Жаңалықтар

Қазақ қалам қайраткерлеріне

Қазақ қалам қайраткерлеріне (Ашық хат) Әдебиеттің бір сүйенетін діңгегі газет-журнал екендігін бұл күнде жұрттың бәрі де ұққан. Даусыз хахиқат екенін бәріміз де мойындаймыз. Газет-журнал жалпы әдебиетпен қосылған жерде елдің қиығын түзейтін, түзу-терісін көрсететін айна, ойы менен көңілін білім жарығына қарай айдайтын айдаушы екенін де тегіс ұғамыз. Бірақ қазақ баспасөзі шыға бастағанына бірталай заман болса да дәл әлгі айтылған тәрбиенің міндетін атқарып, ойдың бітімі мен рухын өзі ұғып, өзінің бетімен рухын елге үнемі ұғымды қылып, түзу жолмен аумай жүріп отырған газет-журнал көп болды деп айта алмаймыз. Бұл сынды көтеретін толымды жалғыз газет «Қазақ» еді. Оның өмірі ұзын болған жоқ. Одан кейінгі шыққан газет-журнал болса көбінесе бір қалыпта тұра алған жоқ: не басындағы адамы ауысады, не заманы ауысады, көбінің өмірі тіпті болымсыз, қысқа болады. Сонымен тәуір сөздің қадірін ұғып, құлағын түріп қалған қазақ, бәрінен де қана жұта алмады, әдебиеттің тәуір бұйымдарын көксеп отыр. Бұл айтылған сөз біздің баспасөздің ұйқын-тұйқын болып, жөндеп шыға алмай жүрген бір дәуіріне тиісті болса, осы соңғы бір-екі жылдың ішінде тағы бір дәуір туып отыр. Бұл баспасөздің басылуы күшейген уақыт деуге болады. Бірақ қалың қазақтың тілегіне келгенде бұл саны бар, сапасы жоқ сөздерге ұқсайды. Өте көп, өте қиын жаңа сөздер сөйленіп жатыр. Солардың әдебиет арқылы бірде-бірі қазақтың миына кіріп, рухына сіңді ме? Сіңген жоқ. Сіңбей, бұл сөздер сұйықтық қылып отыр. Елдің қышулы жерін тауып, өзінің керек боларлық орнын білмегендіктен, оқушыны таба алмай отыр. Сондықтан біздің осы күнгі баспасөзімізден арзан сөз жоқ. Бұл арада ел біржолата баспасөзді оқи білмейді, надан, сөз қадірін әлі ұққан жоқ деп елді орынсыз кінәлаудың қисыны жоқ. Ежелден жазу заңы — әрбір жазушы өзіне лайықты оқушы табу керек. Әрбір әдебиет, ретті әдебиет болам десе, сол оқушының ауданын үлкейту керек. Сондықтан жазушының міндеті: ол неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар, соны ұғып алу һәм соған лайықтап сөзін жазу. Біздің осы күнгі газеттерімізді алсақ — кейбірі бұл шарттардан біржолата таза болып аман тұр. Кейбірінің кім екені белгісіз. Көбі ары-бері сандалуда. Сондықтан газеттерден қазіргі уақытта жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқиды. Ол неден?.. Себебі — жамандау қазақ мінезінде өсекшілдіктің салдары; бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан ол бөлімнің оқушысы бар. Оның үстіне, өзге кішілікті қоя тұрғанда, қазіргі кейбір баспасөздерде, көбіне, қазақтық мақтаншақтығы шығатын болды. Бұл әдет оқушы жиюың орнына көп жұртты баспасөзден жирентіп барады. Осы айтқанның бәрі де әдебиеттің елге тәрбие бере алмай, иә, рухына жақындай алмай жүргендігінің белгісі. Бірақ осымен қатар елдің қазіргі тілегіне, әдебиеттен іздейтін бөліміне (спросына) қарасақ, ол белгілі: ашық, дұрыс бір-ақ тілек болып отыр. Қазір де қаладағы оқыған тобын былай қойып, қырдың көпшілігін алсақ та, солардың осы күнгі іздейтіні — таза әдебиеттің бұйымдары екені даусыз. Ертеден айтып жүретін бір сөз бар: қазақ жаратылысында беллетрист деген. Бұл қазақтың қай заманына болса да қисынды сөз. Осы күндерде мұның шындығын көріп отырмыз. Таза әдебиетке өсіп келе жатқан қазіргі құмарлық осының салдары. Сондықтан шығып жатқан газеттердің бұндай істерге жамандау мен мақтаудан қолы тимейтін болса, оларға бетіңнен жарылқасын деп, әдебиет бөлімі бар журналдарда елдің әлгі тілегін де еске алып, таза әдебиет ауданындағы сөздерді жазуы — жас жазушылардың міндеті. Бұл айтылғандардан басқа екінші бір мәселе — қазақ әдебиетінің неше түрлі үлгісі болса да әлі қалыпқа түсіп, бір тәртіпке салынған жоқ, соған һәркімнің пікірін біліп, таза әдебиетке бір жол салу, бет түзеу де бүгінгі күннің қарызы сияқты. Бүл жерде көмекші болу — тағы да біздің жазушылардың міндеті. «Шолпанның» бетінде осы айтылған сөздерді іске асырамыз ба деген үмітпен басқарма, журналдың ілім һәм әдебиет бөлімдеріне лайықты мақалаларды жіберіп тұруын қазақ жазушыларынан сұрайды. Басқарма атынан Мұхтар Әуезов. 1922 ж. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 05:38 3634

Қазақ қалам қайраткерлеріне

(Ашық хат)

Әдебиеттің бір сүйенетін діңгегі газет-журнал екендігін бұл күнде жұрттың бәрі де ұққан. Даусыз хахиқат екенін бәріміз де мойындаймыз. Газет-журнал жалпы әдебиетпен қосылған жерде елдің қиығын түзейтін, түзу-терісін көрсететін айна, ойы менен көңілін білім жарығына қарай айдайтын айдаушы екенін де тегіс ұғамыз.

Бірақ қазақ баспасөзі шыға бастағанына бірталай заман болса да дәл әлгі айтылған тәрбиенің міндетін атқарып, ойдың бітімі мен рухын өзі ұғып, өзінің бетімен рухын елге үнемі ұғымды қылып, түзу жолмен аумай жүріп отырған газет-журнал көп болды деп айта алмаймыз. Бұл сынды көтеретін толымды жалғыз газет «Қазақ» еді. Оның өмірі ұзын болған жоқ. Одан кейінгі шыққан газет-журнал болса көбінесе бір қалыпта тұра алған жоқ: не басындағы адамы ауысады, не заманы ауысады, көбінің өмірі тіпті болымсыз, қысқа болады. Сонымен тәуір сөздің қадірін ұғып, құлағын түріп қалған қазақ, бәрінен де қана жұта алмады, әдебиеттің тәуір бұйымдарын көксеп отыр.

Бұл айтылған сөз біздің баспасөздің ұйқын-тұйқын болып, жөндеп шыға алмай жүрген бір дәуіріне тиісті болса, осы соңғы бір-екі жылдың ішінде тағы бір дәуір туып отыр. Бұл баспасөздің басылуы күшейген уақыт деуге болады. Бірақ қалың қазақтың тілегіне келгенде бұл саны бар, сапасы жоқ сөздерге ұқсайды. Өте көп, өте қиын жаңа сөздер сөйленіп жатыр. Солардың әдебиет арқылы бірде-бірі қазақтың миына кіріп, рухына сіңді ме? Сіңген жоқ. Сіңбей, бұл сөздер сұйықтық қылып отыр. Елдің қышулы жерін тауып, өзінің керек боларлық орнын білмегендіктен, оқушыны таба алмай отыр.

Сондықтан біздің осы күнгі баспасөзімізден арзан сөз жоқ. Бұл арада ел біржолата баспасөзді оқи білмейді, надан, сөз қадірін әлі ұққан жоқ деп елді орынсыз кінәлаудың қисыны жоқ.

Ежелден жазу заңы — әрбір жазушы өзіне лайықты оқушы табу керек. Әрбір әдебиет, ретті әдебиет болам десе, сол оқушының ауданын үлкейту керек. Сондықтан жазушының міндеті: ол неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар, соны ұғып алу һәм соған лайықтап сөзін жазу.

Біздің осы күнгі газеттерімізді алсақ — кейбірі бұл шарттардан біржолата таза болып аман тұр. Кейбірінің кім екені белгісіз. Көбі ары-бері сандалуда. Сондықтан газеттерден қазіргі уақытта жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқиды. Ол неден?.. Себебі — жамандау қазақ мінезінде өсекшілдіктің салдары; бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан ол бөлімнің оқушысы бар.

Оның үстіне, өзге кішілікті қоя тұрғанда, қазіргі кейбір баспасөздерде, көбіне, қазақтық мақтаншақтығы шығатын болды. Бұл әдет оқушы жиюың орнына көп жұртты баспасөзден жирентіп барады. Осы айтқанның бәрі де әдебиеттің елге тәрбие бере алмай, иә, рухына жақындай алмай жүргендігінің белгісі.

Бірақ осымен қатар елдің қазіргі тілегіне, әдебиеттен іздейтін бөліміне (спросына) қарасақ, ол белгілі: ашық, дұрыс бір-ақ тілек болып отыр. Қазір де қаладағы оқыған тобын былай қойып, қырдың көпшілігін алсақ та, солардың осы күнгі іздейтіні — таза әдебиеттің бұйымдары екені даусыз.

Ертеден айтып жүретін бір сөз бар: қазақ жаратылысында беллетрист деген. Бұл қазақтың қай заманына болса да қисынды сөз. Осы күндерде мұның шындығын көріп отырмыз. Таза әдебиетке өсіп келе жатқан қазіргі құмарлық осының салдары.

Сондықтан шығып жатқан газеттердің бұндай істерге жамандау мен мақтаудан қолы тимейтін болса, оларға бетіңнен жарылқасын деп, әдебиет бөлімі бар журналдарда елдің әлгі тілегін де еске алып, таза әдебиет ауданындағы сөздерді жазуы — жас жазушылардың міндеті. Бұл айтылғандардан басқа екінші бір мәселе — қазақ әдебиетінің неше түрлі үлгісі болса да әлі қалыпқа түсіп, бір тәртіпке салынған жоқ, соған һәркімнің пікірін біліп, таза әдебиетке бір жол салу, бет түзеу де бүгінгі күннің қарызы сияқты. Бүл жерде көмекші болу — тағы да біздің жазушылардың міндеті.

«Шолпанның» бетінде осы айтылған сөздерді іске асырамыз ба деген үмітпен басқарма, журналдың ілім һәм әдебиет бөлімдеріне лайықты мақалаларды жіберіп тұруын қазақ жазушыларынан сұрайды.

Басқарма атынан

Мұхтар Әуезов.

1922 ж.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға