Ібіліс
Ібіліс, Иблис (грекше «албасты», «шайтан») - діни ұғымда көктен қуылып, адамдарды Аллаһтың ақ жолынан тайдыратын, күнәға ұшырататын перінің есім. Ібіліс Ібілісті басқаша - шайтан (шайтандардың - барлық қара ниеттердің басшысы), «Аллаһтың жауы» немесе жай ғана «дұшпан» деп атайды. Әдетте, мұсылмандардың сиынулары шайтанға қарсы сөздерден басталады. Раджим - «таспен атқыланған» (күнәлі немесе ақ жолдан тайған) - Құранда жиі кездесетін Ібіліске байланысты қолданылатын эпитет. Ібіліске қарсы дұға Құранның соңғы сүрелерінде келтірілғен. Құран сөзінде Ібіліс Аллаһтың тілін алмаған, Адам атаның алдында тізе бұғуден бас тартып «Мен одан артықпын, Сен мені оттан, оны топырақтан жаратқансың» деп қарсы шықты. Міне осы әрекеті үшін ол көктен қуылып, тозақ отына түсуге ұйғарылды. Алайда, Ібіліс Аллаһтан жазасын Қиямет қайымға дейін кешіктіруін жалбарынып сұрады және ол өзіне іштей Аллаһқа жерде қастық істеуге және адамдарды теріс жолға азғыруға уәде берді. Ібіліс өзінің Адамнан жоғары екендігін дәлелдеу үшін, алғашқы пенде - Адам атаны да азғырды. Жұмаққа кіріп алған ол Адам ата мен Хауа ананы Аллаһты тыңдамауға иландырды. Ібіліс Пайғамбарларды жолдан тайдыруға әрекет жасады. Ол Мұхаммедтің (с.а.у.) оқуына да үнемі кедергі жасап отырған.
Құраннан кейінгі аңыздарда Ібілістің көктен құлағанға дейінгі тарихының әр-түрлі жолдары арқау болған. Онда Ібілістің аты Әзәзіл немесе әл-Харис екендігі, оның 568 жерге жындардың бүлікшілігін басу үшін жіберілгендігі айтылады. Өзінің жеңісіне масаттанған, өзін әлемнің әміршісі сезінген ол Аллаһтың жарлығына бағынбай кетеді. Ібілістің тарихына байланысты дін ілімі әдебиеттерінде, негізінен, Кұдайдың құдіреттілігі мен алдын ала болжаудың басты мәселелеріне байланысты қағидалар талқыланған. Аллаһты тындамай, қарсылық көрсеткен Ібілістің ісіндегі карама-қайшылықтарды жою үшін оны Аллаһ адамдарды сынау үшін жіберген деп жариялады. Әсіресе, оның Аллаһтың алдындағы әлсіздігі баса көрсетілді. Адам атаға бағынудан бас тартуының өзекті мәселелері де талқыланды. Құранда атап көрсетілгендей ол періште емес, көкке көтерілген жын, сондықтан да аспанда өзін жынша ұстады деп түсіндірілді. Бірқатар сопылар ұстанған тағы бір түсініктеме бар. Оған сенсек Ібіліс Аллаһтан өзге біреуге сенуді Кұдайға құлшылық етуді тану деп білген де, сол арқылы өзінің Аллаһ алдында күнәсіздігін дәлелдеген, бірақ та Аллаһтың сынағына шыдамаған. Арабияда Ібіліс бейнесі Құранға дейін-ақ яһуди-христиандардың арасында белгілі болған, оның Ібіліс немесе шайтан деген атаулары содан шыққан. Мұсылмандыққа дейінгі ақындар шығармаларында Ібіліс немесе шайтан туралы тармақтар бар. Соның біреуі Адам атамен байланысты. Шайтан сөзі Арабияда «жылан» мағынасында белгілі болған. Сондай-ақ ол адам аттары мен ру-тайпа атауларында жиі кездеседі. Құранның соңғы сүрелеріндегі аяттар мұсылманшылыққа дейінгі мейірімсіз рухтарға қарсы дұғаларға өте ұқсас. Құранға сүйенсек меккеліктер Мұхаммедтің (с.а.у.) діни уағыздарын «таспен атылған шайтанды» дегеніне көндіру деп жариялаған. Аллаһтың дұшпаны ретінде шайтан Мұхаммедтің (с.а.у.) діни ілімін жоққа шығару ұшін келген. Ібілістің тарихы адамдардың дүниеге сенімсіздікпен қарауына және әлемдегі жалпы жауыздыққа көзқарастарының қалыптасуына ықпал етті.