Шерғазы хан
Шерғазы Айшуақұлы (туылған жылы белгісіз — 29.8.1845) — Кіші жүздің ханы (1812 — 24). Әбілқайыр ханның немересі. Айлакер, дипломаттық қабілетімен ерекшеленген. 1812 жылы Александр І патшаның жарлығымен Кіші жүз екіге бөлінді: Ішкі Ордада Бөкей, Жайықтың сол жағасынан шығыс жақтағы өңірде Шерғазы хан болып жарияланды. Оның хан болған кезеңі — Кіші жүзде саяси қайшылықтардың ең шиеленіскен заманына тура келді. Әсіресе қолына хандық тимеген Қаратай сұлтан Шерғазыны мойындамады. Көптеген мәселелерді хандық кеңестің төрағасы сұлтан Медетғали Тұрдәлиұлы шешіп отырды. Өзін хан деп жариялаған Арынғазы сұлтан да Шерғазыға қарсылық білдірді. Орынбор губернаторы П.К. Эссен Арынғазыны қолдады. Бір жағынан Қаратаймен, екінші жағынан Арынғазымен тайталастан әбден жалыққан Шерғазы 1819 жылы Петербургке барып, Ресей патшасынан тікелей қолдау табуға тырысты. Алайда ойлаған мақсатына жете алмады. Шекаралық комиссияның төрағасы В.Тимковский тартысқа көп араласпай, негізінде бейтарап саясат ұстанды. Ресейден үмітін үзген Шерғазы Хиуа хандығына арқа сүйенбек болды. Беделді, ақылды бәйбішесі Анам ханым Әбілқайыр тұқымдарының басын жиыстырып, Шерғазының билігін күшейтуге тырысты. Алайда Эссен Сыртқы істер мин-нің жанындағы Азия істері жөніндегі комитеттің тапсырмасымен Кіші жүзде хандықты жоюдың шараларын ұйымдастырды. “Орынбор қырғыздары туралы жарғының” қабылдануымен хандықтың жойылуына байланысты 1824 жылы мамыр айында Шерғазы орнынан алынып, Орынборға мемлекеттік қызметке тағайындалды. Алайда елін аңсаған Шерғазы 1825 жылдың күзінде жасырын ауылына қайтып оралды. Патша үкіметінің қудалауынан сескенген хан Хиуа хандығынан баспана іздеді. Шерғазыны қолға түсіруге тырысқан Орынбор шекаралық комиссиясы оның үлкен ұлдары Мұхамедқазы мен Ермұхамедті “әкелерінің дүниесін ауылына жеткізу” дегенді желеу етіп, қалаға шақыртты. Алайда аманат ретінде қапасқа қамалудан қорыққан Шерғазы балалары Орынборға барудан бас тартты. Шерғазы осыдан кейін саяси өмірге көп араласқан жоқ. Өкімет те оның қауіпсіздігіне көзі жетіп, 1500 сом жылдық жалақы тағайындады. Шерғазы Хиуа хандығын Ресеймен соғысуға үгіттеп, сол арқылы хандықты қалпына келтіруді көкседі. Бірақ арманына жете алмай, ұзаққа созылған науқастан дүние салды.