Ойлаудың логикалық заңдары
05.12.2012 08:59
18264
Қоғамдағы жағдайлар мен окиғалардың белгілі бір заңдылықта қайталанатыны күнделікті өмірден және бақылаулар нәтижесінен көрінеді. Адамзат өзінің тіршілігін бастағаннан осы заңдылықтарға қалыптасып, сезініп, оны қабылдайды.
Ойлау заңдары адам ұғымы мен пікірінің жемісі, және олардың қорытындысынан туындайды. Біздің ойымыз материялық дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның санасында бейнеленуі ретінде қарастырылады. Объективті дүниедегі заттар мен құбылыстар бір-біріне тәуелді, шарттас және олар қозғалыста дамиды. Сыртқы дүниедегі нәрселердің қозғалысы мен дамуы белгілі бір зандар бойынша іске асады. Егер ұғым бұл заңдарды дұрыс қабылдаса, пікір дұрыс қалыптасады, яғни біз бұл заңдарды жақсы біле аламыз.
Логика ғылымы ойлаудың негізгі төрт заңын қарастырады. Ол заңдар — Тепе-теңдік заңы, қайшылықсыздық заңы, үшіншіні ескермеу заңы, және жеткіліктпі негіз заңы. Бұлар ойлаудың негізгі заңдары деп аталады. Өйткені олар логикалық ойлаудың түпкі қасиеттерін — анықталмағаның, қайшылықсыздығын, аяқталғаның, негізделгенін көрсетеді. Бұл қасиеттер ойлаудың барлық үдерістерінде, оның қандай да болсын формасына қарамастан әрекет етеді. Логикалық заңдар дұрыс ойлаудың міндетті шарты болып табылады.
Тепе-теңдік заңы. Қандай да болсын бір затты не нәрсені қарастырғанда, соған тән белгілер туралы ойлау қажет. Сол зат немесе нәрсе туралы ой қайталанбау үшін анық, тұрақты мазмұнда болуы керек. Бұл ойлаудың ең маңызды қасиеті — оның анықталғандығы — пікір үдерісіндегі қандай да болсын ойдың өзара тепе-теңдігі — Тепе-теңдік заңын айкындайды. Тепе-теңдік заңы — барлық ой қорытындыларының өзара қосылып, бірін-бірі толықтыратын логика заңы. Сырттай қарағанда, логикалық заңдар ішіндегі ең қарапайым түрі. Оны былай түсіндіруге болады: егер айтылған пікір шындық болса, ол — шындық. (Мысалы, "егер шөп көк болса, ол көк", "егер шөп қара болса, ол — қара".)
Табиғатта және қоғамда заттар мен құбылыстардың бір-бірімен араласып кетпей, нақты, белгілі ерекшеліктері болатыны сияқты, заттар мен құбылыстар туралы біздің ойларымыз да бір-бірімен араласып кетпеуі тиіс. Болмыстың кейбір құбылысы туралы дұрыс пайымдай отырып, біз өзіміздің ойымызда зерттеп отырған нәрсені ауыстырмаймыз, екі ұшты ойламаймыз. Ойлаудың дәл, анық болуы — дұрыс ойлаудың заңы. Бұл заңның тұжырымдамасы мынадай: белгілі бір пікірлесуде, ұғым мен пікір сол бір мағынада ғана қолданылуы қажет, яғни өзіне-өзі тең болуы тиіс. Тепе-теңдік заңы А немесе А=А деген формула бойынша беріледі. Мұндағы А кез келген ойды білдіреді. Осы заңдылық бұзылған уақытта келесі қателіктер пайда болуы мүмкін.
Амфиболия ( гр. amphibolos — екі ұштылық, екі ұдайлық) — тілмен өрнектеу негізінде пайда болатын логикалық қателік.
Эквивокация — бір сөздің түрлі мағынада қолданыла беретіндігінен кететін логикалық қателік. Эквивокация шешендік әдеби тәсіл ретінде жиі қолданылады. Логикада бұл тәсілді "ұғым алмастыру" деп те атайды. Мысал үшін, төмендегі пікірді алайық: "Барлық жанартау — тау, ал барлық гейзерлер — жанартау болады".
Бұл қорытынды ("барлық гейзерлер — тау") дұрыс емес, өйткені гейзерлердің тау емес екені белгілі. Мұндай жалған қорытындының шығу себебі — пікірде Тепе-теңдік заңы бұзылған, яғни логикалық қате жіберілген. Міне, ұғымды алмастыру дегеніміз осы. Ұғымның мазмұның дұрыс түсінбегендіктен туатын "ұғымдарды алмастырып алу" қатесі логикада паралогизм деп те аталады, яғни паралогизм білместіктен туатын қате.
Логомахия — пікірталас кезінде оған қатысушылардың, талас тудырған ұғымды анықтай алмауларына байланысты, бір түйінге келе алмауы.
Тепе-теңдік заңынан маңызды талап туындайды: әр түрлі ойларды теңестіруге болмайды, тепетең ойларды Тепе-теңдіксіз ойлар ретінде қарастыруға болмайды. Осы талап қаншалықты айқын болғанымен, пікір кезінде жиі бұзылады. Бұл талап жоғарыда айтқан эквивокацияға тән құбылыс.
Сонымен, тепе-теңдік заңы логикалық ойлаудың ең маңызды талаптарының бірі — анықтықты көрсетеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жағымпаздың соңғы қатесі
Келесі жаңалық
Елордада балаларды шығармашылық үйірмелерге қабылдау ашылады