Адам, Қоғам, Заң (тележурнал)
05.12.2012 05:21
4316
“Адам,Қоғам, Заң” - ай сайын эфирден берілетін, көлемі 45-50 минут тележурнал.
Хабардың жүргізушісі - заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиев. Ай сайын шығатын хабар 3 тараудан тұратын. 1-ші бөлімде' - прокуратура міндеті немесе Ішкі істер органдарындағы учаскелік милиционер (қазіргі полиция) туралы, қылмыстық кодексте көрсетілген ұрлық, зорлық, алаяқтық туралы құқық қорғау органдарының басшы, аға қызметкерлері тақырыпты баяндайтын. 2-ші бөлімі - "Сот залынан" деп аталатын. Мұнда сот залынан түсірілген деректі репортаж беріліп сот мәжілісінде қаралған мәселе толық баяндалатын. 3-ші бөлімде - "Хаттар сыр шертеді" деген айдармен көпшіліктің хабардың атына түскен хаттарына шолу жасалып, заң талаптарына сай жауап берілетін. Бұл бөлімді заң ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дің профессоры Арықбай Ағыбаев атқаратын. Заңгер-ғалым редакция атына түскен хаттарды тақырыптар бойынша топтық, отбасы мәселесі бойынша, еңбек тәртібінің бұзылуы туралы, жеке азаматтардың құқығының аудандық, облыстық сот мәжілістерінде жөнді қозғалмағандығы турасында немесе Ішкі істер органдары қызметкерлерінің игілікті қызметтері туралы айтылған ойларды саралап, еңбекшілердің хаттарына жауап беріп отырды.
Хабардың соңғы жылдары жүргізушісі Республика Бас Прокуратурасының аға заң кеңесшісі Оңлаш Мұқашев болды. "Адам. Қоғам. Заң" хабары еліміз егемендік алғаннан кейінгі қабылданған заңдарды насихаттауды да мақсат етті. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған ҚР-ның Егемендігі туралы декларациясының, 1991 жылы 16 желтоқсанында қабылданған еліміздің Тәуелсіздігі туралы Заңын көпшілікке жан-жақты түсіндірді. Тәуелсіз еліміздің 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған конституциясын, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған екінші конституцияның референдум бойынша қабылданған баптарын үздіксіз түсіндіріп отырды. Республика Азаматтық туралы заң, қылмыстық кодекс, Әкімшілік жауапкершілік туралы, халық шаруашылықтарының түрлі салалары бойынша заңдық кодекстер қабылданды. Ел азаматтарының құқықтарын қорғайтын Адвокатура туралы заң және төл теңгеміздің айналымға енуі жайында хабарлама да айтылды. Заң шараларын халыққа түсіндіруде, насихаттауда республикамыздың білгір заңгерлері, ғалымдар, құқық қорғау органдарының қатардағы қызметкерлері де атсалысты. Республикамыздың Прокуратура қызметін ұзақ жылдар басқарған Ө.Сейітов, Е.Елемесов, Ж.Тұяқбаев, Ішкі істер министрі Қ.Сүлейменов, Р.Қайдаров, Ш.Шорабеков, Жоғарғы Соттың төрағасы М.Нәрікбаев, Т.Айтмұхамбетов, Қ. Мыңбаев, заңгер ғалымдар С.Сартаев, С.Зиманов, Н.Шәйкенов, М.Қалматаев т.б. түрлі мамандар белсенді түрде қатысып, өз ойларын ортаға салып отырды. Хабардың редакторы - Жүкен Базарбаев, режиссері - Юлия Түсіпова, Б.Сұлтанова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ер Едіге