Жаңалықтар

Қазақ қашан жетіледі

Қазақ қашан жетіледі Он жылда, жиырма-отыз жылда қазақ ел қатарына кіріп түзеліп, өнерлі жұрт болып кетеді деп шамалайтындар бар. Олар тек тәтті қиялшыл, үмітшіл болдырғыштар (оптимист) ғой деп ойлаймын. Менің болжауымша: қазақ жуырда ел қатарына кіре қоятын сиқы жоқ. Тек мен уайымшыл (скептик, пессимист) болайын, менің мұным тек сары уайым болып, қазақ тез жетілсін, бірақ тез жетіле алмайды, оған кейінгі себептерді көрсетемін. Адамның өміріне, істейтін кәсібіне неше түрлі әсер, реңк беретін табиғаттың һәм түрлі шарттары, орысша (физическая природа) жердің бет бітімі, жаралысы, ауданы, топырағының құнарлы, құнарсызы, үстіндегі жанды, жансыз, өсімдіктердің көп-аздығы, ауаның ыстық суықтығы — осылардың бәрі бір сөзбен табиғат (природа) деп айтылады. Адамға қорек беретін табиғат, адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын һәр түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары һәр халықтың мінезі, қылығы, салты, ғайлы, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады; бірақ адамды ілгері басқызып, өнер тапқызатын жалғыз табиғат емес, табиғат берген қазынамен адамның қалай пайдалана білуінен. Сондықтан ауқат арттыру, тұрмыс түзеу адамның өз харекет, сүйегіне біткен зеректігі, қайратының арқасымен табылады. Мәдениеттің тез жайылуына яки кеш тарауына тағы әсер беретін себептер: сол халықтың аз-көптігі, Жәми сергектігі, тұқымы-табы, отырықшы, көшпелігі, шаруасы, кені, фабрик, зауыттары, сауда кәсібі, халқының рухы, аһлағы, діні, көзін ашатын баспасөз, мектеп-медресе жайлары, саяси қалдері, мемлекет құрылысы, ғаскер күші, қазына байлығы, көрші халықтардың өнерлі, өнерсізі һәм басқалар. Осы айтылған себептерді түсімдірек қылып айтпақпын. Әуелі табиғат әсерінен бастайық. Мәдениетке жердің таулы, тасты, құмды, қырат, сортаң болғанынан, ойпаңы, жазығы көп, өсімдігі, хайуаны тұрмысқа пайдалы, топырағы қара құнарлы болғаны қолайлы. Жерінің шеттері (граница) жырым-балақ, ортасы айқұш-ұйқыш өзен су шарлаған, ортадан шетке, шеттен ортаға қатынасы оңай болғаны мәдениетке ыңғайлы. Пайдасыз ұлан-байтақ кең жерден, пайдалы, елі жиын, қатынасы оңай аз жер артық. Біздің қазақ жері алып жатқан кең сары дала, елі бытранды, пароход, кеме жүретін өзені, көлі аздықтан бір жерімен бір жерінің қатынасы кем, топырағы құнарсыз, құмды, тасты, шөл даласы көп, ащы, тасынан кернеп ағып жатқан суы жоқ, жауын аз, көбінесе құрғақшылық болады. Оңтүстік жағы Түркістан өлкесі болмаса, көбі қоңыр үйекте, ауаның суық жағына жақын; сондықтан өсімдігі де сараң, кесір бетеге, кеде, жусан болмаса, салалы, шиманды өсімдік шықпайды. Егін салғаннан мал баққанға қолайлы. Мал өсірген кәсіп мәдениетке шабандық беретіні белгілі. Қазақ жерінің табиғат жайын мәдениетке қолайсыздығы бұл. Ел ретін алсақ, жеріне қарағанда қазақ аз, шашырап сирек отырады; мұның себебі жерінің көбі борбасқақ, қызыл құм, шөл дала. Бұлар әр жерінде неше жүз шақырымға созылып, біріне-бірі қысылып таяу отыруына бөгет қылады. Сирек халықтың арасында бірлігі, қатынасы, күші аз болмақ, аз да болса, бір жерде шоқ тұрса, күшті болмақ. Мәдениеттің кеш тарауына бұ да себеп. Бір тәуір жері қазақтың іргесі бөлініп, артық алыстап кете қойған жоқ, тұтас, мұжық шұбарлап келе жатқаны болмаса. Тұрмыс жағына келсек, қазақ көшпелі жұрт. Көшпелі жұртқа мәдениет тез орнамайды. Қазақ отырықшылыққа айналғанша көп заман бар. Мал баққан кәсіпті өзгертуге жер-судың ыңғайы келмейді, өзгерткен күнде де егін сала білмейді, немен жан сақтайды? Отырықшылдыққа тез түссе, кедей болып қалуы ықтимал. Жерден кен шығару, фабрик-завод ашу, сауда, кәсіп жүргізу жуырда қазақ қолынан келмейді. Мал өсіруді тастай берсе, басқа ұстай алар кәсібі жоқ. Олай болса, надандық созылады, Ал енді қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай? Мәдениетті Европаға, тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма? Европа адамы табанды. Жабысқақ, ісшіл, зерек, ерінбейтін жан себіл келеді. Япония да сондай тірі, пысық, жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше? Өзімізден озық жұрттарда жоқ «жақсы» мінездің бәрі бізде: керенау, кежір жалқау, салқам, табансыз, басын бастап, аяғын тастап жүре беретін, жуырда селт етіп ұмтылмайтын, өзіне өзі сенбейтін, өлі сүйектік, ездік — бәрі біздің ауылда, қайтіп үміт қыларсың?! Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер, білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ. Бас пайдасы, құлқын, мақтан, атақтан басқа қасиетті жоғары мақсат аз. Оқығандар болмаса, жалпы жұртқа кірген жоқ. Жазылған, айтылған жақсы ақыл, шын сөз желге кеткенмен бірден, жұқпай өте шығады. Баспасөзге құмар болып, қолтықтап, қаламы, қаржысымен көмек көрсетуші аз; бұл нені көрсетеді? Қамыңды қыл, балаңды оқыт, милиция бол, қазына толтыр, шаруа түзет, уақ қарыз серіктігін, ұйым дүкендерін аш, бірік, сыбағаңды жіберме, малыңды бір қолдан өткіз, пұл алсаң елге әділдікпен тарат, бірлік қыл: партияны таста, араздықты қой, ұрлығыңды жой, аурудан сақтан, таза бол деген сияқты талай қамқорлық сөздер айтылып жатыр. Бұларды орындаған жұрт қанша?.. Білгені істемейді, наданы білмейді, білейін деп ұмтылмайды. Жұртта жапатармағай оянған бір сезім, өзгеше бір ұмтылыс, бұлқыныс артық байқалмайды. Партиясын қойған, ұрлығын тыйған, береке қылған ел бар ма? Бұл халықтың рухын мәдениетке даяр еместігін, әлі тұнық жатқандығын, жуырда қатарға кіре алмайтындығын көрсетеді. Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, надандық, ескі ғұрып, ғадат. Бұл қашаннан бойға сіңген дерт. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатесін жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді. Тәртіпті мектеп медреселер жаңа ашылғалы жатыр. Олардың бөгетсіз іске асып, қандай жеміс беруі әр түрлі мәдени, мағлұм, саяси шарттарға байлаулы. Саясат жүзінде һәр халықтың өз билігі өзінде болуы бәсекелесіп тез жетілуіне бір үлкен себеп. Қазіргі саяси қаліміз, мемлекет құрылысымыз не болары әзір белгісіз. Автономия алу мәселесі мен қазақтың тез жетілу мәселесі байлаулы деуге болады. Осы уақытта Россияда неше түрлі хүкімет туып отыр. Олардың ішінде қазаққа автономия бергісі келмей отырғаны да бар. Ішіп-жеп, азық қылып үйреніп қалған жұрт тіліне тәтті, тісіне жұмсақ қазақтан айрылғысы келмейді. Қазақ сияқты жұрттар автономия болса, Россия бөлек-бөлек мемлекет болса, күші азаяды деп ойлайды. Ол адасқандығы, Россияны тез жетілсін демегені. Германия, Северный Американский Соед Штат, Швейцария неше автономиялы халықтардан құралған мемлекеттер. Олар кімнен осал болып отыр. Бізге автономия бермеймін дегені — жерімізге, елімізге қызыққаны, қомағайлығы, өзімшілдігі. Ішке айбар, сыртқа қорған болатын ғаскерсіз қай жұрт болсын. Жұрттығын сақтап, ілгері баса алмайды. Онан соңғы зор керек қазына пұл. Екеуі де жуырда көңілдегідей бізде самдай болады деуге болмайды. Ілгері тез басуға себеп болатын көршілес халықтардың мәдениетті болмағы. Бір көршіміз Япония өнерлі болғанмен жері шалғай, Қытай өзі ылғи қотан ақсақ, шылғи надан Бұхара о да тоғышар, Ауған, Фарсы шала, орыс өзі шикі, не қылса тәуір көршіге жарығамыз жоқ. Міні, осы жоғарғы айтылған себептерді дәлел қылып, қазақ жақын арада жұрт қатарына кіре қояды деген пікірді асығыс көремін. Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Сүйекке сіңіп, бойға жайылған қараңғы надандық қазақтың бойынан тез шығып, қазақ буынын бекітіп, оңалып жүріп кеткенше тамыздықтап талай жылдар өтіп кетуі мүмкін. Қатты ұйықтаған алыпты қатты соққан боран, шатырлаған жай, сатырлаған оқ оятпаса, ірге желінің түрткенін, масаның ызыңдағанын, бүргенің шаққанын, тұрымтайдың шоқығанын елең қылып серпіліп оянбайды. Жұрт — сол ұйықтаған алып. Ызыңдаған тиіп-қашпа сөзіңді, кемеліне келмей, ұйқысы қанбай құлағына алмайды, міз бақпайды. Қазақ шаң жұтып, тесік өкпе болып соғыс көрсе, ер басына күн туса, қысылса, тез серпіліп оянар еді, ерленер еді, білімге тез бет қояр еді (қырғын көріп жатқан Жетісу елінің жан себіл ерлігі бұған дәлел); бірақ ғылымсыз, өнерсіз надан жұрт соққы көтере алмай, шаруасы күйзелген соң басқа кәсіп тауып, жан сақтай алмай азып, тозып, құрып қалуы мүмкін. Ондай күнді қазақтың басына салмасын, мимырттап жетер. Мұхтар. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 05:39 3943

Қазақ қашан жетіледі

Он жылда, жиырма-отыз жылда қазақ ел қатарына кіріп түзеліп, өнерлі жұрт болып кетеді деп шамалайтындар бар. Олар тек тәтті қиялшыл, үмітшіл болдырғыштар (оптимист) ғой деп ойлаймын. Менің болжауымша: қазақ жуырда ел қатарына кіре қоятын сиқы жоқ. Тек мен уайымшыл (скептик, пессимист) болайын, менің мұным тек сары уайым болып, қазақ тез жетілсін, бірақ тез жетіле алмайды, оған кейінгі себептерді көрсетемін.

Адамның өміріне, істейтін кәсібіне неше түрлі әсер, реңк беретін табиғаттың һәм түрлі шарттары, орысша (физическая природа) жердің бет бітімі, жаралысы, ауданы, топырағының құнарлы, құнарсызы, үстіндегі жанды, жансыз, өсімдіктердің көп-аздығы, ауаның ыстық суықтығы — осылардың бәрі бір сөзбен табиғат (природа) деп айтылады. Адамға қорек беретін табиғат, адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын һәр түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары һәр халықтың мінезі, қылығы, салты, ғайлы, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады; бірақ адамды ілгері басқызып, өнер тапқызатын жалғыз табиғат емес, табиғат берген қазынамен адамның қалай пайдалана білуінен. Сондықтан ауқат арттыру, тұрмыс түзеу адамның өз харекет, сүйегіне біткен зеректігі, қайратының арқасымен табылады.

Мәдениеттің тез жайылуына яки кеш тарауына тағы әсер беретін себептер: сол халықтың аз-көптігі, Жәми сергектігі, тұқымы-табы, отырықшы, көшпелігі, шаруасы, кені, фабрик, зауыттары, сауда кәсібі, халқының рухы, аһлағы, діні, көзін ашатын баспасөз, мектеп-медресе жайлары, саяси қалдері, мемлекет құрылысы, ғаскер күші, қазына байлығы, көрші халықтардың өнерлі, өнерсізі һәм басқалар. Осы айтылған себептерді түсімдірек қылып айтпақпын. Әуелі табиғат әсерінен бастайық.

Мәдениетке жердің таулы, тасты, құмды, қырат, сортаң болғанынан, ойпаңы, жазығы көп, өсімдігі, хайуаны тұрмысқа пайдалы, топырағы қара құнарлы болғаны қолайлы. Жерінің шеттері (граница) жырым-балақ, ортасы айқұш-ұйқыш өзен су шарлаған, ортадан шетке, шеттен ортаға қатынасы оңай болғаны мәдениетке ыңғайлы.

Пайдасыз ұлан-байтақ кең жерден, пайдалы, елі жиын, қатынасы оңай аз жер артық. Біздің қазақ жері алып жатқан кең сары дала, елі бытранды, пароход, кеме жүретін өзені, көлі аздықтан бір жерімен бір жерінің қатынасы кем, топырағы құнарсыз, құмды, тасты, шөл даласы көп, ащы, тасынан кернеп ағып жатқан суы жоқ, жауын аз, көбінесе құрғақшылық болады. Оңтүстік жағы Түркістан өлкесі болмаса, көбі қоңыр үйекте, ауаның суық жағына жақын; сондықтан өсімдігі де сараң, кесір бетеге, кеде, жусан болмаса, салалы, шиманды өсімдік шықпайды. Егін салғаннан мал баққанға қолайлы. Мал өсірген кәсіп мәдениетке шабандық беретіні белгілі. Қазақ жерінің табиғат жайын мәдениетке қолайсыздығы бұл.

Ел ретін алсақ, жеріне қарағанда қазақ аз, шашырап сирек отырады; мұның себебі жерінің көбі борбасқақ, қызыл құм, шөл дала. Бұлар әр жерінде неше жүз шақырымға созылып, біріне-бірі қысылып таяу отыруына бөгет қылады. Сирек халықтың арасында бірлігі, қатынасы, күші аз болмақ, аз да болса, бір жерде шоқ тұрса, күшті болмақ. Мәдениеттің кеш тарауына бұ да себеп. Бір тәуір жері қазақтың іргесі бөлініп, артық алыстап кете қойған жоқ, тұтас, мұжық шұбарлап келе жатқаны болмаса.

Тұрмыс жағына келсек, қазақ көшпелі жұрт. Көшпелі жұртқа мәдениет тез орнамайды. Қазақ отырықшылыққа айналғанша көп заман бар. Мал баққан кәсіпті өзгертуге жер-судың ыңғайы келмейді, өзгерткен күнде де егін сала білмейді, немен жан сақтайды? Отырықшылдыққа тез түссе, кедей болып қалуы ықтимал. Жерден кен шығару, фабрик-завод ашу, сауда, кәсіп жүргізу жуырда қазақ қолынан келмейді. Мал өсіруді тастай берсе, басқа ұстай алар кәсібі жоқ. Олай болса, надандық созылады,

Ал енді қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай? Мәдениетті Европаға, тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма? Европа адамы табанды. Жабысқақ, ісшіл, зерек, ерінбейтін жан себіл келеді.

Япония да сондай тірі, пысық, жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше? Өзімізден озық жұрттарда жоқ «жақсы» мінездің бәрі бізде: керенау, кежір жалқау, салқам, табансыз, басын бастап, аяғын тастап жүре беретін, жуырда селт етіп ұмтылмайтын, өзіне өзі сенбейтін, өлі сүйектік, ездік — бәрі біздің ауылда, қайтіп үміт қыларсың?!

Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер, білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ. Бас пайдасы, құлқын, мақтан, атақтан басқа қасиетті жоғары мақсат аз. Оқығандар болмаса, жалпы жұртқа кірген жоқ. Жазылған, айтылған жақсы ақыл, шын сөз желге кеткенмен бірден, жұқпай өте шығады. Баспасөзге құмар болып, қолтықтап, қаламы, қаржысымен көмек көрсетуші аз; бұл нені көрсетеді?

Қамыңды қыл, балаңды оқыт, милиция бол, қазына толтыр, шаруа түзет, уақ қарыз серіктігін, ұйым дүкендерін аш, бірік, сыбағаңды жіберме, малыңды бір қолдан өткіз, пұл алсаң елге әділдікпен тарат, бірлік қыл: партияны таста, араздықты қой, ұрлығыңды жой, аурудан сақтан, таза бол деген сияқты талай қамқорлық сөздер айтылып жатыр. Бұларды орындаған жұрт қанша?.. Білгені істемейді, наданы білмейді, білейін деп ұмтылмайды. Жұртта жапатармағай оянған бір сезім, өзгеше бір ұмтылыс, бұлқыныс артық байқалмайды. Партиясын қойған, ұрлығын тыйған, береке қылған ел бар ма? Бұл халықтың рухын мәдениетке даяр еместігін, әлі тұнық жатқандығын, жуырда қатарға кіре алмайтындығын көрсетеді.

Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, надандық, ескі ғұрып, ғадат. Бұл қашаннан бойға сіңген дерт. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатесін жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді.

Тәртіпті мектеп медреселер жаңа ашылғалы жатыр.

Олардың бөгетсіз іске асып, қандай жеміс беруі әр түрлі мәдени, мағлұм, саяси шарттарға байлаулы.

Саясат жүзінде һәр халықтың өз билігі өзінде болуы бәсекелесіп тез жетілуіне бір үлкен себеп. Қазіргі саяси қаліміз, мемлекет құрылысымыз не болары әзір белгісіз. Автономия алу мәселесі мен қазақтың тез жетілу мәселесі байлаулы деуге болады. Осы уақытта Россияда неше түрлі хүкімет туып отыр. Олардың ішінде қазаққа автономия бергісі келмей отырғаны да бар. Ішіп-жеп, азық қылып үйреніп қалған жұрт тіліне тәтті, тісіне жұмсақ қазақтан айрылғысы келмейді. Қазақ сияқты жұрттар автономия болса, Россия бөлек-бөлек мемлекет болса, күші азаяды деп ойлайды. Ол адасқандығы, Россияны тез жетілсін демегені. Германия, Северный Американский Соед Штат, Швейцария неше автономиялы халықтардан құралған мемлекеттер. Олар кімнен осал болып отыр. Бізге автономия бермеймін дегені — жерімізге, елімізге қызыққаны, қомағайлығы, өзімшілдігі.


Ішке айбар, сыртқа қорған болатын ғаскерсіз қай жұрт болсын. Жұрттығын сақтап, ілгері баса алмайды. Онан соңғы зор керек қазына пұл. Екеуі де жуырда көңілдегідей бізде самдай болады деуге болмайды.

Ілгері тез басуға себеп болатын көршілес халықтардың мәдениетті болмағы. Бір көршіміз Япония өнерлі болғанмен жері шалғай, Қытай өзі ылғи қотан ақсақ, шылғи надан Бұхара о да тоғышар, Ауған, Фарсы шала, орыс өзі шикі, не қылса тәуір көршіге жарығамыз жоқ.

Міні, осы жоғарғы айтылған себептерді дәлел қылып, қазақ жақын арада жұрт қатарына кіре қояды деген пікірді асығыс көремін. Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Сүйекке сіңіп, бойға жайылған қараңғы надандық қазақтың бойынан тез шығып, қазақ буынын бекітіп, оңалып жүріп кеткенше тамыздықтап талай жылдар өтіп кетуі мүмкін. Қатты ұйықтаған алыпты қатты соққан боран, шатырлаған жай, сатырлаған оқ оятпаса, ірге желінің түрткенін, масаның ызыңдағанын, бүргенің шаққанын, тұрымтайдың шоқығанын елең қылып серпіліп оянбайды. Жұрт — сол ұйықтаған алып. Ызыңдаған тиіп-қашпа сөзіңді, кемеліне келмей, ұйқысы қанбай құлағына алмайды, міз бақпайды. Қазақ шаң жұтып, тесік өкпе болып соғыс көрсе, ер басына күн туса, қысылса, тез серпіліп оянар еді, ерленер еді, білімге тез бет қояр еді (қырғын көріп жатқан Жетісу елінің жан себіл ерлігі бұған дәлел); бірақ ғылымсыз, өнерсіз надан жұрт соққы көтере алмай, шаруасы күйзелген соң басқа кәсіп тауып, жан сақтай алмай азып, тозып, құрып қалуы мүмкін. Ондай күнді қазақтың басына салмасын, мимырттап жетер.

Мұхтар.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға