Сезім найзағайы
08.12.2012 04:12
5147
Сезім найзағайы
Поэзия – азабы мол ауыр жол. Егер ол сіздің жүрегіңізге бірден ұялай қалса, одан келіп, тіліңізге үйірілсе, қапас ойдан қарғып шығуға ұмтылса, бір сөзбен айтқанда, сізді біртүрлі мазасыздыққа душар етсе, ондай жыр, сізге оп-оңай көрінгенімен, оңайлықпен жетпегенін түсінсеңіз болғаны. Онда сіз сарыла сезініп, сарқыла ойланып, өзінен өзі таусылған, өз жүрегін өзі жегідей жеген "құдірет те, құл да, құрт та өзі" (Державин) сарсаң жанның жақыны мен досысыз. Ол – ақын. Өзіңіздің ақылыңыз. Ол да адам, көктен түспеген. Ол да өзіңіз сияқты, еткен еңбегінің өтуін қалайды, рахым-рахатынан татқысы келеді. Ал ақын үшін саналы қауымның бағасынан, оның заңды талғамынан, тарауынан артық қаламақы жоқ Сіз ақынға (егер ол ақын болса) әділетті бағаңызды беріп, оны түсінуге тиістісіз, ақыңды алақанға салып аяламай-ақ қойыңыз. Ақын деген – Сіздің өзіңіз. Сіздің көңіліңіздің қуанышы мен көзіңіздің жасы. Ол сіз болып күліп, сіз болып жылағысы келеді. Ол сіз болып күйінген сәттерінде, Сізден пана іздейді, мұңын Сізге шағады. Сіз қабылдарсыз, қабылдамассыз, ұнатарсыз, ұнатпассыз, алайда оның Сізсіз күні қараң. Өзіңіз болғандықтан да, өзіңізге өзіңіз іздеп тауып, түсініп, түсінгеніңізге қарай билік құруға қақыңыз бар.
Егерде көре тұра көрмей, біле тұра білмей, тани тұра танымай, сырт айналған Сізге бар болмысымен, бүркеншіксіз, қызылшақа қалпымен ақыныңыз алдыңызға келіп:
"Келеді қуып тақымдап,
От басы дауы, таныс дау.
Алысым маған жақын да,
Жақыным маған алыстау.
Зіл батпан жүкті иықтан
Түсірмей келем, гүлім-ау.
Үйімнің өңі суық та,
Көшемнің жүзі жылылау.
Жүрсем де өмір-жұмақта,
Көрмедім шаттық бір өңкей.
Бір жағым менің шуақ та,
Бір жағым менің көлеңке", –
деп, сәл мұңайып, бір күрсініп алса, Сіз қандай халде болар едіңіз? "Азамат едің ғой, арқауыңды босатпа, күйінбе, күйреме", – деп ақыл берер ме едіңіз? Әлде бұйығы көңілден булыға шыққан лебізді сезініп, арпалысқан ойдың айтпағынан да аңғартқанын бағып, төтесінен гөрі төркінін түсініп, Сіз де бір ауыр күрсінер ме едіңіз? Қайтер едіңіз? Әлде сыдыртып оқып шығып, бір минут та назарыңызды шығындамай, жырды жәйіне қалдырар ма едіңіз? Ондай жағдайда Сізге не айтуға болады? Сезім көлінен серпін іздеп көтерілген аққу сезім көліне барып басқа мұңдасын табар...
Ұшқан құс ұясын іздейді. Ал ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзі туралы ма, тіптен өмірде бар нені болса да жырға арқау етерінде, ақын қыбыласын халыққа қарап түзейді. Бұл – оның еркімен де, еркінен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшік қазынасы жоқ. Оның үні мен тілі, поэзияға керек қару-жарағы – барлығы халықтікі. Тек қайшылық-қарбаласы мол тірлікті қалай түсіну, сезіну және де сол түйсік сезімін жыр аспабымен басқаға жеткізу ғана ақынды өз орнына отырғызып, оған ерекше міндет жүктейді. Сол қасиетті парызды өтеу жолында оның қабілеті мен ісі, таланты мен шеберлігі айқындалмақ. Бұл жолда ойлы ақын оңай соқпақтардан жеп-жеңіл секіріп өтіп, шеккен мехнатын салғырт сезімнің жылы ғана буына ұстап, жырға зәру жандарды алдарқата алмайды. Соңдықтан да ақын өзімен өзі арпалысып, өзімен өзі сырласады, "қолқасына қалам матырады" (Қуандықтың сөзі). Ақынның бірінші ерекшелігі осы болса, екіншісі, ақын сыры қауымынан жасырылмақ емес; сырып жасыруға ақынның шамасы да келмейді. Ол жылай отырып күлгенін, күле отырып жылап алғанын өзі де аңғармайды. Қарама-қарсылыққа өмір қандай ырғын болса, ақынның шым-шытырық сезім дүниесі де қайшылықтарға соншама бай. Ақынның міндеті – өз сезімін өзі тұтқындамау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтын құтылу. Өзінің жан дүниесін қауымға жайып салу. Ойып айта алды ма, жоқ па, сезімінің құсы басқа жүректен ұя таба алды ма, жоқ па, оған төреші – оқушы қауым. Бұл сапарда ақын өзіне өзі қайшы келіп жатса, қуана отырып жылап, жылай отырып қуанып алса, оған танданатын дәнеңесі жоқ. Ол – ақын мінезінің күрделілігі, асау сезіміне ауыздық сала алмағандығы, бар сырып бүге алмағандығы. Бірде ол:
"Жығылмайды ақылға сезім деген,
Жалған сөйлеп, бөсуден безінді өлең.
Қолбала боп жүгіріп жүрмін әлі,
Қосағасы болатын кезімде мен..."
деп, бір сәт пәнделігі есіне түсіп, үлкен өмірден үміт күткен ақын осы бір шағын қорашсынып мұңайса, бірде ол
"Қысыр сөзді жолатпа!
Бері өткізбе!
Қымбатырақ,
Құндырақ деректі ізде.
Қоя тұрып от басын,
Ошақ қасын,
Қамын ойлау әлемнің керек бізге!
Бес саусақтай біле біл айналаңды,
Босағаңдай сүйе біл бар ғаламды!
Бұл қолыңнан келмесе,
Қой өлеңді,
Бұл қолыңнан келмесе,
Қой қаламды!" –
деп, әлгінде ғана өзі түсірген күйінші тұманын өзі ысырады. Екі өлең, екі түрлі ой, біріне бірі қарама-қарсы екі бөлек сезім. Мұндай дүниелер, сөз жоқ томаға тұйық толғақсыз туылмаған. Сөз жоқ әртүрлі зарядтардың арпалысының арасынан жалт еткен сезім найзағайы бұл.
Қадыр – найзағайлы ақын. Қалайда бір жалт беріп, тіліп өтпей тыншымайды ол Оқушы қауымының оның орманына да, отауына да, бағына да кіріп, домбырасын шертіп көруге әуестенушілігі содан болар. Ақиқатына бағу керек, Қадырдың творчествосына жұрт үйір. Жұрт оның жаңа жырларын күтеді. Халқынан алған қазынасының өтеуін қайыруда Қадыр да сараңсымайды, оқушысын зарықтырмайды оншама. Қадырдың шаңырағына ұя салған поэзия қарлығашы жылы жақтан жылда оралып, жылда балапан ұшыруда. Бұл заңды да. Адам баласының өзіне берілген аз ғана ғұмырдың ақынның жұғынына жұқта болмайтынын сезіне тұра, алтын аздығымен де құнды ғой деп Қадырға ескерте алмаймын. Асығу керек, айтып қалу керек. Қадыр дер шағында, жас шағында. Ал поэзия дегеніміздің өзі – жастық мәңгілік жаңару мен түлеу. Егер поэзия түлемесе, жаңарып отырмаса, Пушкиндер мен Абайлардан кейін ол есікті шығудың өзі ақымақтық болар еді. Поэзия – ғылым. Ол өзінің түрі мен мазмұнына, ырғағы мен ұйқасына, жалпы бойына түр жаңалықтарымен ажарланып, қайта туып, мәңгілік құбылып отыратын ғылым. Ол – адам баласының сезіну, ойлау, тіптен қиялдау процесінің ең жоғарғы сатысы. Өмірдің түкпір-түкпіріндегі сан алуан құбылыстарға, табиғат көркіне, ғылымның қай саласындағы болмасын тындырылған іске, өнердің шырқау биігіне көтерілген туындыларға поэзияның көзімен қарап, бәріне поэзиялық баға берілуі тектен-тек емес.
Тамыры тереңге кеткен логикалық-философия, түрлі-түсті бояулар өзара шағылысып, шұғыла шашып, жеңіл буын бойына сақтаған живопись, әмірдің ырғағын бағып, жаратылыстың жасырын үнін зерттеген музыка – бәрі де шынайы шын поэзияның бойындағы қасиет. Қиындық – осылардың бәрін поэзия тілімен айтып жеткізу. Толғаныс үстіндегі ақын осылардың біріне де соқпай кете алмайды. Айталық ауқымы кең, арнасы мол эпикада ақын бар ойын барынша пайдалану мақсатымен, амалсыз баяндауға, баяндағанын дәлелдеуге, бір сөзбен, етістіктерді кеп қолдануға тап болатыны сөзсіз. Поэзиядағы қашып құтыла алмайтын осы бір қиындықты прозаизм деп жүрміз. Несі бар, алысқа ататып ауыр зеңбірек-прозаның да поэзияға жақындығы болмаса, жаттығы жоқ ("Евгений Онегинш" Пушкин роман деп атаған жоқ па?) Прозаның салауатты, парасатты, данышпан қарапайымдылығын поэзия бойына сіңіре білсе, оның ешқандай терістігі болмақ емес. Поэтикалық прозаның дастан, балладаларға еріксіз еніп кететінін қоя тұрғанда, ол, тіптен, шағын сюжетті өлеңге де араласпай тұра алмайды. Қазіргі қазақ поэзиясында, бір шумағы бір повеске арқау боларлық сюжетті өлеңдердің азайып кеткеніне таңданбасқа болмайды. Мұның себебін мен былай ұғынам. Сюжетті өлең абстракциялық лағуды маңына да жолатпайды. Дәлдікті, тапқырлықты талап етеді. Дау жоқ ақын бұл тұста біршама тер төгуіне тұра келеді. Бұл тұста ақын жырға емес, жырдың өзі ақынға бақылау жасайды. Сюжетті өлеңді жазып шығудың қиындығы өз алдына, тіптен арқауын тартарлық сюжет іздеп әуреге түсуің даусыз. Мұндай жағдайда қиындықтан құтқарар бірден-бір сәт – ақынның индивидумы. Оның өмір жолы, өмірде қарапайым жандардың назарынан тыс қалған сәттерді көргіштігі, аңғарғыш, сезгіштігі. Қазақ поэзиясының барлық экспериментін басынан өткеріп, толассыз іздену үстіндегі ақын Қадырдың творчествосына мен осы биіктен қарағанды жөн деп білем. Ақиқатына бағу керек, Қадыр творчествосы зерттеуді керек етеді. Қадырдың қазіргі творчествосы алмағайып сәтті бағына, барлық қуатын бауырына жиып, жемтігіне атылғалы тұрған барысты елестетеді маған.
Қадыр біздің поэзияға кездейсоқ қосылған жандайшап емес. Ол үлкен мектептен өтіп, үлкен даярлықпен келді. Қиынның қиыны сәбилер поэзиясының көрігінде балқып, төсінде шынықты. Сәбилердің эстетикалық талғамдарын оята жүріп, өзі оянды, үйрете жүріп, үйренді. Бала мінезінің адал да аңғал оқыс тапқырлығын жанына дарытып отырып, сәбидің тұнық сезіміне тұнық жырлар береді. Сотқарларын тәрбиелеп, момындарының намысын оятты. Анығын айту керек, ақын балалар әдебиетінің факультетінде оқи жүріп, факультеттің ішінен факультет ашты. Балалар поэзиясына соны із салды. (Жоғарыда сөз болған сюжетті поэзияның көкесі Қадырдың "Күміс қоңырауында'').
Тапқыр, аз сөйлеп, көп аңғарту, айтылмыш ойының астарын түсінуге, өзінше ойлануға оқушысын мәжбүр ету, ашуын артына сақтаған суыққанды сарказм, өмірдің күнгейі мен теріскейіне ашық көзбен жасқанбай, жалтармай үңілу, елге-жерге, халықты қанымен бірге жаралған өнері мен дәстүріне деген тойымсыз құмарлық – Қадыр поэзиясының дені осылар. Оның поэзиясы тұтас, бүтін. Алдыңғы жинақтарындай, биылғы жарық көрген "Домбырада" өзінің динамикалық тұтастығымен, жеке тақырыптардың өзара логикалық байланысымен, тақырып пен тақырып, шумақ пен шумақ, жол мен жол бірігіп, бір механизм құрып, белгілі бір басқару жүйесіне бағындырылуымен де құнды. Сондықтанда мен бүгін дүниені бөліп-жармай, бүгін қарап, бүгін пікір айтуды жөн көремін. Соңдықтан да "Домбырадан" домбыраның ғана сазын ұғынбай, бүгін бір оркестрдің үнін естіп, құныға келе, жеті бөлімнен тұратын симфонияға тап болдым.
Ақынның қадау-қадау, жекелеген өлендерін алып, оның дүниетанымын, көзқарасын, алған бағыты мен азаматтық үнін аңғарам деу – қиянат. Ал айтылмыш ақынның ақындық арнасы мен азаматтық үнін байқау үшін, оның жаңа жинағына өзі көтерілген биіктен қараған мақұл.
Алдымен айта кетейін, азаматтық үн – Қадырдың бүкіл творчествосының лейтмотиві. Оның осынау "Домбыра" деп аталатын симфониясында қос ішекті домбыра сазымен бірге қоңырау әуеңді қобыз үнін, сызылған сыбызғы дыбысын, тіптен, әлдеқандай дүбірге елеңдеткен барабанның күркірін де ұшыратуға болады:
"Ән әлдилеп күрең қызыл Шығысты,
Таңның шығын,
Күннің нұрын гүл ішті.
Жер бетіне қалқып шыға келгендей,
Көк мұхиттың түбіндегі Тыныштық.
О, адамзат, дүниенің қожасы,
Ақылыңнан қала көрме алжасып!
Самолеттің бортындағы бомбалар
Кірпіктердің ұшындағы көз жасы!.."
Қарапайым әрі садақтың оғындай қадалып айтылған сөз – сөз емес, поэзия. Таңғы тыныштықтың табиғатына таң-тамаша болған ақын жауыздық пен жақсылық тынымсыз майдандасқан мынау мазасыз ғаламның қайғы-қасірет әкелер қатерлі күйінен қауіптенеді. Қауіптене тұрып сақтандырады:
"Жолдың шаңын табанына күретіп,
Жер баспасын жауыз киген бір етік.
Соғыс емес,
Зеңбіректің аузынан
Ұшып шықсын Бейбітшілік пыр етіп", –
деп түйеді. Қаны миына ұрған уақыттың тулаған тамырын басып, сырқат дүниені дертінен сақтандырған дәрігер іспетті ақын бір сәтте өзінің ары алдында, дос-жолдас, махаббаты алдында сабасына түсіп, ізгілік пен зор адамгершіліктің иесіне айналады. Адамдардың арасындағы аңғалдықпен істелген, көңілге шитқу саларлық кейбір сәттерге асқан бір ақындық азаматтық парасаттылықпен қарайды:
"Менің нәзік көңіліме қаусаған
Шыбық сөздер таңба салды самсаған.
Таңба салды түсінбестен,
Әйтсе де
Ыразы боп отырмын, дос, мен саған.
Сабыр!
Сабыр!
Арнаңа түс, ей, төрем!
Толғанменен тасымайды сай терең.
Мұныңа да рахмет!
Ызаңды!
Күліп тұрып,
Бүгіп қалсаң, қайтер ем!"
Көз жасын көрсетпей, іштен тыну ғой бұл.
Қанша жылылық пен парасаттылық жатыр!..
Ақын көңілі аласапыран. Селт еткен сезімді бағып отырған оның араласпайтын нәрсесі жоқ. Араласпауға ақынның қақы да жоқ. Қанша сезімнің серісі болғанмен, шын ақын – үлкен ақыл иесі. Біз Абай атамыздың ақындығынан үйреніп, ақылдылығынан жирене алмаймыз. Ақымақ қылыққа ақылды қарсы қоя алмай тұра алмаймыз. Сол үшін де Қадырдың аузынан:
"Не таптыңдар, ағайын, кетіскеннен?
Кеуде кеуіп,
Көздің бір еті іскеннен!
Ақыл айтып кеттім-ау?
Қайтем енді,
Ақыл айтып тұрғам жоқ жетіскеннен..." –
деп, орынды жерінде орынды сөйлеуге міндеттіміз.
Сонымен, Қадыр "Домбырасын" увертюрасы мен финалы бар бүгін бір симфония дедік. Әрине, симфонияны оркестрге түсіріп, оған дирижерлік еткеннің өзі де Қадыр. Оркестрге қатысқан музыкалық аспаптардан естілген саздың жұғымды-жұғымсызын жұрт айтып жүр, айта да жатар. Тек мен авторға үлкен дүниеде, абайсызда кеткен ақау да үлкен болмақ алыстан көрінбек және де ол апыл-ғұпыл түзетуге де келе бермейді, әсіресе "Сөзге – сұқсыр үйрекке – құштар емес мерген жоқ" (өз сөзі) творчествоға абай бол! Сенің:
"Сүйегі асыл, дені сау
Семсер сынды батыр ой.
Айтқанымда емес-ау,
Айтпағанымда жатыр ғой!.."
дегеніңді оқушы қауым түсінеді, қадірлейді. Поэзияның қазіргі жанкүйерлері бәрін де түсінеді, солармен аранды суытып алма! – демекпін.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Карина Абдуллина
Келесі жаңалық
Алматы бойынша электр желілерін дамыту қалай жүзеге асады