Ақтөбе
Ақтөбе — қала, Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы (1932). Қазақстанның ірі өнеркәсіп және мәдени орталықтарының бірі. Темір жол, әуе және автомобиль қатынастарының маңызды торабы. Мұғалжар тауының оңтүстік-батысында Елек өзенінің сол жағалауына, Ақтөбені айнала орналасқан. Патша әскерінің Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы үшін соғыс бекінісі ретінде алғашқы қазығы 1869 жылдың мамырында қағылған. 1891 жылдың 25 мамырынан уездік қала, Торғай облысы Ақтөбе уезінің орталығы. Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына байланысты (1905) тораптық темір жол стансасына 1933 ж. аэропорт (оның жаңа ғимараты 1978 ж.) пайдалануға берілді. Тұрғыны — 2000 ж. — 277,5 мың, 2002 ж. — 273,8 мың, 2004 ж. — 280,3 мың, 2006 ж. — 292 мың адам болды. Қалада әр жылдары маңызды саяси оқиғалар өтті. Тұрғындары Бүкілресейлік ереуілге қатысты (1905). Кеңес өкіметі орнағаннан кейін (8(21).1.1918) азамат соғысы жылдары ақ гвардияшылармен күрескен әскери күштер жасақталып, Кеңестік майдан орталығына айналды. Қазақстан өлкесінің 1 Кеңестік конференциясы өтіп, онда барлық қазақ жерін Кеңестік Қазақ республикасының құрамына біріктіру туралы шешім қабылданды. 1920 – 30 жылдары қалада паровоз және вагон депосы, механикалық зауыт, диірмен, элеватор, нан комбинаты, «Металист» артелі салынды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары ферроқорытпа және хром, рентген аппаратуралары, ауыл шаруашылық машиналары (қой қырқатын электр аппараттары, трактордың қосалқы бөлшектері), тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары (ет комбинаты, қалалық сүт зауыты, элеватор, тоқыма, жиһаз және тігін фабрикакалары) пайдалануға берілді. Құрылыс базасы (кірпіш, темір-бетон бұйымдары, силикат-қабырға материалдары зауыттары, үй құрылысы комбинаты, т.б.) құрылды. Ірі құрылыс ұйымы – 1946 ж. іргесі қаланған «Ақтөбеқұрылыс» тресі (қазіргі «Ақтөбеқұрылыс» жобалау-құрылыс фирмасы). 2-дүниежүзілік соғысы жылдары мұнда бірсыпыра кәсіпорындар көшіп келді. Қалада 321-атқыштар дивизиясы, 101-ұлттық атқыштар бригадасы, теңізшілердің дербес атқыштар бригадасы, 129-миномет полкі және басқа да әскери бөлімдер мен бөлімшелер ұйымдастырылды. Қаланың 29 тұрғыны бұрынғы Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Оның ішінде шығыс халықтарынан шыққан екі қаһарман қыздың бірі Әлия Молдағұлова бар. Ақтөбеде алғашқы оқу орны – екі кластық орыс-қазақ училищесі 1884 ж. ашылды. 1896 ж. Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен қазақ қыздары үшін әйелдер училищесі жұмыс істей бастады. Құдайберген Жұбанов атындағы Мемлекеттік университет, медицина академиясы, «Дүние» университеті, Талғат Бигелдинов атындағы жоғары әскери авиациялық училище, колледждер, қазақ және орыс драма театры, тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық филармония, Молдағұлованың мемориалдық мұражайы, Отан соғысында қаза тапқандар мемориалы, Қазақстанда саяси қуғынға ұшырағандарға, Молдағұлова мен Исатай Таймановқа қойылған ескерткіштер бар.