Өнер музейі
05.12.2012 06:14
7424
ӨНЕР МУЗЕЙІ, Ә.Қастеев атынд. Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі – Алматы қ-ндағы аса ірі өнер мұражайы. Т.Г. Шевченко атынд. Қазақ КСР-і Мемл. көркем сурет галереясы (1935) және Респ. халық қолөнер мұражайы (1970) коллекцияларының қосылуы негізінде құрылды (1976). 1983 ж. музейге суретші Әбілхан Қастеевтің есімі берілді. 2003 ж. ЮНЕСКО-ның Халықар. музейлер Одағының құрамына кірді. Мұражай қорында 22 мың 200-ден астам бейнелеу мен сәндік-қолданбалы өнері туындылары бар. Сондай-ақ оның қорында бұрыннан келе жатқан халық шығарм-ның мол қазынасы жинақталған. Әшекейлі төсеніш киіздер, текеметтер, сырмақтар, алашалар, қабырғаға ұстайтын кілемдер, аяққаптар, сандыққаптар бар. Тоқыма өнер туындылары, түкті және тықыр кілемдер, қоржындар, киіз үйдің баулары мен басқұрлары, кестелер, түскиіздер, зерленген төсек жапқыштар, ер мен әйел киімдері, сондай-ақ ағашты ою, безендіру арқылы жасалған сандықтар, кереуеттің бастары, табақ пен тостағандар, қымыз құятын ожау, тұрмысқа қажетті тері бұйымдары (ат әбзелі мен ер-тоқым, белдік), зергерлік өнері бұйымдары (әйелдерге арналған сақина, жүзік, білезік, сырға, алқалар, киім ілгектер, түймелер, белдіктер мен ат әбзелдерінің жапсырмалары) секілді халық шығарм-ның негізгі түрлері сақтаулы. Сонымен бірге музейде кейінгі кезде соны сипатпен жедел дамыған өнер туындылары да толық көрсетілген. Мұражай негізінен бүгінгі талапқа сай компьютерлік озық технологиямен жабдықталған 4 үлкен залдан тұрады. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Қастеевтің мемориалдық залы бар. Қазақстанда кескіндеме мен графика, мүсін өнерін дамытқан аға ұрпақ өкілдері Н.Г. Хлудов, Н.И. Крутильников, Ә.Ысмайылов, І. және І.Қожықовтар, А.А. Риттих, Л.П. Леонтьев, Г.А. Брылов, А.М. Черкасский шығармалары қойылған. Республиканың осы замандағы үздік суретшілерінің сан қырлы шығарм. мұражай қорын байыта түсті. Сонымен қатар 17 – 20 ғ-лардағы орыс өнерінің аса көрнекті туындылары да сақталып жинақталған (К.П. Брюлов, И.В. Айвазовский, Н.Н. Крамской, А.В. Саврасов, И.И. Левитан, В.В. Верещагин, т.б.). Мұражайда көп ұлтты ТМД елдері өнерінің барлық даму кезеңдері молынан қамтылып, көрнекті қылқалам шеберлерінің еңбектері, сондай-ақ Бат. Европа өнері (А.Дюрер, Рембрандтың графикалары, Ф.Франс ІІ, К.Антран, Д.Каспар, Р.Артуро, Д.Альберт, т.б.) мен Шығыс елдерінің қолданбалы өнер туындылары да қойылған. Соңғы жылдары музей коллекциясының алдыңғы қатарлы туындыларынан тұратын “Ә.Қастеев атындағы өнер музейі” және музей қорынан алынған “Орыс өнерінің қазынасы”, Қастеевтің 100 жылдық мерейтойына арналған “Ә.Қастеев”, О.Таңсықбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған “О.Таңсықбаев” атты альбомдар басылып шықты.
Мұражай ғимараты 1970 – 76 ж. арх-лар Э.К. Кузнецова мен О.Н. Наумованың жобасы бойынша салынды. Мұражайдың жалпы көл. 94068 м3, барлық алаңының ауд. 19428 м2, оның ішінде экспозиц. алаңы (14 зал) 5642 м2. Мемл. өнер мұражайының үйі мемлекет қорғауына алынған, респ. маңызы бар тарихи және архит. ескерткіш.
Е. Жангельдин, Ә. Төлебиев
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ерте Темір дәуіріңдегі Шығыс Қазақстан
Келесі жаңалық
Астанада «Үздік жас отбасы-2024» байқауы өтті