз жеткендей болды. Оның үстіне Радо қазақ поэзиясының үлгілерін бұдан былай да аудара беретінін, Венгрия мен совет халықтарының арасындағы ертеден келе жатқан мәдени байланыстар жайлы үлкен зерттеу жасап жүргенін айтты.   Венгердің антрополог ғалымы Шандор Тод Қазақстанға келіп біраз зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтқан. Ол екі ел арасындағы байланыс, жақындық жайлы құлшына сөйлейді. Ол өзі Қазақстанның өткен өмірінен де, бүгінгі өмірінен де тым жақсы хабардар екен. Кәдімгі өзіміздің тарихшы немесе әдебиетші әріптестеріміздей ағылып сөйлеп отыр. Сөз арасында көптеген кітаптардың да атын атап қояды. Бұл ғалым өткен ғасырдағы Орта Азияны, әсіресе Қазақстандағы көбірек зерттеген атақты Вамбери дәстүрін жалғаушы тәрізді.   Будапешттегі Совет елшілігінде болған үлкен қабылдауда:   — Сәлеметсіз бе, қош келіпсіздер, — деп нақпа-нақ өзгешелеу мақаммен қазақша айтылған сәлемге жалт қарап, күлімсіреп қолын созып келе жатқан ақбас қарияны көрдім.   Шырамыта қойдық. Бұл 1945 жылы Алматыға келіп кеткен, біз Будапештке келгелі атын естіп жүрген профессор, әрі белгілі ақын Имре-Тренчени Вальдапфель екен. Қария сырқат екен, бізді үйіне шақырғанда баруға уақытымыз қысылтаяң боп ұялып жүр едік. Кәдімгідей шұрқырасып, біраз әңгімелестік. Профессор Тренлени Жамбылдың, Абайдың өлеңдерін тікелей қазақ тілінен көп аударған адам. Ол осы өлеңдердің түп нұсқасын орысшасымен салыстырып, аудармашыларының кейбір кемшіліктерін көріп отырады екен. Бұл кісі қазіргі қазақ әдебиетіне баса назар аударып отырады екен. Қ. Ыдырысовқа «Сіздің «Әке тағдыры» деген поэмаңызды оқып шықтым», — деді.   Осы Тренчени қарияның жолын қуып қазақ тілін үйреніп жүрген жастар да жоқ емес.   Біздің азғана күнде атүсті жүріп көріп-білгеніміздің өзі екі халық арасында мәдени қарым-қатынастың тереңдеп, кеңейіп келе жатқанын дәлелдеді. Иә, бұдан былай бір-біріміз туралы мағлұматымыз артып, білгеніміз көбейе бермек. Кітаптар да екі жаққа көбірек аударылып, араласымыз күшейе түспек.   Мадьяр елін тереңірек білуге қазақ халқы да құштар. Венгрия — европалық ел. Батыс Европа мәдениетін тұтас, бір санайды. «Европа мәдениетінің дәрежесі» деген сөз де содан шықса керек. Әрине, өз төңірегіндегі биік мәдениеттен оқшау, тұйықталып қалмай, соған жетіле отырып, Венгрия мәдениеті өзінің ұлттық сипаты мен рухын сақтай білген. Мұны оның архитектуралық және басқа мәдени ескерткіштерінен, музыка, әдебиет мұраларынан, жалпы халық дәстүрінен айқын көреміз.   