Жаңалықтар

Байырғы ауыл

Ауыл – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық, көшпелі қауымның этикалық, мәдени-рухани бірігуінің негізі болып табылатын әлеуметтік-экономикалық құрылым. Ауылдың көші-қоны Жайлауға көшер уақытта бірнеше ауыл бірігіп, үлкен бір қауымды құрады. Жас төл алынып, бойдақ мал қарақұйрық болып, жылқы түлеп, қара тіл болғанда түйенің өркеш қомы толығып, қара қайысқа айналғанда ауыл көші көктеуден жайлауға бет алады. Көш алдында жылқы, қой мен сиыр көш соңында айдалады. Көш басында қара шаңырақ артылған атан түйе, оған іркес-тіркес басқа түйелерге артылған жүк (уық, кереге, абажа, абдыра, жағылан, сандық т.б.) қаз-қатар жүреді. Көш сәні мынадай қара өлең жолдарында әдемі айтылған: Сағым сүйген сары беткей, Жатады саздау жердің қары кетпей. Қызылыңның барында қиғаштай бас Қиялап қырдан асқан сәнді көштей. Ауыл көші бірнеше шақырымға созылды, тек қауіпті, қиын жолдарда ғана қауым мүшелері бір-біріне жақын жүреді. Көш көлігі қызметін түйе, ат, өгіз атқарды. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен алғанда бір территорияда болып отырды. Ауыл көшпелілері қонысты жиі ауыстырып, өрісті жаңартып отырған сайын, мал соғұрлым күйлі, семіз болған. Әрбір ру немесе ауыл ата-бабасынан белгілі болып келе жатқан, дәстүрлі қалыптасқан көш жолдарымен жүріп отырған. Шөл даланы кесіп өтетін көш суат басына тоқтаған кезде малды тойдыра суарып алып, келесі суатқа жету үшін “үдере көшіп” отырды. Үдере көшу деп түйенің теңін шешпей, қомын шешуді, яғни аз-кем аялдай отырып көшуді айтады. Ал малды жая отырып, үш-төрт күн қона-түнеп, демала отырып көшуді ерулеп көшу дейді (қ.: Ерулеп көшу). Жетісу, Алтай сияқты таулы-тасты аймақтардағы жолдың ойлы-қырлы, күдір болып келуіне байланысты көшпелілер тау шатқалдарын бойлай етекте отыратын жайлау ой жайлау, одан биіктегісі бөктер жайлау, бөктерден жоғарғысы төр жайлау, ең биіктегісі кер жайлау деп аталады. Этнология ғылымында көшудің бұл түрі тау көшпелілігі, «тік» немесе «вертикальды» көшу деп аталады. Ауасы салқын, суы мөлдір, шөбі шүйгін ең биіктегі жайлау кер жайлау деп аталған. Ауылдың мәдени бейнесі Қазақ отбасында ержеткен баланы балалы-шағалы болған соң еншісін беріп, бөлек шығарған, олар өз алдына «отау үй» болып, өз ауылында бөлек немесе көрші ауылда отыратын болған. Осылайша бір ауылдан екінші бір ауыл бөлініп шықты. Отау үй бөлініп шыққанда әкесі мал-мүлік бөліп берген, осылайша еңбек бөлінісі туындап, малы көбейген уақытта жайылымдық жер де бөліп ала бастады. Қазақ ауылы – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелгі кезден қалыптасқан қауымдастық, әрі көшпелі қауымның негізі болды, себебі жеке отбасының көшпелі мал шаруашылығымен айналысуы мүмкін емес еді. Кем дегенде бес-алты шаңырақ бірігіп қана малды жайғастыра алады. Қыста әрбір ауылдың өзінің белгілі қыстау орны болды. Ауыл үйлері алқа-қотан тігіледі де, мал қоралай үшін бір жақ шеті ашық қалдырылады. Үлкен үй әдетте жоғары жақта, ең қолайлы деп саналған жерге тігіледі. Алалы жылқы, шұрқыраған құлын-тай, ойнақтаған бота, жусап жатқан қой, маңыраған қозы-лақ, желідегі тізілген ноқталы құлын, ағып жатқан бастау-бұлақ, бетегелі белі немесе үй жанынан қазылған құдық оның бойындағы қауға, абажадай ағаш науа т.б. ауыл өмірінің тіршілігі, оның табиғатпен үйлесім тауып тұратын табиғи реңін байқатып тұрады. Ауылдың отырған орнын, мал өрістететін жерін қоныс деп атайды. Ауыл аты ондағы ауыл иесінің аты-жөнімен аталса, қоныс атаулары ономастикалық мәдени дәтүр бойынша кісі есімімен аталмаған, сол жердің табиғаты, экологиясы, географиялық ерекшеліктерімен байланысты қойылған: Ақтекше, Көкбастау, Сарыбастау, Майқұйрық, Өрежимас, Қопалы, Миялы, Көксала, Қияқты, Желдіқара,Найзақара т.б. Ақ ауылдың сәні жоқ –, Топталып жылқы тұрмаса, Ноқталы құлын күйездеп, Тартқан желі болмаса, – деген Дулат Бабатайұлының (ХІХ ғ.) жыр жолдары елдің сәні, қоныс сәні малмен, мал болмаса, жер жетімсірейді деген ойды аңғартады. Ауыл тіршілігінің эконмикалық өзегі мал мен қоныс болып саналады. Ауылдың әлеуметтік бейнесі Этникалық жақтан байырғы ауыл аталастық, туыстық жақындығына қарай құрылған. Ат алсаң ауылыңмен деген паремиологизмнің мағынасы осыны аңғартады. Етжақын туыстық, аталастық ауылдың түп негізі болғанмен, ауылдың әлеуметтік бейнесі бірте-бірте өзгеріп, жегжат-жұрағат, жамағайын, тұрмысы нашар кірме кедей-кепшік т.б. тіршілік қамы үшін оның құрамына енген. Сөйтіп, ауылдың әлеуметтік бейнесі эволюцияланып отырғаны ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деген мақалдың мазмұнынан да аңғарылады. Ағайыншылық пен қатар ауылдастық приципі де ауылдың әлеуметтік негізі бола бастағаны байқалады. Қара шаңырақтың иесі отырған ауыл үлкен ауыл, ал қара шаңырақ иесінің үйі үлкен үй болып саналады. Үлкен үйдің иесі отырған үй ақ үй, мәртебелі қонақтарды қабылдайтын үй боз үй, ас-су әзірленетін, тағамдық заттар тұратын үй қара үй делінеді. Бұдан басқа керек-жарақтар тұратын ұранқайлар, қостары болады. Үлкен үйдің жанында екі-үш атадан қосылатын етжақын туыстарының үйлері тігіледі. Қонысы кең, шұрайлы жерді иемденген, соған сай мал саны аса көп, атақты биі мен батыры, ұсталары мен зергерлері, ерші, сынықшы, саятшы құсбегілері, бала оқытатын мектебі мен молдалары бар ауылды жуан ауыл немесе сүбелі ауыл деп аталған. Қоныс рудың меншігі болып табылады. Бай ауылдастың малы ауыл мүшелерінің иелігі болып саналған. Ауылдың рухани бейнесі Ауыл ән мен күйдің, өлең мен жырдың, ақындар айтысының, шешендер сайысының орталық алаңы болды. Ас беру, атжарыс, күрес, шілдехана өткізу, күйеу келтіріп, қыз ұзату тәрізді ғұрыптық шаралардың өтетін жері де ауыл болды. Тіпті ауылға түскен келін бір үйдің емес, ауылдың келіні аталды. Ауылда бұдан да басқа әртүрлі жол-жоралғылар көптеп саналады. Мысалы, Ауыл кәде «ат арытып келген қонаққа ойын-сауық түрінде көрсетілетін құрметтеудің, өзге де сый-сияпаттың түрі»; Ауылдың алты ауызы «қонақ кәдеден бұрын ауыл адамдарының ән бастап беруі»; Көрген жерде ауыл бар «Жолаушының дәм бұйырып, тағы да келіп қалдық деген мағынада айтатын сөзі», яғни екінші мәрте келіп қонақ болудың ауыл салтында өрескелдігі жоқ; Ауыл көрімдік немесе ауыл айбаты «қалыңдықтың ауылына тұңғыш келгенде күйеу жігіттің қыз жеңгесіне беретін сыйлығы»; Қызды ауыл «оң жақта отырған тәрбиелі өнегелі қыз өсірген ауыл». Қызды ауылдың иті жатпайды. Қызды ауылдың жеңгесі сүйкімді, Қатыны өлген қызды ауылға қарап жылайды деген т.б. паремиологизмдер мазмұны ауылдың өмір салтын байқатады. Белгілі бір ауылда өткізілген әртүрлі этномәдени шаралар мен ғұрыптық салттарда тек сол ауылдың адамдары ғана емес, ауылы аралас, қойы қоралас көрші ауылдың да адамдары мен өнерпаздары қатысады. Сондай-ақ көрші ауылдардың қатысуымен шөп шабу, егін егу, қора-қопсы салу, егін жинау, тоған, арық қазу т.б. ұжымдық жұмыстарға ауыл-ауыл болып қауымдаса атқарды. Мұндай жайт ауылдың томаға-тұйық емес, интеграцияланған әлеуметтік әрі рухани бірлігі күшті құрылым болғандығын байқатады. Әртүрлі ғұрыптық салттың, мәдени дәстүрлердің этносты бірегейлендіретін, ұлтты ұйыстыратын этномәдени маңызы аса зор болды, сондықтан ұлттың рухани дамуының, елдің мәдени өркендеуінің бастауында ауыл тұрды. «Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» деген мақал тек ауыл ішіндегі адамдардың ғана емес, көрші ауылдар арасындағы ынтымақтың, этностық тұтастықтың, түптеп келгенде рухани, этникалық, әлеуметтік-экономикалық ортаны қалыптастырудың негізі ауыл екендігін көрсетеді  
05.12.2012 09:00 11111

Ауыл – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық, көшпелі қауымның этикалық, мәдени-рухани бірігуінің негізі болып табылатын әлеуметтік-экономикалық құрылым.

Ауылдың көші-қоны
Жайлауға көшер уақытта бірнеше ауыл бірігіп, үлкен бір қауымды құрады. Жас төл алынып, бойдақ мал қарақұйрық болып, жылқы түлеп, қара тіл болғанда түйенің өркеш қомы толығып, қара қайысқа айналғанда ауыл көші көктеуден жайлауға бет алады. Көш алдында жылқы, қой мен сиыр көш соңында айдалады. Көш басында қара шаңырақ артылған атан түйе, оған іркес-тіркес басқа түйелерге артылған жүк (уық, кереге, абажа, абдыра, жағылан, сандық т.б.) қаз-қатар жүреді. Көш сәні мынадай қара өлең жолдарында әдемі айтылған: Сағым сүйген сары беткей, Жатады саздау жердің қары кетпей. Қызылыңның барында қиғаштай бас Қиялап қырдан асқан сәнді көштей.

Ауыл көші бірнеше шақырымға созылды, тек қауіпті, қиын жолдарда ғана қауым мүшелері бір-біріне жақын жүреді. Көш көлігі қызметін түйе, ат, өгіз атқарды. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен алғанда бір территорияда болып отырды. Ауыл көшпелілері қонысты жиі ауыстырып, өрісті жаңартып отырған сайын, мал соғұрлым күйлі, семіз болған. Әрбір ру немесе ауыл ата-бабасынан белгілі болып келе жатқан, дәстүрлі қалыптасқан көш жолдарымен жүріп отырған. Шөл даланы кесіп өтетін көш суат басына тоқтаған кезде малды тойдыра суарып алып, келесі суатқа жету үшін “үдере көшіп” отырды. Үдере көшу деп түйенің теңін шешпей, қомын шешуді, яғни аз-кем аялдай отырып көшуді айтады. Ал малды жая отырып, үш-төрт күн қона-түнеп, демала отырып көшуді ерулеп көшу дейді (қ.: Ерулеп көшу). Жетісу, Алтай сияқты таулы-тасты аймақтардағы жолдың ойлы-қырлы, күдір болып келуіне байланысты көшпелілер тау шатқалдарын бойлай етекте отыратын жайлау ой жайлау, одан биіктегісі бөктер жайлау, бөктерден жоғарғысы төр жайлау, ең биіктегісі кер жайлау деп аталады. Этнология ғылымында көшудің бұл түрі тау көшпелілігі, «тік» немесе «вертикальды» көшу деп аталады.
Ауасы салқын, суы мөлдір, шөбі шүйгін ең биіктегі жайлау кер жайлау деп аталған.

Ауылдың мәдени бейнесі
Қазақ отбасында ержеткен баланы балалы-шағалы болған соң еншісін беріп, бөлек шығарған, олар өз алдына «отау үй» болып, өз ауылында бөлек немесе көрші ауылда отыратын болған. Осылайша бір ауылдан екінші бір ауыл бөлініп шықты. Отау үй бөлініп шыққанда әкесі мал-мүлік бөліп берген, осылайша еңбек бөлінісі туындап, малы көбейген уақытта жайылымдық жер де бөліп ала бастады.

Қазақ ауылы – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелгі кезден қалыптасқан қауымдастық, әрі көшпелі қауымның негізі болды, себебі жеке отбасының көшпелі мал шаруашылығымен айналысуы мүмкін емес еді. Кем дегенде бес-алты шаңырақ бірігіп қана малды жайғастыра алады. Қыста әрбір ауылдың өзінің белгілі қыстау орны болды. Ауыл үйлері алқа-қотан тігіледі де, мал қоралай үшін бір жақ шеті ашық қалдырылады. Үлкен үй әдетте жоғары жақта, ең қолайлы деп саналған жерге тігіледі. Алалы жылқы, шұрқыраған құлын-тай, ойнақтаған бота, жусап жатқан қой, маңыраған қозы-лақ, желідегі тізілген ноқталы құлын, ағып жатқан бастау-бұлақ, бетегелі белі немесе үй жанынан қазылған құдық оның бойындағы қауға, абажадай ағаш науа т.б. ауыл өмірінің тіршілігі, оның табиғатпен үйлесім тауып тұратын табиғи реңін байқатып тұрады. Ауылдың отырған орнын, мал өрістететін жерін қоныс деп атайды. Ауыл аты ондағы ауыл иесінің аты-жөнімен аталса, қоныс атаулары ономастикалық мәдени дәтүр бойынша кісі есімімен аталмаған, сол жердің табиғаты, экологиясы, географиялық ерекшеліктерімен байланысты қойылған: Ақтекше, Көкбастау, Сарыбастау, Майқұйрық, Өрежимас, Қопалы, Миялы, Көксала, Қияқты, Желдіқара,Найзақара т.б. Ақ ауылдың сәні жоқ –, Топталып жылқы тұрмаса, Ноқталы құлын күйездеп, Тартқан желі болмаса, – деген Дулат Бабатайұлының (ХІХ ғ.) жыр жолдары елдің сәні, қоныс сәні малмен, мал болмаса, жер жетімсірейді деген ойды аңғартады. Ауыл тіршілігінің эконмикалық өзегі мал мен қоныс болып саналады.

Ауылдың әлеуметтік бейнесі
Этникалық жақтан байырғы ауыл аталастық, туыстық жақындығына қарай құрылған. Ат алсаң ауылыңмен деген паремиологизмнің мағынасы осыны аңғартады. Етжақын туыстық, аталастық ауылдың түп негізі болғанмен, ауылдың әлеуметтік бейнесі бірте-бірте өзгеріп, жегжат-жұрағат, жамағайын, тұрмысы нашар кірме кедей-кепшік т.б. тіршілік қамы үшін оның құрамына енген. Сөйтіп, ауылдың әлеуметтік бейнесі эволюцияланып отырғаны ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деген мақалдың мазмұнынан да аңғарылады. Ағайыншылық пен қатар ауылдастық приципі де ауылдың әлеуметтік негізі бола бастағаны байқалады. Қара шаңырақтың иесі отырған ауыл үлкен ауыл, ал қара шаңырақ иесінің үйі үлкен үй болып саналады. Үлкен үйдің иесі отырған үй ақ үй, мәртебелі қонақтарды қабылдайтын үй боз үй, ас-су әзірленетін, тағамдық заттар тұратын үй қара үй делінеді. Бұдан басқа керек-жарақтар тұратын ұранқайлар, қостары болады. Үлкен үйдің жанында екі-үш атадан қосылатын етжақын туыстарының үйлері тігіледі. Қонысы кең, шұрайлы жерді иемденген, соған сай мал саны аса көп, атақты биі мен батыры, ұсталары мен зергерлері, ерші, сынықшы, саятшы құсбегілері, бала оқытатын мектебі мен молдалары бар ауылды жуан ауыл немесе сүбелі ауыл деп аталған. Қоныс рудың меншігі болып табылады. Бай ауылдастың малы ауыл мүшелерінің иелігі болып саналған.

Ауылдың рухани бейнесі
Ауыл ән мен күйдің, өлең мен жырдың, ақындар айтысының, шешендер сайысының орталық алаңы болды. Ас беру, атжарыс, күрес, шілдехана өткізу, күйеу келтіріп, қыз ұзату тәрізді ғұрыптық шаралардың өтетін жері де ауыл болды. Тіпті ауылға түскен келін бір үйдің емес, ауылдың келіні аталды. Ауылда бұдан да басқа әртүрлі жол-жоралғылар көптеп саналады. Мысалы, Ауыл кәде «ат арытып келген қонаққа ойын-сауық түрінде көрсетілетін құрметтеудің, өзге де сый-сияпаттың түрі»; Ауылдың алты ауызы «қонақ кәдеден бұрын ауыл адамдарының ән бастап беруі»; Көрген жерде ауыл бар «Жолаушының дәм бұйырып, тағы да келіп қалдық деген мағынада айтатын сөзі», яғни екінші мәрте келіп қонақ болудың ауыл салтында өрескелдігі жоқ; Ауыл көрімдік немесе ауыл айбаты «қалыңдықтың ауылына тұңғыш келгенде күйеу жігіттің қыз жеңгесіне беретін сыйлығы»; Қызды ауыл «оң жақта отырған тәрбиелі өнегелі қыз өсірген ауыл». Қызды ауылдың иті жатпайды. Қызды ауылдың жеңгесі сүйкімді, Қатыны өлген қызды ауылға қарап жылайды деген т.б. паремиологизмдер мазмұны ауылдың өмір салтын байқатады. Белгілі бір ауылда өткізілген әртүрлі этномәдени шаралар мен ғұрыптық салттарда тек сол ауылдың адамдары ғана емес, ауылы аралас, қойы қоралас көрші ауылдың да адамдары мен өнерпаздары қатысады. Сондай-ақ көрші ауылдардың қатысуымен шөп шабу, егін егу, қора-қопсы салу, егін жинау, тоған, арық қазу т.б. ұжымдық жұмыстарға ауыл-ауыл болып қауымдаса атқарды. Мұндай жайт ауылдың томаға-тұйық емес, интеграцияланған әлеуметтік әрі рухани бірлігі күшті құрылым болғандығын байқатады. Әртүрлі ғұрыптық салттың, мәдени дәстүрлердің этносты бірегейлендіретін, ұлтты ұйыстыратын этномәдени маңызы аса зор болды, сондықтан ұлттың рухани дамуының, елдің мәдени өркендеуінің бастауында ауыл тұрды. «Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» деген мақал тек ауыл ішіндегі адамдардың ғана емес, көрші ауылдар арасындағы ынтымақтың, этностық тұтастықтың, түптеп келгенде рухани, этникалық, әлеуметтік-экономикалық ортаны қалыптастырудың негізі ауыл екендігін көрсетеді

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға