Жаңалықтар

Үшқоңыр жайлауында

Үшқоңыр жайлауында   Таудың жалтыр, ашық күні қуанта шықты. Биіктен қарағанда көкжиек шексіз боп кеңейіп, жырақтаған. Аспанда шаңқылдаған қыран ғана жүреді дегендей биікте отырмыз. Әуе таза, дүние жым-жырт. Биіктеген сайын үнсіз, мол сабырлы, кең тыныштық бар. Табиғат даналық танытады.   Зор биіктің бәрінің басы ұзақ тыныштыққа шомып тұрса керек. Тегі, үлкен атаулының бәрі айғайсыз, дырдусыз болғандай. Өз күшін танығанға да, танымағанға да бір қалыпты тыныш қана, елеусіз қарайтын тәрізді.   Бұл өлке Үшқоңыр жайлауы аталады. Биікте Үшқоңыр, Екінар, Түлкілі сай. Баурайда: үш сала боп ағатын Шың бұлақтар бар. Төскейлерде: Сәт жайлау, Қасқасу деген кең қоныстар, мол өрістер бар. Жайлай отырып, пішен шабатын мол шалғындар және бар. Ол Үлкен Дегерес, Кіші Дегерес аталады. Жанама, Қаратау, Ақшоқыдай қырғызға қарай асатын асулар бар. Қырғыз бен қазақ арасына ортақ жайлау Еңсу, Жасылкөл де жақын. Мынау биік жайлау, салқын белде отырса да, бізбен әңгімелескен колхозшылар Жасылкөлді өзгеше мадақтайды.   "Онда қымыз айрандай" деседі. Ол өңірді жайлаған мал да қысқа алабөтен мықты болады деседі. Қаладан келген бізге Жасылкөл жақсылығынан осы жайлаудың өз жарастығы да олқы емес, өзгеше рахат көрінеді.   Тау ішінде болсаң да, дөң басынан дүние бейнебір сахарадағыдай. Өзгеше кең тәрізденеді. Солда, бір шетте, жырақ жатқан Суықтөбе. Онда, онан да жырақ шекте Талғар биігі. Ауыл қасында, тай шаптырымда, тағы да қарлы биік бар. Басында түндегі жауыннан қар болып түскен боз көрпе жатыр. Мұсылман шалдарының тықыр өскен шашындағы молайып, өсіп келе жатқан буырылы тәрізді.   Сол мол дүние мынау ерте шақта тегіс дыбыссыз. Тек сол жым-жырт тау жайлаудың жанды өмірінің үзілмес белгісіндей боп бір суыл келіп тұр. Ол мәңгілік тек тұрлардың, терең құз бен шаттардың ерекше демалысы, тынысы сияқты. Сарындаған тынысы. Ол - сонау терең шатта тасқындаған тау бұлақтардың үздіксіз ағын сарыны.   Күн әлі көтерілген жоқ. Сондықтан көк қойнауларда, төскей алаңқайларда орналасқан мал атаулы да зор тыныштыққа бой ұрған. Өрген, жайылған мал қыбыры білінбейді. Жиілеп орналасқан отарлар, ауыл-ауылдар да әлі ояна қойған жоқ.   Үшқоңыр жайлауы - Жамбыл, Қаскелең сияқты аудандардың колхоз жайлауы. Бірнеше совхоз бен ауыл шаруа ғылымдарының тәжірибе шаруасының да жайлауы. Мұнда "Ленин" колхозы, "Амангелді", Киров, "Луч Востока", "Работник" сияқты талай бай колхоздар малдары кеп орналасқан. 10 мың, 14 мың, 20 мың қойлары бар колхоздар. Шаруа жарастығын келістірген совет жұртшылығының мүліктері. Сол колхоздар арасында ауыл шаруа ғылымының тәжірибе институты КИЖ-дің мал-мүлкі ерекше орын алады. Мұнда бір қой ғана емес, жылқының да неше тұқымы, түйенің де бар Қазақстаннан жиылған неше атасы бар.   Қой түлігін алсақ, ғылымдық тәжірибе жөнімен талай тектерді араластыра туыстыру үшін түгел жиған. Жер жүзіндегі қой тұқымының жүні асыл, еті жақсысы, жайылысқа берігі, құм мен тауға мекендеуге бейімі дәл осы шаруада сынға түседі.   Ойдағы құм мен осы тауды қыс - қыстау, жаз - жайлау етіп, түбегейлі мекені етіп кетуге жарайтын ең асылдар таңдалып алынбақ. Сондай сын-талғауға алынған тұқымдар саны мұнда мол. Жер шарының бір үйегінен, барлық мемлекеттерінен жиылып, осы институт оқымыстыларының, шабандарының сынына берілген 26 түрлі қой тұқымдары бар. Бұл күнде барлық шаруа түгел қызығатын, түгел өсіріп келе жатқан, сұрыпталып шыққан тұқымдар да бар. Ол - осы тауларда ата-тегі туып өскен қазақ қойлары ғана емес. Соңғы жылдарда бүкіл Одақ көлемінде атақ алған "ақ қойлар" дейтін асыл жүнді бір тұқым. Бұл - қазақ қойы мен европалық прекос екеуінің қосылуынан пайда болған жаңа тұқым. Оның жүні жібек, еті мен сүті бұрынғы қазақ қойынан кем емес, өсімі онан молырақ. Ал, қысқы құмда, жаз тау жайлауда жайылуы мен тойынуы қазақ қойынан артық болмаса, кем емес. Осындай өзгеше сапалы мал тұқымын тудырғаны үшін, Қазақстандағы кейбір мал маманы ғалымдар өткен жылдарда Мемлекеттік бәйгені де алған-ды. Ғылымдық ойды бастаушылар ғана табысқа жеткен жоқ. Алматы облысында бұл қойлар талай шабандарды, сан колхоз бригадирлерін де ірі табыстарға жеткізген.   Мынау қоныс-қоныста иіруде жатқан қой ажарына қарасаң, бәрінің де баққаны - сол "ақ қойлар" екенін көресің.   Күн көтеріле түсті. Отарлар ояна бастады. Қалың шалғында, көк беткейлерде жусап қалғыған жылқылар да ояна бастағандай. Бұрын олар шашыраған қалпында, әрбір орында кесек-кесек томардай, мызғымай сілейіп тұрып қалған еді. Түнгі жайылыстан тойып шыққан мал таңертеңгі шығырмақ күні бой қыздырып жатқандары жатқан күйде, тұрғаны тұрған қалпында соңғы бір тәтті ұйқыда болатын.   Оянған жайлаудың үндері үзіліп-үзіліп естіледі. Бірер рет қой маңырады. Жаңа ұйқыдан тұрып, енесін қасынан таппаған жас құлын шіңгір-шіңгір кісінейді. Ерте өрген сиыр мен теріс жайылып бара жатқан қой алдына бұйрықты үн берген шабандар даусы келеді. Адам үніне елігіп, қостан үрген иттер даусы естіледі. Жиі қонған отарлардың бозғыл үйлерінің түңліктері ашыла бастаған. Желсіз тыныш, тынық аспанға жіптіктей жіңішкелеп көк түтіндер көтеріле бастады. Әр отардың жанында әлі өріп кетпеген мың-мыңдаған қоралы қойлар иіріліп жатыр. Тығыз, тұтас жайласқан. Кей қойлар отары бертін - төменірек, кейбіреулері жоғарырақ - төскейде, кейбірі, тіпті, тасқа жабыса, аршаға араласа барып, өрлеп қонған. Үйірімге тығылған ақ көбіктей боп тұтасқан қоралы қойлар енді-енді қыбырсыз тыныштығын бұзып, әр тұстан маңырап, өре бастады. Енді жайлауға жан кіреді. Мал қыбырлап, адам үн қатып, қой-қозы маңырап, ат-айғырлар кісінеп, тыныш жайлауды оятты. Кейде алыс төскейден, терең шаттан, кейде Шың бұлақтардан немесе биік жота басынан, қалың арша арасынан, мол көгал жазықтан ерте шақтың үндері - сан түрлі үндер келеді. Халық малы жайыла жазылып, иен дүниені шұбарыта басып, маңырасып, маңғыстап барады. Бір белден қашаған қуған жылқышылар ағызып, тасырлатып шауып шықты. Өрге шапқан жүйрік ат, бедеу биелер қашағандарды қуа жүріп, қатты демігеді, ауыр тыныстары естіледі.   Ақ қойлардың үлкен тәжірибелі бақташысы - Естеместің отары беріде болатын. Соның мың қаралы қойы жақын белден бері қарай асып, жайылып шықты. Аршалы биік төскейге екінші қарт шабан Тұрекең отары мамырлап, өрлеп барады.   Ерте тұрып, малдарын өргізіп, басқарып, өрістетіп жіберген кәрі-жас шабандар біз отырған төбеге жиыла бастады. Жайлауға жаңа келген тәжірибелі шабандар биылғы жайлау шөбін, малдың жиылыс ынтасын, тойынын сөз қыла келеді. Бізге қарай жақындап келе жатқан Естемес қойларына қарап, ақ қойларға әр алуан мақтаулар айтысады.   Бұл қойлардың жайылысы да бөлек. Тұтасып аққан қалың жауын селіндей боп өрген қойдың алды иін тіресіп, жиі келеді. Шұбырмай ендеп, алды іркіліп қалыңдап, көбіктенген толқындай боп иіріле толқып алға басады. Бұл қойлардың жайылысы қазақ қойынан басқарақ екенін айтысқанымызда, әңгімеші, шешен қарт Тұрекең ақ қойдың қасиеттерін санайды.   -           Ақ мал жайылыста жосымайды. Тұмсығы ілінсе, тұрып алады, - деді. - Қазақ қойы мұндай емес, елеңдеп жүреді. Айт десең де, ысқырсаң да жапырылып береді. Мынау жайылысқа бір шыққан соң, басын жерден көтермейді. Жабысып жүріп жер табандап нәр жияды.   -           Қыстыгүні құмда да осылай!   -           Қатты қыстың жұтынан қорықпайтын болды ғой.   -           Құм мен таудың өз тумасы боп кетті ғой.   -           Алғашқы келген кезінде прекос қандай сұм еді, - десіп, шабандар осы ақ қойдың ата-тегі прекосты еске алысты. Оның жүні асыл болғанымен, қазақ қойына шатысып, жаңа тұқым шығарғанша, алғашқы өз тегі өте әлсіз болатын. Қыс құмда күн көру былай тұрсын, осы тауда да жайылысқа жоқ еді. Қозысы қандай қызылшақа боп туып, адамның баласынан бетер күтім тілейтін. Бүгін мына қойлар ішінде жап-жас ақ қозылар да бірге жайылады.   -           Мұның шымырлық, беріктігі осы тауда туып-өскен елік пен тау ешкінің лағынан кем емес, - деп, бір шабан мақтау айтты. Тұрекең бұл тұқымның асылдануы шынықтырудан екенін аңғартады.   -           Баяғыда айтпаушы ма еді. "Баланы жастан, келінді бастам" деп. Бұл қозының енесі қыс бойы құм кезіп, өз аяғымен, тебінмен күн көреді. Сонда бұл қозы ене құрсағында бір шынықты. Туғанда да көктемнің қара суығында, құм-шұқырда туып, ауызданады. Тәрбие мен тәжірибе дегеніңді ғылым бастағанда, мал сапасы осылай болады екен ғой. Шынығып, шымырлап, енді міне, асыл қой, ақ қойдың өзі де өзгеден озды. Бізге де береке таптырып отырған жоқ па! - деді.   Осы кезде, әңгімеде отырған бәріміздің төбе жағымызда, биікте суылдап аққан бір оқшау дыбыс оқыс естілді. Отырғандар тегіс жоғарыға жалт-жалт қарасты. Сүйтсек, аспанда екі бүркіт бір суырды кезектеп көтеріп, ақ қарлы Үлкен Нардың шың биігіне қарай әкетіп барады екен. Біреуі бірталай жер апарып, қанаты талғанда түсіріп жіберсе, екіншісі қағып алып, өрлей жөнеледі. Тұрекең мен аңшы-бүркітші шал, қарт колхозшы Жансейіт бір-біріне тандана қарасып, ұғысқандай бас изесті. Жансейіт:   -           Кешегі айтқан қызыл балақ қыран. Суырды тағы қиядағы ұяға, ойдан тартып барады! - деді.   -           Анық қанды көз қыранның өзі. Жаман бүркіт болса, ұяны төменге салып, суырды жоғарыдан тартар еді. Мынаның өрге басып баратқанын көрмейсің бе? - деп, Тұрекең аспанға қарап, тамашалап отыр. Ол осы бүркіт туралы бір жақсы аңыз айтты.   -           Бұл - дағдылы қырандар тұқымы. Мынау Нарлардың ар жағында қырғызбен шекарада аса қиын бір құз бар. Сәті келген жылдарда бір жыл қырғыз, бір жыл қазақ аңшылары 12 арқан жалғап, сол ұяға кісі салдырып, осылардың балапандарын алады. Ал, бұл жақсы бүркіт екені мынадан мәлім. Дәл осы тұқымның ұябасары жұмыртқалағанда, жалтыр тастың басына, үскіріп тұрған аязда, ақпан-қаңтарда жұмыртқалайды. Содан жұмыртқасын баспай, тек қасына қонып отырады. Кей жұмыртқасы аязда шытынап, жарылып та қалады. Жарылмай қалған жұмыртқаны қыран ана көктем шығып, күн көзі жылынған соң ғана бауырына басады. Міне, қыран шыққанда, жаңағыдай асыл қыран шыққанда, сол қыста туған жұмыртқадан шығады, - деді.   Бұл әңгіме колхозшылардың көбін таң қалдырды. Жұрт басын шайқап, тамашалап, таңдай қағысты. Жиын ішінде мынау ақ қойлар шаруасын өндіткен ғылым-тәжірибе институтының директоры Хасен бағанадан үндемей отыр еді. Енді сол жаңағы қарт әңгімесіне қатты сүйсініп, қуана күліп қостай жөнелді.   -           Тұреке, мынау әңгімеңіз анық асыл сөз екен. Халықтың даналығы деген дәл осы ғой. Жаңағы бүркіт турасындағы сөзді соның алдында өзіңіз айтқан ақ қойлар тұқымын шынықтырып өсіру жөніндегі тәжірибемізбен салыстырсаңызшы. Ойласаңыз, екеуі бір жерден шығып жатқан жоқ па! Ол да уыз бала күнінде шынықтырады. Біз де ана құрсағында қиын суық жағдайда шынықтырып, жаңа тұқымды өз жеріміздің өзгешелігіне көндіріп, үйретеміз. Солай өсіріп, өндіреміз деп отырмыз. Бұл екеуінің жөні, жолы бір жерден табысып жатқан жоқ па, Тұреке! - дегенде, Хасенді тыңдаған колхозшылар бастығы Тұрекең боп түгел қостады.   -           Рас айтасың, біреуі бүркіт, біреуі қой. "Екі арасы жер мен көктей" десек те, тегі, бұл жанды заттың ұқсауын айтсаңшы? - деп, Тұрекең ойланып қалды. Хасен енді ғылымдық байлау айтты.   -           Ұқсайтыны даусыз, оларды ұқсатып отырған жаратылыстың ортақ заңы. Бұл екеуінің сырын да биология ғылымы шешіп, тауып отыр. Біздің осы өңірдегі бар тұқымдарды араластырып, жаңа нәсілдер туғызамыз, өсіреміз деген тәжірибемізді бастап отырған зор ғылым да сол биология ғылымы, - деді.   Осы кезде бұл жиынның қасына жіті жүріп, бір салт атты жас жігіт келді. Күміс ер-тоқым ерттелген күдістеу келген семіз тор жорғасын деміктіріп келіп, біздің қасымызға жетіп еді. Жұртқа сәлем берді. Көңілді шыраймен амандасқан жігіт Әсембек атты атақты бір жас шабан болатын. "Работник" колхозының бір отар қойын көп жылдан бері бағып, ойдағыдай өсіріп жүрген шабан еді. Ол жыл сайын колхозынан мол сый алатын. Қазір кеудесінде екі ордені бар. Өкімет сыйлықтарын да жастайынан жақсы алған еді. Осы Әсембектің биылғы табысы тіпті өзгеше болды. Ол сыйлыққа бір басы осы көктемде 80 қой алған еді.   Бүгін сол Әсембек той жасайды екен. Бір қуанышы - алған сыйы, екінші қуанышы - жақында келіншегі босанып, еркек бала тапқан еді. Тұрекең бастаған барлық жиынға Әсембек қонаққа шақыра келген жайын өз аузынан айтты. Ақылды қария жас жігітке арнап, өзге жиынға де мегзеп, бір жақсы нақыл айтты.   -           Еңбекті еткен абзал, еңбекпен қатарыңнан өткен абзал. Бірақ қуанышында кіммен кісі болып, кіммен жақсылық табатыныңды ұмытпасаң, сонда жақсы болғаның! - деп, бір тұспал айтты да, Әсембекке қарап арнай сөйледі.   -           Жиренше шешен айтқан екен: "азаматтың жақсысы бір жан емес, бір өзі емес, төртеу, төрт сипатты болады", - депті. "О қалай?" - деп сұрағанға айтқаны: "біреуі - өзіңсің, екінші - ақылың, үшінші - досың, төртінші - халқың", - депті. Міне, біз де солай "халқыңмен азаматсың, азаматыңмен халықсың" дейміз, - дегенде, жұрт аса сүйсіне күліскен еді. Тұрекең ойы бүгін бір шабытты, тапқыр шағында екен. Ол тағы бір нақыл айтып кетті.   -           Жас кезімде, бір жиында, бір топ шешен қариялардың бір сөзді арлы-берлі топшылап, көп қағыстырғаны есіме түсіп отыр. Сонда "басшы пашша болса, елі кеще болар" деген сөз қалай айтылады екен!" - деп, біреу бастағанда, әр қария әр түрлі айтып келісе алмап еді. Бақсам, сондағы сөздің түйінін бүгінгі заман шешті ме деп тұрмын. Пашша кеткелі, елден кещелік кетіпті. Еңбекпен мына жаңа дүние, жаңа нәсіл тудырыппыз. Кещеліктен еңбегі асқан талапкер болса, қойшы демей, жалшы демей, бүгін, міне, бір кісінің еңбегіне 80 қойды өзі алыпты. Қан жайлаудың елін бір ғана қойшы қонақ еткелі отыр! - деді.   Әсембек ақсақал әңгімесіне алғыс айтып, ауыл жағына асыға қарап, бұл жиынның да тез жетуін өтінген еді. Жақын жердегі кең көгалға тігілген көп ақ үйлер осы Әсембектің қонақ шақырған үйлері болатын. Соған жан-жақтан аттылы қонақтар бірі жарысып, бірі салмақпен, аяңмен жылжып, топ-топ боп келісіп жатыр еді. Дөң басындағы жиын ішінен кейбіреулер күдік айтып қалысты.   "Таңертеңгі шайды ішкен жоқ едік. Үйге барып, шай ішіп барамыз" дегендер болды.   Оған Әсембектің аулынан келіп отырған аңшы қарт Жансейіт үн қатты. Ол осы жиынды қазір-ақ түгел апармақ еді. Жаңағы іркілгендерге қарап:   -           Тұрекең әңгімесі шайдан қалдырса да, үйге бармай, анау қонақ үйге жүріңдер. Әңгіме де, шай да, басқа талай жай да сонда әзір тұр. Не қыласыңдар! Дәл бір жиырма самауыр, мен көргенде бағана быжылдап, қашан ішесіңдер, - деп, сендерді тосып тұрған. Тек, жүрсеңдерші, - деп, жұртты күлдірді де, бастап кетті.   Малдың бәрін кең жайылысқа, мол суға өргізіп салған, күтім қамын қамтамасыз еткен шабандар Үшқоңыр жайлауында бүгін бір мол қызық, асыр салды. Түс кезінен бастап асқа тойып, атқа мінген соң, неше алуан ойын-сауық болды. Балуан күресу, ер сайысу, қыз қуу, құнан шаптыру, дәмелі жүйрік аттарды мәз салысып, жарысқа салып, сынасу болды. Бұл тойда қаладан келген атақты әншілер әсем ән шырқады. Ақындар айтысты. Ат үсті жиынға жаршылар өлеңдетіп жар айтып жүрді1. Алғашқы осындай көп түрлі мол мауықтар бір кезде Алатау елі ерекше сүйетін атақты көкпарға ауысты. Тау жайлауының тарлығына, шабар жердің өр-қиясына қарамай, сан жүздеген сәйгүлік мінген ер-азамат күні бойы, тіпті ымырт жабылып, сам жамырағанша додаға түсіп, көкпар тартумен болды. Сан шабандоздар мен әлденеше додашыл, көкпаршыл жүйріктер бүгін көрсеткен өнерлері үшін, осы іңірде, барлық Үшқоңыр жайлауларында, барлық ауыл-отарларда мақтан алып, ауызға ілінді.   Жайлаудың жалынды, қызық, әсем күнінің бірінде ер жігіт пен жүйрік ат атаулы өздері туралы жаңа аңыз-әңгімелер, мақтау өлеңдер туғызып жатты.   1948     Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 12:20 12237

Үшқоңыр жайлауында

 

Таудың жалтыр, ашық күні қуанта шықты. Биіктен қарағанда көкжиек шексіз боп кеңейіп, жырақтаған. Аспанда шаңқылдаған қыран ғана жүреді дегендей биікте отырмыз. Әуе таза, дүние жым-жырт. Биіктеген сайын үнсіз, мол сабырлы, кең тыныштық бар. Табиғат даналық танытады.

 

Зор биіктің бәрінің басы ұзақ тыныштыққа шомып тұрса керек. Тегі, үлкен атаулының бәрі айғайсыз, дырдусыз болғандай. Өз күшін танығанға да, танымағанға да бір қалыпты тыныш қана, елеусіз қарайтын тәрізді.

 

Бұл өлке Үшқоңыр жайлауы аталады. Биікте Үшқоңыр, Екінар, Түлкілі сай. Баурайда: үш сала боп ағатын Шың бұлақтар бар. Төскейлерде: Сәт жайлау, Қасқасу деген кең қоныстар, мол өрістер бар. Жайлай отырып, пішен шабатын мол шалғындар және бар. Ол Үлкен Дегерес, Кіші Дегерес аталады. Жанама, Қаратау, Ақшоқыдай қырғызға қарай асатын асулар бар. Қырғыз бен қазақ арасына ортақ жайлау Еңсу, Жасылкөл де жақын. Мынау биік жайлау, салқын белде отырса да, бізбен әңгімелескен колхозшылар Жасылкөлді өзгеше мадақтайды.

 

"Онда қымыз айрандай" деседі. Ол өңірді жайлаған мал да қысқа алабөтен мықты болады деседі. Қаладан келген бізге Жасылкөл жақсылығынан осы жайлаудың өз жарастығы да олқы емес, өзгеше рахат көрінеді.

 

Тау ішінде болсаң да, дөң басынан дүние бейнебір сахарадағыдай. Өзгеше кең тәрізденеді. Солда, бір шетте, жырақ жатқан Суықтөбе. Онда, онан да жырақ шекте Талғар биігі. Ауыл қасында, тай шаптырымда, тағы да қарлы биік бар. Басында түндегі жауыннан қар болып түскен боз көрпе жатыр. Мұсылман шалдарының тықыр өскен шашындағы молайып, өсіп келе жатқан буырылы тәрізді.

 

Сол мол дүние мынау ерте шақта тегіс дыбыссыз. Тек сол жым-жырт тау жайлаудың жанды өмірінің үзілмес белгісіндей боп бір суыл келіп тұр. Ол мәңгілік тек тұрлардың, терең құз бен шаттардың ерекше демалысы, тынысы сияқты. Сарындаған тынысы. Ол - сонау терең шатта тасқындаған тау бұлақтардың үздіксіз ағын сарыны.

 

Күн әлі көтерілген жоқ. Сондықтан көк қойнауларда, төскей алаңқайларда орналасқан мал атаулы да зор тыныштыққа бой ұрған. Өрген, жайылған мал қыбыры білінбейді. Жиілеп орналасқан отарлар, ауыл-ауылдар да әлі ояна қойған жоқ.

 

Үшқоңыр жайлауы - Жамбыл, Қаскелең сияқты аудандардың колхоз жайлауы. Бірнеше совхоз бен ауыл шаруа ғылымдарының тәжірибе шаруасының да жайлауы. Мұнда "Ленин" колхозы, "Амангелді", Киров, "Луч Востока", "Работник" сияқты талай бай колхоздар малдары кеп орналасқан. 10 мың, 14 мың, 20 мың қойлары бар колхоздар. Шаруа жарастығын келістірген совет жұртшылығының мүліктері. Сол колхоздар арасында ауыл шаруа ғылымының тәжірибе институты КИЖ-дің мал-мүлкі ерекше орын алады. Мұнда бір қой ғана емес, жылқының да неше тұқымы, түйенің де бар Қазақстаннан жиылған неше атасы бар.

 

Қой түлігін алсақ, ғылымдық тәжірибе жөнімен талай тектерді араластыра туыстыру үшін түгел жиған. Жер жүзіндегі қой тұқымының жүні асыл, еті жақсысы, жайылысқа берігі, құм мен тауға мекендеуге бейімі дәл осы шаруада сынға түседі.

 

Ойдағы құм мен осы тауды қыс - қыстау, жаз - жайлау етіп, түбегейлі мекені етіп кетуге жарайтын ең асылдар таңдалып алынбақ. Сондай сын-талғауға алынған тұқымдар саны мұнда мол. Жер шарының бір үйегінен, барлық мемлекеттерінен жиылып, осы институт оқымыстыларының, шабандарының сынына берілген 26 түрлі қой тұқымдары бар. Бұл күнде барлық шаруа түгел қызығатын, түгел өсіріп келе жатқан, сұрыпталып шыққан тұқымдар да бар. Ол - осы тауларда ата-тегі туып өскен қазақ қойлары ғана емес. Соңғы жылдарда бүкіл Одақ көлемінде атақ алған "ақ қойлар" дейтін асыл жүнді бір тұқым. Бұл - қазақ қойы мен европалық прекос екеуінің қосылуынан пайда болған жаңа тұқым. Оның жүні жібек, еті мен сүті бұрынғы қазақ қойынан кем емес, өсімі онан молырақ. Ал, қысқы құмда, жаз тау жайлауда жайылуы мен тойынуы қазақ қойынан артық болмаса, кем емес. Осындай өзгеше сапалы мал тұқымын тудырғаны үшін, Қазақстандағы кейбір мал маманы ғалымдар өткен жылдарда Мемлекеттік бәйгені де алған-ды. Ғылымдық ойды бастаушылар ғана табысқа жеткен жоқ. Алматы облысында бұл қойлар талай шабандарды, сан колхоз бригадирлерін де ірі табыстарға жеткізген.

 

Мынау қоныс-қоныста иіруде жатқан қой ажарына қарасаң, бәрінің де баққаны - сол "ақ қойлар" екенін көресің.

 

Күн көтеріле түсті. Отарлар ояна бастады. Қалың шалғында, көк беткейлерде жусап қалғыған жылқылар да ояна бастағандай. Бұрын олар шашыраған қалпында, әрбір орында кесек-кесек томардай, мызғымай сілейіп тұрып қалған еді. Түнгі жайылыстан тойып шыққан мал таңертеңгі шығырмақ күні бой қыздырып жатқандары жатқан күйде, тұрғаны тұрған қалпында соңғы бір тәтті ұйқыда болатын.

 

Оянған жайлаудың үндері үзіліп-үзіліп естіледі. Бірер рет қой маңырады. Жаңа ұйқыдан тұрып, енесін қасынан таппаған жас құлын шіңгір-шіңгір кісінейді. Ерте өрген сиыр мен теріс жайылып бара жатқан қой алдына бұйрықты үн берген шабандар даусы келеді. Адам үніне елігіп, қостан үрген иттер даусы естіледі. Жиі қонған отарлардың бозғыл үйлерінің түңліктері ашыла бастаған. Желсіз тыныш, тынық аспанға жіптіктей жіңішкелеп көк түтіндер көтеріле бастады. Әр отардың жанында әлі өріп кетпеген мың-мыңдаған қоралы қойлар иіріліп жатыр. Тығыз, тұтас жайласқан. Кей қойлар отары бертін - төменірек, кейбіреулері жоғарырақ - төскейде, кейбірі, тіпті, тасқа жабыса, аршаға араласа барып, өрлеп қонған. Үйірімге тығылған ақ көбіктей боп тұтасқан қоралы қойлар енді-енді қыбырсыз тыныштығын бұзып, әр тұстан маңырап, өре бастады. Енді жайлауға жан кіреді. Мал қыбырлап, адам үн қатып, қой-қозы маңырап, ат-айғырлар кісінеп, тыныш жайлауды оятты. Кейде алыс төскейден, терең шаттан, кейде Шың бұлақтардан немесе биік жота басынан, қалың арша арасынан, мол көгал жазықтан ерте шақтың үндері - сан түрлі үндер келеді. Халық малы жайыла жазылып, иен дүниені шұбарыта басып, маңырасып, маңғыстап барады. Бір белден қашаған қуған жылқышылар ағызып, тасырлатып шауып шықты. Өрге шапқан жүйрік ат, бедеу биелер қашағандарды қуа жүріп, қатты демігеді, ауыр тыныстары естіледі.

 

Ақ қойлардың үлкен тәжірибелі бақташысы - Естеместің отары беріде болатын. Соның мың қаралы қойы жақын белден бері қарай асып, жайылып шықты. Аршалы биік төскейге екінші қарт шабан Тұрекең отары мамырлап, өрлеп барады.

 

Ерте тұрып, малдарын өргізіп, басқарып, өрістетіп жіберген кәрі-жас шабандар біз отырған төбеге жиыла бастады. Жайлауға жаңа келген тәжірибелі шабандар биылғы жайлау шөбін, малдың жиылыс ынтасын, тойынын сөз қыла келеді. Бізге қарай жақындап келе жатқан Естемес қойларына қарап, ақ қойларға әр алуан мақтаулар айтысады.

 

Бұл қойлардың жайылысы да бөлек. Тұтасып аққан қалың жауын селіндей боп өрген қойдың алды иін тіресіп, жиі келеді. Шұбырмай ендеп, алды іркіліп қалыңдап, көбіктенген толқындай боп иіріле толқып алға басады. Бұл қойлардың жайылысы қазақ қойынан басқарақ екенін айтысқанымызда, әңгімеші, шешен қарт Тұрекең ақ қойдың қасиеттерін санайды.

 

-           Ақ мал жайылыста жосымайды. Тұмсығы ілінсе, тұрып алады, - деді. - Қазақ қойы мұндай емес, елеңдеп жүреді. Айт десең де, ысқырсаң да жапырылып береді. Мынау жайылысқа бір шыққан соң, басын жерден көтермейді. Жабысып жүріп жер табандап нәр жияды.

 

-           Қыстыгүні құмда да осылай!

 

-           Қатты қыстың жұтынан қорықпайтын болды ғой.

 

-           Құм мен таудың өз тумасы боп кетті ғой.

 

-           Алғашқы келген кезінде прекос қандай сұм еді, - десіп, шабандар осы ақ қойдың ата-тегі прекосты еске алысты. Оның жүні асыл болғанымен, қазақ қойына шатысып, жаңа тұқым шығарғанша, алғашқы өз тегі өте әлсіз болатын. Қыс құмда күн көру былай тұрсын, осы тауда да жайылысқа жоқ еді. Қозысы қандай қызылшақа боп туып, адамның баласынан бетер күтім тілейтін. Бүгін мына қойлар ішінде жап-жас ақ қозылар да бірге жайылады.

 

-           Мұның шымырлық, беріктігі осы тауда туып-өскен елік пен тау ешкінің лағынан кем емес, - деп, бір шабан мақтау айтты. Тұрекең бұл тұқымның асылдануы шынықтырудан екенін аңғартады.

 

-           Баяғыда айтпаушы ма еді. "Баланы жастан, келінді бастам" деп. Бұл қозының енесі қыс бойы құм кезіп, өз аяғымен, тебінмен күн көреді. Сонда бұл қозы ене құрсағында бір шынықты. Туғанда да көктемнің қара суығында, құм-шұқырда туып, ауызданады. Тәрбие мен тәжірибе дегеніңді ғылым бастағанда, мал сапасы осылай болады екен ғой. Шынығып, шымырлап, енді міне, асыл қой, ақ қойдың өзі де өзгеден озды. Бізге де береке таптырып отырған жоқ па! - деді.

 

Осы кезде, әңгімеде отырған бәріміздің төбе жағымызда, биікте суылдап аққан бір оқшау дыбыс оқыс естілді. Отырғандар тегіс жоғарыға жалт-жалт қарасты. Сүйтсек, аспанда екі бүркіт бір суырды кезектеп көтеріп, ақ қарлы Үлкен Нардың шың биігіне қарай әкетіп барады екен. Біреуі бірталай жер апарып, қанаты талғанда түсіріп жіберсе, екіншісі қағып алып, өрлей жөнеледі. Тұрекең мен аңшы-бүркітші шал, қарт колхозшы Жансейіт бір-біріне тандана қарасып, ұғысқандай бас изесті. Жансейіт:

 

-           Кешегі айтқан қызыл балақ қыран. Суырды тағы қиядағы ұяға, ойдан тартып барады! - деді.

 

-           Анық қанды көз қыранның өзі. Жаман бүркіт болса, ұяны төменге салып, суырды жоғарыдан тартар еді. Мынаның өрге басып баратқанын көрмейсің бе? - деп, Тұрекең аспанға қарап, тамашалап отыр. Ол осы бүркіт туралы бір жақсы аңыз айтты.

 

-           Бұл - дағдылы қырандар тұқымы. Мынау Нарлардың ар жағында қырғызбен шекарада аса қиын бір құз бар. Сәті келген жылдарда бір жыл қырғыз, бір жыл қазақ аңшылары 12 арқан жалғап, сол ұяға кісі салдырып, осылардың балапандарын алады. Ал, бұл жақсы бүркіт екені мынадан мәлім. Дәл осы тұқымның ұябасары жұмыртқалағанда, жалтыр тастың басына, үскіріп тұрған аязда, ақпан-қаңтарда жұмыртқалайды. Содан жұмыртқасын баспай, тек қасына қонып отырады. Кей жұмыртқасы аязда шытынап, жарылып та қалады. Жарылмай қалған жұмыртқаны қыран ана көктем шығып, күн көзі жылынған соң ғана бауырына басады. Міне, қыран шыққанда, жаңағыдай асыл қыран шыққанда, сол қыста туған жұмыртқадан шығады, - деді.

 

Бұл әңгіме колхозшылардың көбін таң қалдырды. Жұрт басын шайқап, тамашалап, таңдай қағысты. Жиын ішінде мынау ақ қойлар шаруасын өндіткен ғылым-тәжірибе институтының директоры Хасен бағанадан үндемей отыр еді. Енді сол жаңағы қарт әңгімесіне қатты сүйсініп, қуана күліп қостай жөнелді.

 

-           Тұреке, мынау әңгімеңіз анық асыл сөз екен. Халықтың даналығы деген дәл осы ғой. Жаңағы бүркіт турасындағы сөзді соның алдында өзіңіз айтқан ақ қойлар тұқымын шынықтырып өсіру жөніндегі тәжірибемізбен салыстырсаңызшы. Ойласаңыз, екеуі бір жерден шығып жатқан жоқ па! Ол да уыз бала күнінде шынықтырады. Біз де ана құрсағында қиын суық жағдайда шынықтырып, жаңа тұқымды өз жеріміздің өзгешелігіне көндіріп, үйретеміз. Солай өсіріп, өндіреміз деп отырмыз. Бұл екеуінің жөні, жолы бір жерден табысып жатқан жоқ па, Тұреке! - дегенде, Хасенді тыңдаған колхозшылар бастығы Тұрекең боп түгел қостады.

 

-           Рас айтасың, біреуі бүркіт, біреуі қой. "Екі арасы жер мен көктей" десек те, тегі, бұл жанды заттың ұқсауын айтсаңшы? - деп, Тұрекең ойланып қалды. Хасен енді ғылымдық байлау айтты.

 

-           Ұқсайтыны даусыз, оларды ұқсатып отырған жаратылыстың ортақ заңы. Бұл екеуінің сырын да биология ғылымы шешіп, тауып отыр. Біздің осы өңірдегі бар тұқымдарды араластырып, жаңа нәсілдер туғызамыз, өсіреміз деген тәжірибемізді бастап отырған зор ғылым да сол биология ғылымы, - деді.

 

Осы кезде бұл жиынның қасына жіті жүріп, бір салт атты жас жігіт келді. Күміс ер-тоқым ерттелген күдістеу келген семіз тор жорғасын деміктіріп келіп, біздің қасымызға жетіп еді. Жұртқа сәлем берді. Көңілді шыраймен амандасқан жігіт Әсембек атты атақты бір жас шабан болатын. "Работник" колхозының бір отар қойын көп жылдан бері бағып, ойдағыдай өсіріп жүрген шабан еді. Ол жыл сайын колхозынан мол сый алатын. Қазір кеудесінде екі ордені бар. Өкімет сыйлықтарын да жастайынан жақсы алған еді. Осы Әсембектің биылғы табысы тіпті өзгеше болды. Ол сыйлыққа бір басы осы көктемде 80 қой алған еді.

 

Бүгін сол Әсембек той жасайды екен. Бір қуанышы - алған сыйы, екінші қуанышы - жақында келіншегі босанып, еркек бала тапқан еді. Тұрекең бастаған барлық жиынға Әсембек қонаққа шақыра келген жайын өз аузынан айтты. Ақылды қария жас жігітке арнап, өзге жиынға де мегзеп, бір жақсы нақыл айтты.

 

-           Еңбекті еткен абзал, еңбекпен қатарыңнан өткен абзал. Бірақ қуанышында кіммен кісі болып, кіммен жақсылық табатыныңды ұмытпасаң, сонда жақсы болғаның! - деп, бір тұспал айтты да, Әсембекке қарап арнай сөйледі.

 

-           Жиренше шешен айтқан екен: "азаматтың жақсысы бір жан емес, бір өзі емес, төртеу, төрт сипатты болады", - депті. "О қалай?" - деп сұрағанға айтқаны: "біреуі - өзіңсің, екінші - ақылың, үшінші - досың, төртінші - халқың", - депті. Міне, біз де солай "халқыңмен азаматсың, азаматыңмен халықсың" дейміз, - дегенде, жұрт аса сүйсіне күліскен еді. Тұрекең ойы бүгін бір шабытты, тапқыр шағында екен. Ол тағы бір нақыл айтып кетті.

 

-           Жас кезімде, бір жиында, бір топ шешен қариялардың бір сөзді арлы-берлі топшылап, көп қағыстырғаны есіме түсіп отыр. Сонда "басшы пашша болса, елі кеще болар" деген сөз қалай айтылады екен!" - деп, біреу бастағанда, әр қария әр түрлі айтып келісе алмап еді. Бақсам, сондағы сөздің түйінін бүгінгі заман шешті ме деп тұрмын. Пашша кеткелі, елден кещелік кетіпті. Еңбекпен мына жаңа дүние, жаңа нәсіл тудырыппыз. Кещеліктен еңбегі асқан талапкер болса, қойшы демей, жалшы демей, бүгін, міне, бір кісінің еңбегіне 80 қойды өзі алыпты. Қан жайлаудың елін бір ғана қойшы қонақ еткелі отыр! - деді.

 

Әсембек ақсақал әңгімесіне алғыс айтып, ауыл жағына асыға қарап, бұл жиынның да тез жетуін өтінген еді. Жақын жердегі кең көгалға тігілген көп ақ үйлер осы Әсембектің қонақ шақырған үйлері болатын. Соған жан-жақтан аттылы қонақтар бірі жарысып, бірі салмақпен, аяңмен жылжып, топ-топ боп келісіп жатыр еді. Дөң басындағы жиын ішінен кейбіреулер күдік айтып қалысты.

 

"Таңертеңгі шайды ішкен жоқ едік. Үйге барып, шай ішіп барамыз" дегендер болды.

 

Оған Әсембектің аулынан келіп отырған аңшы қарт Жансейіт үн қатты. Ол осы жиынды қазір-ақ түгел апармақ еді. Жаңағы іркілгендерге қарап:

 

-           Тұрекең әңгімесі шайдан қалдырса да, үйге бармай, анау қонақ үйге жүріңдер. Әңгіме де, шай да, басқа талай жай да сонда әзір тұр. Не қыласыңдар! Дәл бір жиырма самауыр, мен көргенде бағана быжылдап, қашан ішесіңдер, - деп, сендерді тосып тұрған. Тек, жүрсеңдерші, - деп, жұртты күлдірді де, бастап кетті.

 

Малдың бәрін кең жайылысқа, мол суға өргізіп салған, күтім қамын қамтамасыз еткен шабандар Үшқоңыр жайлауында бүгін бір мол қызық, асыр салды. Түс кезінен бастап асқа тойып, атқа мінген соң, неше алуан ойын-сауық болды. Балуан күресу, ер сайысу, қыз қуу, құнан шаптыру, дәмелі жүйрік аттарды мәз салысып, жарысқа салып, сынасу болды. Бұл тойда қаладан келген атақты әншілер әсем ән шырқады. Ақындар айтысты. Ат үсті жиынға жаршылар өлеңдетіп жар айтып жүрді1. Алғашқы осындай көп түрлі мол мауықтар бір кезде Алатау елі ерекше сүйетін атақты көкпарға ауысты. Тау жайлауының тарлығына, шабар жердің өр-қиясына қарамай, сан жүздеген сәйгүлік мінген ер-азамат күні бойы, тіпті ымырт жабылып, сам жамырағанша додаға түсіп, көкпар тартумен болды. Сан шабандоздар мен әлденеше додашыл, көкпаршыл жүйріктер бүгін көрсеткен өнерлері үшін, осы іңірде, барлық Үшқоңыр жайлауларында, барлық ауыл-отарларда мақтан алып, ауызға ілінді.

 

Жайлаудың жалынды, қызық, әсем күнінің бірінде ер жігіт пен жүйрік ат атаулы өздері туралы жаңа аңыз-әңгімелер, мақтау өлеңдер туғызып жатты.

 

1948

 

 

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға