Жаңалықтар

Өнер өрінде

Өнер өрінде (Жазушы Ғабиден Мұстафиннің 50 жылдығына) Жазушылық еңбек пен оған берілген өнердің әр алуан талайы мен тағдыры бар. Кейбір творчестволық тәжірибені болжасаң, жазушы өзіне лайықты, шамасы толық құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүретіні болады. Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында көп түртініп, өнімсіз жүріп қалады. Ірі жазушы болып, үлкен шығарма беріп, кемеліне келгенше көп жазушылықтың алғашқы сапары көбінше осылай келеді. Сәтімен өз арнасын табу — алтын кенін қазушылар арасындағы старательдер артелінің жаңа бір алтын желісін (жиласын) тапқанымен бір теңдес. Талапты табады, табанды жеңеді. Бірде көп ізденумен, кейде сәтімен аз іздену соңынан да өзіне бейім, бой тартқан тақырыбын тапқанда жазушы өнері қанағаттанады. Бойдағы барлық талантты жігері ұшқындай түсіп, нұр шашады. Жазушы еңбегі бел-биіктен аса беріп, бұрын оқушысы да, өзі де аңғармаған, іркіліп жүрген асылын ашады. Ойлап, барлап қарасақ, өзіміз білген бүгінгі жүрген жазушылардың көпшілігінде осындай екі алуан күйлері бары сезіледі. Сол қатарда Ғабиденді ауызға алсақ, бұл жазушының жолында үлкен бір ырысты сәттілік бар екендігі байқалады. Осы айтқанды анықтау үшін Ғабиденнің жазушылық жолындағы соңғы 13-14 жылды барлап, болжап өтейік. Ең әуелі бұл 13-14 жыл оның жазушылығының ең өнімді, ең көрнекті жемісті жылдары. Осы жылдар ішінде Ғабиден төрт роман жазыпты. Ол төрт кітаптың алғашқысынан бастап, соңғысына дейін бәрі де өз уақытында қазақ совет әдебиетінде және соңғы үш романы бүкіл Одақ әдебиеті көлемінде қатардағы шығармалар ғана емес, елеулі, бағалы үлкен еңбектер боп қалыптанды. Осындай бағаны жазушы ортасы ғана емес және бір қазақ оқушысы ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі одақтық оқушы айтты. Төрт романның жөне бәріне ортақ қымбат қасиеті — мұның бәрі де бүгінгі тақырыпқа арналған, социализмді жасаушылардың, коммунизм үшін күресушілердің үлгілі өмірін, өр өнерін, ер еңбегін баян ететін шығармалар. Сонымен, Ғабиден өзінің жазушылық еңбегінің әр кезінде, бүкіл совет әдебиетінде совет халқы қойған, социалистік Отан атаған, Ленин партиясы белгілеген ардақты міндеттерді орындау жолында күресіп келеді. Оның бар тақырыбы — бүгінгі күн, оның барлық жағымды образдары — жарқын келешек үшін, айқын ертеңі үшін күрескен совет азаматтары. Ғабиден романдарының геройлары коммунизмнің мәңгілік болашағын өздеріне ұлы арман еткен адамдар болып танылады. Олардың бәрі де біздің оқушыға жырақ, жұмбақ жандар емес, қайта барлық қимыл, құбылыс әрекеттерімен, бар сезім-санасымен, әрбір үні, дем-тынысымен қалың жұртшылығымызға қымбат, жақын жандар. Осылардың арасында жақсыларын іріктегенде, жас буындардың өз ағасы есепті Бораштар, Шығанақтар, Жақыптар, Щербаковтар, Ермектер оқушының қымбат, ыстық көретін жандары. Сондай-ақ жаңа тарих тудырған Еркін, Жомарт, Мейрам сияқты жаңа сапалы жас буын, бірақ, жас та болса, жаңа нәсілдің тел басы есепті жандар, барлық іс-әрекеті ғана емес, іштегі сан алуан сезім толқындарымен де, неше алуан ым-емеурінімен де бүгінгі оқушыға өз сырласындай, егіз-ею сыңарындай жақыны. Жазушының ең үлкен жұбанышы, оның шығармаларындағы геройлардың бүгінгі оқушыға соншалық етбауыр жақындай боп, таныса табысып кетуінде. Әдебиеттің мұндай образдары мәдениеттенген совет адамдарының ұдайы есінде жүретін жақынындай болса, қымбаты, қимасы боп кетсе, жазушыға одан үлкен мұрат, мақтан жоқ. Ғабиден шығармаларында осындайлық совет оқушыларына қымбатты болған табыстар бар. Міне, осындай табыстар жайын ойлау тұсында жоғарыдағы айтылған бір халді еріксіз ескергендейміз. Ғабиден жазушылығының ерекшелігі — ол ең алғашқы жауапты қадамынан бастап, арнасын, өз тақырыбын талғап тапқан жазушы. Ол өзінің тәуір шығармаларымен бүгінгі күндегі өмір-тарихтың, ардақты халықтың және ұлы ұстазымыз Ленин партиясының талаптарына едәуір бағалы жауаптар беріп келеді деп айта аламыз. Бұл тұста Ғабиденнің кейбір шығармаларына үңіліп, қарай түсейік. Сонымен қатар жазушы шығармаларындағы көрсетілетін, суреттелетін ортамен, өмір тартысымен жазушының өз өмірінің тартыс-табысын, іздену жолдарын қатар еске алу керек. Сонда осы жайда да біраз жазушыға ой салғандай мәнді, нәрлі ерекшеліктер бар екенін көреміз. Жазушылық жолында өз арнасын тапқан Ғабиденнің өмір жолында да жазушылығына жетекші, себепші болған шындық, болмыс, тәрбие-тәлім бар. Мұнда да өмірден жазушылыққа, жазушылықтан өмірге ауысып, араласып жатқан қос өрім байқалады. Нақтылап айтпағымыз: жазушының романдарын оқып кеп, өз өмірбаянын андап барлағанда, романдардағы кейбір ортадан жазушының езі туып жатқаны сезіледі. Және де жазушының өз өмірі бірталай елеулі үлкен шындығы, талабы, табысымен романдар ішіндегі геройлардың сезіміне, сөзіне, іс-әрекетіне ұдайы араласып жатқандай байқалады. Сондықтан да кейде, жазушы өзі жазған кітабының бетінен көп жайымен көрінгендей болады. Ол романдар автобиографиялық (өмірбаяндық роман) болмаса да, жазушының езі көп сезімімен, ойымен, талай-тағдырымен, өмірдегі алғашқы адым, өсу жолы, соңғы табыстарымен ап-айқын сезіліп жүргендей. Енді осы аталған жалпы ойлар мен жайларды Ғабиденнің ең соңғы үлкен шығармасы — "Қарағанды" романына қарап отырып, аңғарып керейік. Сол 'Қарағанды" романы мен жазушының өз өмірінің болмыстары арасындағы шындықтарға кезек көз сала отырып, танып талғайық. "Қарағанды" романының алғашқы беттері және бірінші тарауы, бесжылдық жоспар бойынша, бүкіл отандық ұлы өндіріс ошағына айналғалы отырған Қарағандыға мол күштер жұмылдырып, мол қаражат жұмсау кезеңіне арналады. Сол Қарағанды ошағына жан-жақтан ағылып келіп жатқан жұмысшылар жайы баян етіледі. Көп суреттер Орталық Россиядан, Донбастан келген маман жұмысшылардың жайына арналады және әсіресе, жазушының ерекше көңіл, бейіл бергені — ұлы өндіріс арнасына қазақ кедейлерінің жаңа құрылысшылар есебінде, жан-жақтан ағылып келіп жатқан күйіне арналады. Бұлар Қарағанды айналасындағы жақын аудандардан шартпен келіп жатқан бұрынғы ауыл кедейлері. Көпшілігі жаман үй, жарты лашықтарымен, бірен-саран күш-көлігі, сауынымен, азын-аулақ қой-тұяқ, ешкі-лақ дегендерін де ала келген көшпелі ауыл, әлі қоныстанып болмаған аудандардың кедей шаруалары. Осылардан Қарағандыдай үлкен өндіріс ошағының саналы жұмысшылары, өнерлі қайраткерлері, сапалы азаматтары, кысқасы, тарихының жаңа дәуірін тапқан, бақыт шағына жеткен, социалистік ұлттың советтік жұмысшы табы қалыптанады. Роман бойында сол ел кедейлерінен ірі маман жұмысшылар, зор саналы азаматтар, үлкен өндіріс командирлері, партия, совет орындарының білікті, сапалы басшы азаматтары, ірі инженерлері өсіп шығып жатқандарын көреміз. Міне, осы адамдардың көпшілігі Қарағандыға жақын отырған елдерден шыққан қазақтар болатын. Сол түрде Қарағандыға келген бірталай жұмысшылар, қартаң әйелдер, жігерлі жастар атаулының талайы дәл Ғабиден Мұстафиннің өзі туып-өскен елден, бала күннен өзі өмір кешкен жерлерден келген. Көпшілігі тіпті жазушыға туыс-таныс адамдар болатын. Ғабиденнің өзі де жаңағы аталған жақын елдердің арасынан шыққан, Қарағандының қасындағы, осы күні Каргрэс орнаған Нұраның бойы - бұл елдердің қыс - қыстау, жаз — жайлау дейтіндей, ежелгі қоныс мекені. Бұл өлкедегі елге бұрын ағылшын билеген Қарағандының жай-күйі, Ұлы Октябрь революциясының алдындағы Қарағанды мен Спасс, Нілді сияқты болымсыз шұқанақ өндіріс сымақтардың жайлары, тарихы да аса мәлім еді. Сол өлкенің кәрі-жасына тек совет дәуірінде, аз заман ішінде дүрілдеп өскен, нұр жайнаған алып Қарағандының тарихы, қазіргі Теміртаудың да үдеп өрлеген қысқа ғана табыс, жеңіс тарихы соншалық айқын. Осыдан 12-13 жыл бұрын жазылып, басылған ең алғашқы құнарлы еңбегі — "Өмір не өлім" романында, жаңағы айтқандай, көз алдынан кешіп өткен, бар бөгетті басып өскен Қарағанды алыбының жайын Ғабиден алғаш сөз қылған еді. Енді мынау соңғы, үлкен романы кең көлемде көсіліп өскен Қарағанды жайын дастан етеді. Бұл екі романның кей адамдарының өмір жайында, тартыс-жеңістерінде, іс-мінездерінде ұқсастық бар екені даусыз. Ол ұқсастық, ең әуелі, екі романның да бір Қарағандының жайына арналғандығынан туған. Мұнда танданарлық та, немесе, мін тағарлық та өрескелдік жоқ. Қайта жауапты, ойлы жазушының өзі тандап алған өмірлік тақырыбының өзгеше жайларына жаңа дәуірде, жаңа сапада, өзіне-өзі қойған жаңа өскелең талаппен қайта оралғанын көреміз. Осы сөздің басында айтылған, жазушының сәтімен тапқан өз арнасы дейтініміз де осы. Соңғы оралуында алғашқы соғудан әлдеқайда жоғары, салмақты, биік салада еңбек еткен, елеулі үлкен табыс танылады. Әуелгі роман мен соңғы романның екі арасында жазушының өзінің де көп үдеп өскен сыпаты көрініп отыр. Ойы тереңдеген, білімі молайған, шеберлігі молыға түскен, жазушылық мәдениеті көп көтерілген, жан-жақты сан-сапаны сеземіз. Бұл да өзінше тақырыбы мен жазушының арасындағы жіпсіз және үздіксіз мол, мығым байланысты байқатады. Совет дәуірінде ең алғаш қолға алына бастаған Қарағанды мен енді бүгінгі күндерде ұшан-теңіз шалқып өскен Қарағандының арасындағы айырмысқа түгелімен сай болса да, сыбайлас жатқан, желілес ұқсастықты байқаймыз. Романның құрылыс арнасы Қарағандының өсу арнасымен үнемі астарлас, желілес болғандықтан, жазушының өсуінің өзін де Қарағандының өсуі, нақтылап айтқанда, өмір тарихын өзінің дамып, үдеп есуі бастап, ақтап отырғандай болады. Мұнда роман мен жазушының арасы, дәлдеп айтқанда, романның өзегі болған көп адамдардың өмір шындығы мен жазушы өмірінің шындығы үнемі жанасып, нық байланысып, айқыш-ұйқыш араласып жатқанын көреміз. Әуелі тарихтық шындықты роман шындығымен жалғастыратын өмірлік, адамдық фактілерді алайық, содан соң осы жайлар мен жазушының өз өмірінің қос өрімдей қосыла араласқан жайын атаймыз. Алғашқы аталған халдің мысалына "Өмір не өлімдегі" Борашты, "Қарағандыдағы" Ермекті алуға болады. Осы екеуінің Қарағанды жұмысшыларының ішінде анық нақтылы, тарихтық кейпі бар. Ол адам бізге мәлім. Сөйтіп, кейбір өзгеріс, өскелең сипаттар қосылумен соңғы "Карағанды" романында үлгілі образ болған Ермектің де өмірлік прототипі бар дейміз. Сол сияқты Жанәбіл екі романда бірдей осы атпен жүргенмен, тірлікте анық өзіне жақын, егіз сыңары бар образ екенін білеміз. Сондайлық Боқай, Сейітқали сияқты адамдардың бәрінің де, жазушы аттарын атап, әйгілеп бере алатын, өмірлік тарихтық прототиптері бар. Осылайша роман ішіне араласқан орыс адамдарының, жағымды кейіпкерінің әсіресе нақтылы өмірлік дәл егіз сыңарлары бар. Бұл ретте Щербаков образы ерте кездерде Қарағандының алғашқы құрылыс дәуірлерінде барлық жұмысшы жұртшылық атаулының бәріне де аса қымбат, қадірлі, сүйікті болған Горбачев өмірімен, бейнесімен шендес келеді. Мехцехта механиктің көмекшісі болған Чирьев — романдағы сол орындағы Лапшиннің егіз сыңары. Козлов, жай қадірлі қарт, дәл осы Козлов атымен Қарағандыда нақтылы болған адам. Қысқасы, романдағы басшы кейіпкер, қазақ пен орыс адамдарының көптен-көбінің іс еңбегі, мінезі, түр-қалпы, сөз салты, әдет-машығы, қысқасы, көптен-көп сипаттары өмірдің өзінен алынған. Енді жазушы өмірінің осы ортаға, осы арнаға қосылған ағымын алсақ, онда да ескермеуге болмайтын аса елеулі және ерекше тарихтық, әдебиеттік өзгеше жайлар танылады. Әуелі әдебиеттік еңбекке жас шағында біраз берілген және алғашқы әңгімелер жазып, "Ер Шойын" атты бір жинағын шығарған Ғабиден, дәл осы "Қарағанды" романында өзі сипаттап отырған жылдар кезеңінде, өндіріс ошағына қайта оралып келеді. Бірнеше жыл бойында Қарағандыда қара жұмысшы боп істейді. Сонда ол екі жыл бойында маман жұмысшы Боранбаймен бірге болады. Мехцехта Лапшин, Козловтардың ағалық, достық ұстаздығын көріп өскен Жанәбілдің күйіндей күйлердің талайын өзі де басынан атқарады. Чирьев сияқты механиктің көмекшісі, қазақшаға судай, үлкен мастер, бұның үйретушісі болады. Кейін Ғабиден слесарьдің шәкірті боп істейді. Тағы бір кезек темір арқанды есетін бригаданың (по перемотке стального каната) ішінде еңбек етеді. Бұл жерде, осы кезеңде, болашақ роман жазушысының өзі де болашақ геройы Жанәбілдің істегенін істейді. Осыдан кейін өзі де мастер болып шығады. Сол кезде мұның қатарында істеген Бәйкен сияқты, анық өмірде болған нақтылы адам, роман ішінде Бәйтен бейнесінде қалыптанады. Бертінде, жаңағы темір арқанды Донбасс даяр түрде бере бастаған соң, Ғабиден машинист болуға ден қояды. Кейін, біраз уақыт үйреніп ысылған соң, сол кезде мұнай двигателінің толық машинисі болып шығады. Одан бір кезекте бұл орынға екі жас қызды үйретіп, баулып, өзі тағы да екінші бір жұмысшылық мамандыққа ден қояды. Токарьлік өнерге қызығып, үш ай бойында шәкірт болып істеп, кейін анық шеберленген токарь болып шығады. Сөйтіп, Қарағанды ұлы құрылысының бірнеше жылғы тарихында өзінің жұмысшылық еңбегімен атсалысып, араласқан азаматтық еңбекті көреміз. Мұның өзі, өмірі де, кешегі көшпелі ауылдан өндіріс ошағына келіп, сонда қара жұмысшыдан бастап, маман жұмысшыға жеткен еңбекші өмір жолын танытады. Сол сипатында ол, өз романдарының кейбір жас жұмыскер геройларындай, Қарағанды өндірісінің сол кездегі басшысы болған Горбачев сияқты (романда Щербаков сияқты) адаммен жақсы біліскен. Горбачевті өзі жақсы біліп, өте жақсы көргенде, бұның өзін де ынталы, ұғымпаз, талапкер жас жұмыскер сипатында Горбачев та жақсы біліп, жақсы көрген. Міне, осы айтылған нақтылы, деректі жайлардың тұсында, тарихтық болмыспен, жеке өмірбаяндық шындықпен және содан әрі екінші, өзгеше сапада туған көркем шығармадағы шындықтың араларында қандайлық заңды, терең тамырлы, күрделі байланыстар жатқанын елемеуге болмайды. Сонда және бұл жазушы, өмірден оқыған жазушы боп аңғарылатыны, ерекше бір жақсы сипат, аса бағалы шындық. Жазушы кейін өзі жазған романдардың кей ұзақ беттерінен, тарауларынан айқын көрініп, өсіп толысып, қалыптанған