"Қазақ ССР тарихына" арнайы жазылған зерттеулер
"Қазақ ССР тарихына" арнайы жазылған зерттеулер
VIII ТАРАУ
Қазақ халқының XV—XVII ғасырлардағы мәдениеті
5. Қазақтың ауыз әдебиеті
Еңбек жырлары
Тақырыбы мен жанрлары жағынан сан алуан қазақ халқының ауыз әдебиеті XV—XVII ғасырларда кеңінен дамыды. Өлең-жырлар, тапқыр шешендік сөздер халықтың қоғамдық және рухани өмірінде көрнекті орын алды. Сол кездегі мақалдар мен мәтелдер ("Өнер алды — қызыл тіл", "Өнершінің колы — алтын, өлеңшінің сөзі — алтын") сөз өнерін халықтың аса қадірлегенін көрсетеді.
Ауыз әдебиеті дегеніміз — қоғам өмірінің айнасы. Патриархтық-феодалдық уклад, халықтың көшпелі тұрмысы қазақ халқының ауыз әдебиетінің идеялық-көркемдік маз- мұнына өшпес із қалдырды. Өлең-жырлар, аңыздар, тұрмыс- салт жырлары, лирикалық өлендер, мақалдар мен мәтелдер, нақыл сөздер, афоризмдер, батырлық эпостар, әлеуметтік-тұрмыс поэмалары халықтың қоғамдық тұрмысына, еткен еңбегіне және тәуелсіздік жолындағы күресіне байланысты туып отырды.
Ауыз әдебиетінің көпшілігі көшпелі малшылардың көзқарастарын, ұғымдарын, еңбек процестерін, олардың көп ғасырлық еңбек тәжірибесін әр жақты көрсетеді. Мысалы, халық әдебиетінде көшпелі тұрмыстағы түйенің маңызы кеңінен бейнеленеді. "Жүк ауырын нар көтерер", "Нар жолында жүк қалмас", "Қоныс ақысын түйе қайтарады" дейтін мақалдар дамылсыз көшкіншілік тұрмыста негізгі жүк көлігі түйе екендігін көрсетеді. Халық жырында былай деп жырланады: маң-маң басқан, маң басқан, Шудаларын шаң баскан, Екі өркешін қом басқан. Алабота, теріскен, Тілін тікен теспеген, Мұрындығы келіскен, "шөк!" дегенде "бық!" деген, Тесіп үйін жүктеген, мұның өзі түйе деген.
Түйенің күй талғамайтындығын, жүріске, жұмысқа төзімділігін, көнбістігі мен момындығын қазақтар осылай сипаттайды.
Жүйрік түйе "желмаяны" халық аузындағы аңыздарда, өлең-жырларда атты да, желді де, ұшқан құсты да басып өзатын ең жүйрік хайуан деп бейнелейді.
Қазақтың ауыз әдебиетінде жылқы малы күшті дәріптеледі. Казақ жылқы жайында былай дейді: "Ат — ердің қанаты", "Алып — анадан, ат — биеден", "Ат — биеден, аруана - түйеден". Өлендер мен аңыздарда жылқы баласы адамның досы, жәрдемшісі, серігі боп сипатталады. "Қуса жететін, қашса құтылатын" жүйрік аттар, тұлпарлар жайында көп өлең-жырлар, аңыздар туған.
Мал шаруашылығына байланысты шыққан өлең-жырларда, аңыздарда малды ит-құстан, ауру-індеттен, жұт-апаттан сақтау әрекетіне үлкен көңіл бөлінеді. "Мал жинасаң қонысын тап", "Жер — анасы, мал - баласы", "Малды тапқанға бақтыр" деген сияқты мақал, мәтелдерде көшпелі қазақтың тіршілік даналылығы афоризм түрінде екшеліп, қорытылып айтылған. Наурызға (жаңа жылға) байланысты өлең-жырларда малдың қыстан аман шыққандығына, мал басының өскендігіне қуаныш білдіріледі.
Әдет-ғұрып жырлары.
Діни сенімдерге, әдет-ғұрыптарға байланысты жырлар, өлендер, тақпақтар қазақ арасында көп болған. Бала туғанда, қыз ұзатқанда, ауру-сырқаулы болғанда, кісі өлгенде, өлгенге бата оқып, ас бергенде, жаңа жылды қарсы алғанда айтылатын орта ғасырлық әдет-ғұрып жырлары біздің заманға келіп жетті. Қыз ұзату жырлары: "тойбастар", "жар- жар", "сыңсу", "қыз танысу", "беташар" және басқалар қыз ұзатарда қыздың өз үйінде де, қайын жұртына барғанда да айтылады.
Әрбір адамның, үй іші жандарының, бүкіл рудың өміріндегі әрбір елеулі жайлар қазақ халқында өзіне лайықты әдет-ғұрыптармен, өлең-жырлармен өтіп отырады. Абай Құнанбаев қазақ өмірінде өлең-жырлардың маңызын әділ сипаттаған:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос кәкдай елең-селең.
"Жар-жар" — айтыс өлең. Мұны дағдыда жастар екі топ болып — күйеу бастаған жігіттер тобы, қалыңдық бастаған қыз-келіншек тобы болып айтады.
"Жар-жар" патриархтық семьядағы әйелдің күйін баяндайды, қыздың бөтен ауылға, бөтен ортаға кетуіне, туғапдарымен, туып-өскен жерімен қоштасуына байланысты мұң-зарын шағады.
Екінің бірінде өз қалауы емес күйеуге бара жатқандықтан болатын қалыңдықтың қасіретті, қайғылы жайы "сыңсу", "қыз танысу" сияқты жан тебірентетін мұңлы жырла- рын туғызды; "сыңсуда", "қыз танысуда" қалыңдық өзінің туған жерімен, аулымен қоштасады, мұңын зарлайды.
Жоқ едім бұ дүниеде, таптың, әкем,
Шырылдатып мені малға саттың, әкем.
Тоқсан басты, тор кезді қайран үйім,
Торғай басым сыймастай неттім, әкем.
Әдет-ғұрып бойынша ұзатылатын қыз өзінің дос-жаран қыздарымен өз аулының, жақын ауылдардың әрбір үйіне қоштасу жырын айтып кіріп шығады. Қыздың туған-туыс- қандарымен бұл қоштасуын қазақта "қыз танысу" деп атайды.
Қалыңдық өзінің күйеуінің аулына келгенде енді оны "беташармен" күтіп алады. "Беташарды" күйеудің туысқандарының бірі немесе той бастаушы жаршы жігіт айтады, ал жас келін бұл жырды мұқият тыңдап, онда айтылған патриархтық-феодалдық семьяның дағдысына, жөн-жосығына сай ереже сөздерді жадында сақтап қалуға тиіс болады. Ата-ененің алдындағы жас келіннің міндеттері "беташарда" түгел айтылады. Күйеуінің үлкенді-кішілі туысқандары, жегжаттары, меймандары алдында келін өзін қалай ұстау керек екендігін де осы жыр үйретеді.
...Өзің жатып, байыңа түр-тұрлама келіншек,
Қаптың аузы бос тұр деп құрт ұрлама, келіншек,
Жұрт алдында сыпаңдап, қақандама, келіншек,
Үйге түскен түйені бақандама, келіншек,
Аузы-басың сүйреңдеп өсек айтпа, келіншек,
Үлкендердің алдынан аттап өтпе, келіншек...
Ұзақ айтылатын бұл жыр жас келіннің неге де болсын үн-түнсіз төзуін талап етеді. Бұл жыр әйелдің патриархтық-феодалдық укладтан туатын правосыздығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.
Өлімге, сүйекті жерлеуге және осындай қайғылы жайларға байланысты дәстүрлерден "қоштасу", "естірту", "жоқтау" жырлары туған. Бұл жанрлар дағдыда "мұң-шер өлеңдері" деп аталған. Мұнда өлім алдында жатқан адам өзінің балаларымен, туған-туысқандарымен, достарымен, сондай-ақ астына мінген сүйікті атымен, аң аулайтын құсымен қоштасады. "Қоштасуда" ең көп тараған тақырып — туған жерімен қоштасу тақырыбы. Дағдыда бұл жырларды ірі феодалдардың, сыртқы жаудың тепкісімен, ал кейініректе, XIX ғасырда - XX ғасырдың басында патша өкіметінің отаршылық шаралары нәтижесінде жерінен қуылған аз кедей рулардың адамдары айтқан. Қоштасу жырын жеке-дара адамдар да — феодалдарға және патша өкімет орындарына қарсы күрес жүргізген айбынды халық күрескерлері де — шығарады. Ауылды ежелгі қонысынан еріксіз аударған уақыттарда осындай суырыпсалма жырларды ақындар шығарып жүрді немесе сонда жәбір көрген рудың немесе сол тайпаның қыз-бөзбалалары бірігіп шығарды.
"Қозы Көрпеш пен Баян сұлу" поэмасындағы қоштасу жырында былай делінген:
Балталы, Бағаналы ел, аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл, аман бол.
Жібектей шалғынында ойнап өскен
Сегіз сай, тау беткейі, сала, аман бол.
"Естірту", "көңіл айту", "жұбату" - бұлардың бәрі жұбату жырлары. "Жоқтау" — жақын адамының өліміне байланысты жыр. "Естіртуде" бұл дүниенің жалғандығын, көзді ашып-жұмғанша өте баратындығын андататын аллегориялар, мысалдар, астарлы сөздер арқылы қайғылы хабарға ептеп жақындайды. Осының артынан қайғылы хабардың өзі айтылады; жырдың соңы "көңіл айту", "жұбату" жырына айналады.
"Жоқтауда" өлген кісі жоқталады. Өлген кісіні әйелінің, апа-қарындастарының немесе шешесінің бір жылға дейін, яғни "асы" берілгенге дейін жоқтауы қазақта ең арғы көне заманнан сақталып келген. Жоқтаушылар күніне екі рет, құн шығарда, күн батарда, өлген адамына жоқтау айтып, жылауға тиіс. Жыр өлген адамының абзал қасиеттерін дәріптейді, үй ішінің қайғысын, өлімнің ауырлығын айтып егіледі. Дәстүр бойынша ең алдымен ердің жесір қалған әйелі қара салуға тиісті:
Қара бір шашын жаяйын, Жаяйын да жылайын, Қыналы бармақ, жез тырнақ Күніне қанға бояйын, Албыраған ақша бет Сүйегіне таяйын.
"Жоқтау" жырларда, әмеңгерлік ғұрпы бойынша, екінші, әлде тіпті үшінші қатын боп марқұмның туысқандарының біріне тиюге басы байланған жесірдің қайғылы халін айтып жырлау жиі кездеседі.
Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері, соның ішінде әдет- ғұрып жырлары ғасырлар бойына өзінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін сақтап келген. "Жар-жар", "жоқтау", "беташар" қазақ тұрмысында елеулі орын алған.
Тұрмыс, әдеп-ғұрып жырлары қоғам өмірінде болып жатқан оқиғаларға сәйкес қазақ қоғамының тарихи дамуының түрлі кезендерінде түрліше әлеуметтік топтардың таптық мүдделеріне икемделіп отырған.
Ертегілер.
Қазақ ертегілері қазақ халқы тұрмысының түрлі жақтарын толық етіп, сан алуан етіп көрсетеді; езілген еңбекші шаруаның арман еткен өмірін тамаша қиялға айналдырады. Халықтың қоғамдық өмірін, тұрмысын, арманын, талабын ұғыну үшін ертегілер көп мәлімет береді. Көп ертегілер Қазақстанда мұсылман дінінің дәстүрлері тараудан бұрын, ежелгі заманғы сенімдердің ықпалымен шыққан. Бері келе халықтың есінде қалған ескі ертегілердің түрі өзгеріп, олар мазмұны жағынан да, түрі жағынан да өңделе байып отырған.
Қазақтардың көрші елдермен сауда-саттық, мәдениет байланыстары Орта Азия халықтарына (өзбектерге, тәжіктерге, түрікмендерге, қырғыздарға) ортақ ертегілік сюжеттердің туып, тарауына, сондай-ақ орыс, қытай, араб, үнді сюжеттерінің келіп енуіне жағдай жасаған. Ертек айтушының қоғамдық орнына карай ертегілердің идеялық мазмұны екінің бірінде түрліше болып отырған. Аллаға, тағдырға сену, көп азап-мехнаттардан кейін ертегі геройының барша мұратына жететіндігіне сену — оның хандық дәрежеге немесе байлыққа ие болуы — ертегіні айтушы кісінің өрісінің тарлығынан, оның дүниетанысының шым-шытырық қайшылықтарынан туады.
Ертегілердің түрлі жанрлары болған: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмысқа байланысты шыншыл ертегілер, әзіл-сықақ ертегілер.
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде шаман діні мен мұсылман діні, сенімдері ұштасып, қат-қабат араласып отырады. Бұл ертегілерде халықтың жаратылыс сырын білу, көз көріп, қол жетерлік жердің ар жағындағы сырларды ашу, жерұйықты табу талабы айқын көрінеді. Қиял-ғажайып ертегілер мен аңыздарда аңшылардың, мергендердің, жеке батырлардың, "ай десе аузы бар, күн десе көзі бар" сұлулардың, сәуегей дана қарттардың ("Ер Төстік", "Еділ- Жайық", "Құламерген", "Алтын сақа", "Қарамерген", "Аламан мен Жоламан", "Жұпар қорығы", "Асанқайғы"), тағысын тағы басқалардың ізгі ерліктері, ержүректі күрестері хикая болады. Батырлар, аңшылар, өжет ерлер қыруар қатерлерден аман өтіп, адамзатқа қас күштермен (жеті басты жалмауыздармен, жалғыз көзді дәулермен, мыстан кемпірмен, жезтырнақпен, қорқау қасқырлармен) арпалыса жүріп, әрқашан керемет жәрдемшілер тауып алып, өздерінің ізгі мақсат-мұраттарына жетеді. Ертегілердегі геройларға көмектесетін "алты айлық жерді алты аттайтын" өрен жүйрік "тұлпар" ат, "желмая" болады, батырды көкке алып ұшатын "самұрық құс" болады. Бұларға көмекке келіп, демеп, жебейтін алып тау соғарлар, көл жұтарлар, көрегендер, жел аяқ, сақ құлақтар болады. Бұл ертегілердің бәрі де қиыр алыс жерлерге көзді ашып жұмғанша жетуді, жаратылыстың құпия сырын ашып, бағындырып алуды арман еткен, ұшы-қиырсыз кең даланы мекен еткен жандардың көкейкесті мұдделерін көрсетеді. Бұл ертегілер орыс, үнді, араб және Орта Азия халықтарының ертегілеріне ұқсайды; оларда әлгіндей арман, мысалы, ұшқыш кілем арқылы берілген. Адамның жан серігі, жәрдемшісі болған дүлдүл ат кең-байтақ сахараның, сыңсыған малдың қожасы — жалмауызға кездеседі, онымен арпалысып, жеңіп шығады.
Қазақтың таңғажайып ертегілерінде қиял маңызды орын алады. Ер Төстік, Жоямерген, Қарамерген тәрізді батырлар небір қатерлі кедергілерді жеңіп, жат, ғажайып дүниеге жетеді, оның құпия сырын ашады. Қазақтың қиял ертегілерінің геройлары ақылды, өнегелі-үлгілі, асқан палуан, сергек құлақты, көреген көзді болып келеді.
"Асанқайғы", "Жұпар қорығы" жайындағы ертегі-аңыздарда шұрайлы жайылым, еркін қоныс, бақытты тұрмыс жөніндегі қазақ халқының арманы көрінеді. Асанқайғы жайындағы ертегіде өз халқының қайғылы тағдырына, жарлылығына, жерінің құнарсыздығына налыған, қасірет шеккен Асан халқының қайғы-қасіретсіз, жоқшылықсыз, жері бай, біріне бірінің араздығы, жек көруі жоқ, "қой үстіне бөзторғай жұмыртқалаған" жерұйықты іздеп таппақ болады. Ол желмаяға мініп алады да, қазақтың ен даласын, тау-тасын, сай-саласын, орман-тоғайын, өзен-көлін кезіп кетеді, бірақ жерұйықты таба алмайды, арманына жете алмай өледі. Бергі кезде Жамбыл жазған "Өтеген батыр" поэмасының сюжеті Асанқайғы жайындағы аңызға тығыз байланысты. Халықтың қамқоры Асанның аты қазақ даласында қалың жұртқа мәлім. Дағдыда ақындар өзінің жырын Асанның атымен бастайды. Бірақ феодалдық-ру шонжарларына бейім тұрған ақындар да Асанның атын пайдаланған. Бұлар Асан туралы өздерінің басқаша бір аңызын жасап, оны ханның сенімгер адамы етіп көрсеткен; мұнда халық тудырған об- разды бұрмалап бейнелейді.
Қазақтың көп ертегілері хайуанатқа байланысты. Мұнда үй хайуандары — түйе, жылқы, қой, ешкі — адамның досы, серігі болып, ал қасқыр, түлкі, аю, жолбарыс, жылан — жауы болып бейнеленеді. Бұл ертегілердің кейбірінде бәйгеден өзып келген жүйрік-тұлпарлар ("Тепеңкөк", "Сырттан"), немесе ботасынан айрылған інгеннің ("Бөзінген") қасіреті хикая болады, тағысын тағылар.
Көптеген басқа халықтардың, соның ішінде орыс халқының, ертегілеріндегі сияқты, түлкі әменде алдамшы, қу, аю — ебетейсіз, бірақ дөрекі, зорлықшы, қасқыр — қомағай жыртқыш болып бейнеленеді. Ертегілердің көбінде үй хайуандары — адамның серігі, досы — зұлым жыртқыштарды жеңіп кетіп отырады.
"Қасқыр мен қой жолдас болмас, бай мен кедей жолдас болмас" деген қазақ мақалы өмірден туған; бұл мақал байды қасқырға теңейді. Ертегілер жыртқыштардың кісі шошынарлық образын жасады. Қасқыр Қозыларды, лақтарды ғана емес, жас балаларды да жейді, адамның да соңына түсіп андиды, тіпті ол өлгеннен кейін де оның өлігіне ауыз салады. "Күйеу-қасқыр" деген ертегіде адам түрін алған түрлен-қасқыр өзіне бір сұлу қызды айттырып алып кетеді де, оңаша жерге шыққасын бір аунап тұрып, қайтадан көкжал касқырға айналады. Бұл ертегі қасқырдың жыртқыштығымен бірге, қазақ әйелінің правосыз, ауыр халін, қайғылы тағдырын көрсетеді. Қазақ ертегілеріндегі қасқырдың образы халық бұқарасына зорлық жасаушылар мен езушілердің прототипі болып бейнеленеді.
Аязби, Жиренше және басқалар жайындағы ертегілер халық ішінен шыққан адамдарды — Аязбиді, Жиреншені және оның сұлу жары Қарашашты көрсетеді, сондай-ақ Алдаркөсені, Қожанасырды, Шопан тазшаны — сөзге шешен, өткір тілді, тапқыр, пысық адамдар етіп көрсетеді. Бұлардың өткір тілі, тапқырлығы қатал, қиянатшыл хандарды, дүниеқор байларды, әділетсіз билерді әшкерелеуге, мазақ етуге бағытталған.
Өткір тілді, тапқыр Алдаркөсе ертегіде қанаушыларға қарсы халықтық сықақ-әзілдің кісісі болып көрінеді. Ол халық жек көретін ақымақ ханды, сараң байды, қожа-молдаларды, бақсы-балгерді, ол — ол ма, тіпті сайтанның өзін алдап кетеді, ислам дінінің қағидаларын мазақ етеді.
Жиренше шешен шешендігі, өткір тілділігі өзінен асып түсетін қызға үйленбек болып ант береді. Сол қыз Қарашаш болып шығады да, соған үйленеді. Зұлым хан Қарашашты Жиреншеден тартып алмақ болады. Хан бұған ауыр, жанға қатерлі бір іс тапсырады. Өзінің ақылдылығы, тапқырлығы және Қарашаштың жәрдемі арқасында Жиренше жеңіп шығады. Жиренше туралы ертегіде халық ортасынан шыққан дарынды адамдарға хан төңірегіндегілердің сұрқиялық, өшпенділік істейтіні көрсетіледі.
Жиреншенің образы халық ішінде өте қадірлі, сондықтан да шешен, өткір тілді адамдар Жиренше деп аталып кеткен.
Шын халықтық, реалистік ертегілерде әйелдің тең правошылдығы сөз болады, олардың ақылдылығы, ерін — өмір жолдасын — беріліп сүйетіні, оған адалдығы айтылады, әйелдердің бас еркіне, сүйгеніне қосылуға ұмтылатындығы айтылады.
Қазақ ертегілерінің ішінде басқа халықтардан ауысқан ертегі сюжеттері кездесіп отырады. Араб ертегілері — "Мың бір түннен", үнді ертегісі "Тотынамадан", орыс, қытай, монғол ертегілерінен ауысып, қазақтың өзінің байырғы ертегілерінше көп тарап кеткен ертегілер аз емес. Ал кейбір қазақ ертегілері, көне сөздер, аңыздар діни догмалар мен феодалдық таптың идеологиясының көрінісі болып табылады. Тұтас алғанда, ғасырлар бойында халық тудырған ертегілер қазақтың ауызекі творчествосының аса маңызды жанры болып табылады.
Батырлар эпосы.
Қазақ эпосы — ауызекі творчествоның негізгі жанрларының бірі. Бұл өзі көне замандардан басталады. Орхон- Енисей мұраларында, ескі мұраларды қазу үстінде анықталған құлпытас жазуларында өлген батырлардың, рубасыларының соғыстары, ерлік істері мәңгілікке жазылып қалған. Бұл жазулар ерлік дастандардың үзіндісі тәрізді. Алғашында ерлік дастандар "жоқтау" тәрізді қысқа өлендерден тұрған. "Жоқтаудың" көп өлендері эпостық шығармалардың жеке бөлімдеріне ұқсайды. Зерттеушілердің жоруынша, "Қарабек", "Ер Көкше", "Қобыланды", "Қамбар" сияқты ерлік дастандар Қараханидтер заманында және XII— XIV ғасырлардағы қыпшақтардың тұсында шыққан.
"Ер Төстік" және "Құламерген" ертегілерінде аңшылар, мергендер және батырлар жайында айтылады; бұларда прөза поэзиямен кезек ауысып отырады. "Қамбар батыр" эпосында да аңшының, мергеннің өнері дәріптеледі. Нақ осы аңшылар және мергендер жайындағы жырлар қазақтың ерлік дастандарына негіз салған болуы әбден ықтимал нәрсе.
Қазақ эпосы бері келе, XVI—XVII ғасырларда жоңғар феодалдарына және XVII , ғасырдың басында Волга мен Орал өзендерінің аралығына қоныс аударған қалмақтарға қарсы қарулы күрес жүргізген дәуірде қалыптасқан. XVIII—XIX ғасырларда эпос дами берді, эпостық шығармалардың тексі өлеңі, жыршылардың ауызекі орындауымен біздің күндерге келіп жетті.
Батырлық эпос дегеніміз — шет жаулардың шабуылынан тайпалар мен жеке руларды қорғаған, халықты ауыр апаттардан сақтаған керемет күшті батырлардың қаһарман өмірін, соғыстағы ерлік істерін жырлайтын сюжетті (оқиғалы) дастандар. Ауыз әдебиетте "батыр" деген сөз, халықтың түсінігінше, ержүректі, әділ, қайрат иесі адам — қаһарман.
Қазақтың батырлық эпосында эпосқа дағдылы қиялдық элементтермен, асқан батырлықтармен қатар, тарихи оқиғалар да көрсетіледі. Мысалы, "Қобыланды" эпосы қыпшақтар мен ирандардың арасындағы ұзақ заманғы соғыстарға байланысты туған, "Ер Тарғын" — Қырым хандығындағы өзара тартыстан туған, Ер Сайын, Қамбар, Алпамыс, Ер Қосай, Төрехан, Телағыс, Құбығұл және басқалар жайындағы эпостық дастандар Қыпшақ, Ноғай рулары мен тайпаларының қалмақтарға қарсы бірлесе отырып жүргізген соғыстарын көрсетеді. Бұл шығармалардың геройлары "қазақтар" деп аталмайды, Ноғайлыдан шыққандар деп есептеледі. Кейбір эпостық шығармалардың сю