Дискі
05.12.2012 06:06
4807
Дискі – 1) есептеуіш техникада – жазылған ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтай алатын магниттік қабыршақпен қапталған дөңгелек пластина түріндегі дерек жинақтауыш құрылғы. Ақпарат пластина бетіне шеңбер бойымен жазылған жолсызықтар арасындағы секторлар бетінде сақталады. Дискінің (ағылшынша dіsk) дискіқозғалтқыш (дискіжетек) құрылғысы болады. Ол дискіні айналдырып, деректі дискіге жазуды, қажет кезінде оны оқуды атқаратын бастиекті керекті сектор маңына жеткізіп тұрады. Компьютерлер қатты, иілгіш және жинақы (компакт-диск) дискілермен жабдықталады. Қатты дискіде немесе винчестерде магниттік қабықша көлемдірек металл тұғырға жағылып, дискіқозғалтқыш құрылғысымен ауа кірместей етіп, тұмшаланған (герметикалық) бір қорапта орналасады. Винчестерлік дискілер сыртқы көлеміне (форм-факторына) және сыйымдылығына қарай бөлінеді. Форм-факторы 3,25 дюйм болып келетін дискілер дербес компьютерлердің көпшілігінде қолданылады. Биіктігі 1,6 дюйм винчестерлер қуатты компьютерлерде (серверлерде), жұмыс стансаларында пайдаланылады. Винчестерлік дискілердің сыйымдылығы 5 – 50 Гбайт және одан да жоғары, ал мәліметтерді оқу-жазу жылдамдығы 10 – 20 Мбайт/с.
Иілгіш дискі (флоппи-диск), дискет – компьютерлердің сыртқы жады ретінде пайдаланылатын, магниттік қабықша жалатылған табақша түрінде жасалып, қорапқа салынған алмалы-салмалы шағын есте сақтау құрылғысы. Негізінен, 3,5 дюймдік (88 мм), сыйымдылығы 1,5 Мбайт (1,5Һ106 таңба) дискеттер кеңінен таралған. Дискет мәлімет жазуға, оқуға арналған ұзынша ойығы бар пластмасса қорапқа салынып, ортасында оны айналдыруға арналған кіндікшемен жабдықталады. Сондай-ақ оның мәлімет жаздыруды болдырмас үшін ашылып-жабылып тұратын қосымша төртбұрышты ойығы болады. Дискет компьютердің негізгі блогындағы дискіжетектің ұясына салынады. Оның кіндікшесіндегі ойыққа айналдыру діңгегі енеді. Дискі қозғалысқа келісімен оқу-жазу ойығына магниттік бастиек жанасады. Дискетке қатты дискідегі ақпараттың архивтік көшірмесін сақтап қояды, сондай-ақ дискетке жазылған деректі, бағдарламаны, суретті, дыбысты, сандарды немесе мәтіндерді басқа компьютерге ауыстыруға болады. Компьютерлер желісі, электрондық пошта кең қолданыс тапқанша, дискет деректерді бір машинадан екінші машинаға ауыстырудың негізгі тәсілі болды. Дерек алмалы-салмалы болып жасалған жинақы дискіге (компакт-дискі) лазерлік сәуленің көмегімен арнаулы жазу құрылғысында бөлек жазылады. Жазылған дерек жинақы дискі оқитын құрылғымен (CD-ROM) жабдықталған кез келген компьютерде оқыла береді. Оған өшірілмейтін көлемді (650 Мбайт) дерек бір-ақ рет жазылып, ұзақ уақыт бойы тек оқу арқылы пайдаланылады. Компакт-дискіге ойындар, әуендер, кино, әр түрлі электрондық оқулықтар жазылып таратылады;
2) спортта – лақтыруға арналған жеңіл атлетикалық снаряд. Оның негізі ағаштан жасалынып, жиегі металмен көмкеріледі. Ерлер үшін диаметрі 221 мм (массасы 2 кг), ал әйелдер үшін диаметрі 182 мм (массасы 1 кг) дискілер қолданылады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қыпшақтардың тайпалық және этникалық құрамы
Келесі жаңалық
Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты