Жаңалықтар

Жамбыл жайында есте қалғандарым

  Жамбыл жайында есте қалғандарым   Көрнекті қазақ совет ақыны Тайыр Жароковтың бұл естелігі Қазақ ССР Ғылым академиясының 1956 жылы орыс тілінде бастырып шығарған «Творчество Джамбула» («Жамбыл творчествосы») деген жинақта жарық көрген болатын.   Естелік Жамбылдың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, 30 март, 1972 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақындар атасы» деген атпен жарияланды.   I   1928 жылы август айы. Жадыраған жаздың жайлы күні еді. Алматыға оқуға келе жатқан бетіміз. Ол кезде Түркісиб әлі салынбаған. Фрунзеден Алматыға жету үшін Луговойға соғып, шиқылдаған арбамен әбден зерігіп, шаршап келеміз. Әйтеуір Қордайдан асып Қастекке құладық-ау! Қара Қастекке төртінші қоналқада әрең жетік. Әбден шаршап-шалдығыппыз. Дем алуға келістік. Біз арбаның көлеңкесіне жатып тынығып, түскі ас іштік. Серігіп көңілденіп қалдық. Жолдың екінші жағындағы ағаштарға, егіндіктерге, тау бөктеріне сүйсіне қарап әңгіме шертеміз. Алыстан қарлы шыңдар көз тартады.   Кенет ауыл жақтан шырқалған ән, күмбірлеген күй естілді. Жолдастарым да, мен де елеңдесіп, киіз үйге қарай тура жөнелдік. Әнге бола ел жиылып қалған екен, киіз үйге біз де кіріп келдік. Торғын кілем үстінде домбыра ұстаған алты-жеті ақын қатар отыр. Бәрі де егде кісілер көрінеді. Олар кезектесіп домбыра тартып, ән салады. Сығылысып тұрған біздер ақындарға ынтыға қараймыз.   «Ағайындар, мына кісілер біздің Жетісудың ақындары» деп таныстырды тыңдаушылардың бірі. Үй иесі бізге ықыласпен орын көрсетті. Біз отырдық. Сол кезде қарттың бірі домбыраны қолға алып, шертіп-шертіп жіберді де, өзінің өлеңін ағыза жөнелді. Ол өте қуақы, қағылез қарт еді. Орта бойлы, кең иықты, жарқылдаған ақ көңіл жан тыңдаушыларды бірден өзіне ынтықтырып әкетті. Шап-шағын киіз үйде шаттық күлкі тасқан еді. Жұрт серпіле түсті.   Ал ол басындағы барқыт тақиясын шекесіне қарай қозғап қойып, тамаша өлең жолдарын тыңнан туғызып, тыңдаушысын мәз етіп отырды.   «Көп жаса, Жамбыл!» – «тағы, Жәке, тағы!» – деп айғайлайды көпшілік, алғысы мен тілегін қоса жаудырып.   Бұл менің Жамбылмен алғашқы кездесуім болатын. Ол кезде мен даңқты ақынның ең жақын, әрі айрылмас серіктерінің бірі болармын деп ойлағаным да жоқ еді.   Жамбыл не туралы жырлап еді? Ол Октябрь күні туғызған қазақ халқының бақытты өмірі туралы жырлаған болатын. Өлеңнің сөздерін еске сақтай алмағаным қандай өкінішті! Тек қана ойымда сол өлеңнің жалпы желісі, мазмұны ғана қалыпты.   Жамбыл өлеңді көп айтты. Оның тамаша сөздеріне еліккен жұрт ақынмен бірге шаттанып, бірге қуанысып отырды.   2   1937 жылдың күзінде біз Москваға бара жаттық. Жәкең поездің үстінде, доңғалақтың бір қалыпты тықылдағын тыңдай отырып, әңгімесін жол-жөнекей шерте берді: «Мен 1846 жылы Шу өзенінің маңындағы Жамбыл деген таудың етегінде қарлы қыста, қақаған аязда туыппын. Төбесінде жамбы тектес тасы болғандықтан тау аты Жамбы аталып кеткен екен. Ол Жамбы ертеде аса қадірлі қонаққа сыйға тартылыпты. Немесе жарыста озып келген аттың бәйгесіне тігіпті, әлде жеңген палуан алыпты, немесе айтыста озған ақынға беріліпті деген аңыздар бар. Әйтеуір ата-анам сол таудың атымен мені Жамбыл атап кетіпті».   Одан соң ақын өзінін молдадан қалай оқығанын еске түсірді: «Шынымды айтсам, мен оның не айтып отырғанын түсінбеуші едім. Ол әсіресе араб әрпін түсіндіруге жоқ еді. Қалай оқиын одан, – деп сөзін жалғастырды Жамбыл, – жас шағымда оқығым келмеген, қайтейін, қашып кеттім!»   Бұл әңгіме Жамбылдың барлық өмірбаянына кіріп жүр. Ақын өзінің жас шағында шығарған «Шағым» атты өлеңінде молданың қаталдығын, оған зығырданы қайнап, өзінің оқудан кетіп қалғанын көз алдына келтіре өлеңге қосты.   Жамбыл жас кезінде айтқан өлеңдерін де ауық-ауық еске алып қайталайтын. Сондай ескі өлеңдерінің ішінде де сүйіп айтатын туындылары бар еді. Мысалы, Жәкеңнің Айкүміс сұлумен кездесуіндегі айтысы осындай тамаша шығармаларының бірі еді. Жамбыл өзінің айтыстарын қайта еске түсіріп, кейде қой соңында қоңырлатып айтып жүретін, кейде жиын кештерде, алқалы тойларда орындайтын.   Жамбыл бастан кешкен оқиғаларды да жиі-жиі еске алып отыратын. Ақындармен кездесулерін, алған соны әсерлерін айтқанда сергіп қалатын. Жәкен 1940 жылы апрельде Москвада өткен Совет Жазушылар Одағы басқармасының пленумына қатысты. Қадірлі қарт «Москва» қонақ үйіне орналастырылған еді. Оған жазушылар, қоғам қайраткерлері, жұмысшылар, одақтас республикалардың комитетінің өкілдері келіп кетіп жатты. Бір күні қонақтармен сөйлесіп отырғанда Жамбыл өткен күндерім, Октябрьге дейінгі өмірін өкінішпен еске алды. Ақынның қолында домбырасы отырған. Әңгіменің аяғы өлеңге кеп сайды. Ол жастық, балалық шағын бұрын өлеңмен жырламайтын. Домбырасын қағып-қағып жіберіп «Шағымнан» мүлде басқа, жаңаша, өткен күндер туралы тың жырын төгіп-төгіп жіберді.   Жамбыл естеліктері өзінің жаңалығымен, өткірлігімен құнды. Оның өлең туындылары, әр жерде суырып салып айтқан жырлары да өте бағалы. Хат танымайтын, бірақ оқығанынан тоқығаны көп, тәжірибесі мол, ақылды қарт ақын Жамбыл көпті білетін. Біздің елімізде, шет елдерде не болып жатқанына құлағын тігіп естіп отыратын. Өз заманының, уақыттың дүрмегінен қалмайтын.   3   Жамбыл өзінің жырларын қалай шығарған? Бұл мәселеге жауап беру, атап айтқанда, өлеңді, жырды суырып салып айту процесін, өлеңнің ойдан туып жариялануына дейінгі жолын қамтиды. Жамбыл оқырмандарды, қолына қалам алмаған ақынның өлең өнерін қалай меңгеріп, қалай туғызғанын білгісі келеді.   Ол былай. Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Кейде жазып үлгіре алмағанды жаратпай да қалатын. Ол жазып алғаныңды оқуды өтінеді, тіпті талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақпайды. Ол келіспеген жолдарды қайта айтып кетеді. Артынан жөнделген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады. Егер кемшілігін айта қоймасаң, ойлы қалыппен бетіңе қарап аз отырып, сұраулы көзқараспен «маған сене берме, ұялма, былай емес олай деп айт. Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдемесі келіспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл – жаман ақын» деп ертең халық айтады. Ал қандай қартқа жалған сөз жараспайды. Өлең өтірікті жаратпайды. Бұл ақынға оңай соқпағанымен, менің халқым өлеңшіл, жыршыл халық болғандықтан өзім де өлең айтып жыр шығаруға әуестендім. Ал елеңді жаман шығарсаң – оныңды халық кешпейді, – бәрін өзіңнен көре бер!.. – дейтін.   Жамбыл жиі-жиі әңгіме шертеді. Ол маған Кавказға барған сапары жайлы айтады. Біз Шота Руставелидің 800 жылдығын тойлау үшін Тбилисиге бардық. Вагон ішінің қапырығы Жәкеңді шаршатты. Ол күйсіз, өлеңсіз зерігіп кететін еді. Тіпті кейде өзі домбырасының қос шегін қағып-қағып жіберетін. Бізбен бірге келе жатқан Кенен Әзірбаевтан өлең айтуды қолқалайды. Кейде маған Грузия туралы сөйле, өлең оқы дейді. Біз оның талабын екі етпей орындаймыз. Ән өлеңге, өлең ән мен күйге ауысады. Ақынды вагонда нағыз творчестволық өмірге бөлеп бардық. Бұл оның ақындық шабытын қозғап, ой туғызды, сезіміне әсер етті, образ жасап, жыр шығаруына себін тигізді. Қарттың салалы саусақтары домбыра шегін бойлап, билей жөнелді. Ол жырлады. Мен жазуға отырдым. Жайшылықтағыдай жазбаны бірнеше рет оқуға тура келді. Жамбыл түзетуді талап етті. Ақырында ол қанағаттанды да өлең «Кавказға сәлем» аталсын деді. Сапарлас Павел Кузнецов оны орыс тіліне аударды.   Біз Тбилисиге келгеннің ертеңінде-ақ өлең бірнеше газеттің бетіне әр тілде жарияланды. Жамбылдың суырып салып айтуы үшін, жаңа өлең туғызуы үшін творчестволық көтерме керек еді. Демеусіз ол жырламайтын. Оның көптеген өлеңдері осылай туған. Ақынның ойын қозғап, шабытын шақыру ұзақ толғатуды қажет ететін. Мұндай өлеңдері Бүкіл одақтық маңыз алатын. «Жақсы өлең бірден туа салмайды», – дейтін Жәкең.   «Кавказға сәлем» атты өлеңін Отан мақтанышы үстінде, көңіл көкжиегін ашқан кеңістік жағдайында, қуаныш тасқынында қайта жырлады.   Біздің елімізде сөз өнері – өлең қалай бағалатындығын көріп, біліп, сезіп отырмыз. Жамбыл жазушылармен, халық композиторларымен, ақындармен кездесудің жолын қарастырды. Мұндай кездесулер кезінде халық творчествосы және әдебиеті, көрнекті ақындар, музыканттар, аты біздің еліміздің халықтарының мақтанышына айналған адамдар туралы кеңесуге болады. Ақынның Пушкин мен Абай туралы, Горький мен Шевченко туралы шығармалары осындай кеңестер нәтижесінде туған. Атап айтқанда, мысалы Пушкин туралы өлең туардағы біздің Жамбылмен кездесуіміз менің көз алдымда әлі тұр.   Бұл 1937 жылы болған еді. Еліміз Пушкиннің қайтыс болуының 100 жылдығын атап өтпек. Москвада, Жазушылар Одағы Жамбылдың Пушкин туралы өлеңін күтті. Қалай болар? Қартқа бұл туралы тікелей емеурін білдіру керек пе? Тақырыпты меңгерсе жақсы, жырлай алмаса ше, қалайда оған тақырыпты ептеп сездіріп дем беру керек. Маған Пушкинге қоса Абайды айта келіп, алдымен Абайдың «Евгений Онегинді» аударғанын еске салайын деген ой келе қалды. Сөйттім.   Жамбыл бірден:   – Я, Абай шын мәнісіндегі талантты ақын ғой, мен оны текке мақтаныш етпеймін, – деді.   – Сіз білесіз бе, Жәке? Ол Пушкинді аударған ғой, – дедім.   – Қалай, қайтып аударған? Әңгіменің тақырыбы бірте-бірте басқа бағытқа көшті. Біз Пушкин туралы айта бастадық. Мен оған ақынның өмірі туралы әңгімеледім. Жамбыл: Пушкин біздің қазақтың батырлық жырларын білген бе? – деп сұрады. Сөйтіп мен оған Пушкиннің Орынбор қаласына келген сапарын айтып бердім.   Біз «Руслан мен Людмила» туралы да кеп әңгіме қозғадық. Сонымен қатар Пушкин халық творчествосына қалай қарағанын сөз еттік. «Руслан мен Людмиладан» үзінді де оқылды. Жамбыл аса зер салып ынталана тыңдап отырды. Өзіне ұнаған жерлерін қайта оқытып, естіді.   Әңгіменің соны Пушкиннің жер аударылып Кавказға барғанына көшті. Оның қазақшаға аударылған «Еркіндік», «Сібірге хат» атты өлеңдері және «Кавказ тұтқынынан» үзінділер оқып бердім. «Цыгандар» туралы да айтылды. Жамбылға жайылып жүрген жылқылар, цыгандардың жыртық шатырлары, тау мекендеген қарттар, Кавказ табиғатының суреттері жақын тартқан тәрізді.   Әңгіме бірнеше сағатқа созылды. Біз біраз үнсіздіктен кейін Жамбылға ашыла бастадық. «Жақында Москвада Пушкинге арнаған мерекелі жиналыс болады. Жәке, біз қазақ ақындары, жазушылар Пушкинге өзіміздің құрметімізді ала барамыз. Сіз қалай қарайсыз, ақсақал, Москваға алдын ала өлең жіберу керек, олар күтіп отыр ғой» – дедім.   Жамбыл қанаттанып, қомданып, енді Пушкин жайлы сөзді өзі ағыта бастады. Біз сөз еткен мәселелерге өз үнін қоса келіп: «Мен енді оны білемін, оған арнап өлең шығаруым керек», – деді сөзінің соңында.   Мен қарттың мұнысына қатты қуанып қалдым. «Өте жақсы, Жәке! Көріп отырсыз ғой, сіздің өлеңіңіз аса қажет, әрі сіздей жұрт таныған ақынның Пушкинді жырлауы лазым», – дедім. Жамбыл өлең жайында уәдесін берді, мен бірнеше күннен кейін келмек болып аттанып кеттім.   Тағы да Жамбылға келдім. Өлең әлі дайын емес екен, – «ойланып отырмын» деді ақын. Тек ертеңінде ғана ол өлең айтуға ыңғайлана бастады. Жамбыл домбыраның құлағын күйге келтіріп көп отырды. Кейде күбірлейді, кейде үнсіз толғанады, қайта бастайды. Сөйтіп өлеңді ақыры жырлады.   Мен ақынға өлеңді аздап өзгертіп, жақсартып қайта жырлап көріңіз деп жайлап өтініш жасадым. Өз сөзімен кейбір ойларымды жеткіздім. Жамбыл қайта жырлады. Домбырасын қолдан түсірмей, жаңа түзетулер мен қосымшалар енгізе отырып өзінше өлеңін әбден пісіре жырлады. Жыр дайын болды. Ақыры оны Москваға жолдауды жөн көрді.   Тақырып қалай меңгерілетінін, материал қалай қорытылатынын, халықтың ақындық дәстүрімен әдебиеттің қалай байитындығын, суырып салма ақын өзінің жырын қалай туғызатынын біз осыдан көреміз. Ақын советтік жаңа адамның социалистік қоғам орнатушының бұрынғы ұрпақ жасаған істің алдыңғы қатарлы мұрагерлерінің ой-сезімі мен өкінішін өнерде дұрыс көрсете білді.   Бізбен, жазушылармен Жамбылдың ұзақ әңгімелері нәтижесінде замандастар туралы көптеген қызықты жырлар туды. Мысалы, «Ленинградтық өрендерім» атты жырдың қалай шығарылғанын айтайын:   1942 жылдың қаһарлы қысында Жамбылдың үйіне ақын Тарловскийді ертіп бардым. Күн батып, қас қарайған шақ еді. Ленинградтың қоршауда қалғаны жайындағы хабарды естіп, Жәкеңнің қатты қобалжығанын аңғардым. Оның үстіне Сталинград түбінде шайқасқа қатысып жүрген ұлы Алғадайдан хат-хабар келмей, қайғырып отырған кезі екен.   Жамбыл жырлай алар ма екен? Жырлағысы келер ме екен? – деген күдік мені де, серігімді де қатты мазалады.   Хал-жай сұрасқан соң шай іше отырып, соғыс жайлы сөз қозғадық. Ол бұл жолы біздің әңгімемізді онша қостай қойған жоқ. Тіпті ыңғайсыз болды, неге келдік екен деп те ойладық.   Жамбыл үнемі ерте тұратын. Таң жаңа ағараңдап атып келе жатқанда ақын екеуміз ауыл шетіне серуенге шықтық. Біз күннің ұясынан шыққанын үнсіз қызықтап қарап тұрмыз. Жарқыраған күн шұғыласы қарлы шыңдарды сүйіп, тау бөктеріне жайылып барады. Соғыс жайлы сөз қозғалды. Мен Жамбылға қысқаша ғана соңғы мәліметтердің жай-жапсарын тегіс айттым. Бұлталақсыз сөзді Жәкеңнің жаны жарататын. Оның нені білгісі келгені, ауыр болса да ащы сезілсе де естігенін, көз алдына келтіргісі келгенін біліп тұрмын. Ақырда біз Алғадайды еске алдық. Жамбыл өзін тоқтата алмай кетті, фашистер нақ қасымызда тұрғандай-ақ тістене ашуланып, қатты қаһарланып лағнет айтты. Сабырға шақырдым. Ойым тек ақынның творчестволық ой-қиялын шабыттандыру. Мен сұм соғыстың алыс тылдағы бізге де дүмпуі жеткенін айта бастадым. «Енді біз бұрынғы бейбітшілік жағдайдағыдай өмір сүрмейміз. Соғысты құрытпай тыныштық жоқ. Жәке, әлі-ақ атақты күрең жорғаң бәйгіден аман келер» – дедім. Сөйтіп көкейдегі негізгі тақырыпқа, қоршаудағы Ленинград жайына ауыстым.   «Жәке, – дедім сөз бастап, – Ленинградта «Аврора» атты кеме бар. Ұлы Октябрь революциясы басталғанда сол кемедегі зеңбірек гүрсілі дүниеге түңғыш рет естілген. Одан соң Ленинградтықтарға қандай қиындық төніп отырғанын айттым. «Олар – сіздің балаңыз, Жәке, олар сіздің үйіңізді, сүйемеліңізді күтіп отыр. Мен өзім до өлең шығарар едім, бәрібір ештеңе өнбейді» – дедім Жамбылға сөзімді қорытып.   Ол үндемеді. Үнсіз терең ойға батқандай, басын көтерді, біз бір-бірімізге қарастық, үйге қарай бет алдық. Үйге кіре Жәкең дем алып ұйықтап кетті. Бір сағаттай мызғыған соң оянды. Келіні шай әзірледі. Мен басқа бөлмеден қартқа сездірмей қарап, бақылап отырмын. Жырлар ма екен? Сол шақта Жамбылдың жырлар-жырламасын айту қиын еді. Шай іше отырып, ол менен бұл өлеңді Павел Кузнецов аударар ма екен? Айтпақшы ол қай майданда еді? – деп сұрады... Сонда ғана үміттің оты жылт еткендей болды. Қажет болса оның орнына Тарловский бар ғой дедім мен. Біз келгендегі мақсатымызды қартқа әлі ашық айтқан жоқ едік. Егер Жамбыл тартынатын болса, онда біз мұнда несіне келдік.   Шай іштік. Ленинград жайында тағы да сөз қозғадым. Өзім болған, оқыған сол қаладағы жылдарды жадыма түсіріп, әңгімелеп бердім. Қолыма домбыра алдым. Ленинград туралы, оның сұлулығы жайында, революциядағы оның рөлі хақында, қорғаныс кезінде де жасап отырған ерлігі мен табандылығы туралы жырлауға құлшынғандаймын. «Я, сен қаланы білесің, сонда тұрдың ғой?» – деді Жамбыл маған қарап. Шабыттанған Жамбылдың жырлағысы келіп отырғанын сезе қойдым да домбырасын ұстата бердім. Жыр туа жөнелді... Қарындаш пен қағаз алып жазуға дайындалдым. Жазып жатырмын. Жамбыл жайшылықтағыдай жазғанымды қайта оқытты. «Ондай емес», деп қайта жырлап толықтырып түзетті. Сөйтіп біз сәскеден кешке дейін жұмыс істедік. Жамбыл өзінің өлеңіне разы болды. Қалып бара жатқан ойларды өлеңіне қайта қосты. Сонда ғана мен неге келгеніміз жайында айтуға бекіндім. Москвадан телеграмма алғанымызды, онда Ленинград жайында жазылған Жәкеңнің жаңа өлеңін жіберу керектігі айтылғанын түсіндірдік.   Әрине, Жәкең бұған қарсы болған жоқ, тіпті бұл өтінішке қатты қуанды, әрі мақтаныш етті. Сайып келгенде ақынның өлең шығаруына, жырлауына уақыт қажет екен, дем беріп шабыттандыруды тілейді екен, азды-көпті әзірлік керек болатын көрінеді. Біз телеграмма жаза бастадық. Кім біледі оларды қуанышқа бөлей алар ма, жоқ па? Я, бәрі де ойдағыдай болды.   Өлеңді Тарловский аударды. Ертеңінде ертемен «Ленинградтық өрендерім» Москваға жіберілді.   Қарт ақынның аталы сөзін, өсиетін – Ленинградты қорғаушыларға деген үндеу текті өлеңін газеттер мен радио біздің кең-байтақ ұлы Отанымыздың түкпір-түкпіріне таратып әкетті. Ленинградтықтар да түгел естіп тыңдады. Соңынан плакаттарға басып, қаланың қабырғаларына ілінгенін білдік. Майдан газеттеріне басылды. Қорғаушылар жанында сақтап оқыды. Жамбыл ақынның жалынды сөзі біздің Отанымыздың халықтарының күшіне, жеңісіне деген сенімді, тамаша табандылықты олардың жүрегіне құя білді.   Суырып салма ақынның бейбітшілік және соғыс жайындағы шабытты өлеңдері, міне, осылай туған еді.   Орысшадан аударған Елубек Байтоқов.  
08.12.2012 06:00 4218

 

Жамбыл жайында есте қалғандарым
 
Көрнекті қазақ совет ақыны Тайыр Жароковтың бұл естелігі Қазақ ССР Ғылым академиясының 1956 жылы орыс тілінде бастырып шығарған «Творчество Джамбула» («Жамбыл творчествосы») деген жинақта жарық көрген болатын.
 
Естелік Жамбылдың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып, 30 март, 1972 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақындар атасы» деген атпен жарияланды.
 
I
 
1928 жылы август айы. Жадыраған жаздың жайлы күні еді. Алматыға оқуға келе жатқан бетіміз. Ол кезде Түркісиб әлі салынбаған. Фрунзеден Алматыға жету үшін Луговойға соғып, шиқылдаған арбамен әбден зерігіп, шаршап келеміз. Әйтеуір Қордайдан асып Қастекке құладық-ау! Қара Қастекке төртінші қоналқада әрең жетік. Әбден шаршап-шалдығыппыз. Дем алуға келістік. Біз арбаның көлеңкесіне жатып тынығып, түскі ас іштік. Серігіп көңілденіп қалдық. Жолдың екінші жағындағы ағаштарға, егіндіктерге, тау бөктеріне сүйсіне қарап әңгіме шертеміз. Алыстан қарлы шыңдар көз тартады.
 
Кенет ауыл жақтан шырқалған ән, күмбірлеген күй естілді. Жолдастарым да, мен де елеңдесіп, киіз үйге қарай тура жөнелдік. Әнге бола ел жиылып қалған екен, киіз үйге біз де кіріп келдік. Торғын кілем үстінде домбыра ұстаған алты-жеті ақын қатар отыр. Бәрі де егде кісілер көрінеді. Олар кезектесіп домбыра тартып, ән салады. Сығылысып тұрған біздер ақындарға ынтыға қараймыз.
 
«Ағайындар, мына кісілер біздің Жетісудың ақындары» деп таныстырды тыңдаушылардың бірі. Үй иесі бізге ықыласпен орын көрсетті. Біз отырдық. Сол кезде қарттың бірі домбыраны қолға алып, шертіп-шертіп жіберді де, өзінің өлеңін ағыза жөнелді. Ол өте қуақы, қағылез қарт еді. Орта бойлы, кең иықты, жарқылдаған ақ көңіл жан тыңдаушыларды бірден өзіне ынтықтырып әкетті. Шап-шағын киіз үйде шаттық күлкі тасқан еді. Жұрт серпіле түсті.
 
Ал ол басындағы барқыт тақиясын шекесіне қарай қозғап қойып, тамаша өлең жолдарын тыңнан туғызып, тыңдаушысын мәз етіп отырды.
 
«Көп жаса, Жамбыл!» – «тағы, Жәке, тағы!» – деп айғайлайды көпшілік, алғысы мен тілегін қоса жаудырып.
 
Бұл менің Жамбылмен алғашқы кездесуім болатын. Ол кезде мен даңқты ақынның ең жақын, әрі айрылмас серіктерінің бірі болармын деп ойлағаным да жоқ еді.
 
Жамбыл не туралы жырлап еді? Ол Октябрь күні туғызған қазақ халқының бақытты өмірі туралы жырлаған болатын. Өлеңнің сөздерін еске сақтай алмағаным қандай өкінішті! Тек қана ойымда сол өлеңнің жалпы желісі, мазмұны ғана қалыпты.
 
Жамбыл өлеңді көп айтты. Оның тамаша сөздеріне еліккен жұрт ақынмен бірге шаттанып, бірге қуанысып отырды.
 
2
 
1937 жылдың күзінде біз Москваға бара жаттық. Жәкең поездің үстінде, доңғалақтың бір қалыпты тықылдағын тыңдай отырып, әңгімесін жол-жөнекей шерте берді: «Мен 1846 жылы Шу өзенінің маңындағы Жамбыл деген таудың етегінде қарлы қыста, қақаған аязда туыппын. Төбесінде жамбы тектес тасы болғандықтан тау аты Жамбы аталып кеткен екен. Ол Жамбы ертеде аса қадірлі қонаққа сыйға тартылыпты. Немесе жарыста озып келген аттың бәйгесіне тігіпті, әлде жеңген палуан алыпты, немесе айтыста озған ақынға беріліпті деген аңыздар бар. Әйтеуір ата-анам сол таудың атымен мені Жамбыл атап кетіпті».
 
Одан соң ақын өзінін молдадан қалай оқығанын еске түсірді: «Шынымды айтсам, мен оның не айтып отырғанын түсінбеуші едім. Ол әсіресе араб әрпін түсіндіруге жоқ еді. Қалай оқиын одан, – деп сөзін жалғастырды Жамбыл, – жас шағымда оқығым келмеген, қайтейін, қашып кеттім!»
 
Бұл әңгіме Жамбылдың барлық өмірбаянына кіріп жүр. Ақын өзінің жас шағында шығарған «Шағым» атты өлеңінде молданың қаталдығын, оған зығырданы қайнап, өзінің оқудан кетіп қалғанын көз алдына келтіре өлеңге қосты.
 
Жамбыл жас кезінде айтқан өлеңдерін де ауық-ауық еске алып қайталайтын. Сондай ескі өлеңдерінің ішінде де сүйіп айтатын туындылары бар еді. Мысалы, Жәкеңнің Айкүміс сұлумен кездесуіндегі айтысы осындай тамаша шығармаларының бірі еді. Жамбыл өзінің айтыстарын қайта еске түсіріп, кейде қой соңында қоңырлатып айтып жүретін, кейде жиын кештерде, алқалы тойларда орындайтын.
 
Жамбыл бастан кешкен оқиғаларды да жиі-жиі еске алып отыратын. Ақындармен кездесулерін, алған соны әсерлерін айтқанда сергіп қалатын. Жәкен 1940 жылы апрельде Москвада өткен Совет Жазушылар Одағы басқармасының пленумына қатысты. Қадірлі қарт «Москва» қонақ үйіне орналастырылған еді. Оған жазушылар, қоғам қайраткерлері, жұмысшылар, одақтас республикалардың комитетінің өкілдері келіп кетіп жатты. Бір күні қонақтармен сөйлесіп отырғанда Жамбыл өткен күндерім, Октябрьге дейінгі өмірін өкінішпен еске алды. Ақынның қолында домбырасы отырған. Әңгіменің аяғы өлеңге кеп сайды. Ол жастық, балалық шағын бұрын өлеңмен жырламайтын. Домбырасын қағып-қағып жіберіп «Шағымнан» мүлде басқа, жаңаша, өткен күндер туралы тың жырын төгіп-төгіп жіберді.
 
Жамбыл естеліктері өзінің жаңалығымен, өткірлігімен құнды. Оның өлең туындылары, әр жерде суырып салып айтқан жырлары да өте бағалы. Хат танымайтын, бірақ оқығанынан тоқығаны көп, тәжірибесі мол, ақылды қарт ақын Жамбыл көпті білетін. Біздің елімізде, шет елдерде не болып жатқанына құлағын тігіп естіп отыратын. Өз заманының, уақыттың дүрмегінен қалмайтын.
 
3
 
Жамбыл өзінің жырларын қалай шығарған? Бұл мәселеге жауап беру, атап айтқанда, өлеңді, жырды суырып салып айту процесін, өлеңнің ойдан туып жариялануына дейінгі жолын қамтиды. Жамбыл оқырмандарды, қолына қалам алмаған ақынның өлең өнерін қалай меңгеріп, қалай туғызғанын білгісі келеді.
 
Ол былай. Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Кейде жазып үлгіре алмағанды жаратпай да қалатын. Ол жазып алғаныңды оқуды өтінеді, тіпті талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақпайды. Ол келіспеген жолдарды қайта айтып кетеді. Артынан жөнделген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады. Егер кемшілігін айта қоймасаң, ойлы қалыппен бетіңе қарап аз отырып, сұраулы көзқараспен «маған сене берме, ұялма, былай емес олай деп айт. Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдемесі келіспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл – жаман ақын» деп ертең халық айтады. Ал қандай қартқа жалған сөз жараспайды. Өлең өтірікті жаратпайды. Бұл ақынға оңай соқпағанымен, менің халқым өлеңшіл, жыршыл халық болғандықтан өзім де өлең айтып жыр шығаруға әуестендім. Ал елеңді жаман шығарсаң – оныңды халық кешпейді, – бәрін өзіңнен көре бер!.. – дейтін.
 
Жамбыл жиі-жиі әңгіме шертеді. Ол маған Кавказға барған сапары жайлы айтады. Біз Шота Руставелидің 800 жылдығын тойлау үшін Тбилисиге бардық. Вагон ішінің қапырығы Жәкеңді шаршатты. Ол күйсіз, өлеңсіз зерігіп кететін еді. Тіпті кейде өзі домбырасының қос шегін қағып-қағып жіберетін. Бізбен бірге келе жатқан Кенен Әзірбаевтан өлең айтуды қолқалайды. Кейде маған Грузия туралы сөйле, өлең оқы дейді. Біз оның талабын екі етпей орындаймыз. Ән өлеңге, өлең ән мен күйге ауысады. Ақынды вагонда нағыз творчестволық өмірге бөлеп бардық. Бұл оның ақындық шабытын қозғап, ой туғызды, сезіміне әсер етті, образ жасап, жыр шығаруына себін тигізді. Қарттың салалы саусақтары домбыра шегін бойлап, билей жөнелді. Ол жырлады. Мен жазуға отырдым. Жайшылықтағыдай жазбаны бірнеше рет оқуға тура келді. Жамбыл түзетуді талап етті. Ақырында ол қанағаттанды да өлең «Кавказға сәлем» аталсын деді. Сапарлас Павел Кузнецов оны орыс тіліне аударды.
 
Біз Тбилисиге келгеннің ертеңінде-ақ өлең бірнеше газеттің бетіне әр тілде жарияланды.
Жамбылдың суырып салып айтуы үшін, жаңа өлең туғызуы үшін творчестволық көтерме керек еді. Демеусіз ол жырламайтын. Оның көптеген өлеңдері осылай туған. Ақынның ойын қозғап, шабытын шақыру ұзақ толғатуды қажет ететін. Мұндай өлеңдері Бүкіл одақтық маңыз алатын. «Жақсы өлең бірден туа салмайды», – дейтін Жәкең.
 
«Кавказға сәлем» атты өлеңін Отан мақтанышы үстінде, көңіл көкжиегін ашқан кеңістік жағдайында, қуаныш тасқынында қайта жырлады.
 
Біздің елімізде сөз өнері – өлең қалай бағалатындығын көріп, біліп, сезіп отырмыз. Жамбыл жазушылармен, халық композиторларымен, ақындармен кездесудің жолын қарастырды. Мұндай кездесулер кезінде халық творчествосы және әдебиеті, көрнекті ақындар, музыканттар, аты біздің еліміздің халықтарының мақтанышына айналған адамдар туралы кеңесуге болады. Ақынның Пушкин мен Абай туралы, Горький мен Шевченко туралы шығармалары осындай кеңестер нәтижесінде туған. Атап айтқанда, мысалы Пушкин туралы өлең туардағы біздің Жамбылмен кездесуіміз менің көз алдымда әлі тұр.
 
Бұл 1937 жылы болған еді. Еліміз Пушкиннің қайтыс болуының 100 жылдығын атап өтпек. Москвада, Жазушылар Одағы Жамбылдың Пушкин туралы өлеңін күтті. Қалай болар? Қартқа бұл туралы тікелей емеурін білдіру керек пе? Тақырыпты меңгерсе жақсы, жырлай алмаса ше, қалайда оған тақырыпты ептеп сездіріп дем беру керек. Маған Пушкинге қоса Абайды айта келіп, алдымен Абайдың «Евгений Онегинді» аударғанын еске салайын деген ой келе қалды. Сөйттім.
 
Жамбыл бірден:
 
– Я, Абай шын мәнісіндегі талантты ақын ғой, мен оны текке мақтаныш етпеймін, – деді.
 
– Сіз білесіз бе, Жәке? Ол Пушкинді аударған ғой, – дедім.
 
– Қалай, қайтып аударған? Әңгіменің тақырыбы бірте-бірте басқа бағытқа көшті. Біз Пушкин туралы айта бастадық. Мен оған ақынның өмірі туралы әңгімеледім. Жамбыл: Пушкин біздің қазақтың батырлық жырларын білген бе? – деп сұрады. Сөйтіп мен оған Пушкиннің Орынбор қаласына келген сапарын айтып бердім.
 
Біз «Руслан мен Людмила» туралы да кеп әңгіме қозғадық. Сонымен қатар Пушкин халық творчествосына қалай қарағанын сөз еттік. «Руслан мен Людмиладан» үзінді де оқылды. Жамбыл аса зер салып ынталана тыңдап отырды. Өзіне ұнаған жерлерін қайта оқытып, естіді.
 
Әңгіменің соны Пушкиннің жер аударылып Кавказға барғанына көшті. Оның қазақшаға аударылған «Еркіндік», «Сібірге хат» атты өлеңдері және «Кавказ тұтқынынан» үзінділер оқып бердім. «Цыгандар» туралы да айтылды. Жамбылға жайылып жүрген жылқылар, цыгандардың жыртық шатырлары, тау мекендеген қарттар, Кавказ табиғатының суреттері жақын тартқан тәрізді.
 
Әңгіме бірнеше сағатқа созылды. Біз біраз үнсіздіктен кейін Жамбылға ашыла бастадық. «Жақында Москвада Пушкинге арнаған мерекелі жиналыс болады. Жәке, біз қазақ ақындары, жазушылар Пушкинге өзіміздің құрметімізді ала барамыз. Сіз қалай қарайсыз, ақсақал, Москваға алдын ала өлең жіберу керек, олар күтіп отыр ғой» – дедім.
 
Жамбыл қанаттанып, қомданып, енді Пушкин жайлы сөзді өзі ағыта бастады. Біз сөз еткен мәселелерге өз үнін қоса келіп: «Мен енді оны білемін, оған арнап өлең шығаруым керек», – деді сөзінің соңында.
 
Мен қарттың мұнысына қатты қуанып қалдым. «Өте жақсы, Жәке! Көріп отырсыз ғой, сіздің өлеңіңіз аса қажет, әрі сіздей жұрт таныған ақынның Пушкинді жырлауы лазым», – дедім. Жамбыл өлең жайында уәдесін берді, мен бірнеше күннен кейін келмек болып аттанып кеттім.
 
Тағы да Жамбылға келдім. Өлең әлі дайын емес екен, – «ойланып отырмын» деді ақын. Тек ертеңінде ғана ол өлең айтуға ыңғайлана бастады. Жамбыл домбыраның құлағын күйге келтіріп көп отырды. Кейде күбірлейді, кейде үнсіз толғанады, қайта бастайды. Сөйтіп өлеңді ақыры жырлады.
 
Мен ақынға өлеңді аздап өзгертіп, жақсартып қайта жырлап көріңіз деп жайлап өтініш жасадым. Өз сөзімен кейбір ойларымды жеткіздім. Жамбыл қайта жырлады. Домбырасын қолдан түсірмей, жаңа түзетулер мен қосымшалар енгізе отырып өзінше өлеңін әбден пісіре жырлады. Жыр дайын болды. Ақыры оны Москваға жолдауды жөн көрді.
 
Тақырып қалай меңгерілетінін, материал қалай қорытылатынын, халықтың ақындық дәстүрімен әдебиеттің қалай байитындығын, суырып салма ақын өзінің жырын қалай туғызатынын біз осыдан көреміз. Ақын советтік жаңа адамның социалистік қоғам орнатушының бұрынғы ұрпақ жасаған істің алдыңғы қатарлы мұрагерлерінің ой-сезімі мен өкінішін өнерде дұрыс көрсете білді.
 
Бізбен, жазушылармен Жамбылдың ұзақ әңгімелері нәтижесінде замандастар туралы көптеген қызықты жырлар туды. Мысалы, «Ленинградтық өрендерім» атты жырдың қалай шығарылғанын айтайын:
 
1942 жылдың қаһарлы қысында Жамбылдың үйіне ақын Тарловскийді ертіп бардым. Күн батып, қас қарайған шақ еді. Ленинградтың қоршауда қалғаны жайындағы хабарды естіп, Жәкеңнің қатты қобалжығанын аңғардым. Оның үстіне Сталинград түбінде шайқасқа қатысып жүрген ұлы Алғадайдан хат-хабар келмей, қайғырып отырған кезі екен.
 
Жамбыл жырлай алар ма екен? Жырлағысы келер ме екен? – деген күдік мені де, серігімді де қатты мазалады.
 
Хал-жай сұрасқан соң шай іше отырып, соғыс жайлы сөз қозғадық. Ол бұл жолы біздің әңгімемізді онша қостай қойған жоқ. Тіпті ыңғайсыз болды, неге келдік екен деп те ойладық.
 
Жамбыл үнемі ерте тұратын. Таң жаңа ағараңдап атып келе жатқанда ақын екеуміз ауыл шетіне серуенге шықтық. Біз күннің ұясынан шыққанын үнсіз қызықтап қарап тұрмыз. Жарқыраған күн шұғыласы қарлы шыңдарды сүйіп, тау бөктеріне жайылып барады. Соғыс жайлы сөз қозғалды. Мен Жамбылға қысқаша ғана соңғы мәліметтердің жай-жапсарын тегіс айттым. Бұлталақсыз сөзді Жәкеңнің жаны жарататын. Оның нені білгісі келгені, ауыр болса да ащы сезілсе де естігенін, көз алдына келтіргісі келгенін біліп тұрмын. Ақырда біз Алғадайды еске алдық. Жамбыл өзін тоқтата алмай кетті, фашистер нақ қасымызда тұрғандай-ақ тістене ашуланып, қатты қаһарланып лағнет айтты. Сабырға шақырдым. Ойым тек ақынның творчестволық ой-қиялын шабыттандыру. Мен сұм соғыстың алыс тылдағы бізге де дүмпуі жеткенін айта бастадым. «Енді біз бұрынғы бейбітшілік жағдайдағыдай өмір сүрмейміз. Соғысты құрытпай тыныштық жоқ. Жәке, әлі-ақ атақты күрең жорғаң бәйгіден аман келер» – дедім. Сөйтіп көкейдегі негізгі тақырыпқа, қоршаудағы Ленинград жайына ауыстым.
 
«Жәке, – дедім сөз бастап, – Ленинградта «Аврора» атты кеме бар. Ұлы Октябрь революциясы басталғанда сол кемедегі зеңбірек гүрсілі дүниеге түңғыш рет естілген. Одан соң Ленинградтықтарға қандай қиындық төніп отырғанын айттым. «Олар – сіздің балаңыз, Жәке, олар сіздің үйіңізді, сүйемеліңізді күтіп отыр. Мен өзім до өлең шығарар едім, бәрібір ештеңе өнбейді» – дедім Жамбылға сөзімді қорытып.
 
Ол үндемеді. Үнсіз терең ойға батқандай, басын көтерді, біз бір-бірімізге қарастық, үйге қарай бет алдық. Үйге кіре Жәкең дем алып ұйықтап кетті. Бір сағаттай мызғыған соң оянды. Келіні шай әзірледі. Мен басқа бөлмеден қартқа сездірмей қарап, бақылап отырмын. Жырлар ма екен? Сол шақта Жамбылдың жырлар-жырламасын айту қиын еді. Шай іше отырып, ол менен бұл өлеңді Павел Кузнецов аударар ма екен? Айтпақшы ол қай майданда еді? – деп сұрады... Сонда ғана үміттің оты жылт еткендей болды. Қажет болса оның орнына Тарловский бар ғой дедім мен. Біз келгендегі мақсатымызды қартқа әлі ашық айтқан жоқ едік. Егер Жамбыл тартынатын болса, онда біз мұнда несіне келдік.
 
Шай іштік. Ленинград жайында тағы да сөз қозғадым. Өзім болған, оқыған сол қаладағы жылдарды жадыма түсіріп, әңгімелеп бердім. Қолыма домбыра алдым. Ленинград туралы, оның сұлулығы жайында, революциядағы оның рөлі хақында, қорғаныс кезінде де жасап отырған ерлігі мен табандылығы туралы жырлауға құлшынғандаймын. «Я, сен қаланы білесің, сонда тұрдың ғой?» – деді Жамбыл маған қарап. Шабыттанған Жамбылдың жырлағысы келіп отырғанын сезе қойдым да домбырасын ұстата бердім. Жыр туа жөнелді... Қарындаш пен қағаз алып жазуға дайындалдым. Жазып жатырмын. Жамбыл жайшылықтағыдай жазғанымды қайта оқытты. «Ондай емес», деп қайта жырлап толықтырып түзетті. Сөйтіп біз сәскеден кешке дейін жұмыс істедік. Жамбыл өзінің өлеңіне разы болды. Қалып бара жатқан ойларды өлеңіне қайта қосты. Сонда ғана мен неге келгеніміз жайында айтуға бекіндім. Москвадан телеграмма алғанымызды, онда Ленинград жайында жазылған Жәкеңнің жаңа өлеңін жіберу керектігі айтылғанын түсіндірдік.
 
Әрине, Жәкең бұған қарсы болған жоқ, тіпті бұл өтінішке қатты қуанды, әрі мақтаныш етті. Сайып келгенде ақынның өлең шығаруына, жырлауына уақыт қажет екен, дем беріп шабыттандыруды тілейді екен, азды-көпті әзірлік керек болатын көрінеді. Біз телеграмма жаза бастадық. Кім біледі оларды қуанышқа бөлей алар ма, жоқ па? Я, бәрі де ойдағыдай болды.
 
Өлеңді Тарловский аударды. Ертеңінде ертемен «Ленинградтық өрендерім» Москваға жіберілді.
 
Қарт ақынның аталы сөзін, өсиетін – Ленинградты қорғаушыларға деген үндеу текті өлеңін газеттер мен радио біздің кең-байтақ ұлы Отанымыздың түкпір-түкпіріне таратып әкетті. Ленинградтықтар да түгел естіп тыңдады. Соңынан плакаттарға басып, қаланың қабырғаларына ілінгенін білдік. Майдан газеттеріне басылды. Қорғаушылар жанында сақтап оқыды. Жамбыл ақынның жалынды сөзі біздің Отанымыздың халықтарының күшіне, жеңісіне деген сенімді, тамаша табандылықты олардың жүрегіне құя білді.
 
Суырып салма ақынның бейбітшілік және соғыс жайындағы шабытты өлеңдері, міне, осылай туған еді.
 
Орысшадан аударған
Елубек Байтоқов.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға