Қазақ совет әдебиетінің тұңғышы
Сонет халқы бүгін Сәкен Сейфуллиннің әдебиет қызметіне араласқанына жиырма жыл болғанын тойлап отыр. Өндірістерден, колхоздардан, мәдениет орындарынан жеке адамдардан алған хаттарға, телеграммаларға қарағанда, бұл тойды барлық, қазақ еңбекшілері, Қазақстандағы барлық ұсақ ұлттар еңбекшілері, көрші республикалардың еңбекшілері шын ықыласымен қуанып қарсы алғанын көреміз.
Бұл неліктен? Соған жауап берейік. Бір сезбен айтқанда, оның себебі: Сәкен Сейфуллин шын мәнінде қазақ совет әдебиетінің ағасы болып саналады. Бұл даусыз шындық.
Сәкеннің қазақ совет әдебиетіне қалай аға болғанын толығырақ түрде дәлелдеуден бұрын ескере кететін бір сөз, оның революциядан бұрынғы шығармалары туралы.
Өмір тарихына қарағанда, Сәкен 1913 жылдан бастап жазған. Оның алғашқы басылып шыққан еңбегі 1915 жылғы «Өткен күндер», «Өткен күндерде» басылған бірнеше өлең 1922 жылы басылатын «Асау тұлпарға» кірген. Сол өлеңдерге қарап, кейбір сыншылар Сәкенді ұлтшылдардың қатарына, асса алашордашылардың қатарына қосуға тырыспақ болады. «Қазақстанның XV жылдығы» деген жинақта «Қазақ әдебиеті» деген мақаланың авторы «Сәкен 1917 жылы төңкеріске қарсы алашордадан айырылды» дейді. Бұл сөзді біз түбірімен қате дейміз.
Революциядан бұрын саяси сезімі оянған азғана қазақ оқығандарының біразы ұлтшыл болды. Россия патшасының отаршылдық уысында тұншыққан қазақ елінің тағдырына саналымын деген оқығаннан қайғырмаған адам аз. Бірақ ұлтшылдықтың ұлтшылдығы бар. Байлар базардан үйреніп қайтатын бір ұлтшылдық бар. Үйткені, әр ұлттың, «жас байына» негізгі мәселе базар. Оның мақсаты басқа ұлттың байларымен базар таласында жеңіп шығып, өз товарын өткізу. Осыдан барып оның «өзінің туған» базарын жасау тілегі шығады.
Екінші жүйедегілер ұлтшылдар бұқара тілегіне жақындар, «қазағым», «елім» деген сөзді айтқанмен олар қазақтың өзін жіктеп, бай, кедейге айырады. Отаршыл Россия патшасының қазақ елін жаншуын айтуымен бірге, қазақтың өз байларының қазақ кедейіне істейтін қиянатын көрмей отыра алмайды. Сәкен төңкерістен бұрын ұлтшылдықтың осы жүйесіне еліктеген адам. Оған дәлел — «Бірлік». Бөкейхановтың кадеттік бағытын қолдаушылар — патша үкіметінің негізіне тимей, кейбір жетіспеген жерін жамайық деушілер. «Бірліктің» бұл бұтағы, 1917 жылы алашорда ұйымына айналып кеткен. Екіншісі, патша үкіметін құлатпай жақсылық жоқ деушілер, патша құлаған күнде орыстың еңбекші бұқарасының етегінен ұстаймыз дегенді айтушылар «Бірлікте» Сәкен екінші жүйеге жатқан. Бұл жүйе 1917 жылы большевиктердің артынан ерген. Сондықтан 1917 жылғы алашорда түгіл, одан бұрынғы ұлтшылдарға Сәкенді қосақтауға болмайды.
Ұлтшылдыққа еліктеген күннің өзінде де Сәкеннің бұқарашылдығы басым екендігіне, кедейді сүйетіндігіне, оның ауыр халін қайғыратындығына, байдың кедейге істейтін қиянатына қарсы екеніме «Тар жол, тайғақ кешудің» бас жағы куә. 1916 жылы қазақ еліне түскен ауыртпалықты айта кеп, Сәкен былай дейді: «Ел шабуылда. Ұлықтан ынсап кеткен. Кім ақшаны көп берсе, соның баласын қалдырады. Жұрт малдан шығып кеткен. Байға білінетін емес. Кедей сыпырылып жатыр. Осындай ауыр халге түскен елдің кедейі «Жалпақ теңіздей» қозғалды. Тұңғиық қара теңізге қара дауыл соқтықты. Теңіз шайқалып күңіренді». Осы толқыған теңіздің бетін онға бұруға Сәкеннің ниеті сол кезде кетеді. Бірақ санасы піспеген, саяси беті ашылмаған кез. Қалай бастауды білмейді.
Сәкеннің саяси бетін ашқан 1917 жылғы революция. Еңбек дүниесі мен қанаушы тап бетпе-бет кеп майдандасқан күндерде, барлық ұлттың байлары мен еңбекшілері екі жікке бөлініп, бірі мен бірі жауласқан күнде «ұлтшылмын» дейтіндердің бірсыпырасы көптің тілегіне ашады. Кімнің кімдік екендігі айқын көрінеді. Міне, осы қайшы кеп, қазақтың азшылығы — байларының сойылын соғып кетеді. Ұлтшылдардың бет пердесін революция кезінде Сәкен де бетін бүркемей, ашық, айқын пролетариат жағына шығады.
Сәкен «таза» ғана әдебиетшіл адам емес. Ол әлеуметшіл, саясатшыл адам. Октябрь революциясын ол жаудан қаламмен ғана қорғаған жоқ, найзамен де қорғады. Ол қазақ ауылында бірінші Советті құрды, бірінші партия ұясын, бірінші партизан боп жазылды, Совет үкіметін қорғау бірінші рет жаумен майдандасты, бірінші рет алашорда мен Колчак бандыларының айуандық азабын тартты, қалам мен найзаны жауға бірдей сілтеп, қан майданда жауды жеңісіп, еңбекші бұқараға мәңгілік бостандық әперушінің біреуі болды. Сәкенді бүгінгі күні еңбекші елдің ардақтайтын, сыйлайтын, әдебиетке істеген жиырма жылдық еңбегін тойлайтын себебі сол. Ол, аты ақын ғана емес, революционер, большевик ақын. Ол еңбекші бұқараның ақыны ғана емес, Октябрь майданында жауын жеңіскен батыры.
Сәкен азамат соғысында
Әрбір ұлтта еңбекші және еңбекті қанаушы екі тап болатынын, еңбекші бұқараның кеудесіндегі зары әлсіз түрде болса да әдебиетке түспей қоймайтынын, осыдан әдебиетте бұқарашылдық тегі болатынын марксизммен таныс кісілер жақсы біледі. Торайғыровқа дейін қазақта бұқарашыл әдебиет болған жоқ дейтін сыншылар бар. Егер ол пікірге қол қойсақ, қазақта Торайғыровқа дейін еңбекші бұқара жоқ деген пікірге қол қойған болар ек. Ондай пікірге марксизмді жақсы ұғатын адам, әрине, бара алмайды. Қазақ әдебиетінде бұқарашыл бағыт Сұлтанмахмұтқа дейін де болды. Ондай бағытты біз жазба әдебиет түгіл ауыз әдебиеттің өзінен де байқаймыз. Рас, Торайғыров «Кедей» деген поэмасында еңбекші бұқараның байлардан көретін қысымын бұрынғы ақындардан ашығырақ жазды. Ол қазақта кедей былай тұрсын, пролетариат табы барын айқын көрсетті. Бірақ онымен Торайғыров пролетариат ақыны, пролетариат идеологы бола алғам жоқ.
Пролетариаттың, кедейдің тұрмысының ауырлығын көрсетумен ғана пролетариат ақыны бола алмайды. Пролетариат ақыны болу үшін, пролетариатқа қиын хәлден қайткенде құтылудың жолын көрсету керек. Ол жол пролетариат диктатурасын орнату. Қанаушы таптың үстемдігін құлатпай, үкіметті колға алмай, пролетариат ешуақытта азат болмайды. Сұлтанмахмұт пролетариаттың ауыр халін көрсеткенмен, сол кездегі тұрмысты түбірімен өзгертуге аяқ баспаған ақын.
Қазақ әдебиетінде пролетариат үстемдігін бірінші рет жырлаған, бірінші рет капитал дүниесін тамырымен қопаруға шақырған ақын Сәкен. Сәкеннің қымбаттылығы, ардақтылығы осында. Еңбекші бұқараның оны сүйетін себебі осы. Ендеше Сәкенді қазақ совет әдебиетінің ағасы дейтін себебіміз осы.
Сәкен — пролетариат ақыны. Қазақтың пролетариат әдебиетінің бірінші кірпішін қалаған Сәкен. Оған ешкім таласа алмайды. Таласам дегенмен тарих таластырмайды. Сәкеннің осындай пролетариат ақыны болуының бір себебі ілгергі кезге жатады.
Алашордашылдардың қазақта тап жоқ деген пікірді айтқандағы бір «дәлелі»—«қазақта капиталист жоқ, сондықтан онда жұмыскер жоқ» деген сандырақ болатын. Революциядан әлденеше жыл бұрын қазақ даласына орнаған: Риддер, Екібастұз, Ақжал, Қоңырат, Спасскі, Қарсақпай, Ембі сықылды кәсіп орындарын, бір ұлттан жұмыскер табы құралу үшін, сол ұлттың өзінен капиталистер шығуының міндетті емес екенін олар көрсе де көрмейтін. Көргісі келмейтін. Бұл өндіріс орындарындағы қазақ жұмыскерлері революциядан бұрын таптық, мақсатын орыс пролетариатындай дәрежеге қоюға жеткен жоқ. Саяси санасы өскен жоқ. Бірақ одан, қазақ жұмыскерлері құлдық қамытын өгізше сүйрей берді деуге болмайды. Талай жерде қазақ жұмыскерлері стачкалар, ереуілдер жасаған. Солардың ішінде көзге ерекше көрінетін біреуі, 1905 жылы Успенскі заводында декабрьде болған ереуіл. Уақыт жағынан бұл ереуіл, Москва жұмыскерлерінің құралды көтерілісімен бір мезгілде келген. «Европаны шолған коммунизм сәулесі» (Маркс) қазақтың қиыр даласындағы заводқа да жарығын түсірген. Қазақ жұмыскерлері «Бүкіл жер жүзінің пролетариатқа, бірігіңдер!» деген ұранға үн қосты.
Міне, осындай тарихи маңызы зор оқиғаны завод мектебінде орысша оқып жүрген жас Сәкен көзімен көрген. Жұмыскердің ауыр тұрмысымен. Сәкен жас кезінде танысқан. Сол ауыр тұрмыстың құрсауынан шығам деп бұлқынған жұмыскерлердің қозғалысы болашақ пролетариат ақынына қатты әсер еткен. Мұны ол өз өмірбаянында айтады.
Бірақ сол күннен бастап пролетариат бағытымен жазуға Сәкенге басшы болмаған. Өзі бастауға жасы да, білімі де жетпеген. Завод мектебінен кеткесін ол ұлтшылдардың ортасына түсіп, солардың ықпалында революцияға дейін болып, революция тұсында шыныққан большевиктерге кездесіп, саяси бетін содан кейін айқындаған.
1929 жылғы болатын Крайкомның алтыншы пленумында Голощекин: «қазақ совет әдебиеті, меніңше, 25-жылдан басталды» деді. Әрине, ол кісі ол сөзді қазақ әдебиетін оқып барып айтып отырған жоқ, оған «солай» деп түсіндірушілер болған. Сын мәселесінде марксшіл мін дейтін кейбіреулер ол кезде тіпті Голощекиннен әрі кетіп «қазақтың пролетариат әдебиеті әлі жоқ, ол алдағы