Дала
05.12.2012 05:19
8092
Дала – Жер бетіндегі, негізінен, шөптесін өсімдіктер, оның ішінде шым топырақтық астық тұқымдастары (селеу, қау, боз, бетеге, қоңырбас, т.б.) өсетін ландшафтық-белдемдік өңірлердің жалпы атауы. Дала жер шарының қоңыржай белдеулеріне, қара және қоңыр топырақты аймақтарға тән. Жауын-шашын мөлшеріне байланысты даланың өсімдік жамылғысы тез өзгеріп, түрленіп отырады. Дала климаты негізінен қуаң, жазда ыстық әрі құрғақ, қыста суық және желді болады. Астық тұқымдастары аралас шөптердің ара қатысына қарай дала бірнеше типтерге ажыратылады: астық тұқымдастары басым шымтопырақты кәдімгі дала; шалғынды немесе аралас шөпті дала және шөлдің шала бұтасы (көбінесе жусан) басым өсетін шөл дала. Жер бедеріне қарай ойпатты, қыратты, үстіртті және таулық жазық дала болып жіктеледі.
Солтүстік Америкада даланы прерия, Оңтүстік Америкада – пампас, Оңтүстік Азияның (Иран, Пәкстан, Ауғанстан) үстіртті жерлеріндегі даланы – дешт деп атайды. Еуразия құрлығының оңтүстік-батысынан (Пиреней түбегі) Манчжурияға дейін (солтүстік-шығыс Қытай) далалық өңірлер жиі кездеседі. Құрлықтың батысы мен шығысындағы далалардың аумағы шағын. Даланың климат жағдайы (буланудың көп болуы, жауын-шашынның аз түсуі), топырағының физикалық-химиялық құрамы, тұздылығы ағаштардың өсуіне қолайсыз келеді. Дала өсімдіктері сан алуан (кейде бір шаршы метр жерде елуден астам түрі кездеседі) және көп сатылы болып келеді. Өсімдік түрі маусым ішінде де өзгеріп отырады. Көктем мен күз аралығында селеу, көде, қоңырбас, бидайық, сұлыбас және көп жылдық шөптесін дақылдар, эфемерлер (қызғалдақ, шытыр, т.б.) мен эфемероидтер (бір жылдық жуа тұқымдас өсімдіктер) мүк, қына өседі. Кейбір далаларда ешкісабақ, қараған, тобылғы, жабайы шие сияқты бұталар кездеседі. Қара топырақты шалғын далада қуаңшылыққа біршама төзімді өсімдіктер (өлеңшөп, боз, т.б.) және мүк өседі. Шөл далада бетеге, боз, қылқан селеу жартылай бұталармен (жусан, изен, шытыр, қараған) аралас кездеседі. Қына көп тараған. Еуразияда климаттық ерекшеліктерге байланысты батыстан шығысқа қарай дала өсімдіктерінің құрамында айырмашылық байқалады. Осыған байланысты Еуразиядағы дала төмендегідей бөліктерге ажыратылады: 1) Дунайдың төменгі ағысы мен Алтай-Сауыр таулары аралығын қамтитын Қара теңіз – Қазақстан бөлігі. Бұл аймақ шығыс еуропалық орманды дала, Қара теңіз маңындағы дала, Қазақ даласы алқаптарына бөлінеді; 2) Орталық Азия немесе Даур-Моңғол аймағы. Бұл аймақ Хангай – Даур және Манчжур орманды далалары болып ажыратылады. Таулы далада өсімдіктердің жазықта өсетіндерінен басқа типтері де кездеседі. Мұндай ерекшеліктер, әсіресе, Орталық Азия тауларында байқалады. Далалар Солтүстік Америкада, Оңтүстік Америкада және Австралия құрлығында үлкен аймақтарды қамтиды. Далалардың көбісі жыртылып, егістікке айналған, қалған жерлері шабындық ретінде пайдаланылады. Көптеген елдерде табиғи дала қорықтарда ғана сақталған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Атырау айнасы