Жаңалықтар

Совет ақындарының айтысы

Совет ақындарының айтысы Жалпы адам баласының тарихында асқар асу болған Ұлы Октябрь революциясының қазақ халқы үшін бергені ұшан-теңіз. Ұлы Октябрь революциясы ескіліктің темір құрсауынан босатқан қазақ халқының мәдениеті Коммунист партиясының қамқорлығының арқасында өркендеп өсті. "...Мазмұны социалистік, түрі ұлттық, бұқараны интернационализм рухында тәрбиелеуді және пролетариат диктатурасын нығайтуды мақсат ететін мәдениет" (Сталин) жасалды. Бақытты жаңа өмірді жырлауда, социалистік мазмұнды жаңа тарих табыстарын жырлауда халық ақындарының орны, еңбектері аса мол да қадірлі болды. Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл жаңа жұртшылық пен социалистік Отан мүддесін жырлауға ерекше зор еңбек етті. Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған ақындар: Шашубай, Нұрпейіс, Доскейлер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырып салма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады. Жамбыл өз өлеңін совет жұртшылығына ұсынғанда: Дегенде ұлы совет жыр ұсындым, Жыр емес, жарқыраған нұр ұсындым... Жырынды, досың болса, күлдіріп айт, Жау болса, жау тигендей бүлдіріп айт. Жыр деген біреуге оқ, біреуге — бал, Дәл тиген ақ берендей жұлдырып айт, — дейді. Жамбыл сөзін досты күлдіріп, дұшпанды мұқатуға құдіреті көміл етіп шырқады. Кәрілік пен жоқшылық қатарымен аяғынан алып мамырлаған Шашубай ел бақытының күні туған жаңа заманда қайта түлеп, құлпырып кетеді. Сексенде сері атандым сенбей жағым, Мерейім үстем болды, артып бағым.          Ескі дос: өлең, гармонь қайта оралып, Денемді кетті билеп тасқын ағын, — ' дейді Доскейге арнаған өлеңінде. Анық халық тілегімен өздерінің тілек, армандарын бір қосқан ақындар қоғам құрылысының өжет қайраткерлері болады. Бұрынғы өздеріне мәлім өлең түрлерін енді жаңа мазмұнмен байытып, революциялық мазмұнда социалистік жаңа жырлар туғызады. Ескі халықтық түр енді тың мазмұнды советтік өрнек, дәстүр жасауға жұмсалады. Осы жолмен айтыстың да үлгісі, мазмұны, бағыты түбірімен өзгереді. Рас, қазіргі айтыстарда да бұрынғы айтыстар дәстүріне ұқсас бірнеше белгілер бар. Мысалы, мұнда да бұрынғы қалыппен екі ақын домбыраға қосылып, суырып салма өлеңмен майдандасады. Ақындық күштерін топ алдында сынға салады. Ауыз әдебиетке, әсіресе бұрынғы айтысқа тән әдет, жол бойынша барлық жарыс, тартыс, бәсекелерін тек алма-кезекпен, қолма-қол тудырған өлеңмен айшықтап жеткізеді. Айтыс — осы күндерде совет жұртшылығының колхоздағы ел сауығының ең асыл түрі. Айтыстың үсті қызық думан, өнерлі өлең думаны. Ақындар айтысына қалың жұртшылық, қала мен колхоз да түгелімен зор құрметпен бейіл береді. Оған да өнерленген ел бағалайтын театрдай қарайды. Қызыға жиналып, құмарта тыңдайды. Бұл жайлардың барлығы айтыс жанрының, қай заманда болсын, халық ортасында туып, сақталуындағы сыртқы жағдайы. Айтыс атаулыға ортақ осындай ұқсастықтар совет тұсындағы айтыста да түгел бар. Бірақ, сонымен қатар тақырып, мазмұн, таптық, саясаттық санасы, мүддесі жағынан қарасақ, совет ақындарының айтыстары ескі айтыстан әлдеқайда терең, кең, озық та өзгеше. Мұнда екі ақынның талас, жарысы бұрынғы айтыстарда айтылатын жайлардан мүлде басқа. "Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасыту, жаманның жамандығын айтып құтын қашыру" деген, үлкен арналы мұратқа келгенде, совет ақындарының жақсылық турасындағы ұғымы, нанымы, сын таразысы да өзгеше. Әлеуметтік жоғарғы зор сананы танытады. Мұнда жақсылық жалпылама ұғым емес, ол еңбекқұмар, қоғам қайраткері, өнер, білім тілін білген советтік дәуірдің ардақты азаматы болады. Совет халқына еңбегі пайдалы, жұрт алдында жүзі жарқын адам болады. Ақынның арқа сүйері де бұрынғы ру, ата санау емес, айтатыны колхозы, ауданы, облысы. Сол өз колхозы мен аудандарында зор табыс мақтанышы болса, оны жеткізіп айтар ақындық өнері болса, айтысатын ақынның сапасы мен қуаты сонда. Совет тұсындағы айтыс — сынның, өзара сынның да өткір құралы. Шаруашылық зор науқандарды атқаруда, өзара мемлекет жоспарын жақсы орындау жөнінде бригада мен бригада айтысы, жалқау мен екпінді айтысы, жауыр көлік пен салақ иенің айтысы сияқты айтыстың бәрі сын жарағы. Жер-жерде социалистік құрылыстың екпінді қарқынына кедергі болар бөгеттерді кезінде жоюға арналған үгіт құралы болады. Совет ақындары бұл жағынан қарағанда, өздерінің шебер, тапқыр айтысуларымен күнделік советтік, социалистік өмірдің көрнекті қайраткерлері болады. Айтыс әр заманда күнделік тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтық ауыз әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, үйлесімді болып қабысты. Совет тұсында молайып өскен айтыстың колхозшы қалың жұртшылық арасында мол, кең, жайылған аймақтары: Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Бұл облыстарда айтыс бұрынғы кездерде де жалпы көпшілік қолданатын жанр еді. Сол дәстүр кеңейіп, енді қыз бен жігіт, кәрі мен жас кездескен жерде советтік ұлы мереке тойларда, жай сауық жиындарда көп айтыстар бола береді. Сондағы ірі мағыналы айтыстардың бәріндегі басым күй: жаңа өмір, жаңа дәуірдегі ел тұрмысының әр түрлі көрінісі туралы болады. Арнаулы айтыстарда жарысқа түсетін атақты ақындар ғана емес, халық сауығында өз күштерін жаңа сарапқа салып жүрген жас талаптар да өз айтыстарының қызықты, қадірлі мазмұны етіп қоғам мүддесін, совет патриотизмін жыр етеді. Бұрынғыдай кертартпа рушылдықтың советтік айтыстарда ізі, елесі де жоқ. Еңбек елінің ырысы, Лениннің ұлы дәуірі орнатқан социалистік қоғам, Қазақстан, Совет Одағы бар ірі айтыстардың айнымас арқауы болып отырады. Болмасты болғызып, алысты жақын қылған өнер-ғылым адамының ой-өрісін кеңітіп, халықтың қазынасын молайтты. Көркем қала, алуан өндіріс, асып туған ерлер, сәнді салтанаттар бар. Бұларды айтыс таразысына тартқан ақындардың ой толғамы, көрер көзі қырағы, айтар тілі шебер келеді. Советтік айтыстардың өрісі ұлан-байтақ. Бірақ сондай айтыстардың саны Ұлы Октябрь революциясы басталғаннан бері қарай сан үлгілер туғызғанымен, көптен-көп айтыстар жазылып, хатқа түспей келеді. Совет дәуіріндегі айтыстардың да ең алғаш басталып, одан кейін үдеп, молайып, кең жәйіліп келе жатқан тарихы бар. Айтыстар саны ғана мол емес, түрлері де әр алуан болып, дамып өсті. Сондай ерекше өсу, өркендеу кезеңдерін қысқаша шолу үшін айтыстардың туған ертелі-соңды мезгілдеріне, түр-түрлеріне қарап, бірнеше елеулі айтыстарды атап өтейік. 1922 жылы Семейдің екі ақыны Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбек айтысады. Ол кезде Нұрлыбек ауылда, Иса Семейде болады. Екеуінің айтысындағы жаңалық — бұрынғы айтыстардай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап, ауылды сынай мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың қумын мінейді. Қала мен ауылдың қоғамдық шаруашылық, саясаттық тірліктегі қарым-қатынасын ашуға айтысушылардың ол кездегі білім сауаты жетпейді. Өйткенмен, айтыстың нәтижесінде қала енді елдік пен мәдени өмірдің кіндігі екені айқын аталады. Исаның ол жөніндегі сөздері үстем шығады. Бұдан сол 1922 жылдың өзінде-ақ советтік бағыттағы ақындардың әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге беттерін анық бұрғандығын көреміз. 1932 жылы Шашубай қасқырмен айтысады. Аңмен, малмен айтысу, тіпті өлі мен тірінің атынан да айтысу бұрынғы айтыстың салтында ежелден бар әдет болатын. Ал совет тұсында қасқырмен қарсыласқан Шашубайдың ескі түрлі айтысында жаңа мазмұн бар. Атын жеп қойған қасқырды Шашубай қақпан құрып ұстап алады. Боз аттың құны үшін салдым қақпан, Тұлпар ең су ішпеген ылай қақтан. ...Жарлының жалғыз атын жегеніңше, Жауыз малын неге жемедің толып жатқан, — дейді Шашубай қақпанда жатқан қасқырға. "Қыржиған шал деп басынып кеп атымды жедің. Өкімет қадірлеп күн-түн сайын күшіме кіріп отырғанымды білмейсің бе?" деп, Шашубай қасқырдың апшысын қуырады. Бұл айтыста ақын қасқырмен құрғақ салғыласпайды. Ақынның арқа сүйегені үкімет, өз құдіреті жетпей бара жатса, кедейге болысатын үкіметтің қарулы күші оған болысып, қамқорлық істейді. Совет жұртшылығы қадірлеген шалдың малы содырлы сотқардың бойына сіңбейді дейді. Бұл айтыста Шашубай ел малына ескілікті обырлық мінезбен қасқырдай шауып жүрген бай-құлақты да мұқатады. Және онымен тынбай, қасқыр сөзі қылып кооператив мүлкін астыртын ұрлап, қылғып жүрген ескілік қалдығы сияқты арам ниеттерді де халық ажуасын қолданып, мысқыл егеді, олқылықты әшкерелейді. Совет мүлкіне жасырынып жүріп зиян етушілерді күлкі етіп, сынға алады. Халықтық мысқыл ретінде ақын өзі де тыңдаушыға әзіл етіп, ажуалай көрсетеді. Советтік мазмұн кірген айтыстың түр жағындағы Орны ерекше бір мысалы осы Шашубай айтысы деуге болады. Қызылордалық Үкімбай ақын сары атан мен бригадирді, қара байтал мен колхоз бастығын айтыстырады. Колхоз жұртшылығын ұйымдастырып, бастауды міндетіне алған бригадир мен бастық ұқыпты болу шарт. Сол жөнде ең алдымен жұртшылық мүлкі саналатын мінген көлігіне күтімді болып, Басқаға үлгі көрсетуі керек. Колхоздасқан шаруалар тірлігіне шаруа көлігін күту деген әлеуметтік талап еді. Осындай мызғымас борышын орындауға салақ қарап жүрушілер де жоқ емес. Үкімбай айтысының мысқылына, сынына ілінетін сондайлар. Мойны ырғайдай болған сары атан бригадирдің айыбын ашып, бүйте берсе, колхозда жер айдарлық көлік қалмайтынын айтады. Арқасы ошақтай жауыр қара байтал ер сала бастаған бастыққа өзінің арқасын айғақ етіп сын айтады. Оның дауы мен дәлелі мойын бұрғызбастай орынды. Өзара сынның ең өткір, шебер түрі осы айтыс болады. Әр күйде бастық қара байталдан мұндай сын күтпеген, өзінің ісі теріс. Ол айтар жауап таппайды. Шалдырмай, шабуылға салудан байтал арыған, жадаулықтан жалынан да айрылған, күтімсіздік, қырсыздықтан арқасы ойылған. Сондай халық мүлкі — қара байтал сөйлегенде оның тілі ащы шығады. Бастықты сөзбен тұсап, адымын аштырмайды. Жеңіп кетеді. Көлденең сыншыдай емес, жәбір көрген көліктің өзі болып айтқан сөз бригадирдің де, бастықтың да советтік өмір, еңбек майданына әсерлі, пайдалы, қымбат бағалы болып араласқанын көрсетеді. Бұрын үстемдік істеп, елге ықпалын жүргізіп қалған байлар, атқамінерлер революцияның алғашқы жылдарында, совет тұсыңда да көпке дейін өзінің бұрынғы үстемдігін сақтауға тырысты. Теңдік алған кедейге ырық бермей, әлі де өктемдік жасау жолында көп арпалысты. 1934 жылы Іле ауданындағы Өмірзақ ақынның айтуынан жазып алған "Бай мен кедей айтысы" деген айтыс сондай тап тартысының кейбір көрінісін танытады. Әй, кедей, қызыл тілді салма маған, Қаһарымды төгермін енді саған. Қай кедей тигізеді бізге тілін, Қарсы келген кедейді отқа жағам, — дейді. Бірақ кедей оған жасқанбайды: Кедейді, әй, залым-ау, жамандайсың, Кедейсіз күнің қайда көретұғын. Басынды алып қашып амалдайсың, Құр тұрған қара қамыс сен құрайсың, — деп, байдың бұрынғы шалқуы кедейдің табан ақы, маңдай тері екенін жұрттың алдында әйгілеп ашып береді. Айтыс ұзаққа созылып, кедейдің сөзі шымбайына бата берген соң, бай төзбей, ұрмақшы болып қамшы ала ұмтылады, кедей қымтап ұстаған шоқпарымен байды басқа бір салып, қалпақтай түсіріп, атына мініп жүріп кетеді. Бай басы қан-қан болып, қала береді. Бұл айтыс Совет өкіметінің алғашқы орнаған кезінде, кедейлердің үкімет жұмысына еркін араласпаған кезінде туған болу керек. Баймен айтысуға батырланғанмен, кедейдің сөзінде "заман менікі", "өмір қожасы менмін", "сен зияндылығынан, арамтамақтылығынан аласталасың" деген қайрат ызғары байқалмайды. Қайратқа мініп, бай қамшыға жармасқанда, кедей ет қызуымен шоқпар жұмсап жіберсе де, байды айдап шықпайды. Совет тұсындағы айтыстың сынына ескі өмірдің сорақы салтының бірі — қос қатын алу да түседі. Совет заңы әйелге ермен тең ерік берді, қос қатын алуды тыйды. Өз басында жағымсыз жаңалықты қалт қылмай естіп-біліп жүретін қос қатынды Есмақан деген "жаңа" лақапты естіп, бәйбішесімен ақылдасады. Екеуіңді қатарымен маған қоймас: "...Лайық Айшакүл ме, маған сен бе" — деп сұрайды бәйбішесінен. Бұл айтысты совет ақыны мысқыл, сатира түрінде байды мазақтап, ескішіл тоғышар шалды ажуалап шығарған. Кәрілік иықтап, буынына діріл кірген Есмақан тоқалға масыл болып күн кешпек. Соны аңғарған бәйбішесі: Ақылың кеткен екен мүлде сенің, Жағдайың жас қатынға мәлім сенің. Өзіңмен жастайыңнан өскен бірге Бұрынғы жақсы емес пе кәрің сенің? — дейді. Шалдың көңілі бәйбішені ептеп, сырмалап, сыртқа тебу. Іргенді бөлек салып отыра бер, Кім біліп іш құлқыңды жатар сенің, — деп алдаусыратады. Бірақ оған бәйбіше мойындамақ емес. Ескі жолды қартаң байлардың революциядан соң бұрынғы үй іші қалпын сақтап қалуға тырысып, екі әйелін алдастырумен бұрынғыша ұстап қалуға тырысқаны ашық. Айтыс ол жағынан да сорақы шындықты, кесір салтты әшкерелеп отырады. Шал өз дегеніне көнбей отырған бәйбішенің кәрілігін айып етіп, мойындатпақ болады. ...Жиырманың бесеуінде Айшакүлім, Елуде қыжырайған түрің құрсын, — деп қорлайды. Бірақ бәйбіше кемпір болса, Есмақан қураған шал, "жығылған сүрінгенге күледі деген" деп, бәйбіше күйеуінің күлкілі трагедиялы халін сарапқа салады. Сөйтіп, бұл айтыста ескіліктің жақтаушылары өз бастарындағы қоғамдық мінді өз ауыздарымен жұртшылық сынына әйгілеп береді. Күлкі күйлер өзін-өзі әшкерелеуде советтік айтыста аса қонымды, өткір, қызық жанр болып шығады. Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы "Киров" колхозында әйелдер күніне арналған мерекеде Зейнеп пен Сұлубике айтысады. Зейнеп — стахановшы бригадир, Сұлубике — жалқау, жұмыс істемей: "Бетім барда бетіме кім шығады" деп жүрген еңбексіз әйел. Сол Сұлубикеге Зейнеп: Сельсовет еңбек берсе, сеспей кетер, Сұлуға қош-аман бол деспей кетер. Ар кетер, шай таусылар, киім тозар, Халыққа қадірсіз боп жүрме бекер, — деп, оның өлер жерін тура айтады. Стахановша істеп, екпінді еңбектің қызығына түсіп алған Зейнеп: Сұлулық, тілімді алсаң, еңбекте тұр, Ертерек елдің жауын жеңбекте тұр... Кім сұлу, осы күні еңбек сұлу, Отанның жауын құртып жеңбек сұлу, — дейді. Сұлулық зоры еңбекте. Жомарт табиғаттың адам еңбегіне төлеу есебінде беретін басқа сұлулықтары, игіліктері де бар. Бірақ табиғат ешнәрсені кесегімен тегін бере алмайды. Үлесінді талпынсаң, қармансаң ғана аласың. Зейнептің: "Сұлулық еңбекте, жеңбекте..." дейтін мәнісі осы. Айтыстың басында қасарып отырған Сұлубике кейін Зейнептен жеңіліп, екпінді еңбек істемекке жұрт алдында бел буады. Жалқауды сынға салып түзеуде, жақсыны құрмет тұтып, көтеріп мадақтауда ел ақындарының айтыстары көп еңбек етті. Жұртшылықты еңбекке баулуда және ескіліктің кертартпа кесепатын аянбай жоюда айтыстар өткір құрал болады. Қазақстандағы айтыс өнеріне жетік ірі ақындардың айтыстарын республиканың партия-совет басшылығы, Жазушылар одағы ұйымдастырып өткізу жаңа мәдениеттік үлкен дәстүрге айналды. Осы жөнінде ең алғашқы күрделі, көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты ақынның айтысы түрінде өтті. Бұл екеуінің өнер жарысына жырмен басшылық етуші, төрелік айтушы қарт ақын Нұрпейіс болды. Айтысушы екі ақын жалынды, көркем жырларды суырып салма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты. Еңбек жемісін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің облыстары — Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып та сөйледі. Бірі шалқар өзен Ертістен, екіншісі Сырдан шыққан ақындар социалистік дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көріністерін де, ел тірлігін де айтыстың кең, жарқын тақырыбы етіп алды. Сол айтыстан кейін республикалық үлкен айтысты 1943 жылы партия мен өкімет басшылығының нұсқауы, көмегімен жазушылар ұйымы бастап, бүкіл Қазақстан көлемінде өткізді. Бұл жылғы айтыстың басы ең әуелі көмір кені, мыс телегейі бар Қарағанды облысында басталды. Сол жылы аз уақыт ішінде айтыс барлық облыстарға жайылды. Қарағандыға үн қосып Қазақстанның көп облыстары совет ақындарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жаңа мазмұнды айтыстарын жүргізе бастады. Айтыстың соңғы жарысы Алматыда өтті. Ол айтыстың алдын салтанатты мәжілісте дағдылы жүйрік қарт Жамбыл өзінің арнаулы ескек жырымен бастады. Алатаудан, Арқадан, Ақындарым, келіпсің, Тілдерінен бал тамған, Жақындарым келіпсің. Ертіс, Есіл, Іле, Сыр, Бас қосқалы келіпсің. Жүрген жері думан жыр, Сендер елге көріксің, — деп арнау айтты. Жамбыл ақындарға деген ағалық үлгілі сөзінде бұрынғы айтыстарға көз салып, айтыс өнерінің ескі өнерпаздарын шолып өтті: Сүйімбай мен Қашаған Қара өлеңді матаған. Атын жаттап балалар, Әлі күнге атаған. Кеншінбай мен Орынбай — Өлең сөздің қорындай... Айтысқа жиналған ақындардың ішінде бірнеше буын атасы, үш дәуірді басынан кешірген ақ сақалды саңлақтар бар. Уа, Орынбай, Шашубай, Сеңдер өзен басындай, - деп, Жамбыл алдымен салмақты соларға салады. Ақындарды атап-атап, өзіне бір қаратып алып: Өлең жырды дүрілдет, Жарқылдатып жасылдай. Сөздеріңнің күшінен, Жау жүрегі түршіксін. Жырларыңды естіген Дос құмардан бір шықсын, — деп, қарт өзінің ұзақ арнауында жаңа айтыстың міндет-мұратын да атап өтті. Ол, жауға атылған оқ есепті, совет халқының күшіне көмек қосатын асыл өсиет, үгіт сөзді талап етті. Сол дегеніндей айтысқа түскен ақындар өздерінің анық совет патриоттары екендігін дәлелдеді. Айтыс жеке ақындардың жарысы ғана емес, олардың өнерін сарапқа салумен қатар, әрқайсысының облыстарын қатар салмақтап, таразыға салған сын жарыс болды. Ақындар облыстарының өкілдері болып сөйлесті. Алматы мен Жамбыл облысы, Семей мен Карағанды, Қостанай мен Солтүстік, Қызылорда мен Оңтүстік облыстары болып айтысты. Әр облыстың екі ақыны қарсы облыстың екі ақынына қарсы шығып, айтысқа түсті. Айтыс тақырыптары ақындардың өз бастарының жайына бірде-бір соққан жоқ. Әр облыстың екі ақыны облыстың тақырыптарын бөлісіп алып, біреуі ауыл шаруашылығын, біреуі өндірісін баяндай, қарсысындағы тақырыптық ақынмен айтыса жарысты. Және барлық айтыс мақсаты мен мазмұны негізінде бір ғана зор мүддеге арналады. Ол Ұлы Отан соғысына облыстардың беріп жатқан көмегі туралы еді. Отан соғысы, майдан, тыл, ел, ер, ар, намыс, совет патриотизмі деген ұғымдарға кең толғаулық бағалар береді. Қазақстан — ырысты, бай өлкелі, асыл қазыналы ел. Ақындар өз айтыстарында әр облыстағы сондайлық ертелі-соңды ел қасиеттерін де еске алып сөйлейді: Шендескен шеңберлі Алтай аспан-көкпен, Әлемге аты шулы даңқы кеткен. Қара нор, қалың нулы орманым бар, Таулары қойынынан алтын төккен, Ертістен алтын астау аударылып, Күн күліп жағасына нұрын сепкен. Құндағым алтын бесік — анам Алтай, Емізіп ақ төсінде еркелеткен. Құмынан сап алтынды күреп алып, Тасына қатпар-қатпар гауһар шөккен. (Нұрлыбек) Оңтүстік мол дария қорғасынға, Ұқсайды заводтардың ордасына. (Қазанқап) Күркіреп көк толқыным көкке атылған,ө Құтты өзен, айналайын Нұра, атыңнан... Өр тасы жорықты атап күбірлейді. Шерубай, Сарысу мен Құлан өтпес, Өлеңмен қасиетін мақтап жетпес, Суы бал, жері шүйгін мал анасы, Тепсең де төңірегінен ырыс кетпес. Арқада ататты асқан асқар биік, Қылыштай қыр арқасы бұлтқа тиіп, Халқына қашаннан-ақ аяулы боп, Баянның қарқарасын қалған киіп. Бір тау бар оның аты Қарқаралы, Таулардың ағасындай Арқадағы. Қаптаулы, қалқып алар қазынасы мол, Салмағын қандай безбен тарта алады. Үш жүзде Ұлытауды кім білмейді, Атағы айлық жерден дүбірлейді. Сан батыр дабыл ұрған жерімін деп, Өр тасы жорықты атап күбірлейді. (Жолдекей Нұрмағамбетов) Семей ақындары қойнынан алтын ақтарылған Алтайын, Қарағанды ақындары — көмір, мыс өлкесін, Оңтүстік — мақтасын, Қызылорда — күрішін, барлық ақындар үн қосып топ-топ түлік малын, оларды аялап өсірген еңбек ерлерін, ұтымшыл, өнімшіл елдерін, мақтаулы мамандарын мадақтап, мақтан етті. Кең өлке, шұрайлы кендер мен еңбек сүйгіш қажырлы ерлер Ұлы Отан соғысының көмегіне не беріп, керегіне не істеп жатыр? Майданда ел Отанды қорғау үшін, адам баласының жауы гитлершілдерді құрту үшін әр ақынның облысынан барған азаматтары қандай даңқты қайрат етіп жатыр? Әр ақынның, қорытып келгенде, сөз асынып сарыққан арнасы осы тақырыптар болып отырды. Советтік патриотизм — қасиетті, ардақты сезім. Ел ақындары - совет патриотизмінің жаршысы. Әр ақын өз өлкесінің жақсылығын мадақтаумен жалпы совет халқының патриоттық сезімін өсіріп, күшейте түседі. Сүйікті Отанды қорғау жұмысы жаумен беттесуде ғана емес, майданды тыл көмегімен үздіксіз жабдықтауды талап етеді. Бұл ұлы кішісі бар көп әрекеттен құралады. Осы жайлардың барлығы ақындар айтысының өрісін кеңейтіп, тақырыбын байытып отырды және барлық жайларды барлап айтып келгенде, жырлардың түп қазығы советтік патриотизм болса, сол жолдағы дана басшылықты, Отан күшін, елін бастаған партия басшылығын ұзақ көркем сөз етіп шырқатты. Бір заманда Асанқайғы: Көкпектен басқа шөбі жоқ, Көкектен басқа құсы жоқ. Балығы семіз, елі арық, Маңы сырдаң жер екен, — деген Бертісте совет жылдарында мыс комбинаты салынды. Ол батыстан жау төнген мезгілде майданға керек жабдық, жарақты үздіксіз беріп тұр. Отанның ортаймас қазынасы болды. Байлықтың биік құзын ұялаған, Қыранмын асқар көрсем қиялаған. Балқашқа тең келетін шың болмаса, Шоқыға анау-мынау ұяламан, — дейді Шашубай сол айтысында. Ақындардың әрқайсысының өзіне әсіресе қадірлі туған жері бар, соның бәрі Ұлы Отанның жемісті, ырысты жайлары. Патриоттық сана шабытын билеген ақындар Отанның зейнеті үшін жақсы істі мадақтап, елді қызықтырады. Және сонымен қатар жаман істі масқаралап жою әрекетінде, сондықтан қандай айтыс болса да сынсыз, өзара сынсыз өтпейді. Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда? Кемшілік ұқсамайды айыққанға. Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп, Өзара сынға салсақ, айып бар ма? Жатпасын қисық ағаш тез алдында, Ақындар, соны түгел сүзе алдың ба? Не жайда Қарағанды осы кезде? Елестет бірің шық та көз алдыма — деген сөзді қарт Шашубай Қарағанды ақындарына жолдайды. Осындай мазмұн санасының барлық кендігі, құндылығы арқылы совет ақындарының айтысы — өлкедегі жақсылықтың, табыстың әділ таразысы, көпшіліктің тезі есепті сыншысы да болады. Партия қамқоршылығының саясында түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет күн санап өркендеп өсуде. Советтік Қазақстанда жазба әдебиет те үлкен мәдениеттік биікке көтерілді. Социалистік реализм үлгісін меңгеруде сол жазба әдебиеттің жаңалықтары қандай көрнекті болса, жаңағы тексерілген совет ақындарының зор саналы айтыстары да сондайлық қадірлі, биік орынға ие болып отыр. Енді бұдан былай да социалистік Отанға халық ақындарының айтысы жаңа мазмұн, идеяға сәйкес, үйлес жаңа көркем түрлер тауып, дами бермек. Бұл жолда айтыс ақындарының ізденулері, қызықты, қымбат жаңалықтар табуы әлі де алда тұр. 1943 жылғы үлкен айтыс — осылай іздену жолындағы, советтік социалистік халық поэзиясының өсу жолындағы елеулі бір саты. Ол айтысқа ауызша суырып салма айтыстың ескілікті халықтық дәстүрінен тыс жазып айтысу әдеті араласты. Жалпы, қазақ әдебиеті көлемінде жазып айтысу, өткен ғасырдың аяқ кездерінен бері қарай, хат білетін ақындар кіргізе бастаған өзгешелік екені рас еді. Бірақ бұл алуандас айтыс жалпылық, көпшілік қолданатын сипаттардан айрыла бастайды. Және, әсіресе әрбір анық ақындық сыры болатын экспромттық суырып салмалық сипатынан да ажырай бастап еді. Бұл үлгі жазба әдебиетке фольклордан ауысқан, дарыған әсер, дәстүр есебінде қолдануға болса да, советтік халық ақындарының айтыстары өз жаңалықтарына ауызша, қолма-қол суырып салма түрінде айтысатын шын шапшаң өнерпаздық дәстүріне құру шарт. Советтік айтыстар сол үлгіде дамып, өз жаңалықтарын сол бағытта тапса, ол анық, айқын, қадірлі өнердің өзі болмақ.     Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 11:34 9683

Совет ақындарының айтысы

Жалпы адам баласының тарихында асқар асу болған Ұлы Октябрь революциясының қазақ халқы үшін бергені ұшан-теңіз.

Ұлы Октябрь революциясы ескіліктің темір құрсауынан босатқан қазақ халқының мәдениеті Коммунист партиясының қамқорлығының арқасында өркендеп өсті. "...Мазмұны социалистік, түрі ұлттық, бұқараны интернационализм рухында тәрбиелеуді және пролетариат диктатурасын нығайтуды мақсат ететін мәдениет" (Сталин) жасалды.

Бақытты жаңа өмірді жырлауда, социалистік мазмұнды жаңа тарих табыстарын жырлауда халық ақындарының орны, еңбектері аса мол да қадірлі болды. Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл жаңа жұртшылық пен социалистік Отан мүддесін жырлауға ерекше зор еңбек етті. Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған ақындар: Шашубай, Нұрпейіс, Доскейлер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырып салма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады.

Жамбыл өз өлеңін совет жұртшылығына ұсынғанда:

Дегенде ұлы совет жыр ұсындым,

Жыр емес, жарқыраған нұр ұсындым...

Жырынды, досың болса, күлдіріп айт,

Жау болса, жау тигендей бүлдіріп айт.

Жыр деген біреуге оқ, біреуге — бал,

Дәл тиген ақ берендей жұлдырып айт, —

дейді.

Жамбыл сөзін досты күлдіріп, дұшпанды мұқатуға құдіреті көміл етіп шырқады.

Кәрілік пен жоқшылық қатарымен аяғынан алып мамырлаған Шашубай ел бақытының күні туған жаңа заманда қайта түлеп, құлпырып кетеді.

Сексенде сері атандым сенбей жағым,

Мерейім үстем болды, артып бағым.

         Ескі дос: өлең, гармонь қайта оралып,

Денемді кетті билеп тасқын ағын, — '

дейді Доскейге арнаған өлеңінде.

Анық халық тілегімен өздерінің тілек, армандарын бір қосқан ақындар қоғам құрылысының өжет қайраткерлері болады. Бұрынғы өздеріне мәлім өлең түрлерін енді жаңа мазмұнмен байытып, революциялық мазмұнда социалистік жаңа жырлар туғызады. Ескі халықтық түр енді тың мазмұнды советтік өрнек, дәстүр жасауға жұмсалады.

Осы жолмен айтыстың да үлгісі, мазмұны, бағыты түбірімен өзгереді. Рас, қазіргі айтыстарда да бұрынғы айтыстар дәстүріне ұқсас бірнеше белгілер бар. Мысалы, мұнда да бұрынғы қалыппен екі ақын домбыраға қосылып, суырып салма өлеңмен майдандасады. Ақындық күштерін топ алдында сынға салады. Ауыз әдебиетке, әсіресе бұрынғы айтысқа тән әдет, жол бойынша барлық жарыс, тартыс, бәсекелерін тек алма-кезекпен, қолма-қол тудырған өлеңмен айшықтап жеткізеді. Айтыс — осы күндерде совет жұртшылығының колхоздағы ел сауығының ең асыл түрі. Айтыстың үсті қызық думан, өнерлі өлең думаны. Ақындар айтысына қалың жұртшылық, қала мен колхоз да түгелімен зор құрметпен бейіл береді. Оған да өнерленген ел бағалайтын театрдай қарайды. Қызыға жиналып, құмарта тыңдайды.

Бұл жайлардың барлығы айтыс жанрының, қай заманда болсын, халық ортасында туып, сақталуындағы сыртқы жағдайы. Айтыс атаулыға ортақ осындай ұқсастықтар совет тұсындағы айтыста да түгел бар. Бірақ, сонымен қатар тақырып, мазмұн, таптық, саясаттық санасы, мүддесі жағынан қарасақ, совет ақындарының айтыстары ескі айтыстан әлдеқайда терең, кең, озық та өзгеше. Мұнда екі ақынның талас, жарысы бұрынғы айтыстарда айтылатын жайлардан мүлде басқа. "Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасыту, жаманның жамандығын айтып құтын қашыру" деген, үлкен арналы мұратқа келгенде, совет ақындарының жақсылық турасындағы ұғымы, нанымы, сын таразысы да өзгеше. Әлеуметтік жоғарғы зор сананы танытады. Мұнда жақсылық жалпылама ұғым емес, ол еңбекқұмар, қоғам қайраткері, өнер, білім тілін білген советтік дәуірдің ардақты азаматы болады. Совет халқына еңбегі пайдалы, жұрт алдында жүзі жарқын адам болады. Ақынның арқа сүйері де бұрынғы ру, ата санау емес, айтатыны колхозы, ауданы, облысы. Сол өз колхозы мен аудандарында зор табыс мақтанышы болса, оны жеткізіп айтар ақындық өнері болса, айтысатын ақынның сапасы мен қуаты сонда.

Совет тұсындағы айтыс — сынның, өзара сынның да өткір құралы. Шаруашылық зор науқандарды атқаруда, өзара мемлекет жоспарын жақсы орындау жөнінде бригада мен бригада айтысы, жалқау мен екпінді айтысы, жауыр көлік пен салақ иенің айтысы сияқты айтыстың бәрі сын жарағы. Жер-жерде социалистік құрылыстың екпінді қарқынына кедергі болар бөгеттерді кезінде жоюға арналған үгіт құралы болады. Совет ақындары бұл жағынан қарағанда, өздерінің шебер, тапқыр айтысуларымен күнделік советтік, социалистік өмірдің көрнекті қайраткерлері болады.

Айтыс әр заманда күнделік тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтық ауыз әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, үйлесімді болып қабысты. Совет тұсында молайып өскен айтыстың колхозшы қалың жұртшылық арасында мол, кең, жайылған аймақтары: Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Бұл облыстарда айтыс бұрынғы кездерде де жалпы көпшілік қолданатын жанр еді. Сол дәстүр кеңейіп, енді қыз бен жігіт, кәрі мен жас кездескен жерде советтік ұлы мереке тойларда, жай сауық жиындарда көп айтыстар бола береді. Сондағы ірі мағыналы айтыстардың бәріндегі басым күй: жаңа өмір, жаңа дәуірдегі ел тұрмысының әр түрлі көрінісі туралы болады.

Арнаулы айтыстарда жарысқа түсетін атақты ақындар ғана емес, халық сауығында өз күштерін жаңа сарапқа салып жүрген жас талаптар да өз айтыстарының қызықты, қадірлі мазмұны етіп қоғам мүддесін, совет патриотизмін жыр етеді. Бұрынғыдай кертартпа рушылдықтың советтік айтыстарда ізі, елесі де жоқ. Еңбек елінің ырысы, Лениннің ұлы дәуірі орнатқан социалистік қоғам, Қазақстан, Совет Одағы бар ірі айтыстардың айнымас арқауы болып отырады.

Болмасты болғызып, алысты жақын қылған өнер-ғылым адамының ой-өрісін кеңітіп, халықтың қазынасын молайтты. Көркем қала, алуан өндіріс, асып туған ерлер, сәнді салтанаттар бар. Бұларды айтыс таразысына тартқан ақындардың ой толғамы, көрер көзі қырағы, айтар тілі шебер келеді. Советтік айтыстардың өрісі ұлан-байтақ. Бірақ сондай айтыстардың саны Ұлы Октябрь революциясы басталғаннан бері қарай сан үлгілер туғызғанымен, көптен-көп айтыстар жазылып, хатқа түспей келеді. Совет дәуіріндегі айтыстардың да ең алғаш басталып, одан кейін үдеп, молайып, кең жәйіліп келе жатқан тарихы бар. Айтыстар саны ғана мол емес, түрлері де әр алуан болып, дамып өсті. Сондай ерекше өсу, өркендеу кезеңдерін қысқаша шолу үшін айтыстардың туған ертелі-соңды мезгілдеріне, түр-түрлеріне қарап, бірнеше елеулі айтыстарды атап өтейік.

1922 жылы Семейдің екі ақыны Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбек айтысады. Ол кезде Нұрлыбек ауылда, Иса Семейде болады. Екеуінің айтысындағы жаңалық — бұрынғы айтыстардай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап, ауылды сынай мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың қумын мінейді. Қала мен ауылдың қоғамдық шаруашылық, саясаттық тірліктегі қарым-қатынасын ашуға айтысушылардың ол кездегі білім сауаты жетпейді. Өйткенмен, айтыстың нәтижесінде қала енді елдік пен мәдени өмірдің кіндігі екені айқын аталады. Исаның ол жөніндегі сөздері үстем шығады. Бұдан сол 1922 жылдың өзінде-ақ советтік бағыттағы ақындардың әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге беттерін анық бұрғандығын көреміз.

1932 жылы Шашубай қасқырмен айтысады. Аңмен, малмен айтысу, тіпті өлі мен тірінің атынан да айтысу бұрынғы айтыстың салтында ежелден бар әдет болатын. Ал совет тұсында қасқырмен қарсыласқан Шашубайдың ескі түрлі айтысында жаңа мазмұн бар. Атын жеп қойған қасқырды Шашубай қақпан құрып ұстап алады.

Боз аттың құны үшін салдым қақпан,

Тұлпар ең су ішпеген ылай қақтан.

...Жарлының жалғыз атын жегеніңше,

Жауыз малын неге жемедің толып жатқан, —

дейді Шашубай қақпанда жатқан қасқырға.

"Қыржиған шал деп басынып кеп атымды жедің. Өкімет қадірлеп күн-түн сайын күшіме кіріп отырғанымды білмейсің бе?" деп, Шашубай қасқырдың апшысын қуырады.

Бұл айтыста ақын қасқырмен құрғақ салғыласпайды. Ақынның арқа сүйегені үкімет, өз құдіреті жетпей бара жатса, кедейге болысатын үкіметтің қарулы күші оған болысып, қамқорлық істейді. Совет жұртшылығы қадірлеген шалдың малы содырлы сотқардың бойына сіңбейді дейді.

Бұл айтыста Шашубай ел малына ескілікті обырлық мінезбен қасқырдай шауып жүрген бай-құлақты да мұқатады. Және онымен тынбай, қасқыр сөзі қылып кооператив мүлкін астыртын ұрлап, қылғып жүрген ескілік қалдығы сияқты арам ниеттерді де халық ажуасын қолданып, мысқыл егеді, олқылықты әшкерелейді. Совет мүлкіне жасырынып жүріп зиян етушілерді күлкі етіп, сынға алады. Халықтық мысқыл ретінде ақын өзі де тыңдаушыға әзіл етіп, ажуалай көрсетеді. Советтік мазмұн кірген айтыстың түр жағындағы Орны ерекше бір мысалы осы Шашубай айтысы деуге болады.

Қызылордалық Үкімбай ақын сары атан мен бригадирді, қара байтал мен колхоз бастығын айтыстырады. Колхоз жұртшылығын ұйымдастырып, бастауды міндетіне алған бригадир мен бастық ұқыпты болу шарт. Сол жөнде ең алдымен жұртшылық мүлкі саналатын мінген көлігіне күтімді болып, Басқаға үлгі көрсетуі керек. Колхоздасқан шаруалар тірлігіне шаруа көлігін күту деген әлеуметтік талап еді. Осындай мызғымас борышын орындауға салақ қарап жүрушілер де жоқ емес. Үкімбай айтысының мысқылына, сынына ілінетін сондайлар. Мойны ырғайдай болған сары атан бригадирдің айыбын ашып, бүйте берсе, колхозда жер айдарлық көлік қалмайтынын айтады.

Арқасы ошақтай жауыр қара байтал ер сала бастаған бастыққа өзінің арқасын айғақ етіп сын айтады. Оның дауы мен дәлелі мойын бұрғызбастай орынды. Өзара сынның ең өткір, шебер түрі осы айтыс болады. Әр күйде бастық қара байталдан мұндай сын күтпеген, өзінің ісі теріс. Ол айтар жауап таппайды. Шалдырмай, шабуылға салудан байтал арыған, жадаулықтан жалынан да айрылған, күтімсіздік, қырсыздықтан арқасы ойылған. Сондай халық мүлкі — қара байтал сөйлегенде оның тілі ащы шығады. Бастықты сөзбен тұсап, адымын аштырмайды. Жеңіп кетеді. Көлденең сыншыдай емес, жәбір көрген көліктің өзі болып айтқан сөз бригадирдің де, бастықтың да советтік өмір, еңбек майданына әсерлі, пайдалы, қымбат бағалы болып араласқанын көрсетеді.

Бұрын үстемдік істеп, елге ықпалын жүргізіп қалған байлар, атқамінерлер революцияның алғашқы жылдарында, совет тұсыңда да көпке дейін өзінің бұрынғы үстемдігін сақтауға тырысты. Теңдік алған кедейге ырық бермей, әлі де өктемдік жасау жолында көп арпалысты.

1934 жылы Іле ауданындағы Өмірзақ ақынның айтуынан жазып алған "Бай мен кедей айтысы" деген айтыс сондай тап тартысының кейбір көрінісін танытады.

Әй, кедей, қызыл тілді салма маған,

Қаһарымды төгермін енді саған.

Қай кедей тигізеді бізге тілін,

Қарсы келген кедейді отқа жағам, —

дейді. Бірақ кедей оған жасқанбайды:

Кедейді, әй, залым-ау, жамандайсың,

Кедейсіз күнің қайда көретұғын.

Басынды алып қашып амалдайсың,

Құр тұрған қара қамыс сен құрайсың, —

деп, байдың бұрынғы шалқуы кедейдің табан ақы, маңдай тері екенін жұрттың алдында әйгілеп ашып береді.

Айтыс ұзаққа созылып, кедейдің сөзі шымбайына бата берген соң, бай төзбей, ұрмақшы болып қамшы ала ұмтылады, кедей қымтап ұстаған шоқпарымен байды басқа бір салып, қалпақтай түсіріп, атына мініп жүріп кетеді. Бай басы қан-қан болып, қала береді.

Бұл айтыс Совет өкіметінің алғашқы орнаған кезінде, кедейлердің үкімет жұмысына еркін араласпаған кезінде туған болу керек. Баймен айтысуға батырланғанмен, кедейдің сөзінде "заман менікі", "өмір қожасы менмін", "сен зияндылығынан, арамтамақтылығынан аласталасың" деген қайрат ызғары байқалмайды. Қайратқа мініп, бай қамшыға жармасқанда, кедей ет қызуымен шоқпар жұмсап жіберсе де, байды айдап шықпайды.

Совет тұсындағы айтыстың сынына ескі өмірдің сорақы салтының бірі — қос қатын алу да түседі. Совет заңы әйелге ермен тең ерік берді, қос қатын алуды тыйды. Өз басында жағымсыз жаңалықты қалт қылмай естіп-біліп жүретін қос қатынды Есмақан деген "жаңа" лақапты естіп, бәйбішесімен ақылдасады. Екеуіңді қатарымен маған қоймас: "...Лайық Айшакүл ме, маған сен бе" — деп сұрайды бәйбішесінен. Бұл айтысты совет ақыны мысқыл, сатира түрінде байды мазақтап, ескішіл тоғышар шалды ажуалап шығарған.

Кәрілік иықтап, буынына діріл кірген Есмақан тоқалға масыл болып күн кешпек. Соны аңғарған бәйбішесі:

Ақылың кеткен екен мүлде сенің,

Жағдайың жас қатынға мәлім сенің.

Өзіңмен жастайыңнан өскен бірге

Бұрынғы жақсы емес пе кәрің сенің? —

дейді. Шалдың көңілі бәйбішені ептеп, сырмалап, сыртқа тебу.

Іргенді бөлек салып отыра бер,

Кім біліп іш құлқыңды жатар сенің, —

деп алдаусыратады. Бірақ оған бәйбіше мойындамақ емес. Ескі жолды қартаң байлардың революциядан соң бұрынғы үй іші қалпын сақтап қалуға тырысып, екі әйелін алдастырумен бұрынғыша ұстап қалуға тырысқаны ашық. Айтыс ол жағынан да сорақы шындықты, кесір салтты әшкерелеп отырады.

Шал өз дегеніне көнбей отырған бәйбішенің кәрілігін айып етіп, мойындатпақ болады.

...Жиырманың бесеуінде Айшакүлім,

Елуде қыжырайған түрің құрсын, —

деп қорлайды.

Бірақ бәйбіше кемпір болса, Есмақан қураған шал, "жығылған сүрінгенге күледі деген" деп, бәйбіше күйеуінің күлкілі трагедиялы халін сарапқа салады. Сөйтіп, бұл айтыста ескіліктің жақтаушылары өз бастарындағы қоғамдық мінді өз ауыздарымен жұртшылық сынына әйгілеп береді. Күлкі күйлер өзін-өзі әшкерелеуде советтік айтыста аса қонымды, өткір, қызық жанр болып шығады.

Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы "Киров" колхозында әйелдер күніне арналған мерекеде Зейнеп пен Сұлубике айтысады. Зейнеп — стахановшы бригадир, Сұлубике — жалқау, жұмыс істемей: "Бетім барда бетіме кім шығады" деп жүрген еңбексіз әйел. Сол Сұлубикеге Зейнеп:

Сельсовет еңбек берсе, сеспей кетер,

Сұлуға қош-аман бол деспей кетер.

Ар кетер, шай таусылар, киім тозар,

Халыққа қадірсіз боп жүрме бекер, —

деп, оның өлер жерін тура айтады.

Стахановша істеп, екпінді еңбектің қызығына түсіп алған Зейнеп:

Сұлулық, тілімді алсаң, еңбекте тұр,

Ертерек елдің жауын жеңбекте тұр...

Кім сұлу, осы күні еңбек сұлу,

Отанның жауын құртып жеңбек сұлу, —

дейді.

Сұлулық зоры еңбекте. Жомарт табиғаттың адам еңбегіне төлеу есебінде беретін басқа сұлулықтары, игіліктері де бар. Бірақ табиғат ешнәрсені кесегімен тегін бере алмайды. Үлесінді талпынсаң, қармансаң ғана аласың. Зейнептің: "Сұлулық еңбекте, жеңбекте..." дейтін мәнісі осы. Айтыстың басында қасарып отырған Сұлубике кейін Зейнептен жеңіліп, екпінді еңбек істемекке жұрт алдында бел буады.

Жалқауды сынға салып түзеуде, жақсыны құрмет тұтып, көтеріп мадақтауда ел ақындарының айтыстары көп еңбек етті. Жұртшылықты еңбекке баулуда және ескіліктің кертартпа кесепатын аянбай жоюда айтыстар өткір құрал болады.

Қазақстандағы айтыс өнеріне жетік ірі ақындардың айтыстарын республиканың партия-совет басшылығы, Жазушылар одағы ұйымдастырып өткізу жаңа мәдениеттік үлкен дәстүрге айналды. Осы жөнінде ең алғашқы күрделі, көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты ақынның айтысы түрінде өтті. Бұл екеуінің өнер жарысына жырмен басшылық етуші, төрелік айтушы қарт ақын Нұрпейіс болды. Айтысушы екі ақын жалынды, көркем жырларды суырып салма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты.

Еңбек жемісін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің облыстары — Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып та сөйледі. Бірі шалқар өзен Ертістен, екіншісі Сырдан шыққан ақындар социалистік дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көріністерін де, ел тірлігін де айтыстың кең, жарқын тақырыбы етіп алды.

Сол айтыстан кейін республикалық үлкен айтысты 1943 жылы партия мен өкімет басшылығының нұсқауы, көмегімен жазушылар ұйымы бастап, бүкіл Қазақстан көлемінде өткізді. Бұл жылғы айтыстың басы ең әуелі көмір кені, мыс телегейі бар Қарағанды облысында басталды. Сол жылы аз уақыт ішінде айтыс барлық облыстарға жайылды. Қарағандыға үн қосып Қазақстанның көп облыстары совет ақындарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жаңа мазмұнды айтыстарын жүргізе бастады.

Айтыстың соңғы жарысы Алматыда өтті. Ол айтыстың алдын салтанатты мәжілісте дағдылы жүйрік қарт Жамбыл өзінің арнаулы ескек жырымен бастады.

Алатаудан, Арқадан,

Ақындарым, келіпсің,

Тілдерінен бал тамған,

Жақындарым келіпсің.

Ертіс, Есіл, Іле, Сыр,

Бас қосқалы келіпсің.

Жүрген жері думан жыр,

Сендер елге көріксің, —

деп арнау айтты.

Жамбыл ақындарға деген ағалық үлгілі сөзінде бұрынғы айтыстарға көз салып, айтыс өнерінің ескі өнерпаздарын шолып өтті:

Сүйімбай мен Қашаған

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған.

Кеншінбай мен Орынбай —

Өлең сөздің қорындай...

Айтысқа жиналған ақындардың ішінде бірнеше буын атасы, үш дәуірді басынан кешірген ақ сақалды саңлақтар бар.

Уа, Орынбай, Шашубай,

Сеңдер өзен басындай, -

деп, Жамбыл алдымен салмақты соларға салады. Ақындарды атап-атап, өзіне бір қаратып алып:

Өлең жырды дүрілдет,

Жарқылдатып жасылдай.

Сөздеріңнің күшінен,

Жау жүрегі түршіксін.

Жырларыңды естіген

Дос құмардан бір шықсын, —

деп, қарт өзінің ұзақ арнауында жаңа айтыстың міндет-мұратын да атап өтті. Ол, жауға атылған оқ есепті, совет халқының күшіне көмек қосатын асыл өсиет, үгіт сөзді талап етті. Сол дегеніндей айтысқа түскен ақындар өздерінің анық совет патриоттары екендігін дәлелдеді. Айтыс жеке ақындардың жарысы ғана емес, олардың өнерін сарапқа салумен қатар, әрқайсысының облыстарын қатар салмақтап, таразыға салған сын жарыс болды. Ақындар облыстарының өкілдері болып сөйлесті. Алматы мен Жамбыл облысы, Семей мен Карағанды, Қостанай мен Солтүстік, Қызылорда мен Оңтүстік облыстары болып айтысты. Әр облыстың екі ақыны қарсы облыстың екі ақынына қарсы шығып, айтысқа түсті. Айтыс тақырыптары ақындардың өз бастарының жайына бірде-бір соққан жоқ. Әр облыстың екі ақыны облыстың тақырыптарын бөлісіп алып, біреуі ауыл шаруашылығын, біреуі өндірісін баяндай, қарсысындағы тақырыптық ақынмен айтыса жарысты. Және барлық айтыс мақсаты мен мазмұны негізінде бір ғана зор мүддеге арналады. Ол Ұлы Отан соғысына облыстардың беріп жатқан көмегі туралы еді. Отан соғысы, майдан, тыл, ел, ер, ар, намыс, совет патриотизмі деген ұғымдарға кең толғаулық бағалар береді.

Қазақстан — ырысты, бай өлкелі, асыл қазыналы ел. Ақындар өз айтыстарында әр облыстағы сондайлық ертелі-соңды ел қасиеттерін де еске алып сөйлейді:

Шендескен шеңберлі Алтай аспан-көкпен,

Әлемге аты шулы даңқы кеткен.

Қара нор, қалың нулы орманым бар,

Таулары қойынынан алтын төккен,

Ертістен алтын астау аударылып,

Күн күліп жағасына нұрын сепкен.

Құндағым алтын бесік — анам Алтай,

Емізіп ақ төсінде еркелеткен.

Құмынан сап алтынды күреп алып,

Тасына қатпар-қатпар гауһар шөккен.

(Нұрлыбек)

Оңтүстік мол дария қорғасынға,

Ұқсайды заводтардың ордасына.

(Қазанқап)

Күркіреп көк толқыным көкке атылған,ө

Құтты өзен, айналайын Нұра, атыңнан...

Өр тасы жорықты атап күбірлейді.

Шерубай, Сарысу мен Құлан өтпес,

Өлеңмен қасиетін мақтап жетпес,

Суы бал, жері шүйгін мал анасы,

Тепсең де төңірегінен ырыс кетпес.

Арқада ататты асқан асқар биік,

Қылыштай қыр арқасы бұлтқа тиіп,

Халқына қашаннан-ақ аяулы боп,

Баянның қарқарасын қалған киіп.

Бір тау бар оның аты Қарқаралы,

Таулардың ағасындай Арқадағы.

Қаптаулы, қалқып алар қазынасы мол,

Салмағын қандай безбен тарта алады.

Үш жүзде Ұлытауды кім білмейді,

Атағы айлық жерден дүбірлейді.

Сан батыр дабыл ұрған жерімін деп,

Өр тасы жорықты атап күбірлейді.

(Жолдекей Нұрмағамбетов)

Семей ақындары қойнынан алтын ақтарылған Алтайын, Қарағанды ақындары — көмір, мыс өлкесін, Оңтүстік — мақтасын, Қызылорда — күрішін, барлық ақындар үн қосып топ-топ түлік малын, оларды аялап өсірген еңбек ерлерін, ұтымшыл, өнімшіл елдерін, мақтаулы мамандарын мадақтап, мақтан етті. Кең өлке, шұрайлы кендер мен еңбек сүйгіш қажырлы ерлер Ұлы Отан соғысының көмегіне не беріп, керегіне не істеп жатыр? Майданда ел Отанды қорғау үшін, адам баласының жауы гитлершілдерді құрту үшін әр ақынның облысынан барған азаматтары қандай даңқты қайрат етіп жатыр? Әр ақынның, қорытып келгенде, сөз асынып сарыққан арнасы осы тақырыптар болып отырды.

Советтік патриотизм — қасиетті, ардақты сезім. Ел ақындары - совет патриотизмінің жаршысы. Әр ақын өз өлкесінің жақсылығын мадақтаумен жалпы совет халқының патриоттық сезімін өсіріп, күшейте түседі. Сүйікті Отанды қорғау жұмысы жаумен беттесуде ғана емес, майданды тыл көмегімен үздіксіз жабдықтауды талап етеді. Бұл ұлы кішісі бар көп әрекеттен құралады.

Осы жайлардың барлығы ақындар айтысының өрісін кеңейтіп, тақырыбын байытып отырды және барлық жайларды барлап айтып келгенде, жырлардың түп қазығы советтік патриотизм болса, сол жолдағы дана басшылықты, Отан күшін, елін бастаған партия басшылығын ұзақ көркем сөз етіп шырқатты.

Бір заманда Асанқайғы:

Көкпектен басқа шөбі жоқ,

Көкектен басқа құсы жоқ.

Балығы семіз, елі арық,

Маңы сырдаң жер екен, —

деген Бертісте совет жылдарында мыс комбинаты салынды. Ол батыстан жау төнген мезгілде майданға керек жабдық, жарақты үздіксіз беріп тұр. Отанның ортаймас қазынасы болды.

Байлықтың биік құзын ұялаған,

Қыранмын асқар көрсем қиялаған.

Балқашқа тең келетін шың болмаса,

Шоқыға анау-мынау ұяламан, —

дейді Шашубай сол айтысында. Ақындардың әрқайсысының өзіне әсіресе қадірлі туған жері бар, соның бәрі Ұлы Отанның жемісті, ырысты жайлары.

Патриоттық сана шабытын билеген ақындар Отанның зейнеті үшін жақсы істі мадақтап, елді қызықтырады. Және сонымен қатар жаман істі масқаралап жою әрекетінде, сондықтан қандай айтыс болса да сынсыз, өзара сынсыз өтпейді.

Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда?

Кемшілік ұқсамайды айыққанға.

Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп,

Өзара сынға салсақ, айып бар ма?

Жатпасын қисық ағаш тез алдында,

Ақындар, соны түгел сүзе алдың ба?

Не жайда Қарағанды осы кезде?

Елестет бірің шық та көз алдыма —

деген сөзді қарт Шашубай Қарағанды ақындарына жолдайды.

Осындай мазмұн санасының барлық кендігі, құндылығы арқылы совет ақындарының айтысы — өлкедегі жақсылықтың, табыстың әділ таразысы, көпшіліктің тезі есепті сыншысы да болады.

Партия қамқоршылығының саясында түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет күн санап өркендеп өсуде. Советтік Қазақстанда жазба әдебиет те үлкен мәдениеттік биікке көтерілді.

Социалистік реализм үлгісін меңгеруде сол жазба әдебиеттің жаңалықтары қандай көрнекті болса, жаңағы тексерілген совет ақындарының зор саналы айтыстары да сондайлық қадірлі, биік орынға ие болып отыр.

Енді бұдан былай да социалистік Отанға халық ақындарының айтысы жаңа мазмұн, идеяға сәйкес, үйлес жаңа көркем түрлер тауып, дами бермек.

Бұл жолда айтыс ақындарының ізденулері, қызықты, қымбат жаңалықтар табуы әлі де алда тұр.

1943 жылғы үлкен айтыс — осылай іздену жолындағы, советтік социалистік халық поэзиясының өсу жолындағы елеулі бір саты.

Ол айтысқа ауызша суырып салма айтыстың ескілікті халықтық дәстүрінен тыс жазып айтысу әдеті араласты. Жалпы, қазақ әдебиеті көлемінде жазып айтысу, өткен ғасырдың аяқ кездерінен бері қарай, хат білетін ақындар кіргізе бастаған өзгешелік екені рас еді.

Бірақ бұл алуандас айтыс жалпылық, көпшілік қолданатын сипаттардан айрыла бастайды. Және, әсіресе әрбір анық ақындық сыры болатын экспромттық суырып салмалық сипатынан да ажырай бастап еді. Бұл үлгі жазба әдебиетке фольклордан ауысқан, дарыған әсер, дәстүр есебінде қолдануға болса да, советтік халық ақындарының айтыстары өз жаңалықтарына ауызша, қолма-қол суырып салма түрінде айтысатын шын шапшаң өнерпаздық дәстүріне құру шарт. Советтік айтыстар сол үлгіде дамып, өз жаңалықтарын сол бағытта тапса, ол анық, айқын, қадірлі өнердің өзі болмақ.

 

 

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға