Жаңалықтар

Эллада мәдениеті

Эллада мәдениеті, Ежелгі Грекия мәдениеті, ежелгі заманнан бастап эллинизм дәуіріне дейінгі аралықта қалыптасқан. Грек полистеріндегі (қала-мемлекеттер) тау-кен ісі мен металлургияның, құрылыс техникасының, қыш-құмыра және тоқыма өндірісінің дамуы Жерорта т. айналасында шашырай орналасқан грек мәдени дүниесінің әр түрлі бөліктерінің арасындағы сауда қарым-қатынастарының кеңеюіне әсер етіп, Элладаның Таяу Шығыс, Солт. Африка және Жерорта т-нің солт.-батысындағы елдермен байланыстары нығая түсті. Грек полистерінің арасындағы тәжірибе алмасу мен іскерлік белсенділіктің артуына әліпбилік жазудың таралуы да жәрдемдесті. Қоғамдық топтардың көпшілігі сауатты болу мүмкіндігіне ие болды (қ. Грекия). Осының бәрі ғылымның, әдебиет пен бейнелеу өнерінің жедел қарқынмен дамуына әсер етті. Нәтижесінде өзіндік ерекшелігі және қайталанбас белгілері бар ежелгі грек мәдениеті қалыптасты. Бұл мәдениет белгілі бір дәрежеде адамзаттың бұдан кейінгі мәдени дамуы үшін тамаша үлгіге айналды. Мифология және дін. Ежелгі Грекия мифологиясы ұзақ даму жолынан өтті. Грек мифологиясы өз дамуының ертеректегі сатыларында стихиялық, құбыжықтық формалармен сипатталды. Грек мифологиясының ең жоғары гүлденуі б.з.б. 2-мыңжылдыққа тура келеді. Сол кезде “қарлы” және “көп шатқалды” Олимп тауында тұратын және бір құдайдың – “адамдар мен құдайлардың әкесі” – Зевстің билігіне бағынатын құдайлардың олимп.пантеоны түпкілікті қалыптасып болды. Әрбір олимп. құдай қатаң түрде белгілі бір міндет атқарды: Афина – соғыс, жоғары дәрежелі өнерлердің, қолөнердің құдайы, қалалар мен елдерді қорғаушы, Гермес – сауда құдайы,Артемида – аңшылық құдайы, Афродита – махаббат пен әдеміліктің құдайы, т.б. болды. Олимп. мифология айқын көрінетін антропоморфизммен (ежелгі гректердің діни және мифол. сенімдерінде құдайлар мен перілер адамға тән кәдімгі сапаларға, тұлғаға ие болып, адамға тән кемшіліктері мен кеселдері бар болып бейнеленді) сипатталды. Құбыжықтар жөніндегі бұрынғы аңыздардың орнына құбыжықтармен күресіп, оларды жеңіп шығатын батырлар жөнінде (Геракл, Тесей, т.б.) мифтер пайда болды. Алайда адамның табиғатқа үстемдігінің өсе түскенін дәлелдейтін бұл антропоморфизм грек мифологиясы дамуындағы тек белгілі бір тарихи өтпелі баспалдақты ғана сипаттайды. Рулық-қауымдық қатынастардың ыдырай бастауына, ғыл. білімдердің пайда болуына байланысты қарапайым мифол. антропоморфизм жоғалды. Ежелгі грек ақындары Гесиод пен Пиндар шығармаларында Зевс антропоморфизм қасиеттерінен айырылып, дүниежүз. әділдік қағидасын жүзеге асыратын кейіпкерге айналса, Эсхилдің “Бұғауланған Прометейінде” Зевс көрсоқыр дүлей күштердің өкілі, адамдарды жек көретін дүниежүзілік қатал билеуші түрінде бейнеленеді. Грек мифологиясы кейінгі элллиндік-римдік кезеңде әдеби және көркемдік әдіске, аллегорияға немесе метафораға айналды. Мифологияның дамуымен қатар грек діні де қалыптасып, дамыды. Ежелгі гректердің діни іс-әрекеті белгілі бір құдайға арналған ғибадатханаларда, негізінен құрбандықтар шалу мен дұғалар оқудан тұрды. Ежелгі Грекияда ресми мемл. дінмен қатар тек арнаулы адамдар үшін ғана ашық болған құдайға қызмет етушілік – мистериялар (Элевсиндегі Деметра, Орфийдегі Дионистің құрметіне, кабирлер – жер асты құдайларына табыну, т.б.) да таралды. Грек мифологиясы мен діні Ежелгі Шығыс халықтарының (негізінен хеттер мен финикиялықтардың) кейбір аңыздарын қабылдады, сондай-ақ Шығыстан грек пантеонына кейбір құдайлар мен батырлар енді. Адамиланған, үйлесім мен өлшем сезіміне енген грек мифологиясының кейіпкерлері антик. өнердің дамуына негіз болды. Кейіннен грек мифологиясының кейіпкерлерін Қайта өркендеу дәуірінің идеологтары өз шығармаларында кеңінен қолданды. Жаратылыстанудағы ғылыми көзқарастар. Эллинизм кезеңіне дейін (б.з.б. 4 ғ-дың соңы) Грекиядағы жаратылыстану, ғыл., саяси, философ. көзқарастар бөлінбеген бір ғылымды құрады. Ежелгі грек философтарының барлығы дерлік жаратылыстанушылар болды (қ. Ежелгі дүние философиясы). Алғашқы грек ғалымдарының Отаны кішіазиялық Иония болды. Ол Ежелгі Грекияның басқа бөліктеріне қарағанда ежелгі шығыс мәдениетімен неғұрлым тығызырақ байланысты болып, ежелгі грек ғылымының дамуына шешуші ықпал етті. Алғашқы геом. мәліметтер, циркульді пайдалану, күннің тұтылуын болжау, теңізде жүзушілердің бағытын жұлдыздарға қарап анықтауды ұсыну милет мектебінің (б.з.б. 6 ғ.) негізін салушы Фалестің, жануарлар дүниесіне бақылау жүргізу – Анаксимандрдың (ол сондай-ақ ойкуменаның ең ежелгі картасын құрастырды) есімімен байланысты болды. Анаксимен “отты” аспан шырақтарымен қатар “жерлік қасиеті бар қараңғы денелердің” бар екендігі жөнінде пікір айтты. Жаратылыстану ғыл. пәндерінің ішінен математика, статика, астрономия мен медицина жоғары дамыды. Сандар теориясы дамуының, ал геометрияда матем. түсініктер мен қатаң логик. дәлелдеулерді дәл анықтау әдістері теориясының басталуы Пифагор есімі мен оның мектебіне байланысты болды. Грек ғылымы дамуының классик. кезеңі (б.з.б. 5 – 4 ғ-лар) анағұрлым елеулі ғыл. жетістіктермен сипатталады. Осы кезеңде қазіргі мектептегі элементар геометрияның мазмұнын құрайтын білімнің елеулі бөлігі алынды. Бұл білімдер математиктер: Элидадан шыққан Гипийдің (5 ғ.), хиостық Гиппократтың (5 ғ-дың 2-жартысы), Менехмнің (4 ғ.) еңбектерінде баяндалды. Сандар теориясы бөлінгіштік, пропорциялар жөніндегі ілімдермен дамытылды. 5 ғ-дың ортасында Анаксагор мен Демокрит перспектива теориясы жөнінде бірінші очерк жазды. Математиканың дамуында Пифагор алғаш тұжырымдаған санның абстрактілі түсінігі маңызды рөл атқарды. Пифагор мектебінде ашылған иррационалдық шамалардың маңызы зор болды. Б.з.б. 5 және 4 ғ-лар шекарасында Левкипп пен Демокрит атомдық ілімнің негіздерін қалады. 6 – 5 ғ-лардың шекарасында биолог және дәрігер кротондық Алкмеон ең ежелгі мед. мектептердің бірін құрды. Ол бірінші болып жануарлар органдарына зерттеулер жүргізді, мидың нервтік қызметтің орт. болып табылатынын анықтады. Сициялық мед. мектептің негізін қалаушы Эмпедокл (5 ғ.) адамның ана құрсағында дамуын түсіндіруге бірінші болып әрекет жасады. Анаксагор (5 ғ.) жануарлар миына алғашқы тәжірибелер жүргізді. 5 ғ-да книдтік (орт. Книд, Кіші Азия), косстық (орт. Косс аралы) мед. мектептер қалыптасты. Косс мектебінің аса көрнекті өкілі ауруларды анықтау әдістерін жасаған, науқастарды емдеудің іс-тәжірибелік қорытындыларын жинақтаған, көптеген аурулардың сипаттамасы мен емдеу жолдарын ұсынған Гиппократ болды. 4 ғ-да ғыл. білімдер, әсіресе жаратылыстану мен математика салалары одан әрі дами түсті. Математика саласындағы табыстар негізінен Платон академиясынан шыққан ғылымдарға тиісті болды. Книдтік Евдокс өлшенбейтін шамалардың жаңа теориясын жасады. Классик. дәуірдің ғыл. білімдерінің көпшілігін Аристотель қорытындылап, аяқтады. Ол сол кезде белгілі болған барлық ғылымның жүйесін құрып, оларды жіктеуді ұсынды, зоологияның, ботаниканың, биология элементтерінің алғашқы негіздерін қалады. Оның шәкірті Теофраст ботаниканы одан әрі дамытып, минералогияның негізін салды. Аристотельдің биол. еңбектері (“Жануарлар тарихы”, “Жануарлар бөліктері туралы”, “Жануарлардың пайда болуы туралы”) ғылым тарихында орасан рөл атқарады. Эллинизм уақытынан бастап жаратылыстану ғылымдарының философиядан біртіндеп бөлінуі басталды. Астрономия мен оған байланысты математика мен механика дәл және жүйелі зерттеулердің пәніне айналды (Евклид, Архимед, пергтік Аполлоний, александриялық Диофант, самостық Аристарх, Гиппарх, Птоломей, александриялық Герон, т.