Органикалық химия
ОРГАНИКАЛЫҚ ХИМИЯ – химияның көміртек және оның басқа элементтермен түзілген органикалық қосылыстарын, олардың өзара түрлену заңдылықтарын зерттейтін саласы. О. х-ның органик. заттардың синтезі мен құрылымын анықтауда, ондағы электрон тығыздығының таралуын, атомдардың кеңістіктік орналасуын және хим. реакция механизмін белгілеудегі мүмкіндіктері шексіз. Сонымен қатар ол ғылым мен техниканың жаңа салаларының пайда болуына және дамуына ықпал етеді. О. х. терминін алғаш 1808 ж. швед химигі И.Берцелиус (1779 – 1848) ұсынған. Бұл термин ол кезде тек тірі организмдермен ғана байланыстырылып түсіндірілді. 19 ғ-дың аяғында көптеген зерттеулер нәтижесінде органик. қосылыстар синтезделіп, ол түсінік жоққа шығарылды. О. х-ның ғылым ретінде дамуы осы кезден басталады. О. х-ның дамуында 1861 ж. А.Бутлеров ашқан органик. заттардың құрылыс теориясы маңызды орын алады. Осыған байланысты О. х-ға химиялық байланыс, молекулада атомдардың байланысу реті, олардың өзара әсері, т.б. жаңа ұғымдар енді. Бутлеровтың құрылыс теориясы осыған дейін белгісіз болып келген изомерия құбылысын толық түсіндіре алды. Одан басқа: типтер теориясы, фрагменттердің молекуладан өзгеріссіз жаңа молекулаға өтуі, валенттілік ережесі, бензолдық теория, құрылыс, изомерия құбылысы, молекуладағы атомдардың кеңістіктік орналасуы, атомдардың өзара әсер теориялары, т.б. көптеген жаңалықтар О. х-ны одан әрі дамытты. 20 ғ-дың басында талдаудың жаңа физ. әдістері жасалып, жетілдірілді: хроматогр., ЭПР, рентген, құрылымдық талдау, масс-спектроскопия, ядр.-магн. резонанс, инфрақызыл- және ультракүлгін-спектрометриясы, т.б. Бұл әдістер хим. әдістерді қолданбай-ақ, күрделі органик. заттардың құрылымын тез және дәл анықтау мүмкіндігін берді. 1915 – 16 ж. химияға кванттық механика әдістерін қолдануға байланысты органик. қосылыстарда электрон және оның тығыздығының таралу табиғатын түсінуге мүмкіндік туды (мезомерия және резонанс теориясы). 20 ғ-дың 2-жартысында тізбекті реакциялар теориясы, қышқыл-негіз және гетерогендік катализ теорияларын түсінуге жол салған зерттеудің кенетик. әдістері қолданыла бастады. Әсіресе сұйық отын тапшылығы туғанда Бергиус реакциясы арқылы көмірді сұйық көмір сутектерге гидрлеу орын алды (1912 – 13). Полимерлер химиясы кең өріс ала бастады. 1897 – 99 ж. полимерлеу нәтижесінде каучук, медицина мен техникада қолданылып жүрген бластомерлер алынды. Ал 1936 ж. синтетик. полимерлер найлон, тефлон синтезделді. Полимерлер хи-миясы жоғары молекулалы қосылыстар деп аталатын химияның үлкен бір саласына айналды. О. х-да бояулар химиясы ерекше орын алады. Бұл саланың дамуында неміс химик-органигі А.Гофман (1818 – 1892) лаб-ның еңбектері зор болды. 1856 ж. ең алғашқы синтет. бояғыш – мовеин, ал 1858 ж. фуксин алынды. Бояғыш заттар фотогр. ісінде кеңінен қолданыла бастады. Қазақстанда О. х. өткен ғ-дың 30-жылдарынан дами бастады. Оның негізін салушы ғалымдар: А.Ш. Шәріпханов, И.Н. Назаров, И.Н. Азербаев, Т.І. Шомбалов, Н.Н. Воронцов болды. Олар өз зерттеулерін екі бағытта жүргізді: жаңа органик. заттар синтездеу және Қазақстан өсімдіктерінің хим. құрамын зерттеу. Зерттеулердің мақсаты синтез жолымен және өсімдіктер дүниесі негізінде дәрілік, биол. белсенді заттар алу. Қазақстанның органик ғалымдары гетероциклді және ацетилен қосылыстары негізінде нәзік органик. синтезді жүзеге асырып, дәрілік препараттар “Рихлокаин”, “Алмакаин”, “Цефедрин”, “Пирикаин”, “Просидол”, өсімдік тектес препараттар “Алхидин”, “Рамон”, “Сүттіген”, т.б. синтездеп, өндіріске енгізді. О. х. басқа пәндермен (биохимия, агрохимия, медицина, т.б.) тығыз байланысты. Ол тірі организмдердегі биохим. процестерді анықтап, көптеген ауруларды емдеудің тиімді жолдарын табуға мүмкіндік береді. О. х-ның жетістіктері қазіргі кездегі өндірісте (өсімдік өсуін реттеуіштер, бояу, жасанды каучук, жанармай өндіру) кеңінен қолданылады.
М. Бейсебеков