тәрізденеді. Сондықтан да бұл жазушы өз өмірін романның ішіне бір өрім етіп қосқанда әсірелемейді. Қылғынып отырып, қиналып та жазбайды және өзінің менмендігін көріне өзімшілдікпен тықпаламайды. Қайта өз өмірінің көп болмысы мен тынысы, ыстық демі, жан-жігері аралас жүрсе де, сол жайларын үлкен ұстамды мінезділікпен, сабырлы салмақпен, объективтік суретшінің бояуымен бере біледі. Романның бар материалында автордың өз өмірі, сезімдері, қайрат тартысы, арын-арманы мол араласып отырғанын өзге жайдан аңғармайсың да, тек сол өндірістің бар шындығын аса жақсы білетін таныстығынан, сол ортаға өте жақын жанасып барып баяндап отырған көркемдік шындығынан аңғарасың. Сөйтіп, роман өмір шындығынан туғанда, жазушының өзі де басынан кешірген шындықтан қоса туып, өзгеше сыр-сыпат табады. Бұл айтылған жайлардың бәрі де жазушы Ғабиденнің соңғы елеулі еңбегі "Қарағанды" романының әр тарап қасиеттерін өсіре түсуге көп көмекші болған жайлар. Қарағанды өндірісінің және сол атыраптағы өмір, өлке жаңғырысының әр алуан табыс, туыс шақтарын өзінің жазушылық еңбегіне ұзақ арқау еткен Ғабиден, бұл тұсқа жеткен қалпындай, енді бұдан былай жазушылық еңбегінде де сол арнамен бара бермек. Үлкен тақырыбының тандаулы тармақтарын ілгері тартып жаза бермек. Сондықтан да қазір ол Қарағандының қасындағы, кешегі өзі балалық, жастық шағын кешірген Қожыр мен Жауыр жанына орнаған, аса бір қызықты, жаңа дүниелікті жазуға бейімделіп жүр. Ол — жас қала, тамаша өнер, еңбек қаласы — Теміртау тақырыбын қолға алмақшы. Қазір сол тақырыпқа Ғабиден кино-әңгіме жазу талабында. Әрине, бұл жөнде жаза келе, іздену, ізерлеу, ойлар кеңейіп, жазыла, созыла келе, бұл жазушы тек кино-әңгімемен қалмай, тағы да тың роман жазуға ауысуы аса орынды және мүмкін сияқтанады. Сол өзі жақсы білген Орталық Қазақстан өмір шындығынан, тарих табысынан деректер жинап, нәр алып, Ғабиден өзінің колхозды Қазақстан жөніндегі жақсы повесі — "Миллионерді" де жазған болатын. "Миллионер" колхозының адамдары арасында болған кей әңгімелер ішінде "Қарағанды, Теміртау жақын тұста, қасымызда" десіп отыратын сөздер бар. Бұған Қарағанда, "Миллионер" колхозының суреттері, өмір шындықтары жазушылық қиялмен іренделіп, өсіріліп алынса да, сол Орталық Қазақстанның, Қарағанды облысының шындығынан туған шығарма екендігі аңғарылады. Тақырып, материал жөнінде Ғабиден шығармаларының ішінде басқа облыс, Қазақстанның өзге бір өлкесі — Ақтөбе облысының дәл деректерінен туып, көркем етіліп жазылған шығарма - "Шығанақ" романы. Ол романда да автор өмір жайын, әсіресе өнімді еңбек жайын, өнерлі еңбек туғыза білген, өмір құра білген асыл жандар жайын барынша жақсы ізерлеп, өмірлік көп білім, материалдар жиып барып жазған-ды. Бұл романда жазушының, жоғарыда айтқандай, өз өмірінің арнасымен араласқан шындықтар болмаса да, советтік дәуірде жабайы табиғатты үлкен өнерлі жігермен жаңғыртып отырған Советтік Қазақстан шаруалары көрінеді. Сондай еңбек ерлерінің жайын жазуда Ғабиден бүгінгі өмір тақырыптарын алуға бейімделген өткір талантын танытады, шабытты шындығын табады. Бұл тақырыпта да, оның еңбекшілдікке, ізденгіштікке бейім таланты өзінің сүйкімі мен икемін оқушыларына ыстық етіп, тартымды етіп таныта білген деуге болады. Бүтін 50 жасқа толған, ер ортаны дегендей межеге жеткен кезеңінде Ғабиденнің соңғы беріп отырған ең бағалы шығармасы — "Қарағанды" романына аз тоқтап өтейік. Ірілеп өсіп келе жатқан көрнекті прозаигіміз Ғабиден Мұстафиннің "Қарағанды" романы оның бұрынғы шығармалар жөнінен және де өрлеп, биіктей түсіп, тағы бір биік белге шыққанын танытады. Бұл роман тек Қарағанды жайына құрылып, сол өндірістің болымсыздан өсіп жеткенін ғана көрсетіп қоймайды. Сол арқылы капитализм дәуірін аттап өтіп, социализмге жеткен Қазақстанның және көшпелі жабайылық күйден, жоқшылық, қорлық, надандықтан — коммунизмді жасаушылардың алдыңғы қатарына жеткен социалистік ұлттың жаңа ұрпақтарын көрсетеді. Бір өндірістің тақырыбы барлық индустрияланған Қазақстанның ұлы тарихтық жолын танытады. Сол себепті роман тек Қарағанды жайын ғана емес, социалистік дәуірдегі қазақ сахарасының жаңғырысын суреттейді. Ғылым, техника қуатына мол сүйенген, индустриялану майданында айқынырақ көрінген жаңалықтарды үлкен жинақтау ретінде береді. Бұл жағынан шолғанда, Мейрамнан бастап, қарт Маусымбайға шейін, жас мамандарға шейін, қартаң ана Шекерден Ардаққа шейін созылып жатқан қалың қатар адам тағдырлары, тартыстары, өсіп-ұлғаюлары — анық шебер жазушылықты, көңілге қонымды шыншыл образдарды жақсы бейнелей білгендігін танытады. Романда жеңіл өмір жолы жоқ. Әр адамның басында келелі ой, қиын қысталаң, кейде кейіс, реніш және олақтық қателіктер де бола жүреді. Бірақ анық советтік жақсы адамдар осындай тартыстың, құрылыстың, бас тірліктің ыстық-суығына кезек шомып, бір ысып, бір тоңа жүріп, үдеп, өрлеп өсе береді. Азаматтық сана да өседі. Еңбекте, коллектив қазанында жаңғырады. Білім, техникада, басшылық тәжірибеде өседі. Романда осылай өрлейтін совет адамдары әр жас, әр буыннан шыққан. Бұлардың сандары да көп, сапалары да әр алуан. Әсіресе мінез-мерзімдері, жекеше кескіндері біріне-бірі ұқсатылмай, заңды түрде, жекешелік қалыптарымен алуан-алуан алынған. Және осы топтың бәріне ортақ ерекше қадірлі қасиет — бәрі де әмірді ашық қабақпен, сергек сезіммен, үлкен үмітті оптимистікпен, жарқын жүзбен сезініп, кешіріп отырады. Бұлар үнемі осылай өрлеумен болғанда, халық ісіне қастық ойлаған арамза топтар, анық ел бойындағы паразиттердей боп айқындала, таныла, тоза береді. Ақыры бәрі де ит өлімімен өмірлерін тауысады. Қарағанды алыбын ұлғайтып, ұлы дәрежеге өсірген үлкен күштің молы — орыс халқының жұмысшылары, құрылыс басшылары, тәжірибелі совет мамандары болатын. Романның ішінде Щербаков, Лапшин, Козлов, Чуйков сияқты және басқа да көп, ірі адамдар образдары жақсы іс-мінезбен қонымды суреттелген. Ғабиденнің бұл шығармасының тағы бір көзге түсетін ерекше қасиеті — тіл шеберлігінде. Әсіресе Ғабиден диалогке (адамдарын сөйлестіруге) жүйрік. Жанәбіл, Ардақ сияқты геройларының сөз тапқырлығы және басқа орыс, қазақ адамдарының көңілді қалжың, терең сезім, толғаулы ой, немесе таласқан қағажу сөздерге ұсталықтары оқушыны қатты сүйсіндіреді. "Караганды" романы туралы толық тексеру, көлемді, кенеулі сынмен таныстыру сөздер әлі де сан рет айтылатын болады. Қазақ совет әдебиетінен жұртшылығымыз талап етіп отырған бүгінгі күн тақырыбына жазылған бұл роман, жаңағы айтқандай, үлкен ойлы сындар, сапалы сындарды талап ететініне күмән жоқ. Әрине, осы айтылған жайлармен қатар, бүгінгідей мереке кезінің өзінде де Ғабидендей жазушының өнерлі еңбегі ойдағыдай үдеп өсе беру үшін, сын талаптарды қоса айту керек. Сол ретте жоғарыда осы мақалада саналған, аталған төрт романның төртеуіне де оқушы жұртшылықтың орнымен айтқан, үлкенді-кішілі талаптары болатын. Бұл жөнде әсіресе көп сынға ұшыраған және орнымен сыналған роман "Өмір не өлім" деуге болады. Ол роман өзі мақсат еткен идеясын, тақырыбын өрістетуде едәуір олқылықтар байқатқан-ды. Әсіресе орыс адамдарының образдары өздерінің Қарағанды жөніндегі тарихтық орнына, еңбегіне сай болып суреттелмеген. Жаулар жағын бейнелеуде олардың істерін суреттеп, схемалық түрде әсірелеу көбірек болған. Және соған орай, соққы бере тартысатын совет адамдарының ірі әрекет қимылдары кең көлемде қызықты оқиғалы халдермен таратылмаған. Адамның ішін, ісін көрсетуде де оның алғашқы күрделі шығарма есебінде өсіп-пісіп жетпеген, олқылық кемшіліктері болған-ды. Ғабиденнің келесі романы "Шығанақ" жалғыз қазақ оқушысы емес, орыс тіліне аударылып, одақтық оқушының да көңілін аударған, көпшілікке ұнаған көрнекті роман болды. Мұнда жазушының тілі, адамның іші-тысын көрсете білетін шеберлігі, алғашқы романға қарағанда, әлде-қайда үдеп дамып, өрлей түскені көрініп еді. Сонымен қатар Қазақстанның оқушы жұртшылығы бұл романның да кемшіліктерін орнымен әділ атап өткен-ді. Сол ретте әсіресе, романның басты геройы болмаса да, оқиғаға араласы айтылғандықтан, обком секретары Василий Антоновичтің бейнесі кемшін кейіптелгені ӘДІІІ айтылған болатын. Ғабиденнің үшінші романы "Миллионер" ерекше көп тараған және көп ой бөліп, көп үлкенді-кішілі пікірлер айтқызған шығарма болды. Ең алдымен, "Миллионер" жөнінде орыс тілінде бүкілодақтық орталық баспасөздер жүзінде көп сапалы, елеулі пікірлер айтылды. Бұл роман туралы "Правда", "Известия", "Литературная газета", "Культура и жизнь" газеттері мен бірнеше орталық үлкен журналдар да көп пікірлер айтты. Тегі, "Шығанақ" романынан бастап, Ғабиден шығармалары ірі мәдениетті орыс оқушыларының, сыншы, жазушыларының пікірлерін айтқыза бастайды. Бұл ретте Ғабиден қазіргі қазақ совет жазушыларының ішінде одақтық оқушыға көп танылған, ең алдыңғы қатарлы қазақ жазушыларының бірі болды. Соның үстіне "Миллионер" көп елдер тілдеріне де аударылды. Одақ көлеміндегі туысқан елдер тілдерінен басқа, халықтық демократия елдері халықтарының біраз тілдеріне аударылды. "Миллионер" жайын Парижде совет әдебиеті жөнінде сөйлеген сөзінде Бүкілодақтық жазушылар ұйымының бастығы жолдас А.А. Фадеев те жоғары бағалады. Міне, осы айтылғандай, біздің жазушының романынан романға қарай өрлеп келе жатқан өнері, өсіп келе жатқан даңқы, абыройымен қатар, жұртшылық сыны да жүре отырады. Бұл жөнінде "Миллионер" де бірнеше тараптан сыналған болатын. Онда әсіресе Жомарттай оқымысты колхоз бастығы келген соңғы колхоздағы тірлік, тартыс, табыстар тереңдеп көрсетілмейді. Жаңалықтың, жақсылықтың барлығы да өздігінен бола салғандай, оңайлықпен орнайды. Және романның бірнеше басты адамдары арасындағы махаббат, достық сезім жайлар кейде даулы түрде шешіледі деген сияқты бірнеше елеулі, салмақты сындар болған-ды. Әлі баспа жүзінде жарыққа шығып жарияланбаса да, біраз сын талаптар, орынды, маңызды түрде көрсетілген кемшіліктер ең соңғы роман "Қарағанды" жөнінде де айтылып жүр. Бұл романның журналда басылған қалпы мен соңғы кітап боп жақында шыққан толық вариантының арасында көп айырмыс бар. Журналда көркемдік, тарихтық және әсіресе идеялық жағынан олқылық, кемшіліктер байқатқан шалағайлық бар еді. Сол ретте ең алдымен орыс адамдарының бейнесін, еңбегін, қазақ халқымен достығын кең көрсету жетіспеген деген дұрыс сын болды. Жаулар әрекеті, соның ішінде Әлібек істері мен қаскөйлік мінездеріне, жаулық айла-амалына романда көп орын берілген. Және қазақ қызметкерлерімен, жұмысшыларымен орыс халқынан шыққан қызметкерлер, жұмысшылар арасындағы байланыс, жалғастық жайлар жеткілікті суреттелмеген дегендей елеулі сын талаптар болған еді. Сол сындарға көп ілтипат етіп мойындап, бірталай елеулі жайларды қайта ескеріп, тереңдеп қарап, көп-көп еңбек етіп, Ғабиден өз романының соңғы вариантын орысша, қазақша бірдей бастырып шығарып отыр. Романның соңғы редакциясын жаңғыртып толықтырып, түзеп жазу жолында Ғабиден Москвадағы орыс жазушылары мен сыншыларының кеңестерін көп пайдаланды. Солармен ақылдаса отырып, түзеу ретінде қазір орыс тілінде, "Дружба народов" альманағының 4—5-сандарында басылып отырған ең соңғы вариант туды. Әрине, бұл соңғы қалпында да романның сын айтарлық кемшін жайлары жоқ емес. Әлі де адам образдарын алғанда басты геройлар: Мейрам жөнінде (оның әсіресе үй іші мәселесіндегі мінезі жөнінде), Щербаковты іс-імінезбен бейнелеуде және осы екі басты адамның кейбір қарым-қатынастары жөнінде орынды сындар айтуға болады. Және әсіресе Мейрам мен Ардақ арасын суреттеуде, онан соң кейбір орыс адамдарын өз шындық қалпымен бейнелеуде даулы жайлар, немесе теріс, қолайсыз дейтін күйлер де жоқ емес. Мысалы, осы қатардағы кемшіліктерінің ішінде жазушының әлі де шеберлігі мен жауаптылығын және творчестволық мәдениетін талап ететін бір жайлар: бірінші, орыс адамын ойланту, сездіру, әсіресе сөйлету ретінде қазақшаландырып әкетпей, анық орыс халқының өз адамы етіп бере білу шарт еді. Екінші, махаббат, достық жайын Мейрам, Ардақ арасына үлкен күрделі және жолы қиын дәнекер етіп алғанда, сол сезімнің екі кеудедегі психологиясын бере түсу қажет еді. Үшінші, романда Қарағандыны қоршаған табиғаттың күндізі, түні, таңы, кеші, қысы-жазы сияқты көрініс кескіні, пейзажы адам күйімен аралас, көбірек берілу қажет болар еді. Төртінші, Қарағандының өндіріс өмірін жақсы біліп, мол көрсету ісімен қатар, сол өндірістік өмірді, толып жатқан процестерді, кеңес ойласуларды романдық талапқа сай, қызықты етіп, үнемі тартымды етіп көрсете білу шарт. Бесінші, романның қазақша баспасында кейбір геройлардың бірен-саран сөзінде және жазушының өзінен жазылған бірер тұста екі ұдай ұғым тудыратын, немесе оң-терістігі күдікті дүдәмал көрінетін жерлер бар. Міне, роман жөнінде, осы алуандас және өзге де сыншы адамдар әділ көңілмен, достық бейілмен айтатын сын талаптар әлі де болуға мүмкін. Әрине, оның барлығын бірдей болмаса да, бірталай басты жайларын Ғабидендей ізденгіш, еңбекші, жауапты жазушы бұдан былайғы баспаларында ескеретін болар деп есептейміз. Қазіргі сөзді қорыта келе айтарымыз: Ғабиденнің творчестволық жолына көз салып болжағанда, көңілге жақсы жұбанышты ой салатын үлкен елеулі бір жай бар. Онысы, ең алдымен, бұл жазушының айнымастан, ұдайы бүгінгі күнгі үлкен өмірмен нық байланысты еңбек етуінде. Романнан романға, тақырыптан тақырыпқа ауысқан сайын Ғабиден сол үлкен арнасын сүйе түсіп, бар жігерін сала түсіп, өсіре суреттеп келе жатқаны байқалады. Бұл суреттеген өмір де барған сайын жазушының романдарында кеңейіп, күрделі бола түсіп, нұрлана толысып келе жатады. Сол суреттеген болмысы мен шындығына орай және соның жыл санап үдеп өрлеуіне қарай, жазушының өз қуаты да қанаты бекіп, қуантарлық қарқын тауып келеді. Бұл жазушы, қай жағынан алғанда да, өнерінің өрінде, ұмтыла басып, биіктеп бара жатқан жазушы екенінде күмән жоқ.   Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 11:09 12762

Өнер өрінде

(Жазушы Ғабиден Мұстафиннің 50 жылдығына)

Жазушылық еңбек пен оған берілген өнердің әр алуан талайы мен тағдыры бар. Кейбір творчестволық тәжірибені болжасаң, жазушы өзіне лайықты, шамасы толық құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүретіні болады. Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында көп түртініп, өнімсіз жүріп қалады.

Ірі жазушы болып, үлкен шығарма беріп, кемеліне келгенше көп жазушылықтың алғашқы сапары көбінше осылай келеді. Сәтімен өз арнасын табу — алтын кенін қазушылар арасындағы старательдер артелінің жаңа бір алтын желісін (жиласын) тапқанымен бір теңдес. Талапты табады, табанды жеңеді. Бірде көп ізденумен, кейде сәтімен аз іздену соңынан да өзіне бейім, бой тартқан тақырыбын тапқанда жазушы өнері қанағаттанады. Бойдағы барлық талантты жігері ұшқындай түсіп, нұр шашады. Жазушы еңбегі бел-биіктен аса беріп, бұрын оқушысы да, өзі де аңғармаған, іркіліп жүрген асылын ашады.

Ойлап, барлап қарасақ, өзіміз білген бүгінгі жүрген жазушылардың көпшілігінде осындай екі алуан күйлері бары сезіледі.

Сол қатарда Ғабиденді ауызға алсақ, бұл жазушының жолында үлкен бір ырысты сәттілік бар екендігі байқалады. Осы айтқанды анықтау үшін Ғабиденнің жазушылық жолындағы соңғы 13-14 жылды барлап, болжап өтейік. Ең әуелі бұл 13-14 жыл оның жазушылығының ең өнімді, ең көрнекті жемісті жылдары. Осы жылдар ішінде Ғабиден төрт роман жазыпты. Ол төрт кітаптың алғашқысынан бастап, соңғысына дейін бәрі де өз уақытында қазақ совет әдебиетінде және соңғы үш романы бүкіл Одақ әдебиеті көлемінде қатардағы шығармалар ғана емес, елеулі, бағалы үлкен еңбектер боп қалыптанды. Осындай бағаны жазушы ортасы ғана емес және бір қазақ оқушысы ғана емес, бүкіл Одақ көлеміндегі одақтық оқушы айтты. Төрт романның жөне бәріне ортақ қымбат қасиеті — мұның бәрі де бүгінгі тақырыпқа арналған, социализмді жасаушылардың, коммунизм үшін күресушілердің үлгілі өмірін, өр өнерін, ер еңбегін баян ететін шығармалар. Сонымен, Ғабиден өзінің жазушылық еңбегінің әр кезінде, бүкіл совет әдебиетінде совет халқы қойған, социалистік Отан атаған, Ленин партиясы белгілеген ардақты міндеттерді орындау жолында күресіп келеді.

Оның бар тақырыбы — бүгінгі күн, оның барлық жағымды образдары — жарқын келешек үшін, айқын ертеңі үшін күрескен совет азаматтары. Ғабиден романдарының геройлары коммунизмнің мәңгілік болашағын өздеріне ұлы арман еткен адамдар болып танылады. Олардың бәрі де біздің оқушыға жырақ, жұмбақ жандар емес, қайта барлық қимыл, құбылыс әрекеттерімен, бар сезім-санасымен, әрбір үні, дем-тынысымен қалың жұртшылығымызға қымбат, жақын жандар.

Осылардың арасында жақсыларын іріктегенде, жас буындардың өз ағасы есепті Бораштар, Шығанақтар, Жақыптар, Щербаковтар, Ермектер оқушының қымбат, ыстық көретін жандары. Сондай-ақ жаңа тарих тудырған Еркін, Жомарт, Мейрам сияқты жаңа сапалы жас буын, бірақ, жас та болса, жаңа нәсілдің тел басы есепті жандар, барлық іс-әрекеті ғана емес, іштегі сан алуан сезім толқындарымен де, неше алуан ым-емеурінімен де бүгінгі оқушыға өз сырласындай, егіз-ею сыңарындай жақыны.

Жазушының ең үлкен жұбанышы, оның шығармаларындағы геройлардың бүгінгі оқушыға соншалық етбауыр жақындай боп, таныса табысып кетуінде. Әдебиеттің мұндай образдары мәдениеттенген совет адамдарының ұдайы есінде жүретін жақынындай болса, қымбаты, қимасы боп кетсе, жазушыға одан үлкен мұрат, мақтан жоқ.

Ғабиден шығармаларында осындайлық совет оқушыларына қымбатты болған табыстар бар.

Міне, осындай табыстар жайын ойлау тұсында жоғарыдағы айтылған бір халді еріксіз ескергендейміз. Ғабиден жазушылығының ерекшелігі — ол ең алғашқы жауапты қадамынан бастап, арнасын, өз тақырыбын талғап тапқан жазушы. Ол өзінің тәуір шығармаларымен бүгінгі күндегі өмір-тарихтың, ардақты халықтың және ұлы ұстазымыз Ленин партиясының талаптарына едәуір бағалы жауаптар беріп келеді деп айта аламыз.

Бұл тұста Ғабиденнің кейбір шығармаларына үңіліп, қарай түсейік. Сонымен қатар жазушы шығармаларындағы көрсетілетін, суреттелетін ортамен, өмір тартысымен жазушының өз өмірінің тартыс-табысын, іздену жолдарын қатар еске алу керек. Сонда осы жайда да біраз жазушыға ой салғандай мәнді, нәрлі ерекшеліктер бар екенін көреміз.

Жазушылық жолында өз арнасын тапқан Ғабиденнің өмір жолында да жазушылығына жетекші, себепші болған шындық, болмыс, тәрбие-тәлім бар. Мұнда да өмірден жазушылыққа, жазушылықтан өмірге ауысып, араласып жатқан қос өрім байқалады. Нақтылап айтпағымыз: жазушының романдарын оқып кеп, өз өмірбаянын андап барлағанда, романдардағы кейбір ортадан жазушының езі туып жатқаны сезіледі. Және де жазушының өз өмірі бірталай елеулі үлкен шындығы, талабы, табысымен романдар ішіндегі геройлардың сезіміне, сөзіне, іс-әрекетіне ұдайы араласып жатқандай байқалады.

Сондықтан да кейде, жазушы өзі жазған кітабының бетінен көп жайымен көрінгендей болады. Ол романдар автобиографиялық (өмірбаяндық роман) болмаса да, жазушының езі көп сезімімен, ойымен, талай-тағдырымен, өмірдегі алғашқы адым, өсу жолы, соңғы табыстарымен ап-айқын сезіліп жүргендей.

Енді осы аталған жалпы ойлар мен жайларды Ғабиденнің ең соңғы үлкен шығармасы — "Қарағанды" романына қарап отырып, аңғарып керейік. Сол 'Қарағанды" романы мен жазушының өз өмірінің болмыстары арасындағы шындықтарға кезек көз сала отырып, танып талғайық.

"Қарағанды" романының алғашқы беттері және бірінші тарауы, бесжылдық жоспар бойынша, бүкіл отандық ұлы өндіріс ошағына айналғалы отырған Қарағандыға мол күштер жұмылдырып, мол қаражат жұмсау кезеңіне арналады. Сол Қарағанды ошағына жан-жақтан ағылып келіп жатқан жұмысшылар жайы баян етіледі. Көп суреттер Орталық Россиядан, Донбастан келген маман жұмысшылардың жайына арналады және әсіресе, жазушының ерекше көңіл, бейіл бергені — ұлы өндіріс арнасына қазақ кедейлерінің жаңа құрылысшылар есебінде, жан-жақтан ағылып келіп жатқан күйіне арналады.

Бұлар Қарағанды айналасындағы жақын аудандардан шартпен келіп жатқан бұрынғы ауыл кедейлері. Көпшілігі жаман үй, жарты лашықтарымен, бірен-саран күш-көлігі, сауынымен, азын-аулақ қой-тұяқ, ешкі-лақ дегендерін де ала келген көшпелі ауыл, әлі қоныстанып болмаған аудандардың кедей шаруалары. Осылардан Қарағандыдай үлкен өндіріс ошағының саналы жұмысшылары, өнерлі қайраткерлері, сапалы азаматтары, кысқасы, тарихының жаңа дәуірін тапқан, бақыт шағына жеткен, социалистік ұлттың советтік жұмысшы табы қалыптанады. Роман бойында сол ел кедейлерінен ірі маман жұмысшылар, зор саналы азаматтар, үлкен өндіріс командирлері, партия, совет орындарының білікті, сапалы басшы азаматтары, ірі инженерлері өсіп шығып жатқандарын көреміз.

Міне, осы адамдардың көпшілігі Қарағандыға жақын отырған елдерден шыққан қазақтар болатын. Сол түрде Қарағандыға келген бірталай жұмысшылар, қартаң әйелдер, жігерлі жастар атаулының талайы дәл Ғабиден Мұстафиннің өзі туып-өскен елден, бала күннен өзі өмір кешкен жерлерден келген. Көпшілігі тіпті жазушыға туыс-таныс адамдар болатын.

Ғабиденнің өзі де жаңағы аталған жақын елдердің арасынан шыққан, Қарағандының қасындағы, осы күні Каргрэс орнаған Нұраның бойы - бұл елдердің қыс - қыстау, жаз — жайлау дейтіндей, ежелгі қоныс мекені.

Бұл өлкедегі елге бұрын ағылшын билеген Қарағандының жай-күйі, Ұлы Октябрь революциясының алдындағы Қарағанды мен Спасс, Нілді сияқты болымсыз шұқанақ өндіріс сымақтардың жайлары, тарихы да аса мәлім еді. Сол өлкенің кәрі-жасына тек совет дәуірінде, аз заман ішінде дүрілдеп өскен, нұр жайнаған алып Қарағандының тарихы, қазіргі Теміртаудың да үдеп өрлеген қысқа ғана табыс, жеңіс тарихы соншалық айқын.

Осыдан 12-13 жыл бұрын жазылып, басылған ең алғашқы құнарлы еңбегі — "Өмір не өлім" романында, жаңағы айтқандай, көз алдынан кешіп өткен, бар бөгетті басып өскен Қарағанды алыбының жайын Ғабиден алғаш сөз қылған еді. Енді мынау соңғы, үлкен романы кең көлемде көсіліп өскен Қарағанды жайын дастан етеді. Бұл екі романның кей адамдарының өмір жайында, тартыс-жеңістерінде, іс-мінездерінде ұқсастық бар екені даусыз. Ол ұқсастық, ең әуелі, екі романның да бір Қарағандының жайына арналғандығынан туған. Мұнда танданарлық та, немесе, мін тағарлық та өрескелдік жоқ. Қайта жауапты, ойлы жазушының өзі тандап алған өмірлік тақырыбының өзгеше жайларына жаңа дәуірде, жаңа сапада, өзіне-өзі қойған жаңа өскелең талаппен қайта оралғанын көреміз.

Осы сөздің басында айтылған, жазушының сәтімен тапқан өз арнасы дейтініміз де осы. Соңғы оралуында алғашқы соғудан әлдеқайда жоғары, салмақты, биік салада еңбек еткен, елеулі үлкен табыс танылады. Әуелгі роман мен соңғы романның екі арасында жазушының өзінің де көп үдеп өскен сыпаты көрініп отыр. Ойы тереңдеген, білімі молайған, шеберлігі молыға түскен, жазушылық мәдениеті көп көтерілген, жан-жақты сан-сапаны сеземіз. Бұл да өзінше тақырыбы мен жазушының арасындағы жіпсіз және үздіксіз мол, мығым байланысты байқатады.

Совет дәуірінде ең алғаш қолға алына бастаған Қарағанды мен енді бүгінгі күндерде ұшан-теңіз шалқып өскен Қарағандының арасындағы айырмысқа түгелімен сай болса да, сыбайлас жатқан, желілес ұқсастықты байқаймыз.

Романның құрылыс арнасы Қарағандының өсу арнасымен үнемі астарлас, желілес болғандықтан, жазушының өсуінің өзін де Қарағандының өсуі, нақтылап айтқанда, өмір тарихын өзінің дамып, үдеп есуі бастап, ақтап отырғандай болады. Мұнда роман мен жазушының арасы, дәлдеп айтқанда, романның өзегі болған көп адамдардың өмір шындығы мен жазушы өмірінің шындығы үнемі жанасып, нық байланысып, айқыш-ұйқыш араласып жатқанын көреміз.

Әуелі тарихтық шындықты роман шындығымен жалғастыратын өмірлік, адамдық фактілерді алайық, содан соң осы жайлар мен жазушының өз өмірінің қос өрімдей қосыла араласқан жайын атаймыз.

Алғашқы аталған халдің мысалына "Өмір не өлімдегі" Борашты, "Қарағандыдағы" Ермекті алуға болады. Осы екеуінің Қарағанды жұмысшыларының ішінде анық нақтылы, тарихтық кейпі бар. Ол адам бізге мәлім. Сөйтіп, кейбір өзгеріс, өскелең сипаттар қосылумен соңғы "Карағанды" романында үлгілі образ болған Ермектің де өмірлік прототипі бар дейміз. Сол сияқты Жанәбіл екі романда бірдей осы атпен жүргенмен, тірлікте анық өзіне жақын, егіз сыңары бар образ екенін білеміз. Сондайлық Боқай, Сейітқали сияқты адамдардың бәрінің де, жазушы аттарын атап, әйгілеп бере алатын, өмірлік тарихтық прототиптері бар. Осылайша роман ішіне араласқан орыс адамдарының, жағымды кейіпкерінің әсіресе нақтылы өмірлік дәл егіз сыңарлары бар. Бұл ретте Щербаков образы ерте кездерде Қарағандының алғашқы құрылыс дәуірлерінде барлық жұмысшы жұртшылық атаулының бәріне де аса қымбат, қадірлі, сүйікті болған Горбачев өмірімен, бейнесімен шендес келеді. Мехцехта механиктің көмекшісі болған Чирьев — романдағы сол орындағы Лапшиннің егіз сыңары. Козлов, жай қадірлі қарт, дәл осы Козлов атымен Қарағандыда нақтылы болған адам. Қысқасы, романдағы басшы кейіпкер, қазақ пен орыс адамдарының көптен-көбінің іс еңбегі, мінезі, түр-қалпы, сөз салты, әдет-машығы, қысқасы, көптен-көп сипаттары өмірдің өзінен алынған.

Енді жазушы өмірінің осы ортаға, осы арнаға қосылған ағымын алсақ, онда да ескермеуге болмайтын аса елеулі және ерекше тарихтық, әдебиеттік өзгеше жайлар танылады. Әуелі әдебиеттік еңбекке жас шағында біраз берілген және алғашқы әңгімелер жазып, "Ер Шойын" атты бір жинағын шығарған Ғабиден, дәл осы "Қарағанды" романында өзі сипаттап отырған жылдар кезеңінде, өндіріс ошағына қайта оралып келеді. Бірнеше жыл бойында Қарағандыда қара жұмысшы боп істейді. Сонда ол екі жыл бойында маман жұмысшы Боранбаймен бірге болады. Мехцехта Лапшин, Козловтардың ағалық, достық ұстаздығын көріп өскен Жанәбілдің күйіндей күйлердің талайын өзі де басынан атқарады. Чирьев сияқты механиктің көмекшісі, қазақшаға судай, үлкен мастер, бұның үйретушісі болады. Кейін Ғабиден слесарьдің шәкірті боп істейді. Тағы бір кезек темір арқанды есетін бригаданың (по перемотке стального каната) ішінде еңбек етеді. Бұл жерде, осы кезеңде, болашақ роман жазушысының өзі де болашақ геройы Жанәбілдің істегенін істейді. Осыдан кейін өзі де мастер болып шығады.

Сол кезде мұның қатарында істеген Бәйкен сияқты, анық өмірде болған нақтылы адам, роман ішінде Бәйтен бейнесінде қалыптанады. Бертінде, жаңағы темір арқанды Донбасс даяр түрде бере бастаған соң, Ғабиден машинист болуға ден қояды. Кейін, біраз уақыт үйреніп ысылған соң, сол кезде мұнай двигателінің толық машинисі болып шығады. Одан бір кезекте бұл орынға екі жас қызды үйретіп, баулып, өзі тағы да екінші бір жұмысшылық мамандыққа ден қояды. Токарьлік өнерге қызығып, үш ай бойында шәкірт болып істеп, кейін анық шеберленген токарь болып шығады.

Сөйтіп, Қарағанды ұлы құрылысының бірнеше жылғы тарихында өзінің жұмысшылық еңбегімен атсалысып, араласқан азаматтық еңбекті көреміз. Мұның өзі, өмірі де, кешегі көшпелі ауылдан өндіріс ошағына келіп, сонда қара жұмысшыдан бастап, маман жұмысшыға жеткен еңбекші өмір жолын танытады. Сол сипатында ол, өз романдарының кейбір жас жұмыскер геройларындай, Қарағанды өндірісінің сол кездегі басшысы болған Горбачев сияқты (романда Щербаков сияқты) адаммен жақсы біліскен. Горбачевті өзі жақсы біліп, өте жақсы көргенде, бұның өзін де ынталы, ұғымпаз, талапкер жас жұмыскер сипатында Горбачев та жақсы біліп, жақсы көрген.

Міне, осы айтылған нақтылы, деректі жайлардың тұсында, тарихтық болмыспен, жеке өмірбаяндық шындықпен және содан әрі екінші, өзгеше сапада туған көркем шығармадағы шындықтың араларында қандайлық заңды, терең тамырлы, күрделі байланыстар жатқанын елемеуге болмайды. Сонда және бұл жазушы, өмірден оқыған жазушы боп аңғарылатыны, ерекше бір жақсы сипат, аса бағалы шындық. Жазушы кейін өзі жазған романдардың кей ұзақ беттерінен, тарауларынан айқын көрініп, өсіп толысып, қалыптанған тәрізденеді.

Сондықтан да бұл жазушы өз өмірін романның ішіне бір өрім етіп қосқанда әсірелемейді. Қылғынып отырып, қиналып та жазбайды және өзінің менмендігін көріне өзімшілдікпен тықпаламайды. Қайта өз өмірінің көп болмысы мен тынысы, ыстық демі, жан-жігері аралас жүрсе де, сол жайларын үлкен ұстамды мінезділікпен, сабырлы салмақпен, объективтік суретшінің бояуымен бере біледі. Романның бар материалында автордың өз өмірі, сезімдері, қайрат тартысы, арын-арманы мол араласып отырғанын өзге жайдан аңғармайсың да, тек сол өндірістің бар шындығын аса жақсы білетін таныстығынан, сол ортаға өте жақын жанасып барып баяндап отырған көркемдік шындығынан аңғарасың. Сөйтіп, роман өмір шындығынан туғанда, жазушының өзі де басынан кешірген шындықтан қоса туып, өзгеше сыр-сыпат табады.

Бұл айтылған жайлардың бәрі де жазушы Ғабиденнің соңғы елеулі еңбегі "Қарағанды" романының әр тарап қасиеттерін өсіре түсуге көп көмекші болған жайлар. Қарағанды өндірісінің және сол атыраптағы өмір, өлке жаңғырысының әр алуан табыс, туыс шақтарын өзінің жазушылық еңбегіне ұзақ арқау еткен Ғабиден, бұл тұсқа жеткен қалпындай, енді бұдан былай жазушылық еңбегінде де сол арнамен бара бермек. Үлкен тақырыбының тандаулы тармақтарын ілгері тартып жаза бермек.

Сондықтан да қазір ол Қарағандының қасындағы, кешегі өзі балалық, жастық шағын кешірген Қожыр мен Жауыр жанына орнаған, аса бір қызықты, жаңа дүниелікті жазуға бейімделіп жүр. Ол — жас қала, тамаша өнер, еңбек қаласы — Теміртау тақырыбын қолға алмақшы. Қазір сол тақырыпқа Ғабиден кино-әңгіме жазу талабында. Әрине, бұл жөнде жаза келе, іздену, ізерлеу, ойлар кеңейіп, жазыла, созыла келе, бұл жазушы тек кино-әңгімемен қалмай, тағы да тың роман жазуға ауысуы аса орынды және мүмкін сияқтанады.

Сол өзі жақсы білген Орталық Қазақстан өмір шындығынан, тарих табысынан деректер жинап, нәр алып, Ғабиден өзінің колхозды Қазақстан жөніндегі жақсы повесі — "Миллионерді" де жазған болатын. "Миллионер" колхозының адамдары арасында болған кей әңгімелер ішінде "Қарағанды, Теміртау жақын тұста, қасымызда" десіп отыратын сөздер бар. Бұған Қарағанда, "Миллионер" колхозының суреттері, өмір шындықтары жазушылық қиялмен іренделіп, өсіріліп алынса да, сол Орталық Қазақстанның, Қарағанды облысының шындығынан туған шығарма екендігі аңғарылады.

Тақырып, материал жөнінде Ғабиден шығармаларының ішінде басқа облыс, Қазақстанның өзге бір өлкесі — Ақтөбе облысының дәл деректерінен туып, көркем етіліп жазылған шығарма - "Шығанақ" романы. Ол романда да автор өмір жайын, әсіресе өнімді еңбек жайын, өнерлі еңбек туғыза білген, өмір құра білген асыл жандар жайын барынша жақсы ізерлеп, өмірлік көп білім, материалдар жиып барып жазған-ды. Бұл романда жазушының, жоғарыда айтқандай, өз өмірінің арнасымен араласқан шындықтар болмаса да, советтік дәуірде жабайы табиғатты үлкен өнерлі жігермен жаңғыртып отырған Советтік Қазақстан шаруалары көрінеді. Сондай еңбек ерлерінің жайын жазуда Ғабиден бүгінгі өмір тақырыптарын алуға бейімделген өткір талантын танытады, шабытты шындығын табады.

Бұл тақырыпта да, оның еңбекшілдікке, ізденгіштікке бейім таланты өзінің сүйкімі мен икемін оқушыларына ыстық етіп, тартымды етіп таныта білген деуге болады.

Бүтін 50 жасқа толған, ер ортаны дегендей межеге жеткен кезеңінде Ғабиденнің соңғы беріп отырған ең бағалы шығармасы — "Қарағанды" романына аз тоқтап өтейік.

Ірілеп өсіп келе жатқан көрнекті прозаигіміз Ғабиден Мұстафиннің "Қарағанды" романы оның бұрынғы шығармалар жөнінен және де өрлеп, биіктей түсіп, тағы бір биік белге шыққанын танытады. Бұл роман тек Қарағанды жайына құрылып, сол өндірістің болымсыздан өсіп жеткенін ғана көрсетіп қоймайды. Сол арқылы капитализм дәуірін аттап өтіп, социализмге жеткен Қазақстанның және көшпелі жабайылық күйден, жоқшылық, қорлық, надандықтан — коммунизмді жасаушылардың алдыңғы қатарына жеткен социалистік ұлттың жаңа ұрпақтарын көрсетеді. Бір өндірістің тақырыбы барлық индустрияланған Қазақстанның ұлы тарихтық жолын танытады.

Сол себепті роман тек Қарағанды жайын ғана емес, социалистік дәуірдегі қазақ сахарасының жаңғырысын суреттейді. Ғылым, техника қуатына мол сүйенген, индустриялану майданында айқынырақ көрінген жаңалықтарды үлкен жинақтау ретінде береді.

Бұл жағынан шолғанда, Мейрамнан бастап, қарт Маусымбайға шейін, жас мамандарға шейін, қартаң ана Шекерден Ардаққа шейін созылып жатқан қалың қатар адам тағдырлары, тартыстары, өсіп-ұлғаюлары — анық шебер жазушылықты, көңілге қонымды шыншыл образдарды жақсы бейнелей білгендігін танытады.

Романда жеңіл өмір жолы жоқ. Әр адамның басында келелі ой, қиын қысталаң, кейде кейіс, реніш және олақтық қателіктер де бола жүреді. Бірақ анық советтік жақсы адамдар осындай тартыстың, құрылыстың, бас тірліктің ыстық-суығына кезек шомып, бір ысып, бір тоңа жүріп, үдеп, өрлеп өсе береді. Азаматтық сана да өседі. Еңбекте, коллектив қазанында жаңғырады. Білім, техникада, басшылық тәжірибеде өседі. Романда осылай өрлейтін совет адамдары әр жас, әр буыннан шыққан. Бұлардың сандары да көп, сапалары да әр алуан. Әсіресе мінез-мерзімдері, жекеше кескіндері біріне-бірі ұқсатылмай, заңды түрде, жекешелік қалыптарымен алуан-алуан алынған. Және осы топтың бәріне ортақ ерекше қадірлі қасиет — бәрі де әмірді ашық қабақпен, сергек сезіммен, үлкен үмітті оптимистікпен, жарқын жүзбен сезініп, кешіріп отырады.

Бұлар үнемі осылай өрлеумен болғанда, халық ісіне қастық ойлаған арамза топтар, анық ел бойындағы паразиттердей боп айқындала, таныла, тоза береді. Ақыры бәрі де ит өлімімен өмірлерін тауысады.

Қарағанды алыбын ұлғайтып, ұлы дәрежеге өсірген үлкен күштің молы — орыс халқының жұмысшылары, құрылыс басшылары, тәжірибелі совет мамандары болатын. Романның ішінде Щербаков, Лапшин, Козлов, Чуйков сияқты және басқа да көп, ірі адамдар образдары жақсы іс-мінезбен қонымды суреттелген.

Ғабиденнің бұл шығармасының тағы бір көзге түсетін ерекше қасиеті — тіл шеберлігінде. Әсіресе Ғабиден диалогке (адамдарын сөйлестіруге) жүйрік. Жанәбіл, Ардақ сияқты геройларының сөз тапқырлығы және басқа орыс, қазақ адамдарының көңілді қалжың, терең сезім, толғаулы ой, немесе таласқан қағажу сөздерге ұсталықтары оқушыны қатты сүйсіндіреді.

"Караганды" романы туралы толық тексеру, көлемді, кенеулі сынмен таныстыру сөздер әлі де сан рет айтылатын болады. Қазақ совет әдебиетінен жұртшылығымыз талап етіп отырған бүгінгі күн тақырыбына жазылған бұл роман, жаңағы айтқандай, үлкен ойлы сындар, сапалы сындарды талап ететініне күмән жоқ.

Әрине, осы айтылған жайлармен қатар, бүгінгідей мереке кезінің өзінде де Ғабидендей жазушының өнерлі еңбегі ойдағыдай үдеп өсе беру үшін, сын талаптарды қоса айту керек. Сол ретте жоғарыда осы мақалада саналған, аталған төрт романның төртеуіне де оқушы жұртшылықтың орнымен айтқан, үлкенді-кішілі талаптары болатын. Бұл жөнде әсіресе көп сынға ұшыраған және орнымен сыналған роман "Өмір не өлім" деуге болады. Ол роман өзі мақсат еткен идеясын, тақырыбын өрістетуде едәуір олқылықтар байқатқан-ды. Әсіресе орыс адамдарының образдары өздерінің Қарағанды жөніндегі тарихтық орнына, еңбегіне сай болып суреттелмеген. Жаулар жағын бейнелеуде олардың істерін суреттеп, схемалық түрде әсірелеу көбірек болған. Және соған орай, соққы бере тартысатын совет адамдарының ірі әрекет қимылдары кең көлемде қызықты оқиғалы халдермен таратылмаған. Адамның ішін, ісін көрсетуде де оның алғашқы күрделі шығарма есебінде өсіп-пісіп жетпеген, олқылық кемшіліктері болған-ды.

Ғабиденнің келесі романы "Шығанақ" жалғыз қазақ оқушысы емес, орыс тіліне аударылып, одақтық оқушының да көңілін аударған, көпшілікке ұнаған көрнекті роман болды. Мұнда жазушының тілі, адамның іші-тысын көрсете білетін шеберлігі, алғашқы романға қарағанда, әлде-қайда үдеп дамып, өрлей түскені көрініп еді. Сонымен қатар Қазақстанның оқушы жұртшылығы бұл романның да кемшіліктерін орнымен әділ атап өткен-ді. Сол ретте әсіресе, романның басты геройы болмаса да, оқиғаға араласы айтылғандықтан, обком секретары Василий Антоновичтің бейнесі кемшін кейіптелгені ӘДІІІ айтылған болатын.

Ғабиденнің үшінші романы "Миллионер" ерекше көп тараған және көп ой бөліп, көп үлкенді-кішілі пікірлер айтқызған шығарма болды. Ең алдымен, "Миллионер" жөнінде орыс тілінде бүкілодақтық орталық баспасөздер жүзінде көп сапалы, елеулі пікірлер айтылды. Бұл роман туралы "Правда", "Известия", "Литературная газета", "Культура и жизнь" газеттері мен бірнеше орталық үлкен журналдар да көп пікірлер айтты. Тегі, "Шығанақ" романынан бастап, Ғабиден шығармалары ірі мәдениетті орыс оқушыларының, сыншы, жазушыларының пікірлерін айтқыза бастайды. Бұл ретте Ғабиден қазіргі қазақ совет жазушыларының ішінде одақтық оқушыға көп танылған, ең алдыңғы қатарлы қазақ жазушыларының бірі болды. Соның үстіне "Миллионер" көп елдер тілдеріне де аударылды. Одақ көлеміндегі туысқан елдер тілдерінен басқа, халықтық демократия елдері халықтарының біраз тілдеріне аударылды. "Миллионер" жайын Парижде совет әдебиеті жөнінде сөйлеген сөзінде Бүкілодақтық жазушылар ұйымының бастығы жолдас А.А. Фадеев те жоғары бағалады. Міне, осы айтылғандай, біздің жазушының романынан романға қарай өрлеп келе жатқан өнері, өсіп келе жатқан даңқы, абыройымен қатар, жұртшылық сыны да жүре отырады. Бұл жөнінде "Миллионер" де бірнеше тараптан сыналған болатын. Онда әсіресе Жомарттай оқымысты колхоз бастығы келген соңғы колхоздағы тірлік, тартыс, табыстар тереңдеп көрсетілмейді. Жаңалықтың, жақсылықтың барлығы да өздігінен бола салғандай, оңайлықпен орнайды. Және романның бірнеше басты адамдары арасындағы махаббат, достық сезім жайлар кейде даулы түрде шешіледі деген сияқты бірнеше елеулі, салмақты сындар болған-ды.

Әлі баспа жүзінде жарыққа шығып жарияланбаса да, біраз сын талаптар, орынды, маңызды түрде көрсетілген кемшіліктер ең соңғы роман "Қарағанды" жөнінде де айтылып жүр. Бұл романның журналда басылған қалпы мен соңғы кітап боп жақында шыққан толық вариантының арасында көп айырмыс бар. Журналда көркемдік, тарихтық және әсіресе идеялық жағынан олқылық, кемшіліктер байқатқан шалағайлық бар еді. Сол ретте ең алдымен орыс адамдарының бейнесін, еңбегін, қазақ халқымен достығын кең көрсету жетіспеген деген дұрыс сын болды. Жаулар әрекеті, соның ішінде Әлібек істері мен қаскөйлік мінездеріне, жаулық айла-амалына романда көп орын берілген. Және қазақ қызметкерлерімен, жұмысшыларымен орыс халқынан шыққан қызметкерлер, жұмысшылар арасындағы байланыс, жалғастық жайлар жеткілікті суреттелмеген дегендей елеулі сын талаптар болған еді.

Сол сындарға көп ілтипат етіп мойындап, бірталай елеулі жайларды қайта ескеріп, тереңдеп қарап, көп-көп еңбек етіп, Ғабиден өз романының соңғы вариантын орысша, қазақша бірдей бастырып шығарып отыр. Романның соңғы редакциясын жаңғыртып толықтырып, түзеп жазу жолында Ғабиден Москвадағы орыс жазушылары мен сыншыларының кеңестерін көп пайдаланды. Солармен ақылдаса отырып, түзеу ретінде қазір орыс тілінде, "Дружба народов" альманағының 4—5-сандарында басылып отырған ең соңғы вариант туды.

Әрине, бұл соңғы қалпында да романның сын айтарлық кемшін жайлары жоқ емес. Әлі де адам образдарын алғанда басты геройлар: Мейрам жөнінде (оның әсіресе үй іші мәселесіндегі мінезі жөнінде), Щербаковты іс-імінезбен бейнелеуде және осы екі басты адамның кейбір қарым-қатынастары жөнінде орынды сындар айтуға болады. Және әсіресе Мейрам мен Ардақ арасын суреттеуде, онан соң кейбір орыс адамдарын өз шындық қалпымен бейнелеуде даулы жайлар, немесе теріс, қолайсыз дейтін күйлер де жоқ емес. Мысалы, осы қатардағы кемшіліктерінің ішінде жазушының әлі де шеберлігі мен жауаптылығын және творчестволық мәдениетін талап ететін бір жайлар: бірінші, орыс адамын ойланту, сездіру, әсіресе сөйлету ретінде қазақшаландырып әкетпей, анық орыс халқының өз адамы етіп бере білу шарт еді.

Екінші, махаббат, достық жайын Мейрам, Ардақ арасына үлкен күрделі және жолы қиын дәнекер етіп алғанда, сол сезімнің екі кеудедегі психологиясын бере түсу қажет еді.

Үшінші, романда Қарағандыны қоршаған табиғаттың күндізі, түні, таңы, кеші, қысы-жазы сияқты көрініс кескіні, пейзажы адам күйімен аралас, көбірек берілу қажет болар еді.

Төртінші, Қарағандының өндіріс өмірін жақсы біліп, мол көрсету ісімен қатар, сол өндірістік өмірді, толып жатқан процестерді, кеңес ойласуларды романдық талапқа сай, қызықты етіп, үнемі тартымды етіп көрсете білу шарт.

Бесінші, романның қазақша баспасында кейбір геройлардың бірен-саран сөзінде және жазушының өзінен жазылған бірер тұста екі ұдай ұғым тудыратын, немесе оң-терістігі күдікті дүдәмал көрінетін жерлер бар.

Міне, роман жөнінде, осы алуандас және өзге де сыншы адамдар әділ көңілмен, достық бейілмен айтатын сын талаптар әлі де болуға мүмкін. Әрине, оның барлығын бірдей болмаса да, бірталай басты жайларын Ғабидендей ізденгіш, еңбекші, жауапты жазушы бұдан былайғы баспаларында ескеретін болар деп есептейміз.

Қазіргі сөзді қорыта келе айтарымыз: Ғабиденнің творчестволық жолына көз салып болжағанда, көңілге жақсы жұбанышты ой салатын үлкен елеулі бір жай бар. Онысы, ең алдымен, бұл жазушының айнымастан, ұдайы бүгінгі күнгі үлкен өмірмен нық байланысты еңбек етуінде. Романнан романға, тақырыптан тақырыпқа ауысқан сайын Ғабиден сол үлкен арнасын сүйе түсіп, бар жігерін сала түсіп, өсіре суреттеп келе жатқаны байқалады. Бұл суреттеген өмір де барған сайын жазушының романдарында кеңейіп, күрделі бола түсіп, нұрлана толысып келе жатады. Сол суреттеген болмысы мен шындығына орай және соның жыл санап үдеп өрлеуіне қарай, жазушының өз қуаты да қанаты бекіп, қуантарлық қарқын тауып келеді. Бұл жазушы, қай жағынан алғанда да, өнерінің өрінде, ұмтыла басып, биіктеп бара жатқан жазушы екенінде күмән жоқ.

 

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға