Жаңалықтар

Ел иесі, жер киесі

Аспан мен Жер арасындағы тіректің бар сыр-сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қайда салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. Табамыз деп дәмету де бәлкім, күпірлік шығар. Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүние жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық – азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықты Тәңірі деп, Тоба деп, Жаратқан деп, Құдай деп таныған. Әр асқанға бір тосқан – мәңгілік жарасымның мәңгілік көңіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігіп, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұстанып үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары жоқ, тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді. Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те! Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы көптерді баян етеді. Жаппай бірдейлікті әспеттеген кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айрықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айрықша ықылас, айрықша қабілет, айрықша ыждаһат, айрықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды. Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Копет-Даг арасын алып жатқан ұлан-байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары Қасиетті Бекет-Атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған көзінде де, құлазыған көзінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең-байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыны Оның атын айтып ұрандап. Оның ұрпағына ту көтеріп, қол бастатып тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен ағаларымыз кешегі қан майданда да жан алқымға келгенде Одан медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақты. Оған аманат қып қалдырғаны кәміл. Жақсы заманда да, жаман заманда да. Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, ол тірісінде – елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қази. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар. Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей ибн Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, ерні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбарымдай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет-Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің тері. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмайды. Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді. Бекет-Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам. Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?! Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?! Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола өз Перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың! Ондай ұлдарын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді. Өткендегілерінің өсиетін, тірідегілерінің арман-ниетін айырықша қастерлеп, өмірлік мұрат еткен өнегелі Ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді?! Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі – Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз. Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген, ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай! Ал Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам, бүгінде Жақсылардың барына сенеді. Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де, Жақсы болуға тырысады. Ал Жақсы болудың, Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ. Ал Жақсылық жасаудың, Жаман Атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ. Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай! Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей.  
08.12.2012 05:15 4841

Аспан мен Жер арасындағы тіректің бар сыр-сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қайда салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай?

Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. Табамыз деп дәмету де бәлкім, күпірлік шығар.

Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүние жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық – азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықты Тәңірі деп, Тоба деп, Жаратқан деп, Құдай деп таныған. Әр асқанға бір тосқан – мәңгілік жарасымның мәңгілік көңіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігіп, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұстанып үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары жоқ, тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді.

Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те!

Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы көптерді баян етеді.

Жаппай бірдейлікті әспеттеген кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айрықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айрықша ықылас, айрықша қабілет, айрықша ыждаһат, айрықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды.

Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Копет-Даг арасын алып жатқан ұлан-байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары Қасиетті Бекет-Атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған көзінде де, құлазыған көзінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең-байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыны Оның атын айтып ұрандап. Оның ұрпағына ту көтеріп, қол бастатып тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен ағаларымыз кешегі қан майданда да жан алқымға келгенде Одан медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақты. Оған аманат қып қалдырғаны кәміл.

Жақсы заманда да, жаман заманда да. Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ.

Өйткені, ол тірісінде – елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қази. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар.

Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей ибн Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, ерні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбарымдай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет-Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің тері. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмайды.

Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді.

Бекет-Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам. Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?!

Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?!

Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола өз Перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың!

Ондай ұлдарын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді.

Өткендегілерінің өсиетін, тірідегілерінің арман-ниетін айырықша қастерлеп, өмірлік мұрат еткен өнегелі Ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді?!

Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі – Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз.

Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген, ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай!

Ал Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам, бүгінде Жақсылардың барына сенеді.
Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де, Жақсы болуға тырысады.

Ал Жақсы болудың, Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ.

Ал Жақсылық жасаудың, Жаман Атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ.

Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай!

Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға