Қожанов Сұлтанбек Қожанұлы
05.12.2012 05:19
8366
Қожанов Сұлтанбек Қожанұлы (10.9.1894, Оңт. Қазақстан обл. Созақ ауд. Ақсүмбе а. – 10.2.1938, Мәскеу) – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913), Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) бітірген. Саяси қызметін Ташкент қ-нда семинария оқушыларынан құралған “Кеңес” атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 ж. көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге “Бірлік туы” газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орт. комиссияның мүшесі ретінде 1918 ж. қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919 – 20 ж. Сырдария у-дік рев. к-т төрағасының орынбасары, Түркістан у-дік-қалалық атқару к-тінің, Сырдария обл. рев. к-ттің төрағасы болды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан респ. Ішкі істер халық комиссары, 1921 ж. қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. “Ақ жол” газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 ж. Түркістан респ. Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, а. ш-ның ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. 1922 – 1924 ж. Түркістан КП орт. к-тінің хатшысы, атқару к-ті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Қ. мемл. қайраткер ретінде Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 ж. қарашада РК(б)П Қазақ обкомының (1925 ж. ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Қ-тың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан “киргиз” деген атты төл атауына – “қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. 1925 ж. қарашада БК(б)П орт. к-тіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 ж. Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ҒА-ның (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 ж. Орта Азия мақта-ирригациялық политехника ин-тын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929 – 31 ж. Орта Азия мақта к-тінің директоры қызметін атқарды. 1931 – 32 ж. БК(б)П ОК аппаратында істеді. Қ. негізгі міндеттерін қоғамдық, ғыл.-шығарм. жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған “Есептану құралы” атты оқулығы (1924), “Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына” атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И.В. Сталинге 1927 ж. жазған екі хатында Қ-тың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған. Ол 1937 ж. 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 ж. ақталды. Алматы, Шымкент қ-ларындағы көшелерге Қ. есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақ жаңа емлесі туралы декрет
Келесі жаңалық
Сенат төрағасы БҰҰ-ның Жаһандық конференциясында сөз сөйледі