Сырт көзге бірден шалынатын шаруалардың ұлттық костюмы мен атақты чардаш тәрізді мадьяр билерінен бастап, мәдениеттің қай саласына үңілсең де ұлттық сипаттар жеткілікті тәрізді. Европаның көп еліне ортақ Готика, Барокко стильдерімен салынған архитектуралық ескерткіштердің өзінде, басқа жақын көршілерге ұқсамайтын венгер суреті, венгер бейнесі көрініп қала берді; әлемге аян ұлы музыкант Ференц Лист пен ғажайып сырлы композитор Бартоктің оперетталары дүние елдеріне кең тараған Кальман мен Легордың музыкалары «Европа тілінде» сөйлегенмен, солардың венгер мақамын, мадьяр әуенін айқын естіп отырасыз.   Ұлы ақын барша халыққа ортақ. Әрине, Петефи тәрізді өрт сезімді, өр дауысты аяулы ақындар әр халықта бар. Мен оны кейде біздің өрт жалынды Махамбетпен рухтас көрем. Сол Петефи шынайы ұлттық ақын екенін, оның жырының нағыз «мадьяр мінезін» Венгриямен аз-кем танысқанда, ақынның елін аралағанда айқынырақ сезесің. Петефидің алдында сонау XIV—XV ғасырлардан бері қарай сыншыл ақын Темешвари, азаттың жауынгері, семсері мен лирикасын қатар жұмсаған Баннашша, халықтың жоғын жоқтаған Фазекаш, бостандық күресінің көсемі Ракоцидің серігі Микештер Петефимен тұтас венгердің романтикалық эпосын жасаушы атақты Ворошмарти, ызалы поэзиясының аяғы қасіретке ұласқан сыршыл ақын Аронь, Петефиден кейін біздің ғасырда жасаған венгер поэзиясын жаңғырта келген албырт та алғыр ақын Ади, фашизмге қарсы оқтай атылған жалынды жырдың иесі қыршын кеткен Аттила Иожефтер көз алдыңнан өтеді. Бірақ біз үшін де, мадьяр халқы үшін де осы аталған және мен атай алмаған сан саңлақтардың ортасында асқар таудай Петефи тұлғасы биік тұр.   Он сегізінші ғасырда М. Келеменнің алыста жүрген Венгрияның саяси қуғындарының өмірін суреттейтін «Түркиядан хат» атты тамаша шығармасынан басталған мадьяр прозасы да, кең салада өткен ғасырдың орта шеніндегі шаруалар азаттығы үшін күрескен жазушы И. Этвеш, шебер новеллист Я. Вайда, өнімді жазушы М. Иокаиді. Европа әдебиетіндегі ірі тұлғалар К. Миксат пен Ж. Мозикті атасақ та жеткілікті. Бұған Ұлы Октябрь тұсында әдебиетке келген М. Залка, А. Гидаш, Б. Иллеш, И. Дорваш сияқты ірі жазушылар жалғасады.   Мадьяр халқының мол әдебиеті, жалпы бай мәдениеті біз үшін жаңа ғана шеті көріне бастаған таусылмас қазына.   Мәдениет пен әдебиет қайраткерлері қашан да бір халық пен екінші халықтың сезімін ұштастырып, әуенін қосып, жүрегін жалғастырған. Біз бүгін еліміздің атынан: Қош келіпсіздер, достық жаршысы қадірлі достар! — деп құшақ жаямыз.   1969
08.12.2012 06:34 3715

 

ЖҮРЕКТЕР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

 

Социалистік Венгрия — таптық мүддесі, қоғамдық даму сапары бір шынайы досымыз. Кешегі Ұлы Отан соғысында Совет Армиясы фашизмнен азат еткен мадьяр халқы совет елін зор құрмет тұтады. Қазақстанда бүгін басталайын деп отырған Венгрия мәдениетінің онкүндігі совет халқы мен венгер халқының достық іргесін бекіте түсетіні айқын.

 

Достық — адам мен адамның, ел мен елдің арасындағы абзал қатынасты бейнелейтін ерекше қасиет. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген қазақтың тамаша мақалы бар. Екі халықтың еңбеккерлерінің, мәдени, қоғам қайраткерлерінің бір-бірімен кездесіп, танысып сырласулары біздің игі достығымызды нұрландыра түседі. Менің сондай бір жағдайға куә болғаным да бар.

 

Үстіміздегі 1969 жылдың апрель айында Венгрияда біздің қазақ мәдениетінің онкүндігі өтті. Жолымыз түсіп сол кезде ақын Қ. Ыдырысов екеуміз Будапештке келе қалып едік. Біз келерден бірер күн бұрын біздің әнші-күйші өнерпаздарымыз Венгрияның астанасынан ел аралауға жүріп кетіпті. Европалық мемлекеттің астанасы — үлкен шаһар өзінің күнделікті қызу өмірімен жүріп жатыр екен. Бірақ сонда да біздің онкүндіктің лебі айқын есіп тұрғандай. Біз оны ең алдымен аэропорттың басынан сездік. Бізді қарсы алған венгер жазушыларының сәлем-сауқаттан кейінгі әңгімелері белгілі Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптары оркестрі мен қазақ әншілерінің үлкен концерті жайында болды. Олардың таңданып, сүйсініп айтыстарына қарағанда қазақ өнері астана қауымын біраз таңырқатса керек.

 

Қалаға кіргеннен кейін де көшелерде қазақ мәдениетінің онкүндігінің жарнамалары жарқырап көзге түсе береді. Енді бір сәтте қазақтың тұрмыс-салттық өнері көрмесінің алдында үймелеп тұрған халықты көрдік. Шаһарға мекен тепкеннен кейін киоскелердегі әшекейлі журналдардан, газеттерден Қазақстанның көріністерін, қазақ актрисаларының суреттерін, қазақ мәдениетіне байланысты мақалаларды жиі ұшырататын болдық.

 

Қай жерде болмайық — еңбекшілер арасына, жастар қауымына, Жазушылар одағына барсақ та әңгіме Қазақстан жайлы. Жалпы мадьяр халқының біздің республикамызға деген ықыласы анық көрініп тұр. Кеме жасау заводының жастары бізді шын пейілімен қарсы алды. Завод басшылары заводтың жағдайымен, жұмыстағы жетістіктерімен таныстырғаннан кейін, жастар бізді өз клубына апарып қазақ әдебиетінің жағдайын сұрады. Артынан байқасақ біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жайынан өздері де бейхабар емес екен. Жұмысшы қыздар Мэрия Гапер, Надина Варта, социалистік бригаданың бригадирі Янош Гооштар бірінен соң бірі суырылып шығып мадьяр тілінде Абай мен Жамбылдың, Сұлтанмахмұт пен Әбу Сәрсенбаевтың, Хамит Ерғалиев пен Қалижан Бекхожиннің өлеңдерін оқи бастады. Шынын айтқанда бұл шет ел адамдарымен ресми кездесуден гөрі бұрыннан таныс ескі достардың бас қосуына ұқсап кетті. Жастар бізді ұзақ уақытқа дейін жібермей, барша өнерлерін көрсетіп, сый-сияпатын жасады.

 

Осындай ықыласты Венгрия жұмысшы табының қара шаңырағы Чепел металлургия комбинатынан да көрдік. Онда біздің көркем өнер қайраткерлерінің концерті жұмысшы қауымды ерекше сүйсіндірді. Қазақ күйлеріне соншама құмарта қол шапалақтаған жұртты мен Алматыда да көп көрдім деп айта алмас едім. Ал, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ришад Абдуллин сияқты әншілерді бес-алты қайтара шақырып сахнадан жібермей қойды.

 

Концерт арасында ебін тапқан журналистер Роза Бағланованы ұстап алып:

 

— Сіздің әншілік жолыңыз, атақ-даңқыңыз бұдан жиырма жыл бұрын осы Будапешттен, дүние жүзілік жастар фестивалынан басталып еді. Қазір қандай сезімде тұрсыз? Жиырма жылдан кейін Будапешттен алған әсеріңіз қалай? — деп сұрақты жаудырып жатыр.

 

Мадьяр халқының астанасы қазақтың қарапайым қызының өнер аспанына самғар тұғыры болыпты. Бұл да бір есте қаларлық нәрсе.

 

Қазақтың талай боздақтары мадьяр жерін фашистерден азат ету сапарында жанын құрбан етті. Белгілі ақынымыз Хамит Ерғалиев мадьяр жерінде төрт қабырғасын қалдырды, Әбу Сәрсенбаев соғысып жүріп «Балатон жырларын» тебірене толғады.

 

Венгрияның мәдени қайраткерлерінің де Қазақстанға, оның мәдениетіне деген ықыласының бір күндік немесе бір маусымдық емес екеніне көзіміз жетті. Қазақстанды біраз аралаған журналист Шандор Бояр халық арасында қызғылықты әңгімелер айтып жүрді. Оныкі жайдақ баяндау емес, біздің республиканың тамаша көріністерін, өнер иелерін, қазақтың ұлттық киімдері мен мүлік-жабдықтарын түсіріп алған бояулы диапозитивін экраннан көрсете отырып, жұртты тамсандырып, неше түрлі қызғылықты әңгімелер айтады. Ақын-ғалым Д. Радо қазақ ақындарының көп өлеңдерін мадьяр тіліне аударған. Ол зайыбы актриса Радо ханум екеуі заводтарды, жұмысшы клубтарын аралап, жұртшылықты қазақ поэзиясы мен прозаның үлгілерімен таныстырып жүрді. Осы адамдармен бірге жүргенде олардың бізге ықыласының бір онкүндікпен шектелмейтініне көзіміз жеткендей болды. Оның үстіне Радо қазақ поэзиясының үлгілерін бұдан былай да аудара беретінін, Венгрия мен совет халықтарының арасындағы ертеден келе жатқан мәдени байланыстар жайлы үлкен зерттеу жасап жүргенін айтты.

 

Венгердің антрополог ғалымы Шандор Тод Қазақстанға келіп біраз зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтқан. Ол екі ел арасындағы байланыс, жақындық жайлы құлшына сөйлейді. Ол өзі Қазақстанның өткен өмірінен де, бүгінгі өмірінен де тым жақсы хабардар екен. Кәдімгі өзіміздің тарихшы немесе әдебиетші әріптестеріміздей ағылып сөйлеп отыр. Сөз арасында көптеген кітаптардың да атын атап қояды. Бұл ғалым өткен ғасырдағы Орта Азияны, әсіресе Қазақстандағы көбірек зерттеген атақты Вамбери дәстүрін жалғаушы тәрізді.

 

Будапешттегі Совет елшілігінде болған үлкен қабылдауда:

 

— Сәлеметсіз бе, қош келіпсіздер, — деп нақпа-нақ өзгешелеу мақаммен қазақша айтылған сәлемге жалт қарап, күлімсіреп қолын созып келе жатқан ақбас қарияны көрдім.

 

Шырамыта қойдық. Бұл 1945 жылы Алматыға келіп кеткен, біз Будапештке келгелі атын естіп жүрген профессор, әрі белгілі ақын Имре-Тренчени Вальдапфель екен. Қария сырқат екен, бізді үйіне шақырғанда баруға уақытымыз қысылтаяң боп ұялып жүр едік. Кәдімгідей шұрқырасып, біраз әңгімелестік. Профессор Тренлени Жамбылдың, Абайдың өлеңдерін тікелей қазақ тілінен көп аударған адам. Ол осы өлеңдердің түп нұсқасын орысшасымен салыстырып, аудармашыларының кейбір кемшіліктерін көріп отырады екен. Бұл кісі қазіргі қазақ әдебиетіне баса назар аударып отырады екен. Қ. Ыдырысовқа «Сіздің «Әке тағдыры» деген поэмаңызды оқып шықтым», — деді.

 

Осы Тренчени қарияның жолын қуып қазақ тілін үйреніп жүрген жастар да жоқ емес.

 

Біздің азғана күнде атүсті жүріп көріп-білгеніміздің өзі екі халық арасында мәдени қарым-қатынастың тереңдеп, кеңейіп келе жатқанын дәлелдеді. Иә, бұдан былай бір-біріміз туралы мағлұматымыз артып, білгеніміз көбейе бермек. Кітаптар да екі жаққа көбірек аударылып, араласымыз күшейе түспек.

 

Мадьяр елін тереңірек білуге қазақ халқы да құштар. Венгрия — европалық ел. Батыс Европа мәдениетін тұтас, бір санайды. «Европа мәдениетінің дәрежесі» деген сөз де содан шықса керек. Әрине, өз төңірегіндегі биік мәдениеттен оқшау, тұйықталып қалмай, соған жетіле отырып, Венгрия мәдениеті өзінің ұлттық сипаты мен рухын сақтай білген. Мұны оның архитектуралық және басқа мәдени ескерткіштерінен, музыка, әдебиет мұраларынан, жалпы халық дәстүрінен айқын көреміз.

 

Сырт көзге бірден шалынатын шаруалардың ұлттық костюмы мен атақты чардаш тәрізді мадьяр билерінен бастап, мәдениеттің қай саласына үңілсең де ұлттық сипаттар жеткілікті тәрізді. Европаның көп еліне ортақ Готика, Барокко стильдерімен салынған архитектуралық ескерткіштердің өзінде, басқа жақын көршілерге ұқсамайтын венгер суреті, венгер бейнесі көрініп қала берді; әлемге аян ұлы музыкант Ференц Лист пен ғажайып сырлы композитор Бартоктің оперетталары дүние елдеріне кең тараған Кальман мен Легордың музыкалары «Европа тілінде» сөйлегенмен, солардың венгер мақамын, мадьяр әуенін айқын естіп отырасыз.

 

Ұлы ақын барша халыққа ортақ. Әрине, Петефи тәрізді өрт сезімді, өр дауысты аяулы ақындар әр халықта бар. Мен оны кейде біздің өрт жалынды Махамбетпен рухтас көрем. Сол Петефи шынайы ұлттық ақын екенін, оның жырының нағыз «мадьяр мінезін» Венгриямен аз-кем танысқанда, ақынның елін аралағанда айқынырақ сезесің. Петефидің алдында сонау XIV—XV ғасырлардан бері қарай сыншыл ақын Темешвари, азаттың жауынгері, семсері мен лирикасын қатар жұмсаған Баннашша, халықтың жоғын жоқтаған Фазекаш, бостандық күресінің көсемі Ракоцидің серігі Микештер Петефимен тұтас венгердің романтикалық эпосын жасаушы атақты Ворошмарти, ызалы поэзиясының аяғы қасіретке ұласқан сыршыл ақын Аронь, Петефиден кейін біздің ғасырда жасаған венгер поэзиясын жаңғырта келген албырт та алғыр ақын Ади, фашизмге қарсы оқтай атылған жалынды жырдың иесі қыршын кеткен Аттила Иожефтер көз алдыңнан өтеді. Бірақ біз үшін де, мадьяр халқы үшін де осы аталған және мен атай алмаған сан саңлақтардың ортасында асқар таудай Петефи тұлғасы биік тұр.

 

Он сегізінші ғасырда М. Келеменнің алыста жүрген Венгрияның саяси қуғындарының өмірін суреттейтін «Түркиядан хат» атты тамаша шығармасынан басталған мадьяр прозасы да, кең салада өткен ғасырдың орта шеніндегі шаруалар азаттығы үшін күрескен жазушы И. Этвеш, шебер новеллист Я. Вайда, өнімді жазушы М. Иокаиді. Европа әдебиетіндегі ірі тұлғалар К. Миксат пен Ж. Мозикті атасақ та жеткілікті. Бұған Ұлы Октябрь тұсында әдебиетке келген М. Залка, А. Гидаш, Б. Иллеш, И. Дорваш сияқты ірі жазушылар жалғасады.

 

Мадьяр халқының мол әдебиеті, жалпы бай мәдениеті біз үшін жаңа ғана шеті көріне бастаған таусылмас қазына.

 

Мәдениет пен әдебиет қайраткерлері қашан да бір халық пен екінші халықтың сезімін ұштастырып, әуенін қосып, жүрегін жалғастырған. Біз бүгін еліміздің атынан: Қош келіпсіздер, достық жаршысы қадірлі достар! — деп құшақ жаямыз.

 

1969

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға