Жаңалықтар

Мәдениет, сәулет қаласы

Мәдениет, сәулет қаласы   Ауыл, аудандарда оқу орынын тауысқан қазақ балалары жаңадан мектеп іздеп қала-қалаларға беттеді. Ендігі қала peволюция азат қылған, революция тудырып өсірген буындарды ерекше зор мейіріммен шақырды. Айшықты әсем тудай тартты. Қазақ халқының ендігі ұрпағының өнер-білімге деген ынтасы ерекше еді. Оның ынта-талабы күн ұзаққа көгенделіп келіп, кешке жақын енесіне қарай жамырап жөнелген ақ қозы сияқты еді. Революциядан кейін қазақ жастары өнер-білімге осылай жапа-тармағай жөнелген еді.   Қазақстанда жүзден астам аудандық қала, оннан астам облыстық қала бар. Сол қалаға қашан барсаңыз да құмырсқадай қайнап жүрген қазақ балаларын көрер едіңіз. Ол қалалардың әрқайсысында ондаған орта мектептер, техникумдар бар. Бірқатарында жоғары оқу орындары да бар. Жалғыз бұл қалалар емес, революциядан бері қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Ташкен, Қазан, Томск, Омбы, Саратов қалаларына да көп тарап, лек-легімен оқыды. Алайда қазақ балаларының көбірек оқитын жері - өзінің сүйікті астанасы Алматы.   Аспанмен тілдескен асқар Алатаудың төсіне еркелей қонған сол қала! Өлке бойы ірге тауы толған бау-бақша! Бүткіл көшелері бойлай қаз-қатар тұра қалған биік бәйтеректер, аула біткеннің бәрінде бұлбұл қонған гүл бағымен жайқалып тұрған жеміс бақшасы. Құйған қорғасындай жалтырап жатқан тастақ көшелерді бойлай сарқырап ағып жатқан қасқа бұлақ. Жарастықты, жастықты, өнген менен өскенді қостап мың бұтақта сансыз көп бұлбұл сайрайды.   Бұрын қаладан қашатын қазақ бүгін бұл Алматы десе аузынан суы құриды. Ұлан-байтақ сахарасының шар тарабынан ағылып кеп Алматыға құйылып кеп жатқан қазақ жұртшылығын, жаңа жас Отан жұртшылығын енді көр! Оның ішінде ақсақалы да, әйелі де, жасы да бар. Жалғыз қазақ емес, барлық ұлт бар.   Алматы Қазақстан халқының сүйікті мекені, мақтанышы, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының астанасы. Аталы сөзбен айтсақ, қазақтың жаңа жарқын тарихының ту орнаған жері, басты ордасы.   Алматы қаласы қазақ халқының мәдениет орталығы, өнер-білім кені. Қазақ халқының оқу, білім, мәдени-ағарту жағынан өскендігін көрсетуге осы Алматы қаласының өзі тұлға болғандай. Мұнда жүз шамалы орта, кішілі мектеп, он бес техникум, он үш жоғары оқу орыны бар. Одан басқа да толып жатқан курстар, өндіріс мамандығын бітіретін орындар да бар. Орталы-кішілі мектептерде оқитын 46912 бала, ВУЗ-да оқитын 12 мыңдай студент бар. Есеп бойынша Алматыда тұратындардың үштен бірі оқушы болып келеді. Бұл қала әсіресе білім, ағарту ордасы. Орта мектептер Қазақстанның қай қаласында болсын жеткілікті. Ал, Алматының өте-мөте айырмашылығы — ВУЗ-дардың, оқымыстылардың қаласы. Алматыдағы 13 ВУЗ бен жоғары курстар жыл сайын жүздеген жоғары білімді маман дайындап шығарады. Жыл сайын жүздеген мұғалім-педагогтер, дәрігерлер, зоотехниктер, агрономдар, инженерлер тағы сол сияқты жас мамандар лек-лек боп Республиканың сахара-даласына, тау саласына, ауыл-қаласына өнер-білім жарығын дамытқалы аттанып жатады. Алматыда 70 шамалы профессор, 200-ге тақау доцент, жүздеген оқытушы мұғалімдер, 500-ге жақын ғылыми қызметкерлер бар. Алматыда театрлар, киноханалар, баспасөз орындары, тағы сондай мәдениет-ағарту орындары толып жатыр.   Бұл салтанатқа Алматы қаласы Совет дәуірінде ғана ие болып отыр. Бұрынғы Верный қаласының сиқын көзге елестетсеңіз, қарағыңыз келмес еді. Ол бір сорлы қаласымақ еді.   Қазір Алматыда 250.000 астам халық тұрады. Көше-көшеде, мектептерде, бақша ішінде, зәулім биік үйлерде өнерді, білімді сөз қылған қуанышты, ынталы жастарды көресіз. Орта мектептегі білімді тауысқан қазақ жастары одан әрі де білімді, оқымысты болмақшы. Баяғы замандай "қайда барам, қайда түсем, қайтіп оқимын" деп тарықпайды. Мамандығын таңдап Алматыдағы оқу орындарын аралай бастайды:   Мен дәрігер болам! Мен агроном болам! Мен журналист болам! Мен инженер болам! Мен педагог болам! —   деген сияқты үндерді естисіз жастардың аузынан. Болғысы келсе болады. Бөгеті кеткен, түнек күні біткен. Тек ВУЗ-ын таңдасын да, соның қазынасына қарай қадам бассын. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 09:31 4337

Мәдениет, сәулет қаласы

 

Ауыл, аудандарда оқу орынын тауысқан қазақ балалары жаңадан мектеп іздеп қала-қалаларға беттеді. Ендігі қала peволюция азат қылған, революция тудырып өсірген буындарды ерекше зор мейіріммен шақырды. Айшықты әсем тудай тартты. Қазақ халқының ендігі ұрпағының өнер-білімге деген ынтасы ерекше еді. Оның ынта-талабы күн ұзаққа көгенделіп келіп, кешке жақын енесіне қарай жамырап жөнелген ақ қозы сияқты еді. Революциядан кейін қазақ жастары өнер-білімге осылай жапа-тармағай жөнелген еді.

 

Қазақстанда жүзден астам аудандық қала, оннан астам облыстық қала бар. Сол қалаға қашан барсаңыз да құмырсқадай қайнап жүрген қазақ балаларын көрер едіңіз. Ол қалалардың әрқайсысында ондаған орта мектептер, техникумдар бар. Бірқатарында жоғары оқу орындары да бар. Жалғыз бұл қалалар емес, революциядан бері қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Ташкен, Қазан, Томск, Омбы, Саратов қалаларына да көп тарап, лек-легімен оқыды. Алайда қазақ балаларының көбірек оқитын жері - өзінің сүйікті астанасы Алматы.

 

Аспанмен тілдескен асқар Алатаудың төсіне еркелей қонған сол қала! Өлке бойы ірге тауы толған бау-бақша! Бүткіл көшелері бойлай қаз-қатар тұра қалған биік бәйтеректер, аула біткеннің бәрінде бұлбұл қонған гүл бағымен жайқалып тұрған жеміс бақшасы. Құйған қорғасындай жалтырап жатқан тастақ көшелерді бойлай сарқырап ағып жатқан қасқа бұлақ. Жарастықты, жастықты, өнген менен өскенді қостап мың бұтақта сансыз көп бұлбұл сайрайды.

 

Бұрын қаладан қашатын қазақ бүгін бұл Алматы десе аузынан суы құриды. Ұлан-байтақ сахарасының шар тарабынан ағылып кеп Алматыға құйылып кеп жатқан қазақ жұртшылығын, жаңа жас Отан жұртшылығын енді көр! Оның ішінде ақсақалы да, әйелі де, жасы да бар. Жалғыз қазақ емес, барлық ұлт бар.

 

Алматы Қазақстан халқының сүйікті мекені, мақтанышы, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының астанасы. Аталы сөзбен айтсақ, қазақтың жаңа жарқын тарихының ту орнаған жері, басты ордасы.

 

Алматы қаласы қазақ халқының мәдениет орталығы, өнер-білім кені. Қазақ халқының оқу, білім, мәдени-ағарту жағынан өскендігін көрсетуге осы Алматы қаласының өзі тұлға болғандай. Мұнда жүз шамалы орта, кішілі мектеп, он бес техникум, он үш жоғары оқу орыны бар. Одан басқа да толып жатқан курстар, өндіріс мамандығын бітіретін орындар да бар. Орталы-кішілі мектептерде оқитын 46912 бала, ВУЗ-да оқитын 12 мыңдай студент бар. Есеп бойынша Алматыда тұратындардың үштен бірі оқушы болып келеді. Бұл қала әсіресе білім, ағарту ордасы. Орта мектептер Қазақстанның қай қаласында болсын жеткілікті. Ал, Алматының өте-мөте айырмашылығы — ВУЗ-дардың, оқымыстылардың қаласы. Алматыдағы 13 ВУЗ бен жоғары курстар жыл сайын жүздеген жоғары білімді маман дайындап шығарады. Жыл сайын жүздеген мұғалім-педагогтер, дәрігерлер, зоотехниктер, агрономдар, инженерлер тағы сол сияқты жас мамандар лек-лек боп Республиканың сахара-даласына, тау саласына, ауыл-қаласына өнер-білім жарығын дамытқалы аттанып жатады. Алматыда 70 шамалы профессор, 200-ге тақау доцент, жүздеген оқытушы мұғалімдер, 500-ге жақын ғылыми қызметкерлер бар. Алматыда театрлар, киноханалар, баспасөз орындары, тағы сондай мәдениет-ағарту орындары толып жатыр.

 

Бұл салтанатқа Алматы қаласы Совет дәуірінде ғана ие болып отыр. Бұрынғы Верный қаласының сиқын көзге елестетсеңіз, қарағыңыз келмес еді. Ол бір сорлы қаласымақ еді.

 

Қазір Алматыда 250.000 астам халық тұрады. Көше-көшеде, мектептерде, бақша ішінде, зәулім биік үйлерде өнерді, білімді сөз қылған қуанышты, ынталы жастарды көресіз. Орта мектептегі білімді тауысқан қазақ жастары одан әрі де білімді, оқымысты болмақшы. Баяғы замандай "қайда барам, қайда түсем, қайтіп оқимын" деп тарықпайды. Мамандығын таңдап Алматыдағы оқу орындарын аралай бастайды:

 

  • Мен дәрігер болам!
  • Мен агроном болам!
  • Мен журналист болам!
  • Мен инженер болам!
  • Мен педагог болам! —

 

деген сияқты үндерді естисіз жастардың аузынан. Болғысы келсе болады. Бөгеті кеткен, түнек күні біткен. Тек ВУЗ-ын таңдасын да, соның қазынасына қарай қадам бассын.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға