Жаңалықтар

Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері

Ыбырай Алтынсарин – қазақ  мәдениетінің зор қайраткері   Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар — кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да, үш бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар  үшеуі үш мұнарадай болған: Шоқан, Ыбырай, Абай. Бұл үшеуінің өмір, еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар, үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та аса айқын. Ол ұқсастық – олардың нәр алған тамырынан, аналық топырағынан туған. Бұлардың бәрі де қазақтың киіз үйінде туып, өз елінің өкілі болып шығуымен қатар, тек қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да, бұлардың өрісі, өсуі басқаша. Олар өздерінен бұрынғы қазақ баласы бармаған ырыс өлкесіне жетті. Сол барысында шыны шұрайлы, анық аналық қазына тапты. Ол  ұлы орыс халқының бүкіл дүние мәдениетіне үлгі шашқан нұр қазынасы еді. Егер осы жолда ойдағысын таппай, дегеніне жетпей қалған болса, осы үш адамның үшеуі де ерекше зор қайраткер дәрежесіне жетпеген болар еді. Шоқан орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық озғын мәдениетін меңгермесе, Шоқан болмас еді. Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогресшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді. Солар сияқты Абай да Крылов, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин қалдырған әдебиеттік мұраны ұғып, меңгермесе, Абай болмас еді. Бұл үшеуі заманында надандық түнегі басқан қараңғы сахарадан шыққан алғашқы елшілер, ізденушілер еді. Сол беймезгіл дәуреннің тұманды түнегінің ішінен оларды нұр шұғыладай өзіне тартқан орыстың халықтық құнарлы мәдени қазыналары болды. Олар қызықтырып тартқан тарих лебіндей әсер етті, орыс мәдениетінің ұлы адамгершілік қасиеті, халықтарға достықты үгіттеген бауырмалдығы бұларды нұр сәулесіндей өзіне тартты. Сөйтіп, жалғыз аяқ жолмен алғашқы шыққан елші-ізденушілерге: "жол мұнда, ел мұнда, ел мұнда! Елің шығар бел мұнда!" деп, алдарынан жан ашыр досындай шақырып, тосып тұрған халықтар достығының ұлы өкілдері болды. Өздерінің тарихтық, халықтық арманы мен аңсағанын айтсақ, бұл үшеуі анық бір туған бауырластай танылады. Олар біріне-бірі тізе қосып, иық сүйесіп, "е" десіп шыққандай көрінеді. Сонымен қатар бұл үшеуінің еңбегінде, қалдырған мұраларында, жеке бас тағдырларында әрқайсысының өзіне бөлек айырма да бар. Шоқан болса, айқынырақ түрде анықталып келе жатқан ғалым еді. Ол саяхатшы, этнограф, мәдениетті тарихшы болып қалыптанып өсті. Ол өз заманындағы алдыңғы қатарлы Россия интеллигенциясының өкілі болды. Туысы қазақ болғанмен, өзі сол дәуірдегі бүкіл Россияның озық ойлы, кең салалы жолы бар қайраткерлерінің бірі болған дәрежеге жетті. Соған орай Шоқанның еңбегі де қазақ ішінде ғана өткен жоқ. Өз заманындағы өз халқының буындарына Шоқан танылмай, білінбей де кетті. Өйткені оның еңбектері орыс тілінде жазылды, мұнысы заңды да еді. Егер еңбектерін қазақ тілінде ғана жазып кеткен болса, біз Шоқанды бүгінгі дәрежеде, көпке мәлім болған, кең майдан тапқан, өзінің соңында қадірлі жол, дәстүр қалдырған ғалым ретінде білмеген болар едік. Өз уақытында кейінгі қазақ жастарына орыс мәдениетін үлгі, үгіт етіп тартумен қатар, өз еңбектерін орыс тілінде жазып жариялауы да ол үшін ең қажет, ең дұрыс жол еді. Абай орыс ақындарының, орыс әдебиетінің сахарада отырған ұлы маңызды, құлашы кең досы болды. Бұл бар еңбегін қазақ тілінде жариялады. Бірақ тек аудармасы ғана емес, өзінің барлық ақындығымен, бар өмірлік шабытты еңбегімен әр пернені басып, ұлы орыс мәдениетіне дос болуды үгіттеді. Ол өз сахарасынан басқа жаққа шыққан жоқ, жазудан басқа әлеуметтік-ұйымдастырушылық іс істеген де жоқ. Тек сонда да оның әр өлеңі қоғамдық тартыстың құралы, ескілікке қарсы айыптау актісі еді. Сөйтіп, Шоқанға Абай ұқсамайды. Сыртқы еңбегі, тартыс жағдайлары, майдандары жағынан олардың екеуі тарихтық-әлеуметтік жаңа қозғалыстың екі қанатын алып жүргендей болады. Біреуі қазақ сияқты халықтың атынан орыс қауымының ортасына өз елінің өмірде барлығын, мұң-мүддесін, арманын жеткізуші азамат болды. Екіншісі қазақ халқына орыс мәдениетінің асылдығын, қадір-қасиетін жеткізуші үгітші, үлгі етуші болып еңбек етті. Солайша ынта, бағыты бір болғанымен, еңбек қайраты, жұмыс түрлері, орталары екі басқа болғандығы олардың өмірі мен тартыстарын сырт жағынан ұқсатпай тұрады. Сол сияқты, енді Ыбырайды алсақ, бұл да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай жаңағы екеуінің де ісін өз өмірінде, еңбегіне түйістіріп қоса білді. Сөйтіп, ол екеуі де істемеген тың тарихтық ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол - жаңа үлгідегі ақын. Әрі ол  сол кездегі Россияда батыл жаңалық жасап, "бұратана" елдер үшін тың үлгілі мектеп ашушы. Ол — мектептің өзінің бөлек ерекшелігі бар программаларын, оқу құралдарын жазушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер, өнерлі түрде қабыстырушы. Бұл жөнінде ол – қазақтың халық қазынасы  ауыз әдебиетін, орыстың ұлы классикалық әдебиетін өзінше ең алғашқы үлгілерде үйлестіріп, туыстырушы болды. Сонымен қатар ол орыстың білімпаз қайраткерлерінің алдында, орыстың оқымысты жұртшылығының ілтипатына жеткізіп, қазақ халқының толып жатқан мұндарын, шаруашылық, ағартушылық, саяси-қоғамдық халдарын ірі мәселе етіп, жазып танытқан публицист те болды. Осының бәрінің тұсында ол патшалықтың отарлаушы бюрократтық-чиновниктік аппараттарымен үнемі арбасып, қажымай күресуші және бір өзі, екі бүйірінен дұшпан көзбен қарап қадалған діншілдер қастандығына қарсы да алысушы болды. Осы соңғы жайдың өзін ғана алғанда, Ыбырай көрген қос қысымның ол заманда қаншалық ауыр, зіл салмақты дерт болғандығын анық аңғаруымызға болады. Шынында, Шоқан айтатын: Бұхарадан, Қазаннан шығып, қазақ ортасына діншілдіктің, исламшылдықтың барлық реакциялық, фанатиктік надан тонын әкеп жаппақ болып жүрген ишан, пір, молдалар қаншалықты мол еді, әсерлі еді! Ел ішіндегі әмірі күшті жуан шонжарлар, шеңгел би, надан ақсақалдар сол мұсылманшылықтың, соқыр діншілдіктің өкілдері еді. Еңбекші көпшіліктің санасын тұсап, тұмшалап отырған кертартпа мешеулік ойлар сансыз еді. Сондай заманда қазақ балаларына арнап орыс мектебін ашу, ол мектептің оқу құралын орыс әрпімен жазып шығару, сол мектепте орыс өнерпаздарының аттарын әулие, әнбиелердің орнына ең қадірлі ат ету жаңағы дүмше молда, көр кеуде надан қауым кезінде барып тұрған күпірлік, бұзарлық түрінде көрінетін еді. Патшалық Россияның "бұратана" елдерге әкім етіп орнатқан отаршыл аппаратының үгітші-өсиетшісі — православие шіркеуінің дінбасылары болды. Бұлар қазақ сияқты елге мемлекет тарапынан қаражат шығарып, оқу-білім таратса, ең алдымен сол қаржы қазақты шоқындыру үшін жұмсалу керек дейтін. Сөйтіп, Ыбырайдың оқытуына баласын берген ел бір ауыр дерттің астында жатса, ол балаларды алып келіп, оқытатын мектептің төрінде діншіл үгітші және үлкен құдірет иесі, қияс-кесір әмір, саясат иесі – миссионер отырды. Осындай екі жақты сенімсіз алакөздікті ең алғашқы қадамнан-ақ көре бастаса да, Ыбырай қымсынған жоқ. Ірі ағартушы, зор саналы, әлеумет қайраткері, өнерлі ақынның артында қалдырған ізіне, қадірлі жолына қарап отырсаң, заманына бақсаң, көңілге үлкен алғысқа толы ойлар келеді. Сонда, өз өмірінің, еңбегінің барлық қисынсыз қиын шалғайлықтарының бәрін елеместен, жасымастан батыл басып, ұдай ұзап бара жатқан шын зор қайратты танисың. Мұндай іс пен тұрақты айнымас мінез тек қана халықшыл, азаматтық санасы айқын жаннан шығады. Ыбырайда сол күш терең еді, мол еді. Ол сананың үлкен оты мұның ізгі жүрегінде мол уақыт берік орнаған. Ыбырайды осы дәрежеде қажырлы қайраткер еткен сана, бірінші жағынан, оның өзінің еңбекші елмен, қалың бұқарамен нық байланысты болғандығынан, соның тарихи келешегін айқын көргендіктен, сол келешекке бұлжымастан, айнымастан нық сенгендіктен. Екіншіден, Ыбырайдың осы жолда берік сенімді көңілмен еңбек етуіне жетектеп, қанаттандырып отырған өз заманындағы орыс халқының алдыңғы қатарлы мәдениетінің қуаты. Сонымен қатар ол бұқарашыл және революционер орыс ұлдарының, ұлы қайраткерлерінің сол замандағы бүкіл Россияның бар халықтарына, бар буындарына таратып жатқан игілік, әділдік, азатшылдық ойларының тәрбиесі. Ыбырайды өз заманындағы бар ауыртпалықтармен сенімді түрде алысуға батыл балғын еткен ең күшті тарихи жағдай осы еді. Шоқандай емес, Ыбырай халқына да, өз тұсында-ақ, қадірлі, даңқты болды. Қазір, сол Ыбырайдың еңбегі, өмірі жайында Қазақ ССР Ғылым академиясының арнаулы сессиясы өтіп жатқан кезде, біз бала күнімізде Ыбырай шығармасымен ең алғаш танысқан шақтарымызды еске ала кетуге болады. Ең алғаш Абайдың қолжазбасымен шала хат танитын бала күйде танысқанымызда, Мүрсейіт молда жазған қолжазба кітапты түгелімен Абай кітабы деп білуші едік. Шетінен бастап, жаттауға кірісіп едік. Сонда "Сәуірде көтерілер рахмет туы" деген өлең мен "Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен" деген өлең Абай кітабының ішінде бірге жазылған екен. Сол шақта Абай, Ыбырай бір адам шығар деп ойлаушы едік. Екеуінің қазақ аулындағы көктем жайында жазғандарын оқып отырсаңыз, шынында бір ақындық мектептің, біртүрлі ақындық дәстүрдің үлгісін көресіз және екеуі де бұрын қазақ жазбаған өлеңді жазған. Кейін аңғарсақ, осы өлеңдер табиғат суретінің реалистік үлкен мастері болған ұлы Пушкин үлгісінен туған өлеңдер екен. Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішінде Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кіруімен бірге, Ыбырай өлеңдері үнемі бірге көшіріліп, жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек. Бұл тегін емес. Бұқар, Дулат, Шортанбай Абайлардың қолжазбаларына жалғыз ауыз өлеңмен тұмсық сұғып кірмегенде, Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таралып жүруі бұл екеуінің үні бір, үміті бір, арман-бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді. Сол заманнан бері қарай, біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне де Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өз арналы мұрасымен аса ыстық, аса бағалы болды. Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп, айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылады. Өткен замандағы Ыбырай Алтынсарин сынды озғын ой иелерін, халық үшін қызмет еткен қайраткерлерді бізге толық тануымызға, олардың асыл мұраларымен қазіргі мәдениетімізді байытуымызға жол ашқан, мүмкіндік берген — Совет үкіметі, Сталиндік заман.   Мұхтар Әуезов
05.12.2012 12:33 11047

Ыбырай Алтынсарин –

қазақ  мәдениетінің зор қайраткері

 

Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар — кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да, үш бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар  үшеуі үш мұнарадай болған: Шоқан, Ыбырай, Абай.

Бұл үшеуінің өмір, еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар, үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та аса айқын. Ол ұқсастық – олардың нәр алған тамырынан, аналық топырағынан туған. Бұлардың бәрі де қазақтың киіз үйінде туып, өз елінің өкілі болып шығуымен қатар, тек қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да, бұлардың өрісі, өсуі басқаша. Олар өздерінен бұрынғы қазақ баласы бармаған ырыс өлкесіне жетті. Сол барысында шыны шұрайлы, анық аналық қазына тапты. Ол  ұлы орыс халқының бүкіл дүние мәдениетіне үлгі шашқан нұр қазынасы еді.

Егер осы жолда ойдағысын таппай, дегеніне жетпей қалған болса, осы үш адамның үшеуі де ерекше зор қайраткер дәрежесіне жетпеген болар еді.

Шоқан орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық озғын мәдениетін меңгермесе, Шоқан болмас еді. Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогресшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді. Солар сияқты Абай да Крылов, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин қалдырған әдебиеттік мұраны ұғып, меңгермесе, Абай болмас еді.

Бұл үшеуі заманында надандық түнегі басқан қараңғы сахарадан шыққан алғашқы елшілер, ізденушілер еді. Сол беймезгіл дәуреннің тұманды түнегінің ішінен оларды нұр шұғыладай өзіне тартқан орыстың халықтық құнарлы мәдени қазыналары болды. Олар қызықтырып тартқан тарих лебіндей әсер етті, орыс мәдениетінің ұлы адамгершілік қасиеті, халықтарға достықты үгіттеген бауырмалдығы бұларды нұр сәулесіндей өзіне тартты. Сөйтіп, жалғыз аяқ жолмен алғашқы шыққан елші-ізденушілерге: "жол мұнда, ел мұнда, ел мұнда! Елің шығар бел мұнда!" деп, алдарынан жан ашыр досындай шақырып, тосып тұрған халықтар достығының ұлы өкілдері болды.

Өздерінің тарихтық, халықтық арманы мен аңсағанын айтсақ, бұл үшеуі анық бір туған бауырластай танылады. Олар біріне-бірі тізе қосып, иық сүйесіп, "е" десіп шыққандай көрінеді.

Сонымен қатар бұл үшеуінің еңбегінде, қалдырған мұраларында, жеке бас тағдырларында әрқайсысының өзіне бөлек айырма да бар. Шоқан болса, айқынырақ түрде анықталып келе жатқан ғалым еді. Ол саяхатшы, этнограф, мәдениетті тарихшы болып қалыптанып өсті. Ол өз заманындағы алдыңғы қатарлы Россия интеллигенциясының өкілі болды. Туысы қазақ болғанмен, өзі сол дәуірдегі бүкіл Россияның озық ойлы, кең салалы жолы бар қайраткерлерінің бірі болған дәрежеге жетті. Соған орай Шоқанның еңбегі де қазақ ішінде ғана өткен жоқ. Өз заманындағы өз халқының буындарына Шоқан танылмай, білінбей де кетті. Өйткені оның еңбектері орыс тілінде жазылды, мұнысы заңды да еді. Егер еңбектерін қазақ тілінде ғана жазып кеткен болса, біз Шоқанды бүгінгі дәрежеде, көпке мәлім болған, кең майдан тапқан, өзінің соңында қадірлі жол, дәстүр қалдырған ғалым ретінде білмеген болар едік. Өз уақытында кейінгі қазақ жастарына орыс мәдениетін үлгі, үгіт етіп тартумен қатар, өз еңбектерін орыс тілінде жазып жариялауы да ол үшін ең қажет, ең дұрыс жол еді.

Абай орыс ақындарының, орыс әдебиетінің сахарада отырған ұлы маңызды, құлашы кең досы болды. Бұл бар еңбегін қазақ тілінде жариялады. Бірақ тек аудармасы ғана емес, өзінің барлық ақындығымен, бар өмірлік шабытты еңбегімен әр пернені басып, ұлы орыс мәдениетіне дос болуды үгіттеді. Ол өз сахарасынан басқа жаққа шыққан жоқ, жазудан басқа әлеуметтік-ұйымдастырушылық іс істеген де жоқ. Тек сонда да оның әр өлеңі қоғамдық тартыстың құралы, ескілікке қарсы айыптау актісі еді.

Сөйтіп, Шоқанға Абай ұқсамайды. Сыртқы еңбегі, тартыс жағдайлары, майдандары жағынан олардың екеуі тарихтық-әлеуметтік жаңа қозғалыстың екі қанатын алып жүргендей болады. Біреуі қазақ сияқты халықтың атынан орыс қауымының ортасына өз елінің өмірде барлығын, мұң-мүддесін, арманын жеткізуші азамат болды. Екіншісі қазақ халқына орыс мәдениетінің асылдығын, қадір-қасиетін жеткізуші үгітші, үлгі етуші болып еңбек етті. Солайша ынта, бағыты бір болғанымен, еңбек қайраты, жұмыс түрлері, орталары екі басқа болғандығы олардың өмірі мен тартыстарын сырт жағынан ұқсатпай тұрады.

Сол сияқты, енді Ыбырайды алсақ, бұл да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай жаңағы екеуінің де ісін өз өмірінде, еңбегіне түйістіріп қоса білді. Сөйтіп, ол екеуі де істемеген тың тарихтық ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол - жаңа үлгідегі ақын. Әрі ол  сол кездегі Россияда батыл жаңалық жасап, "бұратана" елдер үшін тың үлгілі мектеп ашушы. Ол — мектептің өзінің бөлек ерекшелігі бар программаларын, оқу құралдарын жазушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер, өнерлі түрде қабыстырушы. Бұл жөнінде ол – қазақтың халық қазынасы  ауыз әдебиетін, орыстың ұлы классикалық әдебиетін өзінше ең алғашқы үлгілерде үйлестіріп, туыстырушы болды. Сонымен қатар ол орыстың білімпаз қайраткерлерінің алдында, орыстың оқымысты жұртшылығының ілтипатына жеткізіп, қазақ халқының толып жатқан мұндарын, шаруашылық, ағартушылық, саяси-қоғамдық халдарын ірі мәселе етіп, жазып танытқан публицист те болды.

Осының бәрінің тұсында ол патшалықтың отарлаушы бюрократтық-чиновниктік аппараттарымен үнемі арбасып, қажымай күресуші және бір өзі, екі бүйірінен дұшпан көзбен қарап қадалған діншілдер қастандығына қарсы да алысушы болды. Осы соңғы жайдың өзін ғана алғанда, Ыбырай көрген қос қысымның ол заманда қаншалық ауыр, зіл салмақты дерт болғандығын анық аңғаруымызға болады.

Шынында, Шоқан айтатын: Бұхарадан, Қазаннан шығып, қазақ ортасына діншілдіктің, исламшылдықтың барлық реакциялық, фанатиктік надан тонын әкеп жаппақ болып жүрген ишан, пір, молдалар қаншалықты мол еді, әсерлі еді! Ел ішіндегі әмірі күшті жуан шонжарлар, шеңгел би, надан ақсақалдар сол мұсылманшылықтың, соқыр діншілдіктің өкілдері еді. Еңбекші көпшіліктің санасын тұсап, тұмшалап отырған кертартпа мешеулік ойлар сансыз еді.

Сондай заманда қазақ балаларына арнап орыс мектебін ашу, ол мектептің оқу құралын орыс әрпімен жазып шығару, сол мектепте орыс өнерпаздарының аттарын әулие, әнбиелердің орнына ең қадірлі ат ету жаңағы дүмше молда, көр кеуде надан қауым кезінде барып тұрған күпірлік, бұзарлық түрінде көрінетін еді.

Патшалық Россияның "бұратана" елдерге әкім етіп орнатқан отаршыл аппаратының үгітші-өсиетшісі — православие шіркеуінің дінбасылары болды. Бұлар қазақ сияқты елге мемлекет тарапынан қаражат шығарып, оқу-білім таратса, ең алдымен сол қаржы қазақты шоқындыру үшін жұмсалу керек дейтін.

Сөйтіп, Ыбырайдың оқытуына баласын берген ел бір ауыр дерттің астында жатса, ол балаларды алып келіп, оқытатын мектептің төрінде діншіл үгітші және үлкен құдірет иесі, қияс-кесір әмір, саясат иесі – миссионер отырды. Осындай екі жақты сенімсіз алакөздікті ең алғашқы қадамнан-ақ көре бастаса да, Ыбырай қымсынған жоқ. Ірі ағартушы, зор саналы, әлеумет қайраткері, өнерлі ақынның артында қалдырған ізіне, қадірлі жолына қарап отырсаң, заманына бақсаң, көңілге үлкен алғысқа толы ойлар келеді. Сонда, өз өмірінің, еңбегінің барлық қисынсыз қиын шалғайлықтарының бәрін елеместен, жасымастан батыл басып, ұдай ұзап бара жатқан шын зор қайратты танисың. Мұндай іс пен тұрақты айнымас мінез тек қана халықшыл, азаматтық санасы айқын жаннан шығады. Ыбырайда сол күш терең еді, мол еді. Ол сананың үлкен оты мұның ізгі жүрегінде мол уақыт берік орнаған. Ыбырайды осы дәрежеде қажырлы қайраткер еткен сана, бірінші жағынан, оның өзінің еңбекші елмен, қалың бұқарамен нық байланысты болғандығынан, соның тарихи келешегін айқын көргендіктен, сол келешекке бұлжымастан, айнымастан нық сенгендіктен.

Екіншіден, Ыбырайдың осы жолда берік сенімді көңілмен еңбек етуіне жетектеп, қанаттандырып отырған өз заманындағы орыс халқының алдыңғы қатарлы мәдениетінің қуаты. Сонымен қатар ол бұқарашыл және революционер орыс ұлдарының, ұлы қайраткерлерінің сол замандағы бүкіл Россияның бар халықтарына, бар буындарына таратып жатқан игілік, әділдік, азатшылдық ойларының тәрбиесі.

Ыбырайды өз заманындағы бар ауыртпалықтармен сенімді түрде алысуға батыл балғын еткен ең күшті тарихи жағдай осы еді. Шоқандай емес, Ыбырай халқына да, өз тұсында-ақ, қадірлі, даңқты болды.

Қазір, сол Ыбырайдың еңбегі, өмірі жайында Қазақ ССР Ғылым академиясының арнаулы сессиясы өтіп жатқан кезде, біз бала күнімізде Ыбырай шығармасымен ең алғаш танысқан шақтарымызды еске ала кетуге болады. Ең алғаш Абайдың қолжазбасымен шала хат танитын бала күйде танысқанымызда, Мүрсейіт молда жазған қолжазба кітапты түгелімен Абай кітабы деп білуші едік. Шетінен бастап, жаттауға кірісіп едік. Сонда "Сәуірде көтерілер рахмет туы" деген өлең мен "Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен" деген өлең Абай кітабының ішінде бірге жазылған екен. Сол шақта Абай, Ыбырай бір адам шығар деп ойлаушы едік. Екеуінің қазақ аулындағы көктем жайында жазғандарын оқып отырсаңыз, шынында бір ақындық мектептің, біртүрлі ақындық дәстүрдің үлгісін көресіз және екеуі де бұрын қазақ жазбаған өлеңді жазған.

Кейін аңғарсақ, осы өлеңдер табиғат суретінің реалистік үлкен мастері болған ұлы Пушкин үлгісінен туған өлеңдер екен.

Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішінде Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кіруімен бірге, Ыбырай өлеңдері үнемі бірге көшіріліп, жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек. Бұл тегін емес. Бұқар, Дулат, Шортанбай Абайлардың қолжазбаларына жалғыз ауыз өлеңмен тұмсық сұғып кірмегенде, Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таралып жүруі бұл екеуінің үні бір, үміті бір, арман-бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді.

Сол заманнан бері қарай, біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне де Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өз арналы мұрасымен аса ыстық, аса бағалы болды. Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп, айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылады.

Өткен замандағы Ыбырай Алтынсарин сынды озғын ой иелерін, халық үшін қызмет еткен қайраткерлерді бізге толық тануымызға, олардың асыл мұраларымен қазіргі мәдениетімізді байытуымызға жол ашқан, мүмкіндік берген — Совет үкіметі, Сталиндік заман.

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға