Шет ауданы
Шет ауданы (Қарағанды облысы)
Аудан 1928 жылы құрылды. Аудан аумағы 65,7 мың шаршы километрге тең. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында орналасқан. Аудан халқының саны 2007 жылғы 1 қаңтарда 46,5 мың адамды құрады. Ауданда 18 ауылдық әкімшілік, 59 ауылдық елді мекен, 9 кент бар.
Шет ауданы – Қарағанды облысының оңтүстігіндегі әкімшілік бөлік, 1928 жылы құрылған. 1997 жылы Ақадыр ауданымен біріктірілді. Жер аумағы 6569,4 га. Тұрғыны 49,0 мың адам (2006). Аудандағы 68 елді мекен, 8 кент, 17 ауылдық округке біріктірілген, орталығы Ақсу-Аюлы селосы, Аюлы тауының етегінде, Нұра өзенінің бастауында орналасқан. Шет ауданы Сарыарқаның оңтүстік, оңтүстік батыс аумағының дала белдемінен орын алған. Жері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі, белесті, аласа таулы, қырлы келеді. Оңтүстігінде Балқаш көлі, шығысында Қарқаралы тауларының сілемдері, онтүстік шығысында Қызыларай таулары мен Тоқырауын өзені, Нұра өзенінің бастауы жатыр. Басты өзендері : Шерубай-Нұра, Жақсы, Сарысу, Есен, Талды, Байқасқа, Манақа. Ауданның батысын Бетпақ дала, Қызылтау, Ақтау, Ортау таулары тізбесі алып жатыр.
Ауданның орта бөлігінде Бұғылы, Тағылы, Қотыр, Қызылтау таулары орналасып, Тектұрмас шоқыларымен аяқталады. Солтүстік Шерубай – Нұра өзені кесіп өтіп, Шерубай-Нұра су қоймасына құяды, жері ұсақ қырқалы, шоқылы, жазық. Солтүстік шығысынан Талды өзені басталып, Наршоккен, Ақбастау шоқыларымен шектеледі.
Жер қойнауында мырыш, молибден, вольфрам, темір, алтын, кварцит, мыс, құрылыс материалдары (гранит, қиыршық тас, құм, саз) барланған. Өңірдің кең орындарында облыс көлеміндегі алтынның 1,7 пайызы, молибденнің 27,3 пайызы, воллпстаниттын 70 пайызы, цинктін 20 пайызы, қорғасының 17 пайызы, марганецтін 10 пайызы бар. Жер жүзіндегі бар вольфрамның 30 пайызы Шет ауданының қойнауында қазына болып жатыр.
Климаты айқын континенттік, қысы ұзақ, суық, боранды, қары аз (30-40 см), қаңтардың орташа температурасы -170 С, шілдеде +20 - +23С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 220-260 мм шамасында. Жерінде қара, қызыл, қоңыр, ашық қызыл, қоңыр, сортаң топырақ тараған. Жазық жерлерінде көде, селеу, жусан, кермек, көкпек, тобылғы, қараған, өзен бойында тал, шілік өседі. Тау аралық аңғарлары мен сайларында, өзен аңғарларында әр түрлі шөпті шалғын, тал, шілік басым. Гранитті тауларында арша, тасжарған, қараған, таңқұрай, қарақат, бөріқарақат олардың бөктерінде қайың, көктерек өседі. Аңдардан : арқар, елік, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, сасық күзен, қоян, қосаяқ, сарышұнақ, бозсуыр, байбақ суыр. Құстардан : бүркіт, қаршыға, лашын, құр, шіл, бөдене, қоныр қаз, үйрек, дуадақ т.б.су орман құстары мекендейді. Ауданның негізгі халқы қазақтар (85 пайыз), олардан басқа орыстар (4,6 пайыз), т.б. ұлт өкілдері (10,4 пайыз) (2006) . Халық сирек қоныстанған . Орташа тығыздығы 1 км2 –ге шаққанда 0,7 адамнан келеді (2006). Ірі елді мекендері : Ақадыр кенті (11,2 адам) ; Ақсу-Аюлы селосы (5,6 адам) ; Жарық кенті (4,6) ; Ақжал кенті (3800 адам); Мойынты кенті (3200 адам) ; Бұрма ауылы (1500 адам) ; Өспен ауылы (2200 адам), Жұмыскер ауылы (1328 адам), Талды ауылы (1260 адам) ; Нұраталды ауылы (2030 адам), Кеншоқы ауылы (1310 ауылы), Босаға ауылы (1150 адам). Красная поляна ауылы (1500 адам), Ақшоқы ауылы (860 адам). Ауданда өнеркәсіп орындарынан қорғасын-мырыш қоспасын өндіруші (Жаңа-Мырыш ЖШС-і), темір-марганец өндіру кәсіпрорыны (МеталлТерминалСервис ЖШС --і), вольфрам өндіру кәсіпорыны (Қараоба ЖШС-і), кварцит өндірумен «Крамдс-Кварцит» ЖШСірі автокөлік кәсіпорыны, («Ақадыр АТП» АҚ-ы), «Достық» ЖШС-і, автожолдар жөндеуші, («Бірлік» ЖШС-і), теміржолдарды жөндеу бойынша (Компания «Жол жөндеуші» ЖШС), Локомотивтарды, вагондардың донғалақ жұптарын жөндейтін («Ырыс-2030» ЖШС), («Таға» ЖШС-і), халыққа қызмет көрсету саласында «Ақадыр-жылу» ЖШС-і, «Ақадыр-энерго» ЖШС-і, «Шет-энерго» ЖШС-і кәсіпорындары бар. Жол бойы бизнесі дамуда. Ауыл шаруашылық құрылымдарының саны 1160 . Оның ішінде 14 ЖШС, 1146 шаруа қожалықтары бар. Аудан бойынша барлық ауыл шаруашылығына жарамды жер 1815 мың га (жалпы жер көлемінің 27,6 пайызы. Орташа есеппен ауданның әр-бір тұрғынына 40 га ауылшаруашылық жерінен келеді. Оның егістікке жарамды жері 78,1 мың га , 30,1 мың га – сы шабындық, 1646,2 мың га-сы жайылым (2006) . Егін шаруашылығының басты саласы – астық дақылдары мен жем-шөп, аздап картоп пен көкөніс егіледі. Егістікке жарамды жердің 43,0 мың га –сына астық, 0,250 мың га-сына картоп, көкөніс егілді (2006). Аудан аумағында дүниежүзілік даму банкі тарапынан инвестиция тартылып 2003 жылдан «Қуаң жерлерді игеру» бағдарламасы бойынша 11,6 мың га жерге көпжылдық шөп егілді (2006). 2006 жылдың басында ауданда 52,8 мың ірі қара, 105,6 мың қой, ешкі, 19,8 мың жылқы, 3,0 мың шошқа, 44,1 мың құс, 250 түйе болды. Аудан аумағында «Шолақ еспе» шаруа қожалығы жылқының «Мұғалжар» асыл тұқымын, «Ақжол» шаруа қожалығыу қойлың «Сарыарқа» тұқымын, «Ернұр» шаруа қожалығы ірі қараның «қазақтың ақбас» асыл тұқымдарын өсірумен шұғылданады. Оқу-ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет салалары бойынша 2 бала – бақша, 59 мектеп, 1 оқу өңдірістік комбинаты, 1 кәсіптік мектеп, 2 балалар мен жасөспірімдердін спорт мектебі, 4 аурухана, 2 емхана, 18 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП, 8 ФП, 28 медициналық пункттер, 21 кітапхана, 1 музей, 22 мәдениет үйлері мен ауыл клубтары бар (2006) . 1938 жылдан аудандық «Заман» газеті шығарылады.