б.). Медицина мен ботаника саласында да елеулі табыстарға қол жеткізілді (Халкедондық Герофил, иулистік Эрасистрат). География. Ежелгі геогр. шығармалар жаттап алуға жеңіл болу үшін өлең түрінде баяндалған периплдер мен периэгестер (арақашықтығы көрсетілген екі пункттің аралығына құрғақ жермен немесе теңізде жүзу арқылы жасалған саяхаттарды сипаттау) болды. Осындай жол сілтеушілер бойынша мифтер мен эпик. жырларда айтылатын құдайлар мен батырлардың саяхаттарын сипаттап жазу құрастырылды. Гомер эпосында теңіз саяхаттарындағы ертегілік егжей-тегжейлілікпен бірге өмірде нақты болған ахейлік қоныстар мен жерлерді (мыс., Крит аралын сипаттау) немесе жартылай аңызға айналған (Схерия, Тринакия, т.б.) жерлерді сипаттау кездеседі. Ежелгі иониялық географтардың (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) пікірі бойынша Жер Дүниежүз. мұхитта жүзіп жүретін жалпақ цилиндр түрінде болды. Бұл цилиндрдің беті толықтай қоныстанылмаған, одан ойкумена (орт. Эллада болған жердің қоныстанған бөлігі) бөлініп тұрды. Анаксимандр жасаған ең ежелгі картада (7 ғ-дың соңы – 6 ғ.) ең орт-қа Жерорта т. орналастырылып, ол ойкуменаны теңдей екі бөлікке: Еуропа мен Азияға бөліп тұрды. Құрлықтардың шекарасы Фасис өз., кейінірек Дон мен ұлы ортаазиялық өзендер біріктірілген Танаис өз. болды. Милеттік Гекатейдің (6 және 5 ғ. шекарасында) картасында дүниенің үшінші бөлігі – Ливия (Африка) пайда болды, оның шекарасы Нил өз арқылы өтті. Геродот (5 ғ.) еске салатын финикалықтардың Ливияны (Африканы) айнала жүзуі жөніндегі жартылай қияли әңгімесі мен кариандалық Скилактың (6 ғ-дың соңы – 5 ғ.) Инд өз. және Үнді мұхитымен (Эритрей т.) Қызыл т-ге дейін жүзген саяхаты жөніндегі әңгімесі гректердің геогр. көкжиектерінің кеңейе түскеніне дәлел болады. Жердің шар тәріздес екендігі жөніндегі болжамды 6 ғ-да пифагорлықтар жариялағанмен де, Анаксагор (5 ғ.) Жер пішінін цилиндрлік деп есептеді. Одан сәл кейінірек Аристотель (4 ғ.) жер меридианын есептеу жөнінде ұсыныс жасады. 4 және 3 ғ-дың шекарасында Дикеарх оның ұз-ның 300000 стадияға тең екенін анықтады, ал 3 ғ-дың соңында Эратосфен өте дәл есептеудің нәтижесінде оны 252000 стадияға дейін (нақты ұз. 40007 км болса, Эратосфеннің есептеуі 39690 км-ге тең болды) қысқартты. Егер 6 – 5 ғ-лар шекарасында белгілі ойкумена бойлық бағытымен Гибралтардан Үндістанға дейін созылып жатса да, солт. және оңт. кеңістіктер жөніндегі деректер өте аз болды. 3 ғ-дың өзінде ойкуменаның солт. шеті Альбионнан (Англиядан) солт-ке қарай орналасқан қиял-ғажайыптық Туле аралы болып есептелді. Ол Поляр шеңберіне жақын орналасты. Ойкуменаның ең оңт. нүктесі Страбонның кезінде (б.з.б. 1 ғ. – б.з. 1 ғ.) Қызыл т-дің оңт. шеті Ноту керас (Оңтүстік мүйіз) мүйісі болып есептелді. Гипарх (б.з.б. 2 ғ.) жер шарын 360 градусқа бөліп, бір градустың ұз-н 700 стадияға теңеп, бұл шаманы “климат” деп атады. Кейіннен бұл есепті тирлік Марин (б.з. 1 – 2 ғ-лардағы сириялық географ) мен Птоломей (б.з. 2 ғ.) пайдаланып, градустық торларға өздеріне таныс барлық геогр. нысандарды түсірді. Ерте Рим империясы кезіндегі қарқынды әскери басып алулар мен сауда байланыстарының дамуы Птоломей картасында Британия мен Иерн аралын (Ирландия), Агисимбаны (Африкада, Чад к-нен оңт-ке қарай), Үнді мұхитындағы Тапробан аралын (Цейлон), сондай-ақ шығыста серлер мен син (қытай) тайпаларын көрсетуге мүмкіндік берді. Птоломейдің “Географиясы” география саласындағы ежелгі танымның ең биік шыңы болып табылады. Тарих ғылымы. Тарихи мазмұндағы алғашқы шығармалар иониялық логографтардың (тарихи проза өкілдерінің) еңбектері болды. Олардың ішіндегі неғұрлым танымалы “Жерді сипаттап жазу” мен “Генеалогияның” авторы милеттік Гекатей (б.з.б. 6 – 5 ғ-лар) еді. Логографтар өз еңбектерінде әр түрлі хронол. және жылнамалық жазбаларды (Спарта, Сикиона, Афинадағы патшалар мен архонттардың тізімдері, б.з.б 776 жылдан басталған олимп. ойындар жеңімпаздарының тізімдері) пайдаланды. Логографтардың қатарына әйгілі тарихи шығарма – “Тарихтың” авторы Геродотты да қосады. Пелопоннесс соғысы оқиғаларына Фукидид (5 – 4 ғ-лар) өзінің “Тарих” атты еңбегін арнады. Фукидит бәрінен бұрын әскери тарихты жазса да, ол әлеум.-саяси күрес мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Ол қандай да бір тарихи құбылыстың шығу тегін түсіндіре отырып, оқиғалардың себептері мен сылтауларына ерекше көңіл бөлді. Оның “Тарихында” азаматтық жанжалдар, демокр. және олигарх. топтардың қақтығыстарына жан-жақты сипаттама берілді. Тұтастай алғанда оның баяндауы объективтіліктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Геродоттан ерекшелігі Фукидид өз тақырыбын баяндауға қолданатын деректерді сын көзбен тексеруден өткізуге үлкен мән берді. Ктесий (5 – 4 ғ-лар шекарасы) еңбектері парсы және үнді тарихына, географияға арналды. Ксенофонт (5 ғ-дың соңы – 4 ғ.) 411 – 362 жылдардағы кезеңді қамтитын “Грек тарихында” негізінен әскери оқиғалар қысқаша баяндалады. Оның “Анабасис” атты шығармасы әскери геогр. мемуардың үздік үлгісі болып табылады. Эфор (4 ғ.) “Гераклидтердің қайтып оралуынан” 340 жылға дейін грек тарихын жазды. “Жалпы тарих” шығармаларының ең ежелгі үлгілеріне сондай-ақ Тимейдің (4 – 3 ғ-лар) еңбектері де жатады. Кейбір бөліктері ғана сақталған олар Жерорта т-нің батысындағы елдердің (бірінші кезекте Сицилия, Италия мен Карфагеннің) тарихына арналып, көптеген тарихи-этногр. материалдың негізінде жазылды. 4 ғ-дағы грек полистерінің мемл. құрылысы жөніндегі нақты деректер философтардың шығармаларында кездеседі (Платонның “Мемлекеті” мен “Заңдары ”, Аристотельдің “Афина политиясы”). Грекия, Македония, Кіші Азия, Сирия, Египет, Карфаген мен Римнің 220 – 146 жылдардағы “жалпы” тарихы мен олардың өзара байланысын “Тарих” (40 кітаптан тұрды) кітабының авторы Полибий (2 ғ.) баяндады. Полибий тарихшының негізгі міндеті оқиғаларды сипаттап жазу ғана емес, құбылыстардың себептілігі мен олардың өзара байланысын түсіндіру деп есептеді. Полибий еңбегінің жалғасы б.з.б. 146 – 80 жылдардағы оқиғаларды қамтыған Посидонийдің “Тарихы” (52 кітап) болып табылады. Грек тарихнамасы рим үстемдігі кезінде де дами берді. Оның өкілдерінің бірі ойкуменаның ежелгі заманнан бастап б.з.б. 58 жылға дейінгі тарихын “Тарихи кітапхана” (40 кітап) атты еңбегінде баяндаған Сицилиялық Диодор (б.з.б. 1 ғ.) болды. Римдік кезеңде грек тілінде жазған тарихшылардан галикарнасстық Дионисийді (б.з.б. 1 ғ.), Плутархты (б.з. 1 – 2 ғ-лар), Аррианды (2 ғ.), Павсаний (2 ғ.) мен Дион Кассийді (2 – 3 ғ-лар) атап өтуге болады. Әдебиет. Еуропадағы ең ежелгі әдебиеттердің бірі – ежелгі грек әдебиеті грек халқының ауыз әдебиеті негізінде пайда болды. Б.з.б. 8 – 7 ғ-ларда ру-тайпалық батырлар жөніндегі эпик. әндер мен Ионияның бұрынғы тарихи оқиғаларының негізінде “Иллиада” мен “Одиссея” эпик. жырлары жасалды. Олардың авторы соқыр жыршы Гомер болып есептеледі. Гесиод (8 – 7 ғ-лар) дүние мен құдайлардың пайда болуын (“Теогония”), патшалардан қысым көрген егіншілер көзқарасы тұрғысынан діни өсиеттер мен моральдық шаруашылық ережелерді баяндады (“Еңбектер мен күндер”). 7 – 6 ғ-ларда әдебиетте лирика елеулі рөл атқара бастады. Ионияда екі лирик. жанр: өсиеттік әскери-саяси, адамгершілік пен махаббат тақырыбындағы элегия мен әшкерелеуші күлкілі-ямб қалыптасты. Лесбос аралының ақындары лирамен сүйемелденіп орындалатын жеке әндер жазды. Сапфо махаббат және үйлену тойы тақырыбына өлеңдер шығарды. Оның ізімен иониялық Анакреонт (6 – 5 ғ-лар) тойлар мен махаббат тақырыбына лирик. шағын өлеңдер жазды. Салтанатты хор лирикасы, гимндер поэзиясы дамыды. Хор лирикасы өкілдерінің ішінде анағұрлым белгілері Алкман, Стесихор, Арион, Ивик, Симонид, Бакхилид, Пиндар болды. 6 ғ-да Ионияда филос. және баяндаушы проза пайда болды. Ауыз әдебиеті әңгімесінің жаңа типі – тарихи немесе тұрмыстық кейіпкерлері бар новелла дамыды. Прозалық ауыз әдебиетінің жарқын тұлғасы, тұрмыстық анекдоттың қаїарманы мысалдар авторы құл – Эзоп болып танылған. 5 – 4 ғ-лар ежелгі грек әдебиетінің неғұрлым гүлденген дәуірі. Афина демократиясы дамыған осы кезеңде жетекші жанр – мифол. тақырыптағы трагедия болды. Эсхил демокр. құрылыстың деспотизмді (“Парсылар”), мемлекеттілік пен соттың рулық тәртіптерді (“Орестея” трилогиясы, “Жетеуі Фивыға қарсы”) жеңуін, отбасы қағидаларының салтанат құруы (“Данаида”) мен өркениетті (“Прометей”) бейнеледі. Софокл шығармаларында адамдар өз мінез-құлқы бойынша толықтай дербес болды (“Антигона”, “Филоктет”, “Электра”). Сицилияда (Эпохорм, 6 – 5 ғ-лар) пайда болған, бірақ Афинада 5 ғ-да (ежелгі аттик. комедия атанған) дамыған комедия ескілікті карнавалдық-ойындық формаларын сақтап, оларды жаңа қоғамдық-сатиралық мазмұнмен толықтырды. Аристофан комедиялары Афинаның (“Салтаттылар”, “Соналар”), софистік философияға (“Бұлттар”), Еврипид трагедияларына (“Көлбақалар”) деген батыл және терең сатира болды. Ежелгі комедия ауыз әдебиеттік маскалар қолданумен жалпылама карикатуралық кейіпкерлер жасады. 5 ғ-дың 2 жартысында басталған полис дағдарысы софистік қозғалыстан өзінің идеол. көрінісін тапты. Ол жоғ. көркемдік дәрежеге жеткен тарихнама (Геродот, Фукидид, Ксенофонт) саласының, прозаның, филос. диалогтың (Платон) және шешендік өнердің тез дамуына әкеп соқты. 4 ғ-да сот және саяси шешендік (Лисий, Демосфен), сондай-ақ “салтанатты” (Сократ) шешендік өнері гүлденді. Осыған байланысты сөйлеу өнерінің шеберлігі мен стилінің теориясы – риторика пайда болды. Грекияда македондық биліктің орнауы мен эллиндік мемлекеттердің құрылуы (3 ғ-дың бас кезі) гректердің өмір салтын шұғыл өзгертті. Саяси шешендік өз негізінен айрылды. Әдебиет отбасылық және тұрмыстық тақырыптарға бет бұрып, “жаңа комедия” дамыды. Шағын поэзиялық формалардан махаббат, дастархан басылық, қабір басына арналған, күлкілі эпиграммалар тарады. Сатиралық мазмұндағы новелла пайда болды. Римдік жаулап алушылық (б.з.б. 2 ғ-дың ортасынан бастап) Грекияның мәдени өмірінің құлдырауын тереңдетті. Дегенмен б.з. 1 ғ-нан бастап грек қоғамының жоғ. топтары өздерінің өткен тарихына көңіл бөле бастады. Әдебиетте ол аттик. проза тіліне бейімделу түрінде бейнеленді. 1 – 3 ғ-лардағы грек романы тағдыр соққысына қарамастан бір-біріне адал болып қалған мінсіз ғашықтар өмірін суреттеді (Харитон, Ксенофон, Ксенофон, Ямвлих, Ахилл Таттий, Лонг, Гелиодор) 4 ғ-дан бастап антик. грек әдебиеті өзінің жетекші орнын христиандық әдебиетке берді. Театр. Грек театры мен драматургиясы Дионис құдайдың құрметіне өткізілетін ауыл тұрғындарының мерекелерінен пайда болды. Бұл мерекелерде Дионис құдайға арналған диалог пен театрлық әрекеттерге құрылған ғұрыптық өлеңдер мен әндер хормен орындалды. Дифирамбтың одан әрі дамуы ақын Феспидтің (б.з.б. 6 ғ-дың 2-жартысы) есімімен байланыстырылады, ол театрға актерді енгізді деп есептеледі. Бастапқы уақыттың өзінде-ақ театр гректердің қоғамдық өмірінде маңызды орын алды. Әсіресе б.з.б. 5 ғ-да Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан сияқты ұлы драматургтардың шығармалары грек халқының қоғамдық, саяси және рухани өмірінің аса маңызды жақтарын бейнеледі. Антик. театрдың халықтық сипаты театр ойындарын ұйымдастыру мен ғимарат құрылымының ерекшеліктерімен анықталды. Ойындар көрсетуді жоғ. қызмет адамдары – архонттар арқылы мемлекет өз міндетіне алды. Хор мүшелерін оқып-үйрету және азық-түлікпен қамтамасыз ету шығындарын құрметті қоғамдық міндет ретінде хорегтар деген атақ алған дәулетті азаматтар өз мойындарына алды. Ойындар Дионистің (желтоқсан – қаңтар), Ленеялардың (қаңтар – ақпан), Ұлы немесе қалалық Дионисиялардың (наурыз – сәуір) құрметіне көрсетіліп, жарыс сипатына ие болды. Бір-бірімен жарысқан үш драматургтің әрқайсысы үш трагедия мен бір сатиралық драмасынан құралатын тетралогияны көрсетті. Ежелгі грек театрында әйел рөлін еркектер орындады. Бір актер бірнеше рөлді қатар орындады, оған тек пьеса өлеңдерін жақсы оқу ғана емес, ән айта білу мен билеу талаптары да қойылды. Грек актерлары әр түрлі рөлді орындағанда беттеріне әр түрлі маскалар киді. Бойды өсіріп көрсету үшін трагедия актерлары аяқтарына биік ұлтанды ерекше аяқ киімдер – котурналар киіп шықты. Ежелгі грек театры негізгі үш бөліктен: орхестрадан, скенадан және тетроннан құралды. Эсхил 2-актерді енгізді, сөйтіп трагедиялық қақтығыс пен театр ойнының әсерлік жағын күшейтуге мүмкіндік жасады. Оның тұсында трагедия құрылымының классик. формасы мен трагедия қойылымының тәртібі анықталды. Афина мемлекетінің саяси және мәдени жағынан қуатты дамуы театр өнері мен драматургияның дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жағдай жасады. Софоклдың “Антигона”, “Эдип патша”, “Электра”, т.б трагедияларында антик. демократияның гүлдену дәуіріндегі азаматтық және адамгершілік мұраттар көрініс тапты. Софоколдың кезінде 3-актер пайда болып, хордың рөлі төмендеді, трагедияның диалогтық бөлігі ұлғайтылды, сахнаны безендіру енгізілді. Еврипидтің “Андромаха”, “Гекуба”, “Геракл”, “Ипполит”, “Медея”, “Ифигения Тавридада”, “Финикиялық әйелдер”, “Троялық әйелдер” трагедияларында соғыс келтірген зардаптар бейнеленіп, ескі діни көзқарастар сынға алынды, тирания әшкереленіп, адамдардың ішкі дүниесін түсінуге ұмтылу күшейді. Ежелгі аттик. комедия Аристофан шығарм-нда көркемдік гүлдену дәрежесіне жетті. Трагедия мен комедиядан басқа хоры Дионистің серіктері – сатирлерден тұратын сатиралық драма – көңілді пьесалар да қойылды. Эллинизм дәуірінде театр өнері Шығысқа грек мәдениетін таратуда үлкен рөл атқарды. Ірі өкілі Менандр болған жаңа аттик. комедия өз заманындағы өмірді тек отбасы тұрмыстық және адамның ішкі жан күйзелісі тұрғысынан бейнеледі. Эллинизм дәуірінде алғашқы кәсіпқой актерлар мен мүшелері тек ерікті еркектер болған актерлар серіктестіктері пайда болды. Эллиндік дәуірдегі театрлардың ішіндегі белгілілері Эпидаврдегі, Мегалопольдегі (Пелопоннес), Приендегі, Эфестегі (Кіші Азия), Огоптағы (солт.-шығыс Аттика) театрлар болды. Хоры болмаған жаңа комедия қойылымы орхестрада емес, логейон деп аталған сахналық алаңшада көрсетілді. Б.з.б. 5 ғ-дан бастап Грекияда тұрмыстық және пародиялық-сатиралық сипаттағы шағын қойылымдар – мимдер де көрсетіле бастады. Мимді орындаушылардың ішінде әйелдер де болды, актерлар маскасыз ойын көрсетті. Эллиндік дәуірде мимик. би – пантомим де кең тарады. Пантомимді бір актер ғана орындады. Б.з.б. 4 – 3 ғ-ларда Оңт. Италия мен Сицилияда міндетті түрде маскалар қолданылатын шағын комед. қойылым – флиак орындалды. Ежелгі Грекияның театр мәдениеті дүниежүз. театр өнерінің дамуына орасан зор ықпал етті. Гректердің театр саласындағы мұрасын римдіктер (әсіресе дамуының ертерек кезеңдерінде), Қайта өрлеу мен Ағарту дәуірінің қайраткерлері кеңінен пайдаланды. Архитектура мен бейнелеу өнері. Ежелгі Грекияның сәулетшілері, мүсіншілері, ваза жасаушылары көптеген ғасырлар өткен соң толып жатқан халықтар үшін әдеміліктің, үйлесімділік пен жоғ. талғамның үлгісі қызметін атқарған өнер ескерткіштерін жасады. Ежелгі Грекияның көркемдік ескерткіштері тек қана Балқан түбегінде ғана емес, Кіші Азияда, Апеннин түбегінің оңт-нде, Жерорта т. аралдары мен жағалауларында, сондай-ақ Қара т-дің солт. жағалауларында сақталған. Грек өнерінің өзі микены мәдениетінің (қ. Эгей мәдениеті) қойнауында пайда болды. Ежелгі грек мәдениеті хронол. жағынан гомерлік деп аталатын, архаика, классика және эллинизм кезеңдеріне бөлінеді. Гомерлік кезеңде (б.з.б. 11 – 8 ғ-лар) қыш бұйымдарды әшекейлеу кең тарады. Геом. стиль 7 ғ-ға дейін өмір сүрді. Оның гүлденген кезінде (8 ғ.) зират басына қойылатын дипилон вазалары мен тұрмыстық мақсаттағы ыдыстар жасалды. Геом. стильдің үздік ескерткіштеріндегі әшекейлер айқын үйлесімділігімен, ою-өрнектер мен адам тұлғаларын құрайтын сызықтардың көркемдігімен әсер қалдырады. Геом. стильде, сондай-ақ түрлі-түсті қыштан шағын мүсіндер жасау мен ыдыстарға мүсіндік әшекейлер – қақпақтарға қыш пен қоладан мүсіншілер мен мәнерлі ұстағыштар орнату дамыды. Гомерлік кезең архитектурасы жөніндегі мардымсыз деректерді құрылыстардың бірнеше құландысы, ғибадатханалардың қыштан жасалған үлгілері мен әдеби сипаттамалары береді. Келесі архаика кезеңі (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) полистердің қалыптасуы, қалалардың құрылуымен атап өтілді. Қалалық құрылыстың негізгі элементтері діни қасиетті орын (акрополь), қоғамдық сауда орт. (агора) болды, олардың айналасында тұрғын үйлер орналасты. Қалалар мен акрополь салуда жетекші орынды ғибадатханалар (ішінде түрегеліп тұрған мүсіндері бар “құдайлардың үйі”) алды. Олар басында ағаштан, 6 ғ-дан бастап әктастардан, кейіннен көбінесе мәрмәрдан салына бастады. Ғибадатханалардың қатарына әр түрлі міндеттер атқарған ғимараттар: булевтериялар (жиналыс өткізуге арналған үйлер), стойлар, лесхтер, театрлар, стадиондар, палестралар, гимнасиялар, т.б салынды. Құрылыстарды тастан салуға көшумен архит. ордендердің түр өзгерістері қалыптаса бастады. Дорийлік ордер ғимараттарына Олимпиядағы Гера ғибадатханасы (7 – 6 ғ-лар), Коринфтегі Аполлонның (шамамен 550 ж.), Керкир аралындағы Артемиданың (6 ғ-дың бас кезі), “Базилика ” деп аталатын Гера І-нің (6 ғ-дың ортасы) ғибадатханалары мен “Деметра ғибадатханасы” (6 ғ-дың 2-жартысы, Посейдония), т.б. жатады. Иониялық ордер 6 ғ-да Кіші Азиядағы грек қалаларында пайда болды. Архаика мүсіншілері ғибадатханаларды фриздер мен метоп бедерлерімен, қасбеттердегі мүсіндермен, тас және түрлі-түсті қыштан жасалған ою-өрнектермен безендірді. Адамдардың мүсіндері жамандық пен кесепаттылықты білдіретін – қорқынышты құбыжықтармен күрескен құдайларды немесе батырларды (Тесей, Геракл, Персей, т.б.) бейнеледі. Адамдарды бейнелеген архаик. мүсін өнері шағын мүсіншілерден жалаңаш денелі жас өспірімдер, куростар мен ұзын киімдегі қыздар – корлардың тұлғаларын бейнелеуге қарай дамыды. Классика дәуірінде (б.з.б. 5 ғ. – 4 ғ-ларда) ежелгі грек қалалары гүлдену дәрежесіне жетіп, арнайы жоспарлау жүйесі қалыптасты (Милет, Пирей). Бұл жүйенің негізгі қағидалары (қаланы бір-бірімен қиылысатын тік бұрышты көшелер тармағымен бөлу, тұрғындарға арналған орамдарды көлемі бірдей үйлермен кешенді түрде салу) Гипподам есімімен байланыстырылады. 6 – 5 ғ-ларда бейнелеу өнері сипатында батыл өзгерістер болып өтті. Архаик. пішіндердің шарттылығынан қол үзе отырып мүсіншілер, суретшілер, ваза әшекейлеушілер өмірге неғұрлым жақын кейіпкерлер жасады. Адам тұлғасы мен оның қимылы кемеліне келтіріле бейнеленіп, көп адамдар қатысқан көріністер алдыңғы беттер мен фриздерде батылырақ орындала бастады. Классик. дәуірдің бас кезінде пайда болған “қатал стильдің” қағидалары әсіресе вазаны әсемдеуде айқын жүзеге асырылды. Қызыл тұлғалы техникамен жұмыс істеген Эпиктет, Евтимид, Евфроний, Дурис, Брига өз жұмыстарында тек қана мифол. тақырыпты емес, тұрмыстық тақырыптарды да (ойын-сауық, мектептердегі сабақтардан, стадиондардағы атлеттердің жаттығуларынан көріністер т.б) бейнеледі. “Қатал стиль” 5 ғ-дың 1-жартысында мүсін өнерінде де көрініс тапты, көптеген тамаша туындылар пайда болды. Шеберлердің ізденістерін 5 ғ-дың 1-жартысында Мирон аяқтап шықты. 5 ғ-дың ортасында классика өнері гүлдену дәрежесінде жетті. Перикл билік жүргізген жылдары Афина Элладаның саяси және көркемдік орт-на айналды. Грек-парсы соғыстары кезінде парсылар қиратқан Акропольде жаңа ғибадатханалар салынып, мүсіндер орнатылып, иониялық және дорийлік элементтерді ұштастырған көркем ансамбль құрылды. Мұнда ең үздік сәулетшілер мен мүсіншілер Фидийдің жетекшілігімен жұмыс істеді. Иктин мен Калликраттың жобасымен Афина ғибатханасы – Парфенон (447 – 438) тұрғызылды. Асқақ Пропилеиді (437 – 432) Мнесикл, белгісіз шебер жоспары түсінікті көркем Эрехтейонды (421 – 406) салуды басқарды. 4 ғ-дан бастап (Пелопонесс соғысынан кейін), адамның тұрмыстық қажеттеріне тығыз байланысты құрылыстар: гимнасиялар, палестралар, одеондар, театрлар, т.б. салуға көп көңіл бөлінді. Жеке тұлғаларды мәңгі есте қалдыру үшін мемориалдық мақсаттағы құрылыстар (Галикарнасстағы кесене, шамамен 350 ж., арх. Пифей мен Сатир; Афинадағы Лисикраттың хоректік ескерткіші, 335 ж. шамасы) салу бағыты байқалды. Бейнелеу өнерінде адамның мінез-құлқын дәл көрсетуге деген ұмтылыс мүсіндік портреттің дамуына ықпал етті (Алопекалық Деметрий, 5 – 4 ғ-лар). Александр Македонский сарайындағы мүсінші Лисипттің еңбектерінде дүниенің өзгермелі, шиеленіске толы күрделі өмірін өткір түйсіну байқалады, батырлық тақырыбына алаңдаушылық, қозушылық қосылады (Апоксиомен, Гермес, Гераклдың мүсіндері).  Нейгебауэр О., Точные науки в древности М., 1968; Любимов Л.Д., Ежелгі дүние өнері, А., 1980. С. Тортаев, Е. Балғабекұлы  
05.12.2012 08:24 14168

Эллада мәдениеті, Ежелгі Грекия мәдениеті, ежелгі заманнан бастап эллинизм дәуіріне дейінгі аралықта қалыптасқан. Грек полистеріндегі (қала-мемлекеттер) тау-кен ісі мен металлургияның, құрылыс техникасының, қыш-құмыра және тоқыма өндірісінің дамуы Жерорта т. айналасында шашырай орналасқан грек мәдени дүниесінің әр түрлі бөліктерінің арасындағы сауда қарым-қатынастарының кеңеюіне әсер етіп, Элладаның Таяу Шығыс, Солт. Африка және Жерорта т-нің солт.-батысындағы елдермен байланыстары нығая түсті. Грек полистерінің арасындағы тәжірибе алмасу мен іскерлік белсенділіктің артуына әліпбилік жазудың таралуы да жәрдемдесті. Қоғамдық топтардың көпшілігі сауатты болу мүмкіндігіне ие болды (қ. Грекия). Осының бәрі ғылымның, әдебиет пен бейнелеу өнерінің жедел қарқынмен дамуына әсер етті. Нәтижесінде өзіндік ерекшелігі және қайталанбас белгілері бар ежелгі грек мәдениеті қалыптасты. Бұл мәдениет белгілі бір дәрежеде адамзаттың бұдан кейінгі мәдени дамуы үшін тамаша үлгіге айналды.

Мифология және дін. Ежелгі Грекия мифологиясы ұзақ даму жолынан өтті. Грек мифологиясы өз дамуының ертеректегі сатыларында стихиялық, құбыжықтық формалармен сипатталды. Грек мифологиясының ең жоғары гүлденуі б.з.б. 2-мыңжылдыққа тура келеді. Сол кезде “қарлы” және “көп шатқалды” Олимп тауында тұратын және бір құдайдың – “адамдар мен құдайлардың әкесі” – Зевстің билігіне бағынатын құдайлардың олимп.пантеоны түпкілікті қалыптасып болды. Әрбір олимп. құдай қатаң түрде белгілі бір міндет атқарды: Афина – соғыс, жоғары дәрежелі өнерлердің, қолөнердің құдайы, қалалар мен елдерді қорғаушы, Гермес – сауда құдайы,Артемида – аңшылық құдайы, Афродита – махаббат пен әдеміліктің құдайы, т.б. болды. Олимп. мифология айқын көрінетін антропоморфизммен (ежелгі гректердің діни және мифол. сенімдерінде құдайлар мен перілер адамға тән кәдімгі сапаларға, тұлғаға ие болып, адамға тән кемшіліктері мен кеселдері бар болып бейнеленді) сипатталды. Құбыжықтар жөніндегі бұрынғы аңыздардың орнына құбыжықтармен күресіп, оларды жеңіп шығатын батырлар жөнінде (Геракл, Тесей, т.б.) мифтер пайда болды. Алайда адамның табиғатқа үстемдігінің өсе түскенін дәлелдейтін бұл антропоморфизм грек мифологиясы дамуындағы тек белгілі бір тарихи өтпелі баспалдақты ғана сипаттайды. Рулық-қауымдық қатынастардың ыдырай бастауына, ғыл. білімдердің пайда болуына байланысты қарапайым мифол. антропоморфизм жоғалды. Ежелгі грек ақындары Гесиод пен Пиндар шығармаларында Зевс антропоморфизм қасиеттерінен айырылып, дүниежүз. әділдік қағидасын жүзеге асыратын кейіпкерге айналса, Эсхилдің “Бұғауланған Прометейінде” Зевс көрсоқыр дүлей күштердің өкілі, адамдарды жек көретін дүниежүзілік қатал билеуші түрінде бейнеленеді. Грек мифологиясы кейінгі элллиндік-римдік кезеңде әдеби және көркемдік әдіске, аллегорияға немесе метафораға айналды. Мифологияның дамуымен қатар грек діні де қалыптасып, дамыды. Ежелгі гректердің діни іс-әрекеті белгілі бір құдайға арналған ғибадатханаларда, негізінен құрбандықтар шалу мен дұғалар оқудан тұрды. Ежелгі Грекияда ресми мемл. дінмен қатар тек арнаулы адамдар үшін ғана ашық болған құдайға қызмет етушілік – мистериялар (Элевсиндегі Деметра, Орфийдегі Дионистің құрметіне, кабирлер – жер асты құдайларына табыну, т.б.) да таралды. Грек мифологиясы мен діні Ежелгі Шығыс халықтарының (негізінен хеттер мен финикиялықтардың) кейбір аңыздарын қабылдады, сондай-ақ Шығыстан грек пантеонына кейбір құдайлар мен батырлар енді. Адамиланған, үйлесім мен өлшем сезіміне енген грек мифологиясының кейіпкерлері антик. өнердің дамуына негіз болды. Кейіннен грек мифологиясының кейіпкерлерін Қайта өркендеу дәуірінің идеологтары өз шығармаларында кеңінен қолданды.
Жаратылыстанудағы ғылыми көзқарастар. Эллинизм кезеңіне дейін (б.з.б. 4 ғ-дың соңы) Грекиядағы жаратылыстану, ғыл., саяси, философ. көзқарастар бөлінбеген бір ғылымды құрады. Ежелгі грек философтарының барлығы дерлік жаратылыстанушылар болды (қ. Ежелгі дүние философиясы). Алғашқы грек ғалымдарының Отаны кішіазиялық Иония болды. Ол Ежелгі Грекияның басқа бөліктеріне қарағанда ежелгі шығыс мәдениетімен неғұрлым тығызырақ байланысты болып, ежелгі грек ғылымының дамуына шешуші ықпал етті. Алғашқы геом. мәліметтер, циркульді пайдалану, күннің тұтылуын болжау, теңізде жүзушілердің бағытын жұлдыздарға қарап анықтауды ұсыну милет мектебінің (б.з.б. 6 ғ.) негізін салушы Фалестің, жануарлар дүниесіне бақылау жүргізу – Анаксимандрдың (ол сондай-ақ ойкуменаның ең ежелгі картасын құрастырды) есімімен байланысты болды. Анаксимен “отты” аспан шырақтарымен қатар “жерлік қасиеті бар қараңғы денелердің” бар екендігі жөнінде пікір айтты. Жаратылыстану ғыл. пәндерінің ішінен математика, статика, астрономия мен медицина жоғары дамыды. Сандар теориясы дамуының, ал геометрияда матем. түсініктер мен қатаң логик. дәлелдеулерді дәл анықтау әдістері теориясының басталуы Пифагор есімі мен оның мектебіне байланысты болды. Грек ғылымы дамуының классик. кезеңі (б.з.б. 5 – 4 ғ-лар) анағұрлым елеулі ғыл. жетістіктермен сипатталады. Осы кезеңде қазіргі мектептегі элементар геометрияның мазмұнын құрайтын білімнің елеулі бөлігі алынды. Бұл білімдер математиктер: Элидадан шыққан Гипийдің (5 ғ.), хиостық Гиппократтың (5 ғ-дың 2-жартысы), Менехмнің (4 ғ.) еңбектерінде баяндалды. Сандар теориясы бөлінгіштік, пропорциялар жөніндегі ілімдермен дамытылды. 5 ғ-дың ортасында Анаксагор мен Демокрит перспектива теориясы жөнінде бірінші очерк жазды. Математиканың дамуында Пифагор алғаш тұжырымдаған санның абстрактілі түсінігі маңызды рөл атқарды. Пифагор мектебінде ашылған иррационалдық шамалардың маңызы зор болды. Б.з.б. 5 және 4 ғ-лар шекарасында Левкипп пен Демокрит атомдық ілімнің негіздерін қалады. 6 – 5 ғ-лардың шекарасында биолог және дәрігер кротондық Алкмеон ең ежелгі мед. мектептердің бірін құрды. Ол бірінші болып жануарлар органдарына зерттеулер жүргізді, мидың нервтік қызметтің орт. болып табылатынын анықтады. Сициялық мед. мектептің негізін қалаушы Эмпедокл (5 ғ.) адамның ана құрсағында дамуын түсіндіруге бірінші болып әрекет жасады. Анаксагор (5 ғ.) жануарлар миына алғашқы тәжірибелер жүргізді. 5 ғ-да книдтік (орт. Книд, Кіші Азия), косстық (орт. Косс аралы) мед. мектептер қалыптасты. Косс мектебінің аса көрнекті өкілі ауруларды анықтау әдістерін жасаған, науқастарды емдеудің іс-тәжірибелік қорытындыларын жинақтаған, көптеген аурулардың сипаттамасы мен емдеу жолдарын ұсынған Гиппократ болды. 4 ғ-да ғыл. білімдер, әсіресе жаратылыстану мен математика салалары одан әрі дами түсті. Математика саласындағы табыстар негізінен Платон академиясынан шыққан ғылымдарға тиісті болды. Книдтік Евдокс өлшенбейтін шамалардың жаңа теориясын жасады. Классик. дәуірдің ғыл. білімдерінің көпшілігін Аристотель қорытындылап, аяқтады. Ол сол кезде белгілі болған барлық ғылымның жүйесін құрып, оларды жіктеуді ұсынды, зоологияның, ботаниканың, биология элементтерінің алғашқы негіздерін қалады. Оның шәкірті Теофраст ботаниканы одан әрі дамытып, минералогияның негізін салды. Аристотельдің биол. еңбектері (“Жануарлар тарихы”, “Жануарлар бөліктері туралы”, “Жануарлардың пайда болуы туралы”) ғылым тарихында орасан рөл атқарады. Эллинизм уақытынан бастап жаратылыстану ғылымдарының философиядан біртіндеп бөлінуі басталды. Астрономия мен оған байланысты математика мен механика дәл және жүйелі зерттеулердің пәніне айналды (Евклид, Архимед, пергтік Аполлоний, александриялық Диофант, самостық Аристарх, Гиппарх, Птоломей, александриялық Герон, т.б.). Медицина мен ботаника саласында да елеулі табыстарға қол жеткізілді (Халкедондық Герофил, иулистік Эрасистрат).
География. Ежелгі геогр. шығармалар жаттап алуға жеңіл болу үшін өлең түрінде баяндалған периплдер мен периэгестер (арақашықтығы көрсетілген екі пункттің аралығына құрғақ жермен немесе теңізде жүзу арқылы жасалған саяхаттарды сипаттау) болды. Осындай жол сілтеушілер бойынша мифтер мен эпик. жырларда айтылатын құдайлар мен батырлардың саяхаттарын сипаттап жазу құрастырылды. Гомер эпосында теңіз саяхаттарындағы ертегілік егжей-тегжейлілікпен бірге өмірде нақты болған ахейлік қоныстар мен жерлерді (мыс., Крит аралын сипаттау) немесе жартылай аңызға айналған (Схерия, Тринакия, т.б.) жерлерді сипаттау кездеседі. Ежелгі иониялық географтардың (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) пікірі бойынша Жер Дүниежүз. мұхитта жүзіп жүретін жалпақ цилиндр түрінде болды. Бұл цилиндрдің беті толықтай қоныстанылмаған, одан ойкумена (орт. Эллада болған жердің қоныстанған бөлігі) бөлініп тұрды. Анаксимандр жасаған ең ежелгі картада (7 ғ-дың соңы – 6 ғ.) ең орт-қа Жерорта т. орналастырылып, ол ойкуменаны теңдей екі бөлікке: Еуропа мен Азияға бөліп тұрды. Құрлықтардың шекарасы Фасис өз., кейінірек Дон мен ұлы ортаазиялық өзендер біріктірілген Танаис өз. болды. Милеттік Гекатейдің (6 және 5 ғ. шекарасында) картасында дүниенің үшінші бөлігі – Ливия (Африка) пайда болды, оның шекарасы Нил өз арқылы өтті.
Геродот (5 ғ.) еске салатын финикалықтардың Ливияны (Африканы) айнала жүзуі жөніндегі жартылай қияли әңгімесі мен кариандалық Скилактың (6 ғ-дың соңы – 5 ғ.) Инд өз. және Үнді мұхитымен (Эритрей т.) Қызыл т-ге дейін жүзген саяхаты жөніндегі әңгімесі гректердің геогр. көкжиектерінің кеңейе түскеніне дәлел болады. Жердің шар тәріздес екендігі жөніндегі болжамды 6 ғ-да пифагорлықтар жариялағанмен де, Анаксагор (5 ғ.) Жер пішінін цилиндрлік деп есептеді. Одан сәл кейінірек Аристотель (4 ғ.) жер меридианын есептеу жөнінде ұсыныс жасады. 4 және 3 ғ-дың шекарасында Дикеарх оның ұз-ның 300000 стадияға тең екенін анықтады, ал 3 ғ-дың соңында Эратосфен өте дәл есептеудің нәтижесінде оны 252000 стадияға дейін (нақты ұз. 40007 км болса, Эратосфеннің есептеуі 39690 км-ге тең болды) қысқартты. Егер 6 – 5 ғ-лар шекарасында белгілі ойкумена бойлық бағытымен Гибралтардан Үндістанға дейін созылып жатса да, солт. және оңт. кеңістіктер жөніндегі деректер өте аз болды. 3 ғ-дың өзінде ойкуменаның солт. шеті Альбионнан (Англиядан) солт-ке қарай орналасқан қиял-ғажайыптық Туле аралы болып есептелді. Ол Поляр шеңберіне жақын орналасты. Ойкуменаның ең оңт. нүктесі Страбонның кезінде (б.з.б. 1 ғ. – б.з. 1 ғ.) Қызыл т-дің оңт. шеті Ноту керас (Оңтүстік мүйіз) мүйісі болып есептелді. Гипарх (б.з.б. 2 ғ.) жер шарын 360 градусқа бөліп, бір градустың ұз-н 700 стадияға теңеп, бұл шаманы “климат” деп атады. Кейіннен бұл есепті тирлік Марин (б.з. 1 – 2 ғ-лардағы сириялық географ) мен Птоломей (б.з. 2 ғ.) пайдаланып, градустық торларға өздеріне таныс барлық геогр. нысандарды түсірді. Ерте Рим империясы кезіндегі қарқынды әскери басып алулар мен сауда байланыстарының дамуы Птоломей картасында Британия мен Иерн аралын (Ирландия), Агисимбаны (Африкада, Чад к-нен оңт-ке қарай), Үнді мұхитындағы Тапробан аралын (Цейлон), сондай-ақ шығыста серлер мен син (қытай) тайпаларын көрсетуге мүмкіндік берді. Птоломейдің “Географиясы” география саласындағы ежелгі танымның ең биік шыңы болып табылады.
Тарих ғылымы. Тарихи мазмұндағы алғашқы шығармалар иониялық логографтардың (тарихи проза өкілдерінің) еңбектері болды. Олардың ішіндегі неғұрлым танымалы “Жерді сипаттап жазу” мен “Генеалогияның” авторы милеттік Гекатей (б.з.б. 6 – 5 ғ-лар) еді. Логографтар өз еңбектерінде әр түрлі хронол. және жылнамалық жазбаларды (Спарта, Сикиона, Афинадағы патшалар мен архонттардың тізімдері, б.з.б 776 жылдан басталған олимп. ойындар жеңімпаздарының тізімдері) пайдаланды. Логографтардың қатарына әйгілі тарихи шығарма – “Тарихтың” авторы Геродотты да қосады. Пелопоннесс соғысы оқиғаларына Фукидид (5 – 4 ғ-лар) өзінің “Тарих” атты еңбегін арнады. Фукидит бәрінен бұрын әскери тарихты жазса да, ол әлеум.-саяси күрес мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Ол қандай да бір тарихи құбылыстың шығу тегін түсіндіре отырып, оқиғалардың себептері мен сылтауларына ерекше көңіл бөлді. Оның “Тарихында” азаматтық жанжалдар, демокр. және олигарх. топтардың қақтығыстарына жан-жақты сипаттама берілді. Тұтастай алғанда оның баяндауы объективтіліктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Геродоттан ерекшелігі Фукидид өз тақырыбын баяндауға қолданатын деректерді сын көзбен тексеруден өткізуге үлкен мән берді. Ктесий (5 – 4 ғ-лар шекарасы) еңбектері парсы және үнді тарихына, географияға арналды. Ксенофонт (5 ғ-дың соңы – 4 ғ.) 411 – 362 жылдардағы кезеңді қамтитын “Грек тарихында” негізінен әскери оқиғалар қысқаша баяндалады. Оның “Анабасис” атты шығармасы әскери геогр. мемуардың үздік үлгісі болып табылады. Эфор (4 ғ.) “Гераклидтердің қайтып оралуынан” 340 жылға дейін грек тарихын жазды. “Жалпы тарих” шығармаларының ең ежелгі үлгілеріне сондай-ақ Тимейдің (4 – 3 ғ-лар) еңбектері де жатады. Кейбір бөліктері ғана сақталған олар Жерорта т-нің батысындағы елдердің (бірінші кезекте Сицилия, Италия мен Карфагеннің) тарихына арналып, көптеген тарихи-этногр. материалдың негізінде жазылды. 4 ғ-дағы грек полистерінің мемл. құрылысы жөніндегі нақты деректер философтардың шығармаларында кездеседі (Платонның “Мемлекеті” мен “Заңдары ”, Аристотельдің “Афина политиясы”). Грекия, Македония, Кіші Азия, Сирия, Египет, Карфаген мен Римнің 220 – 146 жылдардағы “жалпы” тарихы мен олардың өзара байланысын “Тарих” (40 кітаптан тұрды) кітабының авторы Полибий (2 ғ.) баяндады. Полибий тарихшының негізгі міндеті оқиғаларды сипаттап жазу ғана емес, құбылыстардың себептілігі мен олардың өзара байланысын түсіндіру деп есептеді. Полибий еңбегінің жалғасы б.з.б. 146 – 80 жылдардағы оқиғаларды қамтыған Посидонийдің “Тарихы” (52 кітап) болып табылады. Грек тарихнамасы рим үстемдігі кезінде де дами берді. Оның өкілдерінің бірі ойкуменаның ежелгі заманнан бастап б.з.б. 58 жылға дейінгі тарихын “Тарихи кітапхана” (40 кітап) атты еңбегінде баяндаған Сицилиялық Диодор (б.з.б. 1 ғ.) болды. Римдік кезеңде грек тілінде жазған тарихшылардан галикарнасстық Дионисийді (б.з.б. 1 ғ.), Плутархты (б.з. 1 – 2 ғ-лар), Аррианды (2 ғ.), Павсаний (2 ғ.) мен Дион Кассийді (2 – 3 ғ-лар) атап өтуге болады.
Әдебиет. Еуропадағы ең ежелгі әдебиеттердің бірі – ежелгі грек әдебиеті грек халқының ауыз әдебиеті негізінде пайда болды. Б.з.б. 8 – 7 ғ-ларда ру-тайпалық батырлар жөніндегі эпик. әндер мен Ионияның бұрынғы тарихи оқиғаларының негізінде “Иллиада” мен “Одиссея” эпик. жырлары жасалды. Олардың авторы соқыр жыршы Гомер болып есептеледі. Гесиод (8 – 7 ғ-лар) дүние мен құдайлардың пайда болуын (“Теогония”), патшалардан қысым көрген егіншілер көзқарасы тұрғысынан діни өсиеттер мен моральдық шаруашылық ережелерді баяндады (“Еңбектер мен күндер”). 7 – 6 ғ-ларда әдебиетте лирика елеулі рөл атқара бастады. Ионияда екі лирик. жанр: өсиеттік әскери-саяси, адамгершілік пен махаббат тақырыбындағы элегия мен әшкерелеуші күлкілі-ямб қалыптасты. Лесбос аралының ақындары лирамен сүйемелденіп орындалатын жеке әндер жазды. Сапфо махаббат және үйлену тойы тақырыбына өлеңдер шығарды. Оның ізімен иониялық Анакреонт (6 – 5 ғ-лар) тойлар мен махаббат тақырыбына лирик. шағын өлеңдер жазды. Салтанатты хор лирикасы, гимндер поэзиясы дамыды. Хор лирикасы өкілдерінің ішінде анағұрлым белгілері Алкман, Стесихор, Арион, Ивик, Симонид, Бакхилид, Пиндар болды. 6 ғ-да Ионияда филос. және баяндаушы проза пайда болды. Ауыз әдебиеті әңгімесінің жаңа типі – тарихи немесе тұрмыстық кейіпкерлері бар новелла дамыды. Прозалық ауыз әдебиетінің жарқын тұлғасы, тұрмыстық анекдоттың қаїарманы мысалдар авторы құл – Эзоп болып танылған. 5 – 4 ғ-лар ежелгі грек әдебиетінің неғұрлым гүлденген дәуірі. Афина демократиясы дамыған осы кезеңде жетекші жанр – мифол. тақырыптағы трагедия болды. Эсхил демокр. құрылыстың деспотизмді (“Парсылар”), мемлекеттілік пен соттың рулық тәртіптерді (“Орестея” трилогиясы, “Жетеуі Фивыға қарсы”) жеңуін, отбасы қағидаларының салтанат құруы (“Данаида”) мен өркениетті (“Прометей”) бейнеледі. Софокл шығармаларында адамдар өз мінез-құлқы бойынша толықтай дербес болды (“Антигона”, “Филоктет”, “Электра”). Сицилияда (Эпохорм, 6 – 5 ғ-лар) пайда болған, бірақ Афинада 5 ғ-да (ежелгі аттик. комедия атанған) дамыған комедия ескілікті карнавалдық-ойындық формаларын сақтап, оларды жаңа қоғамдық-сатиралық мазмұнмен толықтырды. Аристофан комедиялары Афинаның (“Салтаттылар”, “Соналар”), софистік философияға (“Бұлттар”), Еврипид трагедияларына (“Көлбақалар”) деген батыл және терең сатира болды. Ежелгі комедия ауыз әдебиеттік маскалар қолданумен жалпылама карикатуралық кейіпкерлер жасады. 5 ғ-дың 2 жартысында басталған полис дағдарысы софистік қозғалыстан өзінің идеол. көрінісін тапты. Ол жоғ. көркемдік дәрежеге жеткен тарихнама (Геродот, Фукидид, Ксенофонт) саласының, прозаның, филос. диалогтың (Платон) және шешендік өнердің тез дамуына әкеп соқты. 4 ғ-да сот және саяси шешендік (Лисий, Демосфен), сондай-ақ “салтанатты” (Сократ) шешендік өнері гүлденді. Осыған байланысты сөйлеу өнерінің шеберлігі мен стилінің теориясы – риторика пайда болды. Грекияда македондық биліктің орнауы мен эллиндік мемлекеттердің құрылуы (3 ғ-дың бас кезі) гректердің өмір салтын шұғыл өзгертті. Саяси шешендік өз негізінен айрылды. Әдебиет отбасылық және тұрмыстық тақырыптарға бет бұрып, “жаңа комедия” дамыды. Шағын поэзиялық формалардан махаббат, дастархан басылық, қабір басына арналған, күлкілі эпиграммалар тарады. Сатиралық мазмұндағы новелла пайда болды. Римдік жаулап алушылық (б.з.б. 2 ғ-дың ортасынан бастап) Грекияның мәдени өмірінің құлдырауын тереңдетті. Дегенмен б.з. 1 ғ-нан бастап грек қоғамының жоғ. топтары өздерінің өткен тарихына көңіл бөле бастады. Әдебиетте ол аттик. проза тіліне бейімделу түрінде бейнеленді. 1 – 3 ғ-лардағы грек романы тағдыр соққысына қарамастан бір-біріне адал болып қалған мінсіз ғашықтар өмірін суреттеді (Харитон, Ксенофон, Ксенофон, Ямвлих, Ахилл Таттий, Лонг, Гелиодор) 4 ғ-дан бастап антик. грек әдебиеті өзінің жетекші орнын христиандық әдебиетке берді.
Театр. Грек театры мен драматургиясы Дионис құдайдың құрметіне өткізілетін ауыл тұрғындарының мерекелерінен пайда болды. Бұл мерекелерде Дионис құдайға арналған диалог пен театрлық әрекеттерге құрылған ғұрыптық өлеңдер мен әндер хормен орындалды. Дифирамбтың одан әрі дамуы ақын Феспидтің (б.з.б. 6 ғ-дың 2-жартысы) есімімен байланыстырылады, ол театрға актерді енгізді деп есептеледі. Бастапқы уақыттың өзінде-ақ театр гректердің қоғамдық өмірінде маңызды орын алды. Әсіресе б.з.б. 5 ғ-да Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан сияқты ұлы драматургтардың шығармалары грек халқының қоғамдық, саяси және рухани өмірінің аса маңызды жақтарын бейнеледі. Антик. театрдың халықтық сипаты театр ойындарын ұйымдастыру мен ғимарат құрылымының ерекшеліктерімен анықталды. Ойындар көрсетуді жоғ. қызмет адамдары – архонттар арқылы мемлекет өз міндетіне алды. Хор мүшелерін оқып-үйрету және азық-түлікпен қамтамасыз ету шығындарын құрметті қоғамдық міндет ретінде хорегтар деген атақ алған дәулетті азаматтар өз мойындарына алды. Ойындар Дионистің (желтоқсан – қаңтар), Ленеялардың (қаңтар – ақпан), Ұлы немесе қалалық Дионисиялардың (наурыз – сәуір) құрметіне көрсетіліп, жарыс сипатына ие болды. Бір-бірімен жарысқан үш драматургтің әрқайсысы үш трагедия мен бір сатиралық драмасынан құралатын тетралогияны көрсетті.
Ежелгі грек театрында әйел рөлін еркектер орындады. Бір актер бірнеше рөлді қатар орындады, оған тек пьеса өлеңдерін жақсы оқу ғана емес, ән айта білу мен билеу талаптары да қойылды. Грек актерлары әр түрлі рөлді орындағанда беттеріне әр түрлі маскалар киді. Бойды өсіріп көрсету үшін трагедия актерлары аяқтарына биік ұлтанды ерекше аяқ киімдер – котурналар киіп шықты. Ежелгі грек театры негізгі үш бөліктен: орхестрадан, скенадан және тетроннан құралды. Эсхил 2-актерді енгізді, сөйтіп трагедиялық қақтығыс пен театр ойнының әсерлік жағын күшейтуге мүмкіндік жасады. Оның тұсында трагедия құрылымының классик. формасы мен трагедия қойылымының тәртібі анықталды. Афина мемлекетінің саяси және мәдени жағынан қуатты дамуы театр өнері мен драматургияның дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жағдай жасады. Софоклдың “Антигона”, “Эдип патша”, “Электра”, т.б трагедияларында антик. демократияның гүлдену дәуіріндегі азаматтық және адамгершілік мұраттар көрініс тапты. Софоколдың кезінде 3-актер пайда болып, хордың рөлі төмендеді, трагедияның диалогтық бөлігі ұлғайтылды, сахнаны безендіру енгізілді. Еврипидтің “Андромаха”, “Гекуба”, “Геракл”, “Ипполит”, “Медея”, “Ифигения Тавридада”, “Финикиялық әйелдер”, “Троялық әйелдер” трагедияларында соғыс келтірген зардаптар бейнеленіп, ескі діни көзқарастар сынға алынды, тирания әшкереленіп, адамдардың ішкі дүниесін түсінуге ұмтылу күшейді. Ежелгі аттик. комедия Аристофан шығарм-нда көркемдік гүлдену дәрежесіне жетті. Трагедия мен комедиядан басқа хоры Дионистің серіктері – сатирлерден тұратын сатиралық драма – көңілді пьесалар да қойылды. Эллинизм дәуірінде театр өнері Шығысқа грек мәдениетін таратуда үлкен рөл атқарды. Ірі өкілі Менандр болған жаңа аттик. комедия өз заманындағы өмірді тек отбасы тұрмыстық және адамның ішкі жан күйзелісі тұрғысынан бейнеледі. Эллинизм дәуірінде алғашқы кәсіпқой актерлар мен мүшелері тек ерікті еркектер болған актерлар серіктестіктері пайда болды. Эллиндік дәуірдегі театрлардың ішіндегі белгілілері Эпидаврдегі, Мегалопольдегі (Пелопоннес), Приендегі, Эфестегі (Кіші Азия), Огоптағы (солт.-шығыс Аттика) театрлар болды. Хоры болмаған жаңа комедия қойылымы орхестрада емес, логейон деп аталған сахналық алаңшада көрсетілді. Б.з.б. 5 ғ-дан бастап Грекияда тұрмыстық және пародиялық-сатиралық сипаттағы шағын қойылымдар – мимдер де көрсетіле бастады. Мимді орындаушылардың ішінде әйелдер де болды, актерлар маскасыз ойын көрсетті. Эллиндік дәуірде мимик. би – пантомим де кең тарады. Пантомимді бір актер ғана орындады. Б.з.б. 4 – 3 ғ-ларда Оңт. Италия мен Сицилияда міндетті түрде маскалар қолданылатын шағын комед. қойылым – флиак орындалды. Ежелгі Грекияның театр мәдениеті дүниежүз. театр өнерінің дамуына орасан зор ықпал етті. Гректердің театр саласындағы мұрасын римдіктер (әсіресе дамуының ертерек кезеңдерінде), Қайта өрлеу мен Ағарту дәуірінің қайраткерлері кеңінен пайдаланды.
Архитектура мен бейнелеу өнері. Ежелгі Грекияның сәулетшілері, мүсіншілері, ваза жасаушылары көптеген ғасырлар өткен соң толып жатқан халықтар үшін әдеміліктің, үйлесімділік пен жоғ. талғамның үлгісі қызметін атқарған өнер ескерткіштерін жасады. Ежелгі Грекияның көркемдік ескерткіштері тек қана Балқан түбегінде ғана емес, Кіші Азияда, Апеннин түбегінің оңт-нде, Жерорта т. аралдары мен жағалауларында, сондай-ақ Қара т-дің солт. жағалауларында сақталған. Грек өнерінің өзі микены мәдениетінің (қ. Эгей мәдениеті) қойнауында пайда болды. Ежелгі грек мәдениеті хронол. жағынан гомерлік деп аталатын, архаика, классика және эллинизм кезеңдеріне бөлінеді. Гомерлік кезеңде (б.з.б. 11 – 8 ғ-лар) қыш бұйымдарды әшекейлеу кең тарады. Геом. стиль 7 ғ-ға дейін өмір сүрді. Оның гүлденген кезінде (8 ғ.) зират басына қойылатын дипилон вазалары мен тұрмыстық мақсаттағы ыдыстар жасалды. Геом. стильдің үздік ескерткіштеріндегі әшекейлер айқын үйлесімділігімен, ою-өрнектер мен адам тұлғаларын құрайтын сызықтардың көркемдігімен әсер қалдырады. Геом. стильде, сондай-ақ түрлі-түсті қыштан шағын мүсіндер жасау мен ыдыстарға мүсіндік әшекейлер – қақпақтарға қыш пен қоладан мүсіншілер мен мәнерлі ұстағыштар орнату дамыды. Гомерлік кезең архитектурасы жөніндегі мардымсыз деректерді құрылыстардың бірнеше құландысы, ғибадатханалардың қыштан жасалған үлгілері мен әдеби сипаттамалары береді. Келесі архаика кезеңі (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) полистердің қалыптасуы, қалалардың құрылуымен атап өтілді. Қалалық құрылыстың негізгі элементтері діни қасиетті орын (акрополь), қоғамдық сауда орт. (агора) болды, олардың айналасында тұрғын үйлер орналасты. Қалалар мен акрополь салуда жетекші орынды ғибадатханалар (ішінде түрегеліп тұрған мүсіндері бар “құдайлардың үйі”) алды. Олар басында ағаштан, 6 ғ-дан бастап әктастардан, кейіннен көбінесе мәрмәрдан салына бастады. Ғибадатханалардың қатарына әр түрлі міндеттер атқарған ғимараттар: булевтериялар (жиналыс өткізуге арналған үйлер), стойлар, лесхтер, театрлар, стадиондар, палестралар, гимнасиялар, т.б салынды. Құрылыстарды тастан салуға көшумен архит. ордендердің түр өзгерістері қалыптаса бастады. Дорийлік ордер ғимараттарына Олимпиядағы Гера ғибадатханасы (7 – 6 ғ-лар), Коринфтегі Аполлонның (шамамен 550 ж.), Керкир аралындағы Артемиданың (6 ғ-дың бас кезі), “Базилика ” деп аталатын Гера І-нің (6 ғ-дың ортасы) ғибадатханалары мен “Деметра ғибадатханасы” (6 ғ-дың 2-жартысы, Посейдония), т.б. жатады. Иониялық ордер 6 ғ-да Кіші Азиядағы грек қалаларында пайда болды. Архаика мүсіншілері ғибадатханаларды фриздер мен метоп бедерлерімен, қасбеттердегі мүсіндермен, тас және түрлі-түсті қыштан жасалған ою-өрнектермен безендірді. Адамдардың мүсіндері жамандық пен кесепаттылықты білдіретін – қорқынышты құбыжықтармен күрескен құдайларды немесе батырларды (Тесей, Геракл, Персей, т.б.) бейнеледі. Адамдарды бейнелеген архаик. мүсін өнері шағын мүсіншілерден жалаңаш денелі жас өспірімдер, куростар мен ұзын киімдегі қыздар – корлардың тұлғаларын бейнелеуге қарай дамыды.
Классика дәуірінде (б.з.б. 5 ғ. – 4 ғ-ларда) ежелгі грек қалалары гүлдену дәрежесіне жетіп, арнайы жоспарлау жүйесі қалыптасты (Милет, Пирей). Бұл жүйенің негізгі қағидалары (қаланы бір-бірімен қиылысатын тік бұрышты көшелер тармағымен бөлу, тұрғындарға арналған орамдарды көлемі бірдей үйлермен кешенді түрде салу) Гипподам есімімен байланыстырылады. 6 – 5 ғ-ларда бейнелеу өнері сипатында батыл өзгерістер болып өтті. Архаик. пішіндердің шарттылығынан қол үзе отырып мүсіншілер, суретшілер, ваза әшекейлеушілер өмірге неғұрлым жақын кейіпкерлер жасады.
Адам тұлғасы мен оның қимылы кемеліне келтіріле бейнеленіп, көп адамдар қатысқан көріністер алдыңғы беттер мен фриздерде батылырақ орындала бастады. Классик. дәуірдің бас кезінде пайда болған “қатал стильдің” қағидалары әсіресе вазаны әсемдеуде айқын жүзеге асырылды. Қызыл тұлғалы техникамен жұмыс істеген Эпиктет, Евтимид, Евфроний, Дурис, Брига өз жұмыстарында тек қана мифол. тақырыпты емес, тұрмыстық тақырыптарды да (ойын-сауық, мектептердегі сабақтардан, стадиондардағы атлеттердің жаттығуларынан көріністер т.б) бейнеледі. “Қатал стиль” 5 ғ-дың 1-жартысында мүсін өнерінде де көрініс тапты, көптеген тамаша туындылар пайда болды. Шеберлердің ізденістерін 5 ғ-дың 1-жартысында Мирон аяқтап шықты. 5 ғ-дың ортасында классика өнері гүлдену дәрежесінде жетті. Перикл билік жүргізген жылдары Афина Элладаның саяси және көркемдік орт-на айналды. Грек-парсы соғыстары кезінде парсылар қиратқан Акропольде жаңа ғибадатханалар салынып, мүсіндер орнатылып, иониялық және дорийлік элементтерді ұштастырған көркем ансамбль құрылды. Мұнда ең үздік сәулетшілер мен мүсіншілер Фидийдің жетекшілігімен жұмыс істеді. Иктин мен Калликраттың жобасымен Афина ғибатханасы – Парфенон (447 – 438) тұрғызылды. Асқақ Пропилеиді (437 – 432) Мнесикл, белгісіз шебер жоспары түсінікті көркем Эрехтейонды (421 – 406) салуды басқарды. 4 ғ-дан бастап (Пелопонесс соғысынан кейін), адамның тұрмыстық қажеттеріне тығыз байланысты құрылыстар: гимнасиялар, палестралар, одеондар, театрлар, т.б. салуға көп көңіл бөлінді. Жеке тұлғаларды мәңгі есте қалдыру үшін мемориалдық мақсаттағы құрылыстар (Галикарнасстағы кесене, шамамен 350 ж., арх. Пифей мен Сатир; Афинадағы Лисикраттың хоректік ескерткіші, 335 ж. шамасы) салу бағыты байқалды. Бейнелеу өнерінде адамның мінез-құлқын дәл көрсетуге деген ұмтылыс мүсіндік портреттің дамуына ықпал етті (Алопекалық Деметрий, 5 – 4 ғ-лар). Александр Македонский сарайындағы мүсінші Лисипттің еңбектерінде дүниенің өзгермелі, шиеленіске толы күрделі өмірін өткір түйсіну байқалады, батырлық тақырыбына алаңдаушылық, қозушылық қосылады (Апоксиомен, Гермес, Гераклдың мүсіндері). 
Нейгебауэр О., Точные науки в древности М., 1968; Любимов Л.Д., Ежелгі дүние өнері, А., 1980.
С. Тортаев, Е. Балғабекұлы
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға