Жаңалықтар

Тың ойлары

Тың ойлары Тың жайын ауызға алсақ, талай тың ойлар көңілге оралады. Ұлы Отан байлығын молайтатын, жаңадан табылып, ашылған кен қазынадай кең молшылық пен бұрын басталмаған байлық Отан игілігіне оңынан оралғанын ойлаймыз. Әрине, тынды айтқанда, Қазақстан көлемінде бүгінде арнайы аталатын Тың өлкесін еске аламыз. Соған жалғас тыңды игеру шарасы жалғыз ол өлке емес, Қазақстанның басқа барлық облыстарында да өзінің игі мол үлгісін тудырғанын білеміз. Қазір Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын атасақ, енді биыл күріш өсіретін Сыр бойының мол аймақтарын алсақ, бұлар да тың жайындағы ойларды өсіре түсетін деректерін қосады. Көп жылдардан бері Оңтүстік Қазақстанда, Мырза шөлде анық ғылымдық мәдениетті өнерге сүйеніп, мол мақта өндіріп жатқан Қазақстан совхоздарын, колхоздарын және де тың ырысы деп сезінеміз. Әрине, оларды осылай атай тұра, бүкіл одақ көлемінде ұлы шешім жасаған Орталық партия Комитетінің Январь пленумын еске алғанда, арнай атай сөйлейтініміз сол Тың өлкесі болады. Бүгінгі бүкіл отандық ырыс өлкесі болып отырған ұлан-ғайыр қырларда, далаларда, ұшы-қиыры жоқ жазықтарда, сахарада бұрын қыбырсыз елсіздік, құлазыған меңіреу жабайылық тыныштығы ғана болушы еді. Совет адамының өзі үшін де жер өгей, жел сөгедей күйлер, күй емес-ау, күйсіздіктер меңдеген болатын. Өскенде тек әр алуан шөп атасы, селдір бұтасы өсетін. Мәңгі желдей, Арқа желіне үнсіз қуарып шұлғыған ақселеу, боз көде, сирек сасыр көзге ілінетін. Бұл күнде әр тұқымды асыл дән елсіз, нәрсіз болған даланың енді ғана иіген желінінен алтын дән боп ағып тұрғандай. Көп жан келді. Өнерлі қолдарында өнімді машиналар бар. Білгір бас билеген әрі шебер, әрі шөгел техника-механика, тыңның тыныштығын өлке мен Отан бақыты үшін бұзып-түзеп, жаңғырта көркейтіп келеді. Отанның шартарабынан социалистік шаруаның еңбексүйгіш жас қауымы жиыла келіп, кең далаға кенеулі ырыс орнатып жатыр. Біздің республиканың өзінің де ұл-қыздары, саналы ер-азаматы әр сала шаруада, әртүрлі сол мол құт даласына еңбек сіңіруді азамат қарызы деп біледі. Сондайлық зор биік санамен тыңның әр саты шаруаларында өз мамандық білімдерін жұмсап, туған өлкесіне еңбек ету бұдан былай да өсетін, өнер табатын республика жастарының тарихтық міндеті деп білеміз. Қазақстан сыртынан келген тың игеруші өнерлі, саналы жас азаматтардың бәріне де ендігі сүйікті мекені, қымбат мекені болуы керек. Сол үшін олар да өздерінің болашағын, бас тірлігін, үй іші табыс, бақытын — бәрін де осы жаңа Отанымен жалғастыра, байланыстыра ойлап, сезіну шарт. Олар тек өздері еңбек етіп жүрген саласын ғана білмей, бүкіл Қазақстанның бар болмыс шындығын, мүмкіншілігін, алдағы жарқын даму-өсу жолдарын да танып білу қажет. Сол сияқты және Қазақстан тарихының да арғы-бергі жайларын, шындарын, өзгешеліктерін білу керек. Ол жөнде де білімдерін безеп, арттыра беру шарт. Себебі социалистік тыңды игеріп, Ұлы Отанның социалистік шаруасын үдетуші, байытушы жұртшылық атаулының бәрі — өздері де тарихты жасаушылар. Тарихты жасаушы, тарихтың ұлы-қызы бұрынғы-соңғы тарихтың әр сырын, бар сырын біле өсудің өзі де советтік социалистік тәрбиенің ұлы мазмұн, мағынасы деп білеміз. Мұхтар Әуезов
05.12.2012 12:16 3743

Тың ойлары

Тың жайын ауызға алсақ, талай тың ойлар көңілге оралады. Ұлы Отан байлығын молайтатын, жаңадан табылып, ашылған кен қазынадай кең молшылық пен бұрын басталмаған байлық Отан игілігіне оңынан оралғанын ойлаймыз. Әрине, тынды айтқанда, Қазақстан көлемінде бүгінде арнайы аталатын Тың өлкесін еске аламыз. Соған жалғас тыңды игеру шарасы жалғыз ол өлке емес, Қазақстанның басқа барлық облыстарында да өзінің игі мол үлгісін тудырғанын білеміз.

Қазір Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын атасақ, енді биыл күріш өсіретін Сыр бойының мол аймақтарын алсақ, бұлар да тың жайындағы ойларды өсіре түсетін деректерін қосады. Көп жылдардан бері Оңтүстік Қазақстанда, Мырза шөлде анық ғылымдық мәдениетті өнерге сүйеніп, мол мақта өндіріп жатқан Қазақстан совхоздарын, колхоздарын және де тың ырысы деп сезінеміз.

Әрине, оларды осылай атай тұра, бүкіл одақ көлемінде ұлы шешім жасаған Орталық партия Комитетінің Январь пленумын еске алғанда, арнай атай сөйлейтініміз сол Тың өлкесі болады.

Бүгінгі бүкіл отандық ырыс өлкесі болып отырған ұлан-ғайыр қырларда, далаларда, ұшы-қиыры жоқ жазықтарда, сахарада бұрын қыбырсыз елсіздік, құлазыған меңіреу жабайылық тыныштығы ғана болушы еді. Совет адамының өзі үшін де жер өгей, жел сөгедей күйлер, күй емес-ау, күйсіздіктер меңдеген болатын.

Өскенде тек әр алуан шөп атасы, селдір бұтасы өсетін. Мәңгі желдей, Арқа желіне үнсіз қуарып шұлғыған ақселеу, боз көде, сирек сасыр көзге ілінетін. Бұл күнде әр тұқымды асыл дән елсіз, нәрсіз болған даланың енді ғана иіген желінінен алтын дән боп ағып тұрғандай. Көп жан келді. Өнерлі қолдарында өнімді машиналар бар. Білгір бас билеген әрі шебер, әрі шөгел техника-механика, тыңның тыныштығын өлке мен Отан бақыты үшін бұзып-түзеп, жаңғырта көркейтіп келеді.

Отанның шартарабынан социалистік шаруаның еңбексүйгіш жас қауымы жиыла келіп, кең далаға кенеулі ырыс орнатып жатыр. Біздің республиканың өзінің де ұл-қыздары, саналы ер-азаматы әр сала шаруада, әртүрлі сол мол құт даласына еңбек сіңіруді азамат қарызы деп біледі. Сондайлық зор биік санамен тыңның әр саты шаруаларында өз мамандық білімдерін жұмсап, туған өлкесіне еңбек ету бұдан былай да өсетін, өнер табатын республика жастарының тарихтық міндеті деп білеміз.

Қазақстан сыртынан келген тың игеруші өнерлі, саналы жас азаматтардың бәріне де ендігі сүйікті мекені, қымбат мекені болуы керек. Сол үшін олар да өздерінің болашағын, бас тірлігін, үй іші табыс, бақытын — бәрін де осы жаңа Отанымен жалғастыра, байланыстыра ойлап, сезіну шарт. Олар тек өздері еңбек етіп жүрген саласын ғана білмей, бүкіл Қазақстанның бар болмыс шындығын, мүмкіншілігін, алдағы жарқын даму-өсу жолдарын да танып білу қажет. Сол сияқты және Қазақстан тарихының да арғы-бергі жайларын, шындарын, өзгешеліктерін білу керек. Ол жөнде де білімдерін безеп, арттыра беру шарт. Себебі социалистік тыңды игеріп, Ұлы Отанның социалистік шаруасын үдетуші, байытушы жұртшылық атаулының бәрі — өздері де тарихты жасаушылар. Тарихты жасаушы, тарихтың ұлы-қызы бұрынғы-соңғы тарихтың әр сырын, бар сырын біле өсудің өзі де советтік социалистік тәрбиенің ұлы мазмұн, мағынасы деп білеміз.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға