Жаңалықтар

Қоқиқаз

ҚОҚИҚАЗ, қоқиқазтәрізділер (Phoenіcopterіfor-mes) – қырлы төсті құстар тобының отряды. Алғашқы қазба қалдықтары эоцен, ал осы күнгілері жоғ. олигоцен кезеңінен белгілі. Қ. дүние жүзіндегі бойы ең биік және аяқтары мен мойны ұзын құстар. Дене бітімі жұмыр. Дене тұрқы ірі әрі жабайы қаздарға ұқсас, сондықтан Қ-ды халық арасында қызылқаз деп те атайды. Қораздары мекиендерінен ірілеу. Бойының биікт. 91 – 120 см-дей. Қораздарының салм. 4,5, ал мекиендерінікі – 3 кг-дай. Қанаттарының ұз. 35 – 49 см. Ересек Қ-дардың қауырсындарының түсі ақ, қызғылт, ұштары қара, ұз. 11 – 16 см, тұмсықтарының екі жақ жиегіндегі тілімденген “тісшелері” қоректенген кезде сүзгіштік қызмет атқарады. Ұшып бара жатқан Қ-дың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар “от немесе жалын құс” деп те атайды. Қ. топтанып тіршілік етеді. Тұмсығы орта тұсынан бірден төмен қарап иіледі де қойқиып тұратындықтан “қоқиқаз” деп аталған. Мойнының пішіні латынның “S” әрпі тәрізді. Жіліншігі сирағынан 3 еседей ұзын. Саусақтарының арасы терілі жүзу жарғағымен байланысқан. Негізінен тропиктік және субтропиктік аймақтарда тіршілік етеді. 4 тұқымдасқа бірігетін 3 туысы, 6 түрі бар. Олардың көпшілік түрі экваторға жақын белдеулерде кеңінен таралған. Орт. және Оңт. Америкада, Африкада, Еуразияда көптеп кездеседі. Қ-дың кей түрлері (кіші, анд, джеймс Қ-дары) қоныс ауыстырмай бір орында тіршілік етеді. Қазақстанда Теңіз, Шалқартеңіз көлдері мен Каспий т-нің солт.-шығыс жағалауында, Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжын, Сұлтангелді, Үлкен және Кіші Қаракөл, т.б. су айдындарында қызғылт Қ. (P. roseus) кездеседі. Қ-дар 3 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Жұптарын жазбай таяз су жағалауына сазбалшықтан, құмнан және су өсімдіктерінің қалдықтарын араластырып ұя салады. Ұясының беткі жағы жалпақ, түбі конусқа ұқсас сүйірлеу әрі су бетінен 15 – 20 см-дей шығып тұрады. Ұясына бір, кейде екі жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені кезектесіп басады. 30 – 32 күннен кейін балапандары ұядан ұшады. Балапандары тез өседі, жақсы жүзіп, сүңги де алады. Қ-дар – жыл құсы. Қазақстанға наурыз – сәуір айларында ұшып келіп, қазан – қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкстан аумағына қоныс аударады. Қ-дар шаянтәрізділермен, ұлулармен, жәндіктердің дернәсілдерімен, балдырлардың және су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Олардың тіршілігі үшін суы таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Саны жылдан жылға азайып барады. Қазақстанда 15 – 18 мыңдай Қ. ұя салады деп есептелінеді (2002). Қазақстанда Қ-ды қорғау мақсатында Қорғалжын қорығы ұйымдастырылған. Қ. АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швейцарияның, Германияның зоол. бақтарында қолда өсіріліп көбеюде. Қ-ды атуға мүлде тыйым салынған. Халықар. табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.  Әдеб.: Кустанович С.Д., Жар птица из Красной книги (обыкновенный фламинго), М., 1986. Р. Сәтімбекұлы  
05.12.2012 05:39 10455

ҚОҚИҚАЗ, қоқиқазтәрізділер (Phoenіcopterіfor-mes) – қырлы төсті құстар тобының отряды. Алғашқы қазба қалдықтары эоцен, ал осы күнгілері жоғ. олигоцен кезеңінен белгілі. Қ. дүние жүзіндегі бойы ең биік және аяқтары мен мойны ұзын құстар. Дене бітімі жұмыр. Дене тұрқы ірі әрі жабайы қаздарға ұқсас, сондықтан Қ-ды халық арасында қызылқаз деп те атайды. Қораздары мекиендерінен ірілеу. Бойының биікт. 91 – 120 см-дей. Қораздарының салм. 4,5, ал мекиендерінікі – 3 кг-дай. Қанаттарының ұз. 35 – 49 см. Ересек Қ-дардың қауырсындарының түсі ақ, қызғылт, ұштары қара, ұз. 11 – 16 см, тұмсықтарының екі жақ жиегіндегі тілімденген “тісшелері” қоректенген кезде сүзгіштік қызмет атқарады. Ұшып бара жатқан Қ-дың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар “от немесе жалын құс” деп те атайды. Қ. топтанып тіршілік етеді. Тұмсығы орта тұсынан бірден төмен қарап иіледі де қойқиып тұратындықтан “қоқиқаз” деп аталған. Мойнының пішіні латынның “S” әрпі тәрізді. Жіліншігі сирағынан 3 еседей ұзын. Саусақтарының арасы терілі жүзу жарғағымен байланысқан. Негізінен тропиктік және субтропиктік аймақтарда тіршілік етеді. 4 тұқымдасқа бірігетін 3 туысы, 6 түрі бар. Олардың көпшілік түрі экваторға жақын белдеулерде кеңінен таралған. Орт. және Оңт. Америкада, Африкада, Еуразияда көптеп кездеседі. Қ-дың кей түрлері (кіші, анд, джеймс Қ-дары) қоныс ауыстырмай бір орында тіршілік етеді. Қазақстанда Теңіз, Шалқартеңіз көлдері мен Каспий т-нің солт.-шығыс жағалауында, Асаубалық, Қоқай, Есей, Қорғалжын, Сұлтангелді, Үлкен және Кіші Қаракөл, т.б. су айдындарында қызғылт Қ. (P. roseus) кездеседі. Қ-дар 3 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Жұптарын жазбай таяз су жағалауына сазбалшықтан, құмнан және су өсімдіктерінің қалдықтарын араластырып ұя салады. Ұясының беткі жағы жалпақ, түбі конусқа ұқсас сүйірлеу әрі су бетінен 15 – 20 см-дей шығып тұрады. Ұясына бір, кейде екі жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені кезектесіп басады. 30 – 32 күннен кейін балапандары ұядан ұшады. Балапандары тез өседі, жақсы жүзіп, сүңги де алады. Қ-дар – жыл құсы. Қазақстанға наурыз – сәуір айларында ұшып келіп, қазан – қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкстан аумағына қоныс аударады. Қ-дар шаянтәрізділермен, ұлулармен, жәндіктердің дернәсілдерімен, балдырлардың және су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Олардың тіршілігі үшін суы таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Саны жылдан жылға азайып барады. Қазақстанда 15 – 18 мыңдай Қ. ұя салады деп есептелінеді (2002). Қазақстанда Қ-ды қорғау мақсатында Қорғалжын қорығы ұйымдастырылған. Қ. АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швейцарияның, Германияның зоол. бақтарында қолда өсіріліп көбеюде. Қ-ды атуға мүлде тыйым салынған. Халықар. табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. 

Әдеб.: Кустанович С.Д., Жар птица из Красной книги (обыкновенный фламинго), М., 1986.
Р. Сәтімбекұлы
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға