Жаңалықтар

Өткен жыл жемістері, жаңа жыл мұраттары

  Өткен жыл жемістері, жаңа жыл мұраттары   Өткен жыл жауапты ойлар мен күрделі еңбектің жылы болды дер едім. Жауаптылық - Отанымыздағы ғылым мен көркемөнер қайраткерлерінің ендігі еңбектерінен өнімді ой мен жаңа сапаны талап еткен БК(б)П Орталық Комитетінің қаулыларынан туған еді. Өткен жыл бойында, бір жағынан, жазушы, екінші жағынан, ғылым қайраткері есебінде екі алуан істер істедік. Жазушы есебінде "Абай" романының екінші кітабы жазылып болды. Ол қазір баспадан да шықты. Бұл кітаптың орысша аудармасы да аз айлар ішінде Москва мен Қазақстан баспасы арқылы жарыққа шықпақшы.   Өткен жыл ішінде драматургиялық екі тақырыпқа жаңа шығармалар жазылды. Мұның бірі - Ұлы Октябрь революциясының XXX жылдық мерекесіне Академиялық опера театры қойған, композиторлар Жұбанов, Хамиди шығарған "Төлеген Тоқтаров" операсының либреттосы.   Өткен жылдың драматургиялық тағы бір шығармасы - Академиялық драма театрының репертуарына арналған "Асыл нәсілдер" атты пьеса. Бұл тақырып ғылым мен халық шаруашылық тәжірибесінің қабысып, жалғасуынан туған, осы үстіміздегі сталиндік бесжылдық табысына арналған шығарма болып қалыптану керек. Пьесаның алғашқы варианты жазылғанмен, әлі түгел бітіп болған жоқ. Театрмен қосылып еңбек етіп, сол тақырыпты жетер өрісіне жеткізіп көрсету жақын уақыттың ең бір қызықты, жақсы мұраты деп білемін.   Бұл тақырып бір ғана пьесамен түгел қамтылып, баяндалып болады демеймін. Сондықтан осы "Асыл нәсілдер" тақырыбында көлемді повесть, не роман жазу - алда тұрған үлкен мұраттың бірі.   Қазақ әдебиеті тарихының 1-томы - фольклорға арналған томы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің қаулысында әділ түрде, қатты сыналған еді. Ол Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында істейтін алты-жеті ғылым қайраткерлерінің бірігіп жазған еңбегі болатын. Басқарушысы және авторларының бірі мен едім. Орталық Комитет көрсеткен сол кітаптың қате, кемшіліктерін түгел түзеп, маңызды, көлемді бағалы еңбек етіп шығару ардақты міндет болды. Бұл көлемді кітап - төрт томдық "Қазақ әдебиеті тарихының" бірінші бөлімі болатын.   Қазір осы кітап 45 баспа табақ көлеміндегі, ғылымдық тұңғыш зерттеу есебінде, көп кемшіліктері түзеліп, баспаға әзірленіп отыр. Кітаптың бір авторы есебінде және басқарушы редактор есебінде айтарым: біз осы еңбекті тыңнан түзеп шығу үстіне, өзіміз үшін көп тәжірибе, сабақ алдық. Алдағы еңбектеріміз бен ғылымдық ой талаптарымызға тың жаңалықтар қостық деп ойлаймыз. Бұл жөнде, кімнің болсын ғылымдық ойын дұрыс бағыттаған, сол арқылы байытқан көмекші сынға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.   БК(б)П Орталық Комитетінің берген, беріп жатқан ұлы бағыттарына сәйкес 1948 жылда өз еңбегімізге де, жолдастарымыздың ғылымдық, жазушылық еңбектеріне әділ сын, үлкен талап қоюды мақсат етеміз. Биылғы жыл баспадан шығатын "Қазақ совет әдебиетінің очерктері" және биылғы жыл жазылып болатын "Қазақ совет әдебиетіне" арналған көлемді кітап - IV томның ойдағыдай еңбек болып шығуына ат салыспақпыз. Ол кітаптардың жазылуына қатардағы автор болып қатысумен бірге, жалпы салмағы мен құны жұртшылық күткендей болып шығуына сыншының бірі де өзіміз болуымыз қажет. Анық ғылымдық, сыншылық сыпаттары, партия талабына сай, ойдағыдай еңбектер болып шығуына жауапкерлігіміз зор. Сондықтан "өзіміз жазып шығарып едік" деп, кемшіліктері болса көрместей, не кешіргіштей болғымыз келмейді. Бұл еңбек тұсында да жауапты ойы бар жазушының бірі болмақ мұрат бар.   1948   Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 11:14 3970

 

Өткен жыл жемістері, жаңа жыл мұраттары

 

Өткен жыл жауапты ойлар мен күрделі еңбектің жылы болды дер едім. Жауаптылық - Отанымыздағы ғылым мен көркемөнер қайраткерлерінің ендігі еңбектерінен өнімді ой мен жаңа сапаны талап еткен БК(б)П Орталық Комитетінің қаулыларынан туған еді. Өткен жыл бойында, бір жағынан, жазушы, екінші жағынан, ғылым қайраткері есебінде екі алуан істер істедік. Жазушы есебінде "Абай" романының екінші кітабы жазылып болды. Ол қазір баспадан да шықты. Бұл кітаптың орысша аудармасы да аз айлар ішінде Москва мен Қазақстан баспасы арқылы жарыққа шықпақшы.

 

Өткен жыл ішінде драматургиялық екі тақырыпқа жаңа шығармалар жазылды. Мұның бірі - Ұлы Октябрь революциясының XXX жылдық мерекесіне Академиялық опера театры қойған, композиторлар Жұбанов, Хамиди шығарған "Төлеген Тоқтаров" операсының либреттосы.

 

Өткен жылдың драматургиялық тағы бір шығармасы - Академиялық драма театрының репертуарына арналған "Асыл нәсілдер" атты пьеса. Бұл тақырып ғылым мен халық шаруашылық тәжірибесінің қабысып, жалғасуынан туған, осы үстіміздегі сталиндік бесжылдық табысына арналған шығарма болып қалыптану керек. Пьесаның алғашқы варианты жазылғанмен, әлі түгел бітіп болған жоқ. Театрмен қосылып еңбек етіп, сол тақырыпты жетер өрісіне жеткізіп көрсету жақын уақыттың ең бір қызықты, жақсы мұраты деп білемін.

 

Бұл тақырып бір ғана пьесамен түгел қамтылып, баяндалып болады демеймін. Сондықтан осы "Асыл нәсілдер" тақырыбында көлемді повесть, не роман жазу - алда тұрған үлкен мұраттың бірі.

 

Қазақ әдебиеті тарихының 1-томы - фольклорға арналған томы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің қаулысында әділ түрде, қатты сыналған еді. Ол Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында істейтін алты-жеті ғылым қайраткерлерінің бірігіп жазған еңбегі болатын. Басқарушысы және авторларының бірі мен едім. Орталық Комитет көрсеткен сол кітаптың қате, кемшіліктерін түгел түзеп, маңызды, көлемді бағалы еңбек етіп шығару ардақты міндет болды. Бұл көлемді кітап - төрт томдық "Қазақ әдебиеті тарихының" бірінші бөлімі болатын.

 

Қазір осы кітап 45 баспа табақ көлеміндегі, ғылымдық тұңғыш зерттеу есебінде, көп кемшіліктері түзеліп, баспаға әзірленіп отыр. Кітаптың бір авторы есебінде және басқарушы редактор есебінде айтарым: біз осы еңбекті тыңнан түзеп шығу үстіне, өзіміз үшін көп тәжірибе, сабақ алдық. Алдағы еңбектеріміз бен ғылымдық ой талаптарымызға тың жаңалықтар қостық деп ойлаймыз. Бұл жөнде, кімнің болсын ғылымдық ойын дұрыс бағыттаған, сол арқылы байытқан көмекші сынға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

БК(б)П Орталық Комитетінің берген, беріп жатқан ұлы бағыттарына сәйкес 1948 жылда өз еңбегімізге де, жолдастарымыздың ғылымдық, жазушылық еңбектеріне әділ сын, үлкен талап қоюды мақсат етеміз. Биылғы жыл баспадан шығатын "Қазақ совет әдебиетінің очерктері" және биылғы жыл жазылып болатын "Қазақ совет әдебиетіне" арналған көлемді кітап - IV томның ойдағыдай еңбек болып шығуына ат салыспақпыз. Ол кітаптардың жазылуына қатардағы автор болып қатысумен бірге, жалпы салмағы мен құны жұртшылық күткендей болып шығуына сыншының бірі де өзіміз болуымыз қажет. Анық ғылымдық, сыншылық сыпаттары, партия талабына сай, ойдағыдай еңбектер болып шығуына жауапкерлігіміз зор. Сондықтан "өзіміз жазып шығарып едік" деп, кемшіліктері болса көрместей, не кешіргіштей болғымыз келмейді. Бұл еңбек тұсында да жауапты ойы бар жазушының бірі болмақ мұрат бар.

 

1948

 

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға