Жаңалықтар

Тагордың кемеңгерлігі

Тагордың кемеңгерлігі   Үнді халқының рухани мәдениетінің даналыққа толы, әрі алуан түрлі, ұлан-ғайыр аясында Рабиндранат Тагордың тамаша тұлғасы ғажайып жарқырап көрінеді. Ол шет жұрттың бұғауынан босар шақтағы жаңа Үндістанның құдіретті де қуатты бейнесінде. Оның тұлғасы Батыс пен Шығыс мәдениетінің тұтаса тоғысқан бір әлемінде, асқар алып шыңындай.   Өз шығармаларының бүкіл мазмұнымен, өзгеше бітімімен өзінің үнді дүниесімен етене байланысты. Оның үстіне, Тагор - қазіргі заман талабына тіл қатқан лирик - ақын; Тагор - новеллист әм романист; Тагор - драматург, публицист. Өзінің өзгеше жазушылық мәдениетінде ол қазіргі Батыстың творчестволық дәстүрлерін де мол баураған.   Бұл күндері, ұлы ақынды барша жұрт дән разы көңілмен еске алып жатқан шақта, әрқайсысымыздың да ол жайындағы ой-толғаныстарымызды аздап та болса айтпасқа лажымыз жоқ. Бұл орайда мен Рабиндранат Тагордың өзгеше әрі айрықша бақытты тағдыры жайында ең алдымен атап айтар едім.   Бағзы бір ақындар, жалпы творчество адамдары болады. Олардың мұрасы лап етіп, жарқ ете қалады да, тас қараңғы сөніп жүре береді. Тарих үшін олар бейне бір құйрықты жұлдыздай. Бірақ сөніп жоғалуы да тез. Бұлардан алуан бөлек ақындар, суреткерлер бар. Олардың шығармалары сіздің ой-сана көгіңізде мәңгі-бақи сөнбейді, өмір бойы тап қасында болады. Олар бейне бір тарихтың шұғыла шашқан серігінде. Тагор тағдыры да осыған меңзес. Бұл орайда бір халықтың перзенті болған Тагор бұл күнде талай-талай халықтың ұлы болып кеткенін, бір кезде екі тілде (бенгал және ағылшын) жазған ақын қазір екі жүзге тарта тілде сөйлейтінін, бір ғана елдің - Үндістанның ғана адамы енді барша жұрттың, бүкіл бес континенттің азаматы болғанын қалайша еске түсірмессің. Бір ғана тарихи дәуірде дәурен кешсе де, ол болашақ сан - сан ғасырлар бойына да өлмей, өшпей, жасай бермек. Міне, бұл ақынның кісі қызығарлық талайы, бақытты тағдыры осындай.   Рас, бұл жайды басқа замандарда өмір сүрген, басқа жұрттардың классиктеріне орайластырып та айтуға болады. Сол жайды Тагорға тұтастай арнап айтудан оның бағасы кемімейді. Бұл - Тагор әлем әдебиетінің сан аулы ғана классиктерімен терезесі тең халде, соларға барабар күйде деген сөз. Оның атақ-даңқы шартарапқа жайылуы да осыдан. Бүкіл жұмыр жер оның Отанына айналды.   Бірак Тагор жайында сөз еткенде,біздің еліміздің - Совет Одағының жөні айрықша бөлек. 1913 жылдан бастап Тагор Россияда орыс, грузин, татар тілдерінде шығады. Ал совет дәуірінде оның шығармалары Совет Одағының 18 халқының тілінде 180 рет басылып шықты. Сол шығармалардың жалпы тиражы - 3 миллиондай.   Ал енді, яғни туғанына жүз жыл толуына байланысты Тагор Совет Одағындағы қырық халықтың тілінде аударылып шықпақ. Бұл айтылғандар Тагор өзіміздің төл әдебиеттеріміздің бір классигінде болып кеткенін көрсетеді.   Бейбітшіліктің дүниежүзілік Советінің ұранына үн қосып, Қазақстан жұртшылығы 1961 жылы 7 майда Тагордың туғанына 100 жыл толуын молынан мерекелеуге әзірленіп жатыр. Қазақ халқына Тагор ежелден-ақ, яғни орыс тіліне аударылған шығармалары арқылы мағлұм. Тагор шығармаларының орыс тіліндегі он екі томдығы Қазақстанда да кең таралды. Қалың жұрттың Тагорға деген ықылас - пейілін ескере отырып, Тагор шығармаларын қазақ тілінде үш том етіп шығару қажет деп табылған еді. Енді Тагор шығармаларының бес томдығы қазақ тілінде шығарылмақ. Тагорды аудару ісі одан әрі де жалғаса бермек. Республикалық және облыстық газеттер Тагор күнін мерекелеп өтуге даярлық үстінде. Тагорды еске түсіруге арналған сурет көрмесі де әзірленуде.   Бір нәрсе айдан анық. Тілдік - нәсілдік және ұғым - нанымдық шектен аттап өтіп, Тагор біздің еліміздің халықтарына келіп жетті. Ол әр семьяға ананы мейірлендіре, жастық шақты қанаттандырса, әкені даналық ойға кенелдіре келді, халықтардың, тіпті бүкіл прогресшіл адам баласының бауырластық ұлы сезімін нығайта келді. Осы орайда біз Тагордың мұрагері, мирасқоры тәріздіміз. Рас, біз оның шығармаларын түпнұсқада, ағылшын немесе бенгал тілінде оқи алмаймыз. Бірақ біз үнді классигінің прозасы мен өлендерін туған еліміз халықтарының өзімізге түсінікті бес - алты тілінде оқимыз. Сөйтіп, біздегі әр жазушының рухани қорында Тагор мәдениеті мен творчестволық тәжірибесінің де өзіндік орны, мән-мағынасы бар.   Өзінің творчестволық тағдырын өз халқының, өз елі - жұртының тағдырымен табыстыруды да терең, толғана ойлаған талай-талай жазушы Тагор мұрасындағы нәр мен құнардан ғажайып тағылым табады.   Өзінің әдеби творчествосы, суреттері мен публицистикасы, белсенді қоғамдық-саяси қызметі арқылы Тагор басқа жұртты өз халқының рухани өмірімен, тұрмысымен, дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, оның қуанышымен, қайғы - қасіретімен таныстыруда ұлан-ғайыр іс тындырды.   Россиядағы Ұлы Октябрь революциясынан кейін, Рабиндранат Тагор интернационализм идеяларын әсіресе беріле насихаттады.Ал Амритсардағы бейбіт демонстрацияға оқ атылғанда, ол өзіне 1915 жылы ағылшын үкіметі сыйға тартқан баронеттік құрметті титулдан бас тартты. "Менің отандастарымды адам қатарында санамай, аяқ асты етіп жатқанда, - деп жазды ол,- менің қандай да бір артықшылық көруім мүмкін емес. Мен бұған ұяламын".   Жас советтік республика - өзіне де, халыққа жат империализм системасына, отаршылдыққа қарсы тұратын күш екендігін Тагор көре білді.   Тагорға тұстас Үндістанның өмірі, оның езілген, қорлық көрген халқы өмірінің әлеуметтік-психологиялық, саяси - қоғамдық жақтары, тұрмысы, отаршылдардың халықты қайыршылыққа душар етуі - міне, Тагор творчествосының негізгі тақырыбы осы еді. Тагор - тек Үндістанның ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүниежүзі халықтарының, халықаралық ынтымақ пен көктеп өсу, гуманизм идеяларын ардақ тұтатын жандардың баршасының аса ұлы мәдени жеңісі болып табылады.   Тагор әңгімелерінің феодализм мен отаршылдыққа қарсы бағытталғандығы да даусыз. Рас, бұл әңгімелер күреске ашықтан-ашық шақырмайды. Бірақ олар объективті түрде соған үндейтіні күмәнсіз. Жазушы халықтың асқақ моральдық, адамгершілік бейнесін нанымды да шынайы ашады, оның ауыр, қараңғы өмірін көрсетеді. Тагор әңгімелерінің аса құнды ерекшеліктерінің бірі де осында. Ол қарапайым жандарды мейірлене суреттейді және байлардың сарайларынан гөрі жадау лашықтарда адамгершілік мол екендігіне оқушының көзін жеткізеді ("Пәруайсыз Гамканая", "Оңалмас бақытсыздық" және басқа да әңгімелер).   Оның "Тау" атты романы бүкіл үнді әдебиетіне зор ықпалын тигізді. Тагормен тұтас және оның мұрагерлері болған көп жазушылар сол романнан тағылым алды. Езіліп қаналған, қасірет шеккен Үндістанға деген аяулы сүйіспеншілік сезімі романның әр тарауынан - ақ байқалады және елді азат ету жолындағы күреске үндейді. Бұл - Үндістандағы сыншыл реализмнің аса ірі тұңғыш шығармаларының бірі.   Социализм еліне келіп қайтуы жазушының дүние тануының өсіп, толысуындағы ерекше бір кезең болды. Тагор мәдениет қайраткерлерімен, шаруалармен, студенттермен, пионерлермен кездеседі, СССР - дағы ағарту жүйесіне, ауыл шаруашылығын дамыту тәсіліне ықылас қойып, көңіл бөледі. Ол халық бұқарасына білім беру және мәдениет мәселесіне де зор ынта қояды.   Сол кезде сөйлеген сөздерінің бірінде ол былай дейді: "Менің қызметім - тәлім-тәрбие беру. Адам баласын толғандырған мәселелердің бәрі де өзінің түбегейлі шешімін тәрбиеден табатындығына мен сенемін". Тагордың совет адамдарымен кездесуі жүрек тебірентерлік жағдайда өтті. 1930жылы 17 сентябрьде Москвада Тагордың соңғы жылдары салған суреттерінің көрмесі ашылды. Соғыс атаулыға жаны қас Тагор жаңа соғыс өртін тұтандыруға даярланып жатқан импералистерге өшпенділігі өршіген сайын гуманист - жазушының Совет Одағына деген достық сезімдері, татаусыз ықыласы соншалықты өсіп, тереңдей түсті.   "Цивилизация дағдарысы" (1941 жылдың апрелі) атты мақаласы жазушының публицистік қызметінің қорытындысы тәрізді болды. Бұл мақала Үндістанды езіп - жаншыған британ империализміне деген кекті қарсылық, айбарлы айыптау рухына толы. "Тарих дөңгелегінің жүрісі көп кешікпей ағылшындарды Үндістаннан кетуге мәжбүр етеді. Сонда олар артында не қалдырмақ? Олардың екі жүз жылға созылған өктемдігінің тасқыны суалып тартылғанда, олардың соңында балдыр басқан, кір - лайсаң жайлаған телегей ғана қалады", - деп жазды Тагор.   Рабиндранат Тагор үнді әдебиетінің дамуына тұтас дәуір құраған шығармалар тудырды. Оның шығармалары терең лиризмге, өмірдің шұғылалы нұр шапағына толы. Тагордың өз Отаны азат болуын аңсауды мұрат етуден туған аса ірі айтулы шығармаларын мәңгі-бақи ескірте алмайтын да осындай қадір-қасиеті. Мұхтар Әуезов          
05.12.2012 11:50 5355

Тагордың кемеңгерлігі

 

Үнді халқының рухани мәдениетінің даналыққа толы, әрі алуан түрлі, ұлан-ғайыр аясында Рабиндранат Тагордың тамаша тұлғасы ғажайып жарқырап көрінеді. Ол шет жұрттың бұғауынан босар шақтағы жаңа Үндістанның құдіретті де қуатты бейнесінде. Оның тұлғасы Батыс пен Шығыс мәдениетінің тұтаса тоғысқан бір әлемінде, асқар алып шыңындай.

 

Өз шығармаларының бүкіл мазмұнымен, өзгеше бітімімен өзінің үнді дүниесімен етене байланысты. Оның үстіне, Тагор - қазіргі заман талабына тіл қатқан лирик - ақын; Тагор - новеллист әм романист; Тагор - драматург, публицист. Өзінің өзгеше жазушылық мәдениетінде ол қазіргі Батыстың творчестволық дәстүрлерін де мол баураған.

 

Бұл күндері, ұлы ақынды барша жұрт дән разы көңілмен еске алып жатқан шақта, әрқайсысымыздың да ол жайындағы ой-толғаныстарымызды аздап та болса айтпасқа лажымыз жоқ. Бұл орайда мен Рабиндранат Тагордың өзгеше әрі айрықша бақытты тағдыры жайында ең алдымен атап айтар едім.

 

Бағзы бір ақындар, жалпы творчество адамдары болады. Олардың мұрасы лап етіп, жарқ ете қалады да, тас қараңғы сөніп жүре береді. Тарих үшін олар бейне бір құйрықты жұлдыздай. Бірақ сөніп жоғалуы да тез. Бұлардан алуан бөлек ақындар, суреткерлер бар. Олардың шығармалары сіздің ой-сана көгіңізде мәңгі-бақи сөнбейді, өмір бойы тап қасында болады. Олар бейне бір тарихтың шұғыла шашқан серігінде. Тагор тағдыры да осыған меңзес. Бұл орайда бір халықтың перзенті болған Тагор бұл күнде талай-талай халықтың ұлы болып кеткенін, бір кезде екі тілде (бенгал және ағылшын) жазған ақын қазір екі жүзге тарта тілде сөйлейтінін, бір ғана елдің - Үндістанның ғана адамы енді барша жұрттың, бүкіл бес континенттің азаматы болғанын қалайша еске түсірмессің. Бір ғана тарихи дәуірде дәурен кешсе де, ол болашақ сан - сан ғасырлар бойына да өлмей, өшпей, жасай бермек. Міне, бұл ақынның кісі қызығарлық талайы, бақытты тағдыры осындай.

 

Рас, бұл жайды басқа замандарда өмір сүрген, басқа жұрттардың классиктеріне орайластырып та айтуға болады. Сол жайды Тагорға тұтастай арнап айтудан оның бағасы кемімейді. Бұл - Тагор әлем әдебиетінің сан аулы ғана классиктерімен терезесі тең халде, соларға барабар күйде деген сөз. Оның атақ-даңқы шартарапқа жайылуы да осыдан. Бүкіл жұмыр жер оның Отанына айналды.

 

Бірак Тагор жайында сөз еткенде,біздің еліміздің - Совет Одағының жөні айрықша бөлек. 1913 жылдан бастап Тагор Россияда орыс, грузин, татар тілдерінде шығады. Ал совет дәуірінде оның шығармалары Совет Одағының 18 халқының тілінде 180 рет басылып шықты. Сол шығармалардың жалпы тиражы - 3 миллиондай.

 

Ал енді, яғни туғанына жүз жыл толуына байланысты Тагор Совет Одағындағы қырық халықтың тілінде аударылып шықпақ. Бұл айтылғандар Тагор өзіміздің төл әдебиеттеріміздің бір классигінде болып кеткенін көрсетеді.

 

Бейбітшіліктің дүниежүзілік Советінің ұранына үн қосып, Қазақстан жұртшылығы 1961 жылы 7 майда Тагордың туғанына 100 жыл толуын молынан мерекелеуге әзірленіп жатыр. Қазақ халқына Тагор ежелден-ақ, яғни орыс тіліне аударылған шығармалары арқылы мағлұм. Тагор шығармаларының орыс тіліндегі он екі томдығы Қазақстанда да кең таралды. Қалың жұрттың Тагорға деген ықылас - пейілін ескере отырып, Тагор шығармаларын қазақ тілінде үш том етіп шығару қажет деп табылған еді. Енді Тагор шығармаларының бес томдығы қазақ тілінде шығарылмақ. Тагорды аудару ісі одан әрі де жалғаса бермек. Республикалық және облыстық газеттер Тагор күнін мерекелеп өтуге даярлық үстінде. Тагорды еске түсіруге арналған сурет көрмесі де әзірленуде.

 

Бір нәрсе айдан анық. Тілдік - нәсілдік және ұғым - нанымдық шектен аттап өтіп, Тагор біздің еліміздің халықтарына келіп жетті. Ол әр семьяға ананы мейірлендіре, жастық шақты қанаттандырса, әкені даналық ойға кенелдіре келді, халықтардың, тіпті бүкіл прогресшіл адам баласының бауырластық ұлы сезімін нығайта келді. Осы орайда біз Тагордың мұрагері, мирасқоры тәріздіміз. Рас, біз оның шығармаларын түпнұсқада, ағылшын немесе бенгал тілінде оқи алмаймыз. Бірақ біз үнді классигінің прозасы мен өлендерін туған еліміз халықтарының өзімізге түсінікті бес - алты тілінде оқимыз. Сөйтіп, біздегі әр жазушының рухани қорында Тагор мәдениеті мен творчестволық тәжірибесінің де өзіндік орны, мән-мағынасы бар.

 

Өзінің творчестволық тағдырын өз халқының, өз елі - жұртының тағдырымен табыстыруды да терең, толғана ойлаған талай-талай жазушы Тагор мұрасындағы нәр мен құнардан ғажайып тағылым табады.

 

Өзінің әдеби творчествосы, суреттері мен публицистикасы, белсенді қоғамдық-саяси қызметі арқылы Тагор басқа жұртты өз халқының рухани өмірімен, тұрмысымен, дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, оның қуанышымен, қайғы - қасіретімен таныстыруда ұлан-ғайыр іс тындырды.

 

Россиядағы Ұлы Октябрь революциясынан кейін, Рабиндранат Тагор интернационализм идеяларын әсіресе беріле насихаттады.Ал Амритсардағы бейбіт демонстрацияға оқ атылғанда, ол өзіне 1915 жылы ағылшын үкіметі сыйға тартқан баронеттік құрметті титулдан бас тартты. "Менің отандастарымды адам қатарында санамай, аяқ асты етіп жатқанда, - деп жазды ол,- менің қандай да бір артықшылық көруім мүмкін емес. Мен бұған ұяламын".

 

Жас советтік республика - өзіне де, халыққа жат империализм системасына, отаршылдыққа қарсы тұратын күш екендігін Тагор көре білді.

 

Тагорға тұстас Үндістанның өмірі, оның езілген, қорлық көрген халқы өмірінің әлеуметтік-психологиялық, саяси - қоғамдық жақтары, тұрмысы, отаршылдардың халықты қайыршылыққа душар етуі - міне, Тагор творчествосының негізгі тақырыбы осы еді. Тагор - тек Үндістанның ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүниежүзі халықтарының, халықаралық ынтымақ пен көктеп өсу, гуманизм идеяларын ардақ тұтатын жандардың баршасының аса ұлы мәдени жеңісі болып табылады.

 

Тагор әңгімелерінің феодализм мен отаршылдыққа қарсы бағытталғандығы да даусыз. Рас, бұл әңгімелер күреске ашықтан-ашық шақырмайды. Бірақ олар объективті түрде соған үндейтіні күмәнсіз. Жазушы халықтың асқақ моральдық, адамгершілік бейнесін нанымды да шынайы ашады, оның ауыр, қараңғы өмірін көрсетеді. Тагор әңгімелерінің аса құнды ерекшеліктерінің бірі де осында. Ол қарапайым жандарды мейірлене суреттейді және байлардың сарайларынан гөрі жадау лашықтарда адамгершілік мол екендігіне оқушының көзін жеткізеді ("Пәруайсыз Гамканая", "Оңалмас бақытсыздық" және басқа да әңгімелер).

 

Оның "Тау" атты романы бүкіл үнді әдебиетіне зор ықпалын тигізді. Тагормен тұтас және оның мұрагерлері болған көп жазушылар сол романнан тағылым алды. Езіліп қаналған, қасірет шеккен Үндістанға деген аяулы сүйіспеншілік сезімі романның әр тарауынан - ақ байқалады және елді азат ету жолындағы күреске үндейді. Бұл - Үндістандағы сыншыл реализмнің аса ірі тұңғыш шығармаларының бірі.

 

Социализм еліне келіп қайтуы жазушының дүние тануының өсіп, толысуындағы ерекше бір кезең болды. Тагор мәдениет қайраткерлерімен, шаруалармен, студенттермен, пионерлермен кездеседі, СССР - дағы ағарту жүйесіне, ауыл шаруашылығын дамыту тәсіліне ықылас қойып, көңіл бөледі. Ол халық бұқарасына білім беру және мәдениет мәселесіне де зор ынта қояды.

 

Сол кезде сөйлеген сөздерінің бірінде ол былай дейді: "Менің қызметім - тәлім-тәрбие беру. Адам баласын толғандырған мәселелердің бәрі де өзінің түбегейлі шешімін тәрбиеден табатындығына мен сенемін". Тагордың совет адамдарымен кездесуі жүрек тебірентерлік жағдайда өтті. 1930жылы 17 сентябрьде Москвада Тагордың соңғы жылдары салған суреттерінің көрмесі ашылды. Соғыс атаулыға жаны қас Тагор жаңа соғыс өртін тұтандыруға даярланып жатқан импералистерге өшпенділігі өршіген сайын гуманист - жазушының Совет Одағына деген достық сезімдері, татаусыз ықыласы соншалықты өсіп, тереңдей түсті.

 

"Цивилизация дағдарысы" (1941 жылдың апрелі) атты мақаласы жазушының публицистік қызметінің қорытындысы тәрізді болды. Бұл мақала Үндістанды езіп - жаншыған британ империализміне деген кекті қарсылық, айбарлы айыптау рухына толы. "Тарих дөңгелегінің жүрісі көп кешікпей ағылшындарды Үндістаннан кетуге мәжбүр етеді. Сонда олар артында не қалдырмақ? Олардың екі жүз жылға созылған өктемдігінің тасқыны суалып тартылғанда, олардың соңында балдыр басқан, кір - лайсаң жайлаған телегей ғана қалады", - деп жазды Тагор.

 

Рабиндранат Тагор үнді әдебиетінің дамуына тұтас дәуір құраған шығармалар тудырды. Оның шығармалары терең лиризмге, өмірдің шұғылалы нұр шапағына толы. Тагордың өз Отаны азат болуын аңсауды мұрат етуден туған аса ірі айтулы шығармаларын мәңгі-бақи ескірте алмайтын да осындай қадір-қасиеті.

Мұхтар Әуезов

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға