Кедей таянышы қолғабыс комитеті
Қолғабыс комитеті құрылғалы көп болған жоқ, 4-ақ жыл. Ол осы күнгі мекемелердің көбінен жас. Жастығының үстіне жұмысының жаттығына қарап, әлі күнгі көзге түсерлік орын алған жоқ деуге келер еді, бірақ олай емес. Кеңестер Одағының көп жерінде қолғабыс комитетінің ілгері басып келе жатқандығын көреміз.
Мәселен, бір Мәскеудің губернесінде уездік бар, болыстық аудандығы бар — үш мыңнан аса комитет құрылып отыр. Әрине ол комитеттердің жұмыстары бәрі бірдей тақадай болып кетпесе де, өнегелі басшы болуға жарарлық үлгілі іс атқарғандары да көп. Қолғабыс комитетінің көздейтіні не, қолғабыс қылатыны кімдер екендігі талай сөйленіп келеді.
Біздің көздеген әлеуметшілік жолы енбекпен табылатын болса, енбексіз кісі ол қатарға енбек емес.
Науетектік пен еңбек қылмағанның жаны шықсын дер едік, еңбек қылуға шын шамасы келмейтіндерді қайтеміз. Жарым жандар мен қазаға, апатқа ұшырағандарға, ауру қолқанатсыздарға да жаны шықсын дейміз бе? Жоқ, оларға сенімді жәрдем, толық сүйемелеу керек. Оның иесі, әрине, қолғабыс комитеті.
Қолғабыс комитеті көрінбеген сордың алдын ала қам қылып, біреуі бір кемшілікке ұшырай қалғандары болса, үйіріліп тұра қалатын әкесі, еміреніп түсе қалатын енесі болу үшін кедей мен орташалардың басы аман, бауыры бүтін күндерінде өзара жинасқан қазынасы.
Мінеки осы қазына төрт жылдан бері ұғынған я ұғынбаған еліне басшы болып, ұғындырарлық еміне қарап әр жерде әр түрлі жүріп келеді. Қолғабыс комитеттерінде өз жұмысынан артық белсене кірісіп, егін салдырып, өндірме орындарын жалға алып, әртүрлі кәсіп істеп, әжептәуір қор жинап. көзге көрінерлік жәрдем тигізіп отырғандары да бар. Жұмысты гүлдендіріп, табыс табатұғын кәсіптің көзін іздеу түгіл, мезгілімен қолға түсе қалған корды ездері ішіп-жеп қойып жүрген комитеттер де бар. Талабы таудай болса да, жұмысты неден бастап, корды қалай жинақтаудың ретін таба алмай, бар білгені елден қайыр жинап жүрген комитеттер де бар. Қолғабыс комитеттерінің жұмыстары бүл сияқты бытыранды болмауы үшін олардың қызметтері белгілі бір бетке қойылуы керек.
Ондай бет істеліп жүрген жұмыстың тәжрибесінен тумақ. Бір елде бір комитет жұмысты көңілдегідей істеп шықса, оның жұмысы басқаларға үлгі болуға жарайды. Басқалардың жұмысы не себептен ақсап жүргендігі байқалады.
Сол сияқты жұмыстары өнбей жүрген комитеттер де хәлдерін халық алдына мезгілімен баяндап отырулары керек. Көп сыншы, болмаса біреу қисығын түзейді.
Ол үшін уездік, губерналық қолғабыс комитеттерінің жиылыстарындағы есепті баяндамаларынан көпшілік хабардар болып отырулары керек. Кім немен жақсы, не себепті жаман екендігі жұртқа белгілі болса, үлгі алуға сонда болады. Кедей байға жалынышты болмау үшін, шаруа жағынан оларға күні түспейтін болуы керек. Ондай болу үшін көмектесу, бірлесу керек. Оларды көмектестіретін, басын қосатын орын қолғабыс комитеті. Кедей адам боламын десе, қолғабыс комитетін күшейтсін. Олардың таянышы қолғабыс комитеті.