Нұрмақов Нығмет
05.12.2012 07:38
6913
Нұрмақов Нығмет (25.4. 1895, қазіргі Орт. Қазақстан обл. Қарқаралы ауд. – 27.9. 1937, Мәскеу) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс-қазақ уч-щесін (1911), Омбы мұғалімдер семинариясын (1915) бітірген. Омбыда оқып жүргенде С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Досовтармен бірге “Бірлік” атты жасырын ұйым құрды. Ұйым мүшелері Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатымен әр түрлі кештер өткізіп тұрды. 1915 – 16 ж. Қарқаралыда мұғалімдік қызмет атқара жүріп, “Дала одағы” (“Степной союз”) ұйымын құрады. Ұйым патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. 1917 ж. Кеңес өкіметі жағына шығып, Қарқаралыда, Семей губ-нда жауапты қызметтер атқарды. “Қазақ тілі” газетінің, “Қызыл Қазақстан” журналының редакторы, Қазақ АКСР Жоғ. рев. трибуналының (1923 жылдан Жоғ. Сот) төрағасы, әділет халық комиссары және республиканың прокуроры қызметтерін атқарды. 1924 – 29 ж. БК(б)П Қазақстан өлкелік к-ті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болды. Н-тың Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, а. ш-н қалпына келтіру, байларды тәркілеу, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 ж. Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 ж. Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды. Алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді. Н. Ф.И. Голощекиннің қазақ даласында “Кіші Қазан төңкерісін” жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, онымен ашық айқасты. Ф.И. Голощекин мен Н. арасындағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен кетуімен аяқталды. 1929 ж. БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оны бітірген соң 1931 ж. БОАК төралқасының мүшесі, төралқа хатшысының орынбасары және төралқаның ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Н. 1937 ж. 3 маусымда жалған айыппен тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1958 ж. 11 тамызда КСРО Жоғ. сотының әскери алқасының шешімімен ақталды. 1928 ж. оның саяси-әлеум. тақырыптарға арналған мақалалар жинағы “Строительство Казахстана” деген атпен және 1934 ж. Мәскеуде “Состояние и задачи работы среди национальных меньшинств РСФСР” деп аталатын еңбектері жарық көрген. Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қарқаралы қ-ларындағы Егіндібұлақ а-ндағы көшелерге, Қарағандыдағы 2-мектеп-интернатқа Н. есімі берілген. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта, туған ауылында ескерткіш орнатылған.
Әдеб.: Сейфуллин С., Тар жол тайғақ кешу, А., 1968; Кәкішев Т., С.Сейфуллин, А., 1976; Тайшыбай З., Алтын бесік – ән орда, І.-о., 1998; Ләмбеков С., Арыстар, А., 2000.
Б. Қабдөшев, А. Нұрмақов
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға