Айдаһар
05.12.2012 07:17
4939
Айдаһар - байырғы наным-сенім бойынша бірнеше басты алып жыртқыш, адам баласына өлім әкелетін дүлей күш, жалмауыз. Айдаһар — әлем халықтарының фольклорында жиі кездесетін кейіпкер. Әсіресе, батырдың айдаһармен соғысу сюжеті мол. В.Я. Пропптың анықтауынша, айдаһар отырықшы-диқан, қалалық мәдениетте болған халықтарда қалыптасты. Айдаһар қазақ ертегілерінде қауымнан ауыр салық алып тұратын дүлей күш жалмауыз ретінде бейнеледі. Ол «борандатып, дауылдатып» келеді, алдын ала адамдардың дайындап қойған малын, кісісін тірідей жұтиды. Әсіресе, қыздарды жалмайды, тіпті патшаның қызын жұтам деп, жұрттың үрейін ұшырады. Онымен шайқасуға бел буған батыр-аңшыны айдаһар жұтқан кезде, ол қырық құлаш семсерін сертке ұстап ішіне кіріп, қақ жарады да, жұртты азат етеді, айдаһарды өлтіргенінің белгісі ретінде жонынан таспа тіліп алады. Бұдан қазақтағы айдаһар стадиялық даму сатысына сай өзіндік ерекшелікке ие екенін байқаймыз. Қытай, Мысыр, Үндістандықтар тәрізді диқап халықтар айдаһарды аузынан от шашқан, қанаты, төрт сирағы бар, жаңбыр жауғызып, кейде құрғақшылық жасап, елге апат төндіретін, найзағай ойнататын бейне.
Кейбір қазақ ертегілері мен хикаяларында әйел кейде айдаһардың етіне жерік болады және ол тотемдік сенімнің қалдығы, ал айдаһардың адамды жұтуы кәмелеттік сынақ салтының ізі екендігі фольклортану ғылымында анықталып отыр. Қазақтардың төл түсінігінде айдаһар жыланның алып түрі ғана. Сан қатпарлы осы күрделі бейнені жан-жақты талдаған академик С.А.Қасқабасов: «Айдаһар түптеп келгенде ғаламат алып жылан» деп пайымдайды. Қазақ ертегілерінде айдаһар «алып жылан» түрінде кей ертекте, халықаралық сюжеттерде кездесетіндей, сумен қатысты бейнеленеді. Мысалы, әйел бейнесінде құбылып жүріп, жігітке тұрмысқа шығады, шөлге шыдамсыз, түнде тұрып ап, үйдің шаңырағынан мойнын созып, өзеннен су ішкендігі айтылады («Айдаһар»), Кейде ысқырып, аспаннан жаңбыр жауғызады («Айдаһар қатын»), Шөлден қаталап жарылып өлгенде күн бұзылып, жаңбыр жауып кетеді («Арғы мерген»), Әлбетте, бұл сарындар диқаншы, отырықшы халықтарда кездеседі. Айдаһарды жауын-шашын, су иесі деген ұғым қазақ этномәдениетіне сыртқы отырықшы жұрттардан ауысып орнықты. Көптеген халықта айдаһарды ұшатын қанаты бар, аузынан от шашатын, сирағы бар мақұлық кейпінде елестетеді. Кейде ертек айтушылар жылан, айдаһар деген атауларды қатар қолдана береді. Айдаһар төменгі өлілер әлемінің күзетшісі, жанды о дүниеге жеткізуші рух-ие. Ежелгі заманда осы тәрізді неше алуан құбыжықтарға малды, тіпті тірі адамды да құрбандыққа шалатын қатігез салттың талай түрі болғандығы көне мәдениет тарихынан белгілі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Космология