Сөз
05.12.2012 11:10
14000
Сөз орыс. Слово, ағылш. Word – зат пен құбылыстың атын, түр-түсін, сапалық белгісін, амалын, қимыл-әрекетін таңбалаушы негізгі мағыналық-құрылымдық бірлік. Болмыстың тілдік атауы ретінде дыбыс пен мағына тұтастығынан тұрады. Сөзді құраушы бірлік – дыбыс, ал мағына – Сөздің ішкі мәні, мазмұны. Дыбыстық құрылым сөздің ішкі мәніне, ұғымға бағынышты болады. Сөз – тілдік категория, ұғым – логикалық категория. Ұғым сөз арқылы айтылады, бірақ сөз тілдегі барлық ұғымдарды білдіре бермейді. Одағай, шылау сөздерде мағына болғанмен, олардың ұғымға қатысы болмайды. Сөздің негізгі белгілері:
• Құрылымдық тұтастығы: яғни, сөз белгілі бір дыбыс жиынтығынан тұрып, дайын күйінде жұмсалады;
• Семантикалық тұтастығы: құрамында қанша буын не сөз болғанына қарамастан бір ұғымды анықтап, бір мағына береді;
• Грамматикалық тұтастығы: сөз ішкі мағыналық құрылымына қарай грамматикалық топтарға бірігіп, грамматикалық категориялар негізінде түрленеді;
• Танымдық тұтастығы: сөздің ішкі мағыналық құрылымы халықтық дүниетаным негізінде анықталады.
Қішкі мағыналық құрылымы мен қызметіне қарай сөздер атау және көмекші сөздер болып бөлінеді. Атау сөздер зат пен құбылысты, болмысты оның ерекше белгілері арқылы таңбалайды; көмекші сөздерде мұндай атауыштық қабілет жоқ, олар қызметтік-грамматикалық мәнге ие. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары болады. Тілді жүйелі құрылым ретінде зерттеу сөзді анықтаудың төмендегідей міндеттерін көрсетеді: сөзді тілдік бірлік ретінде тану; оны анықтаудың негізгі шарттарын айқындау; сөздің мағыналық жағын зерделеу; лексиканың жүйелілігін зерттеу; сөздің лебіз бен мәтіндік бірлік ретіндегі ерекшелігін тану. Сөз жүйелі құрылым ретінде түрлі бағыттағы зерттеу нысаны болып табылады. Сөздер семантикалық-грамматикалық белгілері (сөз таптары), сөзжасамдық байланыстары (сөзжасамдық ұя), семантикалық қатынастары, мағыналық, концептік өрістері арқылы өзіндік тілдік жүйелерді құрайды.
Сөз -
• Таңба ретінде пайдаланылатын бедербелгі тізбегі;
• Абстрактылық алфавиттегі символдар тізбегі;
• Грамматиканы тудырушы негізгі алфавиттегі символдар тізбегі; кейбір алфавиттегі мағыналық мәні бар символдар тізбекшесі; табиғи тілдің сөзін өзінің формасымен ұқсататын лексема;
• Табиғи тіл сөзі;
• Жадтың бір ұяшығына ғана орналастырылатын және біртұтас қарастырылатын биттер немесе символдар жинағы. Сөз команда/командаларды және алфавиттік-цифрлық ақпаратты өрнектеуге пайдаланылады, ал ұзындығы тұрақты да, айнымалы да болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Банк маркетингісі
Келесі жаңалық
Астанада балаларды тегін үйірмелерге қабылдау басталады