Жаңалықтар

Қазақ қалыптары

  «Заманына қарай амалы» деген қазақта мақал бар һәм «Ата - анаң бермеген тағылымды заманың берер» деген тағы бар. Адам заманның бұйыруынша ғұмыр кешірмек; қыс там үйге, жаз киіз үйге кірмекті жылдың жылы, суық мезгілі үйреткен. Адам баласы тіршілік ғұмыр кешіріп жүрген жер үстінің кәсіпке қолайлылығы әр түрлі: қай халық қай жерде ғұмыр кешірсе, сол жердің қолайына қарай кәсіп қып келген. Бір жер бар — жер тырнап еңбек саууға қолайлы; бір жер бар — мал саууға қолайлы. Еңбек сауған елді ғұмырдың жарлығы жамбасынан жатып, еріншектік әуейілігіне салынтпай қысқан соң, қайтсе кәсібі гүлденіп, еңбек жанарын іздеп, санап, болмыстық түрлі өнер шығарып кеткен. Біздің қазақтың өткен тарихының терең түбіне қарасақ, неше толқып, ақша жосып, онда-мұнда кетсе де, қайта айналып ұшқан ұясы Сарыарқаны таба берген. Бұл Сарыарқа еңбектің жері емес, мал кіндігі жер екенін жер сынаушылар айтып отыр, сондықтан біздің ата кәсібіміз — мал. Біздің ата-бабамыз малға жайлы ғана жағын қарастырып өткен. Ол заманда жер кең, шөп мол, қысылмаған соң, мал шаруасы жөнінде өнер шығара алмаған. Жұттан көшкен, жаудан қашқан; қысылайын десе басқа бір кен жерге көшіп жүре берген. Мал баққаннан басқа кәсібі — әлі жеткен біреуді шауып, талап алу болған һәм өзінің қорқатыны да шабынды болған. Бұрынғы бір байы өлген қатынның жоқтауы: «Ат үстінен ұйқы алған, аттанып барып жылқы алған». Мұндай сөз елді емірентерлік болған соң айтылады. Енді кәсібі мен қаупінің жөні әлгідей болған соң тууына жазғаны неше түрлі қылып айтылса да, бір ғана «Ала болмай, бір бол, берекелі бол» деген сөздер. Бұл «Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді», «Адасқан қазды топтанған қарға жейді», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың» деген мақалдардан көрінеді. Осы айтқандарынша бірлік қып, «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой» деп, бір тап елдің ақсақалдары жиылып, бір қолайлы жасына екі тізгін, бір шылбырды бердік деп бата қылған соң, қайтып оны сынау жоқ, сол елдің кіммен жат, кіммен жақын, кіммен ел, кіммен жау боларын, аяғы көші-қонына дейін сол білген. Сол берекелі елдің де, билеген бидің де көздеген мақсаты жалғыз-ақ — жауға, дауға алғызбау. Басқа көптің көгеріп, ғылым, өнер үйренуіне деген бір жабдыққа не бастаған ер, не қостаған ел естілмейді. Ең зор адамы екі түрлі: біреуі ту ұстап, тұлпар мінген; біреуі топтан торай бермейтін шешен, не қылса елінен ақы бермей құтқарған; бұлардан басқа ғалым еді, хакім еді деген сөз болмайды. Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, ілгері баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік. Әуелі, өзіміздің бағынған патшамыздың да жаулағаны бұрынғы тіршілігімізге қорған, елдігімізге ұйтқы боп келген бірлігіміз болды. Бұрынғылардың қауым елдің игілігі үшін өнер жолына іс қылу есіне келмесе де, қайғы-мұңы, тілеуі ортаң бір ел еді, жұрт еді. Орысқа қараған соң елдің жұрттың түгіл, Шортанбайдың «Елубасы, онбасы, Ол — шайтанның жолдасы. Шайдан басқа асы жоқ, Жақыннан басқа қасы жоқ, Ендігінің мырзасы» дегеніндей, үй ішінен жау тауып, бір туысқан кісі бірін - бірі билеп немесе адал тілеу тілеуден қалды — бұл һәммеге жарық. Менің бұларды жазбақтағы мақсатым — «бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді» деген мақалға қарай, бұрынғы өткендердің өткізген өкініші қайсы һәм көксерлік ісі қайсы екенін қарамақ. Енді біздің көксерлік ісіміз — тастаған сүйекке таласқан Мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттың сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алғанымыз. Бұл бірліктің қасиетін ойласаң, әуел Алла адам баласының аузына сөз сөйлерлік салахият бергенде, бірінің қолынан келместей жұмысты біріне айтып, күйттесіп істесін деп бергені көрінеді. Екінші, бес уақыт намаздың парызын біреу имам болып бастап, басқасы ұйып өткізуінде ақыл көзімен ойлап ғибраттанар адамға көп сыр бар: парызда — имамға ұю, екінші — тәртібін орындау һәм салақсымай ықтият болу. Адам жазулықты іс шығармақ болса, дүние ісінде осы үш қылық парыз. Бір білерлік адам бастаса, қалған ел қостаса, тәртіппен, ретімен орнына келтірсе, салақсымай ықтият болса, жақсы боп орнына келмек; осы үш мүшенің бірі жоғалса, һеш бір іс боп шықпайды. Ау, қазақтың баласы! Кеше ерік қолға тимей тұрғанда, жоқтың жомартсынғаны сықылды «Әттең, дүние-ай! Бас қосуға ерік тисе, басқаша қазына жиюға жол болса» деп, бармағын шайнап, халықтың көгермегіне қоң етінде мейірім жоқсып жүретінім қайда?! Ел есебінде бола алмай, езіліп қараңғы шұқырда қамалып, қас пен досты айыра алмай қалғаныңа жігерленіп, мына алдымыздағы земствоға елге пайдасы тиерлік білімді адамдарыңды кіргізіп, елге қайтсе ғылым сіңірерлік ел болуды ойлайсыңдар ма? Жоқ, әлде болса «Ой, тәңір-ай! һәркім өзінде барын теке қояды» деп, ешкің қысыр қалса да, бір-бір шартық лағыңды ала жүгіресіңдер ме? Екінші өкінерлік жұмыс — сол берекесі бұзылмай тұрғанда неге ғана ел боп, ұйым жасап, жастарын оқытуға қам қылмады деген. Бұл бұрынғыдан қапы қалған — ғылым-білім. Осы сөздер жалпы жұртқа, қой жүні қоңыр шекпенге бола айтылған сөз емес, атқа мінген көзі ашық адамдарға бола айтылған сөз, себебі ел екі түрлі — біреуі бастаушы, біреуі қостаушы. Барша ел аузымен жамандап жаттап отырып, бірақ жолына жанын пида қылатын аты шулы «партияны» шығаратын — сол басшылар; қосшылар амалсыз жылап еріп жүреді. Партия — ел ішінде осылай байланған бір сығыр. Егер сол басшылар халықтың өз пайдасына, яғни өз баласының оқуына бола қам қыла бастаса, әлгі ел қалайша тартынып қала алады. Басшылар партиядан жамандап жүріп қалмай жүргенін ерлігім деп ойлайды, анығы — ез, қайратсыздығы. Партияның жамандығын біле тұрып, адасқан беттен атының басын тартып ала алмаған өнерсіз ез емей немене? Партия — малға қас, арға қас, дінге қас, келесі күнге қас. Жә, дос жері қайсы?! Партиядан қалмайтын адамда екі түрлі ой бар: біреуі — «мен партиядан тоқтасам, досым қасыма қосылып, жалғыздық көрем бе» дегендік, бұл — қорқақтық. Дүниеде тәуекелсіз іс бола ма? Тәуекелсіздік қорқақтық емей немене? Аты қазақтың қастығы мен достығының өрісі мәлім емес пе? Ұзаса малыңды ұрламақ, жеріңді зорламақ. Біздің атамыз Құнанбай қажы айтқан екен: «Арымнан жаным садаға, жанымнан малым садаға» деп. Партия арға, иманға қас; «арым, иманым кетсе де, малым, жерім аман болсын» деген жігіттің аты кім? Екінші, «үй, мен қойғанмен ел қоя ма» деп, бүтін ел боп жарысқан балаша қол ұстасып, «ау» деген де болсын» деп жүр, бұл да қате. Ел деген бір жақта жатқан нәрсе емес, о да біз сықылды бір-бір адамнан құралған жандар. Әуелі бір адам өзінің түзелмегін шарт білу керек. Қай елде қандай жақсылық болса да, басында бір адамнан басталған. Ердің ері, адамның адамы — әдетін жеңіп, адасқан бетінен қайтуға қайрат ете алған адам. Ислам діні басында бір ғана пайғамбар ғалайһисаламнан басталып, Әбубәкір, Сыдықпен екеу боп, Ғалимен үшеу болып, жамандықты жеңіп тарағаны естеріңізде жоқ па? «Сарыарқа». 1917. 22 тамыз. № 10.
08.12.2012 06:09 4704

 

«Заманына қарай амалы» деген қазақта мақал бар һәм «Ата - анаң бермеген тағылымды заманың берер» деген тағы бар. Адам заманның бұйыруынша ғұмыр кешірмек; қыс там үйге, жаз киіз үйге кірмекті жылдың жылы, суық мезгілі үйреткен.

Адам баласы тіршілік ғұмыр кешіріп жүрген жер үстінің кәсіпке қолайлылығы әр түрлі: қай халық қай жерде ғұмыр кешірсе, сол жердің қолайына қарай кәсіп қып келген. Бір жер бар — жер тырнап еңбек саууға қолайлы; бір жер бар — мал саууға қолайлы. Еңбек сауған елді ғұмырдың жарлығы жамбасынан жатып, еріншектік әуейілігіне салынтпай қысқан соң, қайтсе кәсібі гүлденіп, еңбек жанарын іздеп, санап, болмыстық түрлі өнер шығарып кеткен.

Біздің қазақтың өткен тарихының терең түбіне қарасақ, неше толқып, ақша жосып, онда-мұнда кетсе де, қайта айналып ұшқан ұясы Сарыарқаны таба берген. Бұл Сарыарқа еңбектің жері емес, мал кіндігі жер екенін жер сынаушылар айтып отыр, сондықтан біздің ата кәсібіміз — мал. Біздің ата-бабамыз малға жайлы ғана жағын қарастырып өткен. Ол заманда жер кең, шөп мол, қысылмаған соң, мал шаруасы жөнінде өнер шығара алмаған.

Жұттан көшкен, жаудан қашқан; қысылайын десе басқа бір кен жерге көшіп жүре берген.

Мал баққаннан басқа кәсібі — әлі жеткен біреуді шауып, талап алу болған һәм өзінің қорқатыны да шабынды болған. Бұрынғы бір байы өлген қатынның жоқтауы: «Ат үстінен ұйқы алған, аттанып барып жылқы алған». Мұндай сөз елді емірентерлік болған соң айтылады. Енді кәсібі мен қаупінің жөні әлгідей болған соң тууына жазғаны неше түрлі қылып айтылса да, бір ғана «Ала болмай, бір бол, берекелі бол» деген сөздер. Бұл «Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді», «Адасқан қазды топтанған қарға жейді», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың» деген мақалдардан көрінеді.

Осы айтқандарынша бірлік қып, «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой» деп, бір тап елдің ақсақалдары жиылып, бір қолайлы жасына екі тізгін, бір шылбырды бердік деп бата қылған соң, қайтып оны сынау жоқ, сол елдің кіммен жат, кіммен жақын, кіммен ел, кіммен жау боларын, аяғы көші-қонына дейін сол білген. Сол берекелі елдің де, билеген бидің де көздеген мақсаты жалғыз-ақ — жауға, дауға алғызбау. Басқа көптің көгеріп, ғылым, өнер үйренуіне деген бір жабдыққа не бастаған ер, не қостаған ел естілмейді.

Ең зор адамы екі түрлі: біреуі ту ұстап, тұлпар мінген; біреуі топтан торай бермейтін шешен, не қылса елінен ақы бермей құтқарған; бұлардан басқа ғалым еді, хакім еді деген сөз болмайды.

Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, ілгері баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік.

Әуелі, өзіміздің бағынған патшамыздың да жаулағаны бұрынғы тіршілігімізге қорған, елдігімізге ұйтқы боп келген бірлігіміз болды. Бұрынғылардың қауым елдің игілігі үшін өнер жолына іс қылу есіне келмесе де, қайғы-мұңы, тілеуі ортаң бір ел еді, жұрт еді. Орысқа қараған соң елдің жұрттың түгіл, Шортанбайдың «Елубасы, онбасы, Ол — шайтанның жолдасы. Шайдан басқа асы жоқ, Жақыннан басқа қасы жоқ, Ендігінің мырзасы» дегеніндей, үй ішінен жау тауып, бір туысқан кісі бірін - бірі билеп немесе адал тілеу тілеуден қалды — бұл һәммеге жарық.

Менің бұларды жазбақтағы мақсатым — «бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді» деген мақалға қарай, бұрынғы өткендердің өткізген өкініші қайсы һәм көксерлік ісі қайсы екенін қарамақ. Енді біздің көксерлік ісіміз — тастаған сүйекке таласқан Мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттың сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алғанымыз. Бұл бірліктің қасиетін ойласаң, әуел Алла адам баласының аузына сөз сөйлерлік салахият бергенде, бірінің қолынан келместей жұмысты біріне айтып, күйттесіп істесін деп бергені көрінеді. Екінші, бес уақыт намаздың парызын біреу имам болып бастап, басқасы ұйып өткізуінде ақыл көзімен ойлап ғибраттанар адамға көп сыр бар: парызда — имамға ұю, екінші — тәртібін орындау һәм салақсымай ықтият болу.

Адам жазулықты іс шығармақ болса, дүние ісінде осы үш қылық парыз.

Бір білерлік адам бастаса, қалған ел қостаса, тәртіппен, ретімен орнына келтірсе, салақсымай ықтият болса, жақсы боп орнына келмек; осы үш мүшенің бірі жоғалса, һеш бір іс боп шықпайды.

Ау, қазақтың баласы! Кеше ерік қолға тимей тұрғанда, жоқтың жомартсынғаны сықылды «Әттең, дүние-ай! Бас қосуға ерік тисе, басқаша қазына жиюға жол болса» деп, бармағын шайнап, халықтың көгермегіне қоң етінде мейірім жоқсып жүретінім қайда?! Ел есебінде бола алмай, езіліп қараңғы шұқырда қамалып, қас пен досты айыра алмай қалғаныңа жігерленіп, мына алдымыздағы земствоға елге пайдасы тиерлік білімді адамдарыңды кіргізіп, елге қайтсе ғылым сіңірерлік ел болуды ойлайсыңдар ма? Жоқ, әлде болса «Ой, тәңір-ай! һәркім өзінде барын теке қояды» деп, ешкің қысыр қалса да, бір-бір шартық лағыңды ала жүгіресіңдер ме? Екінші өкінерлік жұмыс — сол берекесі бұзылмай тұрғанда неге ғана ел боп, ұйым жасап, жастарын оқытуға қам қылмады деген. Бұл бұрынғыдан қапы қалған — ғылым-білім. Осы сөздер жалпы жұртқа, қой жүні қоңыр шекпенге бола айтылған сөз емес, атқа мінген көзі ашық адамдарға бола айтылған сөз, себебі ел екі түрлі — біреуі бастаушы, біреуі қостаушы.

Барша ел аузымен жамандап жаттап отырып, бірақ жолына жанын пида қылатын аты шулы «партияны» шығаратын — сол басшылар; қосшылар амалсыз жылап еріп жүреді. Партия — ел ішінде осылай байланған бір сығыр. Егер сол басшылар халықтың өз пайдасына, яғни өз баласының оқуына бола қам қыла бастаса, әлгі ел қалайша тартынып қала алады.

Басшылар партиядан жамандап жүріп қалмай жүргенін ерлігім деп ойлайды, анығы — ез, қайратсыздығы. Партияның жамандығын біле тұрып, адасқан беттен атының басын тартып ала алмаған өнерсіз ез емей немене?

Партия — малға қас, арға қас, дінге қас, келесі күнге қас. Жә, дос жері қайсы?!

Партиядан қалмайтын адамда екі түрлі ой бар: біреуі — «мен партиядан тоқтасам, досым қасыма қосылып, жалғыздық көрем бе» дегендік, бұл — қорқақтық. Дүниеде тәуекелсіз іс бола ма? Тәуекелсіздік қорқақтық емей немене? Аты қазақтың қастығы мен достығының өрісі мәлім емес пе? Ұзаса малыңды ұрламақ, жеріңді зорламақ. Біздің атамыз Құнанбай қажы айтқан екен: «Арымнан жаным садаға, жанымнан малым садаға» деп. Партия арға, иманға қас; «арым, иманым кетсе де, малым, жерім аман болсын» деген жігіттің аты кім?

Екінші, «үй, мен қойғанмен ел қоя ма» деп, бүтін ел боп жарысқан балаша қол ұстасып, «ау» деген де болсын» деп жүр, бұл да қате. Ел деген бір жақта жатқан нәрсе емес, о да біз сықылды бір-бір адамнан құралған жандар. Әуелі бір адам өзінің түзелмегін шарт білу керек. Қай елде қандай жақсылық болса да, басында бір адамнан басталған. Ердің ері, адамның адамы — әдетін жеңіп, адасқан бетінен қайтуға қайрат ете алған адам. Ислам діні басында бір ғана пайғамбар ғалайһисаламнан басталып, Әбубәкір, Сыдықпен екеу боп, Ғалимен үшеу болып, жамандықты жеңіп тарағаны естеріңізде жоқ па?

«Сарыарқа». 1917. 22 тамыз. № 10.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға