Адыраспан
05.12.2012 05:33
9609
Адыраспан (Harmal немесе Peganum harmala) — түйетабандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы, терең тамырлы өсімдік.
Сабы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті, дәрілік өсімдік. Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Оңтүстік Еуропа, Батыс және Орталық Азия, Солтүстік Африка мен Мексикада 6 түрі кездеседі. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда бір түрі – кәдімгі А. (P. harmala) өседі. Сабағы бұтақты, салалы тамыры 10 м тереңдікке дейін кетеді. Гүлі ақ, сары түсті және ол 1 – 3-тен топталып сабақ басында орналасады. Мамыр – шілдеде гүлдейді. Жемісі – көп тұқымды қауашақ. Тұқымы ұсақ бозғылт не қара түсті болады.
Емдік қасиеті
Дәрілік шикізат ретінде шілде айында бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін жинап алады. Ол – улы өсімдік. Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, сегізкөздің жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Мал-дәрігерлік тәжірибеде оның тұнбасымен малдың қышыма қотырын, түрлі тері ауруларын емдейді. Оның құрамында алкалоидтар бар. Халық медицинасында А-ды буын ауруын емдеуге пайдаланады, қайнатылған суын безгекпен ауырған адамға ішкізеді. Сондай-ақ малдың қотырын да жазады. Адыраспаннан жүн мен жіптерді бояу үшін күрең қызыл бояу алынады. Тұқымы мен көк шөбінен алынған тұнбаны адыраспан шаруашылық зиянкестеріне қарсы күреске пайдаланады. Адыраспан – улы өсімдік (құрамында бірнеше алкалоидтар бар), дәмі ащы, мал жемейді. Жаз, күз мезгілінде тұтас денесін, күз мезгілінде жемісін жинап, кептіріп сақтайды.
Тұмау тиіп ауырғанда, отбасы мүшелерін адыраспанға тұз қоса отырып аластаудың магиялық функциясымен қатар ем дарытатын қасиеті де бар. Сондай-ақ емшілікте адамның буынын сырқыраудан, аяқ-қолын қақсаудан емдеу үшін адыраспанды қайнатып, сол сумен ауырған мүшені үш мәрте булайды. Жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін адыраспанның жас сабағын қиып алып, жаншып буынға тарту керек. Суықтан болған ауруға, терісі бөрткен кезде адамды адыраспан суына шомылдырған. Құяқмен ауырған адам адыраспанның сабақ, жапырақтарын қайнатып, күніне ұдайы екі жеті қатарынан ішуі керек. Tic қақсап ауырғанда, адыраспанның шөбімен ыстағаннан кейін басылады. Ұмытшақтық меңдетсе адыраспанды сабағы мен жапырағын бірге қайнатып ішеді.
Көшпелілер кесіртке тәрізді жәндіктер жараланғанда адыраспанға аунап жазылатынын байқаған. Малдың қотырын адыраспанды қайнатып жуған. Жүн мен қолөнерде қолдананылатын түрлі жіптерді бояу үшін адыраспанды көп мәрте қайнатып, қызылкүрең түсті бояу алады.
Адыраспан халық ұғымында...
Адыраспан қазақ үшін қасиетті шөп болғандықтан бәле-жаладан сақтайды деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге - кереге басына іліп қояды. Жаңа үйге кірерде босағаға жын-шайтан мүлдем жоламасын деп, адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, бұл өсімдікті иесіз үйді иесі жоқ кезде жайлап алған беймәлім жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, аластайтын болған.
Сондай- ақ, ауыл әйелдері бірігіп текемет басқанда, әзірленіп жатқан текемет, киіздің қасына көз тимесін деп адыраспан және қызыл түсті мата төсейді. Өйткені, ондайда текеметке немесе киізге көз тисе, салынған өрнектер қиғаш немесе қисық түседі-мыс.
«Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес адыраспанның дәстүрлі түсінікке сәйкес айырықша қасиетіне байланысты қалыптасса керек.
Адыраспанның магиялық киелі қасиетімен бірге, емдік шипалығы да бар. Алайда, адыраспан - улы өсімдік. Қаратау сілемдерінде өсетін адыраспанды ашыққан кезде сиыр мен жылқы жеп, тыныстары тарылып, уланады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қойшыбаев Мәкәлім
Келесі жаңалық
Сенат төрағасы БҰҰ-ның Жаһандық конференциясында сөз сөйледі