Аза
05.12.2012 05:38
5360
Аза - өлген адамға қайғыруды білдіретін о дүниеге жөнелтуге байланысты жасалатын қарекеттер, оның рухы мен құрметіне жасалатын түрлі рәсімдер жүйесі. Аза - сан алуан шаралардан тұратын күрделі кешенді ғұрып.
Әдетте, қайтыс болған әйелдер мен балаларды аза тұтпайды. Азаға төмендегідей жоралғылар жатады: бой жасаған кезде атқарылатын бақұлдасу, арыздасу, қоштасу, атақты адамдардың өсиет қалдыруы, жерлеу, көрісу, қаралы ту тігу, қара жамылу марқұм болған адамның атынан жоқтау шығару, ас беру, марқұмды ардақтау, оның адамгершілік қасиеттерін еске түсіру, қаралы үйдің қайғысына ортақ болу және т.б .
Өлім шыққан үйдің сол жағына найза шаншып, қаралы ту (жалау) тігу арқылы аза тұтуға себепкер болған марқұмның қанша жаста екендігінен белгі береді: жас жігіт болса - туға байланған орамалдың түсі қызыл, орта жастағы адам болса - қара, қарт болса - ақ түсті болып келеді. Ежелден келе жатқан салт бойынша, қайғыға душар болған үйдің қайғысына ортақ болып, жақындарына жұбату айтады, етене жақындары, әйелдер жоқтау айтып көріседі. Қайғыға ортастасып, қайырлы болсын айтуға келгендерді бет көріп, жақсы соз айтуға келгендер деп атап, оларды жылаумен қарсы алады. Келгендер жылай көрісіп, еркектер жағы «ой, бауырымдап!» дауыс шығарады, марқұмның әйел туысқандары (әйелі, қызы, келіні, жеңгесі, қарындасы, апалары және басқа да етене жақын ағайындары) жоқтау айтып көріседі. Осы ретте айта кететін жайт - марқұмның әйелі әшекей заттарды тақпауға тиісті. Кейбір деректер бойынша, дәл осындай рәсімді марқұмның апасы, жеңгесі, қарындасы сияқты жақын әйел туысқандары да ұстанған. Маркұмды жерлеген соң айтылатын жоқтау кейде Құран сүрелерінен дұға жасалғанша ұзаққа созылады. Егер қайтыс болған адам 20-25-терде немесе одан да жас болса, оған да жылына дейін жоқтау айтылған.
Марқұм орта жастағы адам болса, туған-туыс, достары қатты қайғырып, ер азаматтары «ой-бауырымдап», ал әйелдері беттерін тырнап жылаған. Егер бетін тырнамаса, әйел қайғырмады деп сөгіске ұшырайтын болған. Сондықтан, әйелі бетін тырнап, яғни бетіне дақ түсіріп, қатты аза тұтып отырғандығын білдіретін болған. Қазақстанның барлық аймақтарында күйеуі қайтыс болған әйелдер басына ақ салады.
Қаза болған адамды өз үйінің арулау рәсімдерін өткізуге арнайы тігілген киіз үйге орналастыруды оқ жаққа салу деп атады. Ондай үйдің түрілген туырлығы қайғыны білдіреді. Ер адамдарға аза тұтуда aт тұлдау тұл жасау ғұрпы атқарылады және ол жыл уағына дейін жалғасады: марқұмның тұтынған ат әбзелдері, киім- кешегі, қару-жарағы мен бағалы заттары, яғни марқұмның барлық жақсы заттары киіз үйдің ішінде ілулі тұрады. Көшкен кезде тұл атты ерттеп, тұлдың сұлбасын ерге қондырып азалы әйелдер жетектеп жүреді. Қаза болған адам орта жаста болса, онда оның әйелі қара жамылған кимешегінің жағын ашады.
Бұрынғы кезде қазақтарда аза тұтудың маңызды тұсы - қаза болған адамға «тұл» дайындалған. Қоштасу рәсімінің бірқатары марқұмның мініп жүрген атына қара жауып, құйрығын кесіп, тұлдап, сойылғанға дейін құр жібереді.
Қайтыс болған адамның артынан аза тұту үрдісі бір жылға созылып, ас берілуімен бірге аяқталады. Астан кейін ол үйде (ауылда) сеп бұзылып, қаралы ту түсіріліп, азалы күй тоқтатылады. Жесір қалған әйел тек ерінің асын берген соң ғана қайта тұрмысқа шығуға ерікті.
Жай қатардағы адам шыққан үйде қаралы ту тігіп, аза тұту үрдісі болмаған сияқты. Әшекейлік бұйымдарын жесір әйел тұрмысқа қайта шыққанда ғана таққан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ерәлі Ермұхамедәлі